Әуе толқынынан - әлеуметтік желіге
«Қырғи қабақ соғысы» кезінде Американы өзек еткен демократиялық жүйе мен Кеңес одағын тірек еткен коммунистік жүйенің идеологиялық теке-тіресінің негізгі қаруы – әуе толқыны, радио болды.
Америка бастаған Батыс елдерінің ақпараттық шабуылы өз жемісін берді. Бұдан 32 жыл бұрын Кеңес одағының ыдырағанын, ең бастысы Қазақ елінің - «егемен ел» атанғанын радиодан естіп, білдік. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қытайдағы біздер «Шанхай» маркалы радиодан, «Азаттық радиосының» Алматыдан таратқан тікелей эфирінен Қазақстан республикасының тәуелсіздігін жариялау сәтіне куә болдық. Бүге-шігесіне дейін көңілімізде жатталып қалды.
Жиналыс соңына қарай сөз алған әйдік Қасен Қожа-Ахмет ағамыз алаңдағы жастарға Қаратып: «Сіздер жуас болмаңыздар, бізге Қабанбай сияқты батыр бабаларымыздың аруағы қонды. Мен парламенттен жастарға қару таратып беруді сұраймын. Ол біреуді ату үшін емес, өзімізді қорғау үшін керек», - деді. Батыр ағамыздың сөзіне іле пікір білдірген әйгілі ақын Мұхтар Шаханов ағамыз ақылмен астаспаса, көзсіз ерліктің өкінішке ұрындыратынын ескертті. Горбачевтің «қайта құру мен жариялығынан» кейін Қазақстанда ұлттық қозғалыстар ерекше қарқын алып, саяси өзгерістің басты бағытына айналғаны белгілі.
Қазақ зиялылары бастамашы болып, өз елінде өгейдің күйін кешкен ана тіліміздің мәртебесін көтеруді мақсат еткен «Қазақ тілі қоғамы», қазақ ұлтшылдығына саятын «Желтоқсан» қозғалысы ұйымы құрылып, белсенді жұмыс жасады. Елдік мәселелер ғана емес, жердің қайғысы да әлемдік деңгейге көтерілді. Суы тартылған Арал мен ядролық сынақ алаңына айналған Семей қасіреті жаһанға жария болды. Қасен және Мұхтар ағамыз да сол үрдістің көш басында жүрген еді. Кеңес заманы емес, 32 жылдан бері тәуелсіз елде өмір сүрседе, ана тілін білмейтін жастар билікке келіп жатқан бүгінгі күннің көзімен бағамдасақ екеуіне де «жеңілген жеңімпаздар» деп баға беруге болады.
Кеңес одағы құлағанымен демократиялық жүйе мен коммунистік жүйенің теке-тіресі әлі толастаған жоқ. Кеңес одағының күйреуіне алып келген жоспарлы шаруашылықтан бас тартып, нарықтық экономикаға көшіп, Америкамен сауда серіктесіп орнатып, ширек ғасырда әлемнің екінші экономикасына айналған Қытай коммунистік билігі Кеңес одағының орынын басып, Батыспен иық теңестіретін басты ойыншыға айналды. Қытай басшысы Дүниежүзілік екінші соғыстан кейін қалыптасқан қазіргі әлемдік геосаяи жүйені өзгертуді көздейтін өз жобалары «Адамзат тағдырының бір тұлғалануы», «Батыстың әлсіреп, шығыстың күшейіп» келе жатқаны туралы жиі айта бастады.
Кеңес заманына қарағанда қазіргі идеологиялық майдандағы шайқас, ақпараттық алаңдағы шабуыл өте күрделі. Адамзат қоғамы сандық технология дәуіріне көшті. Әуе толқынының орынын әлеуметтік желі басты. Бүгінгі жұрт баяғыдағы біз құлақ түрген мақрұм Батырхан Дәрімбеттің Азаттық радиосынан өр даусымен оқитын «Қазақстанда демократияға оқ атылды» деген сияқты жаңалықтарға елеңдей қоймайды. Қолдары жұлдыздарға лайк басудан, блогер, тренгшілердің тікелей эфирін көруден қолдары босамайды.
Қоғамтанушылар интернет-ғаламтордың да «қырғи қабақ» соғысының туындысы екенін айтады. Америка мен Кеңес одағы – екі ел арасындағы тыңшылық, ақпарат ұрлау қажеті ғылымға да жүк салып, тыңшылар қолға түсірген құпия ақпараттарды қауіпсіз сақтау, жинақтау ниетінен сандық технология барлыққа келген екен. Бұл тұжырымға келіспеске шара жоқ. «Тәуелсіз ел болдық» деп алақайлағанымызбен әлі де Ресейдің мәдени, ақпараттық отары болып отырғанымыз соның айғағы. Үкімет орғандарының қолданатын интернет программасы мен қарапайым халықтың күнделікті жүріс-тұрысында пайдаланатын интернет қосымшалары дерлік Ресейдікі екені белгілі. Демек біздің сандық мәліметіміздің бәрі көрші елдің қолында деген сөз.
2022 жылы 24 ақпанда орыс әскері Украинаға басып кіргеннен кейін, Кремль қожайыны Путиннің «Кеңес одағын қалпына келтіру» арманы қалжың емес, пісіп-жетілген нақты мақсат екені айқын болды. Ресей саяси бәсекеде АҚШ-қа, Қытайға жол бергенімен, бұрынғы Кеңес одағы аумағында ықпалынан айырылғысы жоқ. Аймақта демократиялық жүйенің етек алуына да жол бергісі жоқ. Өзін тәуелсіз елдер достастығы аясындағы елдердің саяси элитасының тірегі санайды. Қазақстанды 30 жыл басқарып, аттан түскен Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік мерекесі өтер-өтпестен Мәскеуге барып, Путинмен кездеуі соның нышаны.
Кеңес заманында қалыптасқан адамдар үшін Орыс мемлекеті – ұлы, басшысы – мәңгі жеңімпаз.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz