ҚазҰАЗУ-дағы жемқорлық фактісі: Университет не дейді?
Кеше елішілік БАҚ-та Алматы қаласының прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тексеру қорытындысы бойынша жалған тұқым себу және егіс алқаптарын өңдеу арқылы бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықтағаны жария болды.
«Келтірілген шығын 43,8 млн теңгені құрайды, тергеуді Алматы қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізуде», - делінген ақпаратта.
Бүгін редакциямызға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті аталған ақпаратқа қатысты өз түсініктімесін жолдады. Біз аталған түсініктімені оқырман талқысына ұсынғанды жөн санадық.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ҚазҰАЗУ-да БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ЖЫМҚЫРУ ТУРАЛЫ АҚПАРАТЫНА ОРАЙ «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ Баспасөз қызметі төмендегіні хабарлайды:
Университетте 2020 жыл ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру аясында бюджет қаражатын жымқыру фактілері жасалған.
2020 жылы Университет пен «Ai-Tall» ЖШС арасында (5,8 млн. теңге сомасына «амиак селитрасын» сатып алу бойынша), «КемалханСтройЭлит» ЖШС-мен (15,8 млн. теңге сомасына «аммофос» сатып алу және жеткізу бойынша) және «ҚазТрайдСнаб» ЖШС-мен (22 млн. теңге сомасына «қант жүгерісі» тұқымын сатып алу және жеткізу бойынша) келісімшарт жасалған.
Жоғарыда көрсетілген шарттар бойынша тұқым себу және себу орындарын өңдеуді растау актісін жалған жасау фактілері анықталды.
«ДарМирАудит» ЖШС жүргізген қорытындыға сәйкес университет мемлекетке 43,8 млн. теңге көлемінде залал келтірді.
Сонымен қатар, университетте табыс табу мақсатында жеке кәсіпкерлерге жалға берілетін бірқатар тұрғын емес коммерциялық үй-жайлар (дүкендер, асханалар және т.б.) бар.
Мәселен, 2012-2022 жылдар аралығында «Дана» ЖК коммерциялық үй-жайларды (дүкен үшін) тұрақты түрде жалға алған, бұл ретте ай сайынғы жалдау ақысы университеттің бұрынғы қызметкеріне қолма-қол ақшамен және мобильді аударымдармен беріліп отырған, алайда ол университеттің есеп шотына түспеген.
Бұл фактілер ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы және ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісі бойынша СДТБР-інде тіркелген.
Университеттің жаңа басшылығы 2023 жылдан бастап заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде ЖОО жатақханалары мен оқу аудиторияларын қайтару бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады, бұл туралы тиісті ақпарат БАҚ-тарда бірнеше рет жарияланды.
ҚазҰАЗУ басшылығы университет қызметін ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес қалпына келтіру бойынша барлық шараларды одан әрі жүргізетін болады.
Abai.kz