Қошанов: «Ұлытау облысының дамуы бүкіл ұлтымыз үшін маңызды»
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы Ұлытау облысына барды. Олар облыс активімен, өндіріс орындарының жұмысшыларымен кездесіп, Жезқазған жылу электр орталығының жұмысымен танысты және «Анненская» кенішініне түсті.
Мәжіліс спикерінің сапары облыс активімен – Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен кездесуден басталды.
Ерлан Қошанов ұлытаулықтармен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ел ретінде тек алға ғана қарауымыз керек» деген жуырда ғана берген сұхбатындағы негізгі басымдықтарға назар аударды.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, өткен жыл еліміз үшін елеулі, маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Мемлекет басшысының кешенді реформалары жалғасып, жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру басталды. Ерлан Қошанов мемлекеттегі барлық деңгейдегі институционалдық өзгерістер туралы айтып, еліміздің жетістіктері мен жақын болашаққа арналған жоспарларына кеңінен тоқталды. Ол әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, экономиканың дамуы 4,9 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіліп, шетелден ауқымды инвестиция тартылғанын атап өтті.
– Бірнеше күн бұрын бұрын Президент қабылдауында болдым. Мемлекет басшысы өңірлердің дамуына баса мән беріп отыр. Президенттің шешімімен қайта жаңғырған Ұлытаудың өңір үшін ғана емес, ұлтымыз үшін де орны бөлек. Осыған орай Президент облыс басшылығына өңірде бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар мен жаңа тұрғын үйлер салу туралы тапсырма берді.
Оны орындау – бәріміз үшін басты міндет. Депутаттар бұл жұмысты қадағалап, барлық жоспарланған жобалардың жүзеге асуына жан-жақты ықпал ететін болады, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов бүгінде Ұлытау облысы өз алдына отау тіккен дербес, экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму әлеуеті зор өңір екенін айтты. Облысқа тартылған инвестиция ауқымы 171,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 45 млрд-қа өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 85,6 млрд теңгені құраса, пайдалануға берілген тұрғын үй нысандары 67 мың шаршы метрді құрайды.
Сондай-ақ Мәжіліс спикері 2022 жылы Президенттің бастамасымен еліміздегі алғашқы Ұлттық құрылтай отырысы да ұлт ұясы – Ұлытауда өткеніне назар аударды.
– Ұлытау өңірінің тарихи және рухани орны бөлек. Алтын орданың негізін қалаған Жошы хан да осында жерленген. Ел Президенті кешегі сұхбатында биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы атап өтілетінін арнайы тоқталды. Бұл – өңір үшін ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің терең тарихын зерделеу үшін де маңызы зор іс-шара, – деді Ерлан Қошанов.
Одан әрі депутаттар Жезқазған жылу электр орталығында жылу беру маусымының барысы мен кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары туралы есептерді тыңдады. Сонымен қатар жылу электр орталығы қызметкерлеріне жылу және энергетика туралы жаңа заң жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтып, сұрақтарға жауап берді, энергетиктердің ұсыныстарын тыңдады.
Сапар барысында депутаттар Жезқазған байыту комбинатында болып, Сәтбаев қаласындағы «Анненская» кенішіне түсті.
Ерлан Қошанов кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде Мемлекет басшысының өзекті мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған заңнамалық бастамаларға тоқталды. Атап айтқанда, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлем енгізу және өндірістегі еңбек қауіпсіздігін күшейту жөніндегі түзетулер туралы айтып берді. Депутаттар жұмысшылармен және кеншілермен мемлекет тарапынан олардың әлеуметтік қолдауын жақсарту туралы мәселелерді талқылады.
Депутаттардың өңірлерге сапары осы жылдың 12 қаңтарына дейін жалғасады.
фото: Ж.Жұмабеков
Abai.kz