Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3695 0 пікір 18 Қазан, 2013 сағат 04:05

Интернет-Конференция. Мақсат Нұрыпбаев

БІЗ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ СЕНІМІ МЕН ҚОЛДАУЫНА ЗӘРУМІЗ...

 

Ассалаумағалейкум қадірлі бауырлар. Сіздердің көкейде жүрген сауалдарыңызға жауап беріп, өзара түсіністік көпірін салуға деген ниетімді дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Сауалдарыңызға барынша шынайы және жан-жақты жауап беруге тырысайын. Артық-кемі болса айыпқа бұйырмаңыздар! 

 

1-сұрақ. Мақсат мырза! Үш тұғырлы тіл бағдарламасының ұлтымызға тигізер пайдасы мен зияны туралы не ойыңыз бар? Егер математика, физика, химия, биология, астрономия ілімдерін қазақ тілінде жетік меңгеріп, ағылшын тілін бәлендей меңгере алмасақ, ағылшын тілін жетік біліп, аталмыш ілімді шала меңгергендерден бір саты төмен тұрамыз ба? Azat KONYSBEK

1- сұраққа жауап: Azat KONYSBEK бүгінгідей жаһандану жайлаған заманда бірнеше тіл білу, әлемде ең көп тараған тілдерді меңгеру керек-ақ. Бірақ ол мемлекеттік тілдің дамуына, оның қолданыс аясының кеңеюіне кедергі келтірмеуі керек.

БІЗ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ СЕНІМІ МЕН ҚОЛДАУЫНА ЗӘРУМІЗ...

 

Ассалаумағалейкум қадірлі бауырлар. Сіздердің көкейде жүрген сауалдарыңызға жауап беріп, өзара түсіністік көпірін салуға деген ниетімді дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Сауалдарыңызға барынша шынайы және жан-жақты жауап беруге тырысайын. Артық-кемі болса айыпқа бұйырмаңыздар! 

 

1-сұрақ. Мақсат мырза! Үш тұғырлы тіл бағдарламасының ұлтымызға тигізер пайдасы мен зияны туралы не ойыңыз бар? Егер математика, физика, химия, биология, астрономия ілімдерін қазақ тілінде жетік меңгеріп, ағылшын тілін бәлендей меңгере алмасақ, ағылшын тілін жетік біліп, аталмыш ілімді шала меңгергендерден бір саты төмен тұрамыз ба? Azat KONYSBEK

1- сұраққа жауап: Azat KONYSBEK бүгінгідей жаһандану жайлаған заманда бірнеше тіл білу, әлемде ең көп тараған тілдерді меңгеру керек-ақ. Бірақ ол мемлекеттік тілдің дамуына, оның қолданыс аясының кеңеюіне кедергі келтірмеуі керек.

Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi» деп анық жазылған. Демек елімізде мемлекеттік тіл біреу ғана, ол қазақ тілі. Мемлекеттік тілдің дамуына ең алдымен мемлекет мүдделі болуы тиіс, барлық азаматтардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруі мен пайдалануына алдымен жағдай жасауы тиіс, екіншіден талап етуі де керек.  Сонымен бірге халқымыздың 70 пайызы қазақ.

Алайда өкінішке қарай Қазақстан мемлекетіндегі мемлекеттік тілдің жағдайы мәз емес. Осы жылы ҚР Білім және ғылым министрі бір бұйрығымен мемлекеттік тілді мектептерде оқыту сағатын қысқартса, екінші бұйрығымен ағылшын тілін балабақшадан, бірінші сыныптан оқытуды бастады. Бұл мемлекеттік тілге деген қастандық деп бағалаған жөн. Екіншіден, қазірдің өзінде ағылшын тілін жетік меңгерген қаланың балалары шет елдердің озық оқу орындарында білім алуда. Ал ауыл балаларының бәрі ағылшын тілін жақсы меңгере алады деп айта алмаймыз. Оған мүмкіндік те жоқ, тіпті мұғалім де тапшы. Ал егер жастар магистратураға түсу керек болса, докторлық қорғау керек болса міндетті түрде ағылшын тілін білу талап етіледі. Ең үздік деген «Назарбаев университетіне» түсу үшін IELTS тест тапсырып, жоғары нәтиже алуың керек. Ал мемлекеттік тілді білу, білмеу талап етілмейді.

Қазір бір жер жұмысқа шақырса да «орыс, ағылшын тілдерін білу міндетті» деп тұрады. Бұл мемлекеттік тіл мәселесіндегі мемлекеттік саясаттың дұрыс емес екенін дәлелдейді.

Шет ел тілдерін балабақшалардағы бүлдіршіндерге, бірінші сынып оқушыларына үйретуге үзілді-кесілді қарсымын және осы бассыздықты тоқтату үшін жұмыс жасаймын. Шет ел тілдерін 5-сыныптан жоғары ғана оқыту керек деген ұстанымдамын.

 

2- сұрақ. Билік сізбен санасу үшін оған талап қоя аласыз ба Мақсат мырза?

 

2- сұраққа жауап: Егер біз шынымен де болашақта шынайы, қағазда ғана емес, күнделікті өмірде де құқықтық, демократиялық мемлекет орнатқымыз келсе, мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауын – халық еткіміз келсе бүгінгі қалыптасқан жүйені өзгертуіміз керек. Оны өзгерту жолында билікке талап та қоюымыз мүмкін, тиісті жерінде қолдауымыз да мүмкін, тіпті бірлесе жұмыс істеуіміз де ғажап емес...

Ол үшін біз өзіміз ең алдымен іргелі саяси күшке айналуға тиіспіз. Шынын айту керек, билікте  болсын, жалпы өмірде болсын, күш күшті силайды. Екіншіден, бүгінгі билік не бергенмен, не қорыққанмен санасады...

 

3- сұрақ. Мақсат, осы әрекетіңнен бірдеңе шығатынына ең бірінші өзің сенесің бе?

 

3- сұраққа жауап: Әрине сенемін, сенбесем бастамас едім... Осыған дейін бір сұхбатта мемлекеттің тұрақтылығын сақтап, ішкі-сыртқы жауға қарсы тұратын жалғыз күш ұлтшылдар екенін, сыртқы саясатта маневр жасап, қалқан етіп тосу үшін де, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін билік пен халықтың арасын байланыстыратын, түсіне білсе халықтың сөзін сөйлей отырып билікке де жәрдемші болатын жалғыз күш ұлтшылдар екенін айтқан болатынмын.

Сонымен бірге бізді даму мен кемелдікке жеткізетін бірден-бір жол ұлттық-демократиялық мемлекет орнату. Алашордашылардың да арманы сол болатын. Қазіргі кездегі қалыптасқан саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани шиеленістерді еңсерудің бірден бір жолы мемлекет басына ұлтшылдар мен мемлекетшілдердің келуі. Өз ұлтына, мемлекетіне, Отанына жаны ашитын, ұлт мүддесін жеке бастың баюынан жоғары қоятын азаматтар билікте отыруы тиіс.

Бүгінгі қандай жолмен болса да байлықты жинап алып, ертең шет елге тайып тұруды армандайтын жемқорлардың орнын нағыз ұлтының жанашырлары басуы керек және солай болады да. Мен болашақтың солай болатынына сенемін және сол күннің тезірек орнауы жолында жұмыс жасаймын. Барша адамдарды да осы жолда бірге болуға шақырамын.    

 

4- сұрақ. Қоғамдық жұмыстарға неге құмарсыз, Маке?

 

4- сұраққа жауап: Ол құмарлық емес, ол борыш... ұлтын сүйген әр азамат ұлтына қызмет етуі керек деп ойлаймын. Алғашқы қоғамдық ұйымды 1993-жылы студент кезімде құрсам да менің нағыз қоғамдық, саяси жұмысым енді басталды деуге болады. Жалпы мен журналист ретінде 10 жыл газеттерде, телеарналарда жұмыс жасадым. Үш министрдің баспасөз хатшысы, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру»АҚ қоғаммен байланысын алға сүйредім. Өзімді кәсіпқой журналист, PRтехнологпын деп санаймын. Заңгер ретінде Жоғарғы сотта, Парламент Мәжілісінде, Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияда қызмет атқардым. Біраз тәжрибе жинақтадым. Қазір полит технологияны да өзімше зерттеп, үйреніп жүрген жағдайым бар.

Жақсыны үйренбек керек, үйренгенді ел игілігіне пайдаланбақ керек. Мен бай болсам да, кедей болсам да ешқашан шет елге қашпаймын. Осы уақытқа дейін бір шет елге шығып көрген емеспін. Өлсем топырақ туған жерден бұйырсын деп тілейтін адам ретінде қоғамның түйінді мәселелерін шешуге, мемлекеттің дамуына, ұлттың ұйысуына өз үлесімді қосуды армандаймын және ол бәріміздің міндетіміз, борышымыз деп білемін

 

5-сұрақ. Телевизияға, журналистикаға қайтып оралмайсыз ба?

 

5- сұраққа жауап: «Хабар» «КТК» арналарында 3 жылдан аса қызмет істеп, редактор, продюсер, бағдарлама жетекшісі болғаным рас.

Менің телевизиядағы қызметім халыққа пайдалырақ болса оған баруға да дайынмын, егер қоғамдық жұмыспен ұштастыра алсам.  Журналистикамен мен күнде айналысып жатырмын деуге болады. Қазіргі ұстанған мақсатымды, жоспарымды халыққа түсіндіру үшін жиі мақалалар жазып жүрмін.

 

6-сұрақ. Маке, бүгін бас уәзір Серік Ахметовтың Президенттің қабылдауында болғанын теледидардан көрсетіп жатты. Араларындағы әңгіме, ЕБ тарапынан беріліп жатқан тапсырмалар тек орыс тілінде. Бұл не? Осыны көрген орыс тілділердің айлары оңдарынан туды. Бұл қазақтың тілі өлді деген сөз емес пе? Сіздер бұл бойынша қандайда бір әрекет істей аласыздар ма?

 

6- сұраққа жауап: Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi екенін жоғарыда айттық. Жиырма жыл бойы жыл сайын миллиардтаған теңге ақша жұмсап, мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді тегін оқытып, үйретіп келе жатсақ та мемлекеттік органдар мемлекеттік тілде сөйлемейді. Оған өзіңіз байқап отырғандай Президенттен бастап сол билікте отырғандар тікелей кінәлі.

Конституцияны орындамаса да, заңдарды орындамаса да билік басында отырғандар не әкімшілік, не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Барлық пәленің басы осыда жатыр. Болашақта бұл келеңсіздіктерді жойып, әр адамның, әрбір мемлекеттік қызметкердің заң алдындағы жауапкершілігін талап ететін боламыз. Ол күнге жету үшін бізді халық қолдауы керек.     

 

7-сұрақ. Қазақ тілі қашан Қазақстанның тілі болады? Назарбаев қашан кетеді? Қазақстан өмірінің мәзі кетті-ғой әбден!

 

7- Жоғарыда айтқанымдай заң талаптары қатаң сақталып, заңды бұзған адам кім болса да қатаң жазаланатын уақыт жеткен кезде, жемқорлық ауыздықталған кезде, халық шынайы билікке араласып, саяси белсенділігі артқан кезде қазақ тілі де еркін дами бастайды. Қазақ тілін дамытуға, толыққанды мемлекеттің тіліне айналдыруға әрқайсысымыз ат салысуымыз керек.

Назарбаев Алла қалаған күні кетеді. Бұл дүниеде Алладан басқа ешнәрсе де, ешкім де мәңгілік емес...

 

8-сұрақ. Мақсат мырза, аға ұрпақтың көрпе астында жатып қазақ тілі туралы күңкілін жалғастырасыздар ма, жоқ әлде тірі әрекеттер жасайсыздар ма? Көзқаман билік: "қазақ-ит үреді, Ресей керуені жылдардан жылдарға көше береді",- деп жүр емес пе!? Қайрат

 

8- сұраққа жауап: Қайрат, сіздің сұрағыңыз талайдың көкейінде жүр деп ойлаймын. Біз тірі әрекеттерімізді де жасап жатырмыз. Сол әрекетіміз үшін жауапқа да тартылып, қысым да көріп жатырмыз. Бірақ өз ісімізден, мақсатымыздан таймақ емеспіз. Біз істейтін тірі әрекеттер де, ірі әрекеттер де болады алдағы күндері.

Осы сенбі күні, яғни 19-қазанда Астана қаласында «Антигептил» тобы Протон зымыранына, Ресейдің әскери полигондарына, атом электр станциясын салуға, ядролық қалдықтар базасын салуға қарсы   митинг өткізейін деп жатыр. Сол митингіге келіңіздер. Біз қазір азбыз, қауқарымыз да, қаражатымыз да мәз емес. Ал егер халық қолдап, жақтаушылар көбейсе нағыз тірлікті біз жасайтын боламыз. Ұлттық-демократиялық мемлекет орнату деген жәй сөз емес, ол айқын мақсат. Оған жету үшін соқтықпалы соқпақсыз жермен де жүрерміз, етікпенен су да кешерміз... Халқымыз қолдаса жеңіске де жетерміз.   

 

9-сұрақ. Ассалаумағалейкум Мақстат! Оң ниетті бастамаңыз сәтті болғай, басыңыз аман, деніңіз сау болсын! Қазақтың иманды, ізгі ниетті ұлтжандыларының басын біріктіру өте қиын. Себебі олар үкіметтен үрейленеді.

Алаңға бейбіт жолмен шығып, Президенттен ұлт, дін, саясат, әлеумет және экономика мәселесіне қатысты уәж айтуға қауқарсызбыз (әзірше).
Бірақ, уақыт өтіп жатыр. Көршілерге есеміз кетіп жатыр. Байлығымыз сарқылуда.НЕ ІСТЕСЕК БОЛАДЫ? Рахмет құрметпен Нұржан

 

9- сұраққа жауап: Нұржан бауырым, біздің Құрылтай өткіземіз деп, Протонға қарсымыз деп, тілді, дінді дамытамыз, жерді, байлықты сақтап қаламыз деп шырылдап жүрген әрекеттерімізді ел көріп отыр. Бірақ көп нәрседен, көп адамнан көңілі қалған халық бізге де күдікпен, секеммен қарайды. Егер біз өз ісімізге табанды, қажырлы, шыдамды болып, шынайы әрекет етсек, шындықты, әділеттілікті ту етіп жеңістерге жетсек, бізді қолдайтын адамдар аз болмайды. Бізге әрекет керек. Ол сан алуан болуы мүмкін.

 

12- сұрақ Ұлттық мемлекет ғана өз тәуелсіздігін қандай наубет келсе де сақтап қала алады.Сондықтан сіздерді өте қолдаймын. Ел тәуелсіздігін бекем етудің бір жолы ұлтын шексіз сүйетін, отаншыл, тілін, салт-дәстүрін сақтаған шет елдегі қазақтарды атамекеніне көптеп көшіріп алу еді.

Өкінішке орай Қазақстан қоғамы неге шет елдегі қазақтардан бас тартты, бұл қазақ болудан бас тарту емес пе, сіз қалай ойлайсыз? Құрылтай осы мәселені көтере ме, біз қазақ онсызда аз халықпыз ғой, бәріміз жұмыла көтерсек жүк жеңіл болар еді.

 

12- Ия, өкінішке қарай өткен жылы «Миграция туралы» заң қабылданып шет елдегі қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы тоқтап қалды. Ол туралы да кезінде біраз айттық, билікке хаттар да жаздық, бірақ заң қабылданып кетті. Ал енді ол аз болғандай шет елден келетін қандастарымызға берілетін квота тоқтатылып, 5 жылға дейін азаматтық алуға тосқауыл болатын заң жобасы пайда болды.

Бұл өте өкінішті жағдай. Жері кең, халқы аз Қазақстан мемлекеті үшін демогарфияны дамыту ең негізгі мәселелердің бірі болуы керек еді. Ал бізде әйелдердің зейнет жасын ұзартып, бала туғанда алатын жәрдемақыларын кесіп бір қиянат жасадық, Қазақстанда экологиялық аймақтардан ат сүрінеді, халықтың денсаулығы нашарлай түсуде. Ресми дерек көздеріне сенсек қазір жас азаматтардың 30 пайызы белсіз. Әйелдер арасында да бедеулік белең алып барады. Осындай жағдайда шет елдердегі қандастарымыздың жолын бөгеу, келтірмеу ұлтымызға жасалып жатқан қастандық емес пе деген ой келеді маған.

Сондықтан кезінде Президенттің өзі бастаған ұлы көшті одан әрі жалғастырып, қандастарымыздың келуіне шек қоймау керек. Құрылтайда ол мәселе міндетті түрде айтылады. Қазіргі уақытта тәуелсіздік алған жылдарда елімізге келген қандастарымыздың саны 1 миллионнан асты. Бұл түсіне білген адамға үлкен күш. Егер бізді қазіргі Қазақстанда тұрып жатқан оралман бауырларымыз қолдаса, бірлесе жұмыс істесек көптеген мәселені шешеміз деп сенемін. Бізге тек бірлік, бірге істейтін іс  керек. 

 

14-сұрақ. Мақсат сені Қайрат Сатыбалдының жобасы дейді ғой. Сен сонда тапсырма орындаушы болып жұмыс істейсің. Сұрақ: осылай ма?

 

14- сауалға жауап: Қайрат Сатыбалдының «Ақ орда» қоғамдық бірлестігінде жұмыс жасағаным рас.  Бірақ біздің араласпай кеткенімізге 7-8 жыл болып қалды-ау деймін. Жалпы қазақ ұлтының мүддесі үшін билікпен де, оппозициямен де, халықпен де жұмыс істеуге мүдделімін.

Бірақ ол менің біреудің айтқанына жүріп, айтақтағанына үретіндігімді көрсетпейді. Мен осы уақытқа дейін түрлі министрлермен де, әкімдермен де, басқа лауазымды адамдармен де бірге жұмыс істедім. Бүгінгі араласатын, өзім силайтын адамдардың ішінде де беделді, ықпалды адамдар аз емес. Бірақ мен қашан да өзімнің азаматтық позициямды жоғалтқан жоқпын. Менің мінезімді білетін адамдар маған өз ұстанымдарын тықпаламайды. Сондықтан да ешқандай кланға, топқа кірген емеспін. Өзімнің ой бостандығым, іс-әрекет бостандығым өзімде Аллаға шүкір. 

 

16- сауал Қазақ ұлтшылдығы деген сөзден қорықпайсыз ба? Осы бір "анықтама" арқылы сіз демократияның арбасынан түсіп қалмайсыз ба?

 

16- сауалға жауап: Мен ұлтшылмын. Еркек болып туған соң елге, ұлтқа қызмет еткеннен артық бақыт жоқ.

Біз жазған тұжырымдама жобасында «Демократия дегеніміз – таза және әдiл сайлау,  елдi басқару iсiне барлық азаматтардың тең құқықта араласа алуын қамтамасыз етуді көздейтiн, шын мәнiндегi халықтық билiк, бұл – тәуелсiздік пен әдiлдікке, шынайылыққа негiзделген сөз бостандығы.

 Ұлттық-демократизм ұлт мүддесін қорғаудағы кез-келген күрделі мәселені қантөгіспен емес, бейбіт, өркениетті келісім жолымен шешуге үндейді» деп жазылып тұр. Жалпы ұлт мәселесін демократиялық жолмен шеше алмайсың деген уәжбен келіспеймін. 

 

 17- сауал. Президент Назарбаевтың мұрагері кім болуы мүмкін деген әңгіме осы кейінгі уақытта қауырт сөз болып кетті. Бұл менің байқауымша, аңыс аңду сияқты. Былайынша айтқанда, халық ендігі басшының қандай болғанын қалайды екен дегенге саяды. Жоғарыдағылардың сол астарлы ойын бек ұққандай қазір саяси, қоғамдық күштер ""келесі президент анадай болуы керек", "мынандай болуы керек" деп сәуегейсіп жатыр. Сондағы басым пікір "ендігі президент либерал-демократ болуы керек" дегенге саяды. Алайда Қазақстан монорхиялық ел емес, демократиялық ел (де-юре болсада). Сондықтан бізде Президент сайлауы өтуі керек. Сұрайын дегенім: сол сайлауға қандай тұлғалар бақ сынап түсуі керек. Сіз сайлау алды науқаннан кімдердің кандидатурасын көргіңіз келеді?

 

17- сауалға жауап: Елдің басына ұлтшылдар мен мемлекетшілдер келмейінше қазақтың көсегесі көгермейді. Ұлт үшін, мемлекет үшін қызмет ететін, ақшаның емес, Алланың, ұлттық мүдденің құлы болуды армандайтын азаматтар билік басына шоғырланса елдің ертеңі нұрлы, болашағы зор болмақ.

Екінші бір маңызды мәселе әділ сайлау өткізу. Егер біз қандай болмасын сайлауды әділ өткізіп, билікке тамыр-таныстықпен, байлықтың күшімен, артында тіреуі, алдында сүйреушісі бар адамдардың емес, нағыз ұлтшыл азаматтардың билікке келуін қамтамасыз етеміз десек заңның орындалуына, сайлаудың әділ өтуіне, сөз бостандығына қол жеткізуіміз керек. Бұл істе ең алдымен қарапайым халықтың саяси сауаты жоғары, көзі ашық болуы тиіс.

 

18-сауал. Қазіргі үлкен саясаттағы мемлекет басшыларынан Сіз кімдерді ұлтшыл Президент деп танисыз? Оған мысалыңыз қандай?

  
18- сауалға жауап: Арғысы Абылай, Шыңғысхан, Ататүрік, бергісі Фидель Кастро, Уго Чавес, Реджеп Ердоған  сияқты өз ұлтының мақтанышы болған басшыларды құрмет тұтамын.

 

19-сұрақ Мақсат, сенен бұрында құрылтай өткізу туралы талпыныстар болған. Құрылтай-жиындардың болғаны да рас. Бірақ, құрылтайға келгендер құры босқа құрқұр деген құс құсап құрқылдапсып қана тараған. Білетін шығарсың. Сенікі де соның бірі болса, онда асықпа. Бас-аяғыңа қарап құрылтайыңды дұрыстап өткіз. Әйтпесе, ұлтшыл азаматтарға көп үміт артып қарайтын елдің көңілін айнытып аласыңдар. Келісесің бе?

 

19- сауалға жауап: Ұлт мәселесіне алаңдап отырғаныңызға рахмет. Бірақ қазақта «темірді қызған кезде соқ» немесе «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген керемет сөздері бар. 2014-жылдың аяғында Еуразиялық Одақ құру жөніндегі келісімге қол қойылуы мүмкін, 2014-жылдың басынан бастап Кедендік Одаққа мүше елдердің компаниялары Қазақстанның тендерлеріне еркін қатыса алатын болады. Бұл дегеніңіз триллиондаған теңге қаржының шет елге кетуі, мыңдаған отандық компаниялар банкрот болуы, миллиондаған адамның жеп отырған нанынан айырылуы деген сөз.

Қазірдің өзінде Кедендік одақтың кесірінен жанар май да, азық-түлік те, бәрі қымбаттады. Басқаны айтпағанда ауыл шаруашылық өнім өндіруші компаниялар бәсекелестікке қабілетті болмай шықты. Кедендік Одақтың зардаптары орасан. Ол туралы жеке, үлкен әңгіме қозғауға болады.

Протон зымыраны ұшуын тоқтатқан жоқ. Тіпті алдағы 10 жылда гептилмен ұшатын Протон ұшуын тоқтатпайды деді. Бұл нағыз геноцид. Қазақты жою деген сөз.

Оған 7 бірдей Реседің әскери полигонындағы сынақтарды қосыңыз. Ол жерлерде қандай сынақтардың жасалып, қандай қарулардың дайындалып жатқанын біз білмейміз де... Химиялық, сәулелік қару жасалуы, сыналуы мүмкін. Ол сол аймақтың тұрғындарының денсаулығына кері әсер етуі ғажап емес.

Сонымен бірге Қытай елі қазақ жеріне көз алартып отыр. Үкімет мүшесі, бір облыстың әкімі болып отырған адамның жерді жалға бере салайық деуі үрей де, ашу-ыза да туғызады.      

Осы мәселелердің бәріне қарсы дауыс көтеріп, жөнге салу үшін біз келесі жылға дейін ұлтшыл күштердің басын қосып, белгілі бір күшке айналып үлгеруіміз керек. Әр минут қымбат біз үшін.

Осы тұста кейбір ұлтшыл бауырларыма айтарым, бізде ел алдына шығып, халықтың сөзін сөйлейтін, басын бәйгеге тігуге әзір ұлтшыл азаматтар аз. Ал істелетін, атқарылуы тиіс жұмыс ұшан теңіз. Ұлттық алаңда мың белсенді шықса да жұмыс та, орын да табылады. Сондықтан бір-бірімізге көз алартпай, пендешілік, қызғаныш дегеннен биік болып, бірге жүрейік деймін.

 

20-сауал. Мақсат мырза, сенің қазақ ұлтшылдарының құрылтайын өткізу туралы бастамаңды Айдос Сарым мен Мұхтар Тайжан неге қолдамай жүр? Әлде бұл екеуі бастама өздерінен шықпаған соң қолдамай жүр ме? Әлде оның басқа себептері бар ма?

 

20- сауалға жауап: Айдос Сарым да, Мұхтар Тайжан да, Расул Жұмалы да, Жанболат Мамай да мен силайтын азаматтар. Олар ұлт мәселесі таразы басына түскен кезде қатарымыздан табылады деп ойлаймын. Қара нардай қайыспас ер керек біздің бүйткен бұл іске, барлық азаматтардың бірлігі, тірлігі, ірілігі, азаматтық позицияға тұрақтылығы, табандылығы керек. Бұл іс әрбір ұлтшыл азамат үшін үлкен сын... Осы алдыңғы сауалда барлық ұлтшыл азаматтардың бірлігі керек екенін, мың ұлтшыл белсенді шықса да ұлтшылдық кеңістігі тарылмайтынын, жұмыстың көптігін айттым. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген аталарымыз. Төртеу түгел болайық... 

 

21-сұрақ Бүгінгі қазақ қаншалықты саяси сауатты деп ойлайсың? Қазекең күмпілдеп сөйлеуге бар да, күшеніп тірлік етуге, мысалы, сен сияқты жігіттерді қолдауға жоқ. Неге?

 

21- сауалға жауап: Қазақ қашан да саяси сауатты. Сенбесеңіз ауылға барып, ақсақалдардың әңгімесін тыңдаңыз. Саясаттың ордасында, ортасында жүрміз дегендердің білмейтінін ауыл ақсақалдары біледі, жілікше шағып отырады. Халықты бағаламау, өзін халықтан ақылдымын, жоғарымын деп санаған адам ақымақ.

Ал біз сияқты жігіттерді халық қолдамай жатса біз соған лайық болмай жатқан шығармыз. Бізді ел әлі танымайтын шығар, танығаны түсінбейтін шығар, түсінгені сенбейтін шығар... Біз халықты сендіруіміз керек... Өзің үлгі боларлық іс қылмай тұрып елдің сені қолдауын қалай талап етесің? Артына халықты ерту де, ел бастау да, сөз бастау да кез-келген жұмыр басты пенденің маңдайына бұйырмаған қасиет. Ол тәжрибемен келмейді.

 

22-сұрақ. Қасыңда жүрген Ғабиден Жакеевтің ұлтшылдар арасында қаншалықты бет-беделі бар деп ойлайсың? Әлді оның біз білмейтін қырлары бар ма?

 

22- сауалға жауап: Ғабиден Жәкей қазақ ұлтына бір кісідей еңбек сіңіріп жүрген азамат. Оның істеген жұмыстарын «мен ұлтшылмын» деп кеуде соғып жүрген адамдардың басым бөлігі істей алған жоқ. Ең негізгісі біз «бастамашы үштік» бір-бірімізге сенеміз, бір-бірімізге адалмыз, бір-бірімізді сатпаймыз. Қазіргі заманда бұл үлкен жетістік. Алла арамызға от салатын жаулардан сақтасын.

24- сұрақ Қаны бір қазақтың ел болып өз тізгіні өзіне тигенде, шеттегі милион қара көз қазақтың үміті үзілмек пе? Қиын қыстау кезеңдеде қазақтың санын молайтпаққа қарекет қылғанда, заман түзеле бастағанда қазақ көші тоқырайтын болғаны ма? Туыс туған бір-бірін екі елден көрмек пе? Бүгін 31 арнаның жаңалықтарынан Сенатта қаралған заң туралы хабар естідім.
Бұған не айтасыз?

24- сауалға жауап: Оралман мәселесі туралы жоғарыда айттым. Десек те толықтырарым, ұлтшыл күштердің болашақтағы атқаратын жұмысының негізгі бағытының бірі көшті қайта жанданырып, шет елден келетін бауырларымыздың жолын ашу, дұрыс жағдай жасау болуы тиіс.

Беделді, айтар ойы, атқарар ісі бар оралман бауырларымды Құрылтайға қатысуға, ортаға шығып, сөз алуға, жалпы қоғамда белсенділік танытуға шақырамын. «Жыламаған балаға ешкім емшек бермейді», өз құқығыңды өзің қорға, өзіңнің шамаң келмесе белсенді азаматтарға қосыл, қолда, бірге жүр, бірлесе тірлік жаса демекпін.

 

26- сұрақ Мақсат мырза,неге соңғы кездері қазақ тіліне араб сөздері көптеп енгізілуде? Бұрынғы қолданып жүрген қазақ сөздері неге жойылуда?

26-сұраққа жауап: Белгілі бір не мемлекеттік, не ұлттық идеологияның жоқтығынан жастар түрлі дінге бет бұрды. Исламға ден қойып, араб елдерінде діни білім алып келіп жатқан жастар көбейді. Құранды түпнұсқасында оқуға деген қызығушылық бар. Соның салдарынан араб тіліне деген ынта артты. Қазір мұсылман болсаң арабша сөздерді қосып сөйлеу керек деген де ұғым бар. Жалпы АҚШта, Британияда оқығандар ағылшынды, Ресей оқу орындарын бітіргендер орыс тілін, араб елдерінде білім алғандар араб тілін, олардың мәдениетін біздің елге әкелуде. Тіл дегеніміз тек қатынас құралы ғана емес мәдениетті, сол тілдегі ұлттың ұстанымдарын тасымалдаушы құрал. Осы мәселелердің көлеңкесінде қазақ тілі қағажу көруде. Бұл да қйланатын, дұрыс шешім қабылдауды күтіп тұрған нәрсе.

 

30- сұрақ. Мақсат мырза, құрылтай өткіземін деп жалпақ елге жар салып жатырсың, оны қолдап жатқан адам бар ма өзі? Құрылтай қашан болады, қандай әңгіме болады? Бар әңгіме сол бір құрылтаймен біте ма, әлді одан кейін де жұмыстар жасала ма?

 

30-сұраққа жауап. Басында ұлтшылдардың құрылтайы, одан кейін ұлтшыл-демократтардың құрылтайы болуы керек деп басталған бұл іс өз жалғасын табуда. Жақында Алматы қаласында 42 адам қатысқан алқары жиын болды. Жиын соңында Ұлт-демократтарының халықтың жиналысы болсын деген уағдаластыққа қол жеткіздік, Құрылтай өткізуді кейінгі күннің еншісіне қалдырдық. Ал халықтық жиналысты ұйымдастыру комитетіне   Мұхтар Шаханов, Рысбек Сәрсенбаев, Мереке Құлкенов, Әміржан Қосанов, Жанұзақ Әкім, Марат Тоқашбаев, Мақсат Нұрыпбаев, Ғабиден Жәкеев, Болатбек Блялов, Рахым Айыпұлы, Дос Көшім, Қазыбек Иса, Жарылқап Қалыбай, Еркін Рақышев, Әлібек Айдарбаев тағы басқа белді де беделді ұлтшыл азаматтар, белгілі тұлғалар, ғалымдар, қайраткерлер мүше болды. Олардың саны тағы да ондаған адамдармен толығады деп отырмыз.

Халықтық жиын Алматыда 23-қарашада өтеді. Оған барлық облыстардан, шет елдерден және түрлі қоғамдық ұйымдар мен институттардан адамдар қатысады.

Ол туралы тағы да ақпараттар беріп отырармыз. Бүгін Алматыда ұйымдастыру комитетінің екінші отырысы өтуде. Ең негізгісі ұлтшыл азаматтардың басы бірікті, Ұлттық-демократиялық мемлекет қалыптастыру жөніндегі тұжырымдама жобасы мақұлданды, өзгерістер мен толықтырулардан кейін Халықтық жиыналыстың күн тәртібіне шығарылатын болды. Басында жоспарланғандай Үйлестіру кеңесін құру мәселесі де жиынның күн тәртібінен орын алатын болады.

Жалпы бұл Халықтық жиын болашақтағы атқарылатын істердің басы деп бағалаған жөн. Жиын сәтті өтіп, барлығы жоспардағыдай болса біз, яғни Үйлестіру кеңесінің мүшелері халықтың атынан сөйлеуге, бастама көтеруге, әрекет етуге сенім мандатына ие боламыз. Сол кезде нағыз жұмыс басталады.

Ең негізгісі біз біріншіден, халықтың сеніміне, екіншіден қолдауына зәруміз. Біз халқымыздың жүрегін оған деген ыстық махаббатымызбен жаулап алғымыз келеді. Алла қаласа, халқымыз қолдаса біз аспайтын асу, біз шықпайтын биік, біз алмайтын қамал болмайды. Алла ісімізге береке мен бірлік берсін деп тілейік.    

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019