Ағасы түрмеде. Самат Әбішке тықыр таяды ма?
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталдып, іс сотқа жіберілген.
Бұл туралы: «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Cотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі С.Әбішке қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағанын хабарлаймын. ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа жолданды», – делінген аталған қызметтің басшысы Ризабек Ожаровтың ресми жауабында.
Осы қылмыстық іс аясында Самат Әбіш ауыр салдарға әкеп соқтырған билігін және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданған.
Ол қазір Қазақстан аумағынан шықпаған.
2022 жылғы 17 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самат Әбішті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатқан болатын.
Бұған дейін ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеген.
«Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды қамтыған мәліметтер бар екенін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді», – деп аталып өтілген жоғарыдағы хабарламада.
Abai.kz