Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылмақ
Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасында өзара ынтымақтастық келісімге қол қойылды. Келісім бойынша аталған оқу орнында қазақ тілін оқыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министр Саясат Нұрбек пен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларынан құралған делегация Ұлыбританияға барып, Оксфорд Бодлиан кітапханасының Қазақстанға қатысты эксклюзивті көне қолжазбаларымен танысты.
Іс-сапар барысында Саясат Нұрбек британдықтарға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен дайындалған Oxford Qazaq сөздігінің алғашқы басылымын таныстырды.
«Бодлиан кітапханасында Қазақстанға қатысты көне қолжазбалар таныстырылды. Ол кітапхана – өте ірі, рухани ордалардың бірегейі. Бұл руханият ордасында түркі философы Шейх Ахмед Таразидың «Кемелдік ғылымы» қолжазбасының жалғыз данасы сақталған. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен даярланған Oxford Qazaq сөздігінің алғашқы басылымында 60 мыңнан астам сөз бар. Еңбектің өзі 1 300 беттен тұрады,» – деді Саясат Нұрбек.
Дариға Ержанқызы
Abai.kz