Қайта жасақталған Үкімет: Толық құрам қалай өзгерді?
Бүгін «Аманат» партиясының ұсынуымен Президент Тоқаев жаңа Үкімет басшысын таныстырды. Парламент Олжас Бектеновтің кандидатурасын бекітті. Осыдан соң, Үкімет құрамы қайта жасақталды. Күн ұзаққа жалғасқан тағайындаулардың сұлбасы төмендегідей болды.
Ауыс-түйістер реті:
Бұрынғы Үкіметтен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызметтен алынды. Оның орнын Ақмарал Әлназарова басты. Әлназарова Қызылорда облысынан сайланған Сенатор еді.
2020 жылдан бері ҚР Қаржы министрі қызметін атқарып келген Ерұлан Жамаубаев та қызметімен қоштасты. Оның орнына Мәди Тәкиев министр болып тағайындалды. Тәкиев бұған дейін Мәжілісте депутат болған.
Тағы бір жаңа министр – Шыңғыс Әрінов. Ол ҚР Төтенше жағдайлар министрлігін тізгіндеді. Әрінов бұған дейін Президенттің күзет қызметінің басшысы болған. Ал бұл ТЖМ лауазымында болған Сырым Шәріпханов экс-министр статусына ауысып, қызметсіз қалды.
Министр қызметіне тағайындалған төртінші адам – Нұрлан Байназаров. Ол бір дегенде ҚР Ұлттық экономика министрі һәм Премьер-министрдің орынбасары қызметтеріне қатар тағайындалды. Бұл қызметті бүгінге дейін Әлібек Қуаңтыров атқарып келген.
Қазақстан Үкіметінің жаңартылған толық құрамы:
Олжас Бектенов – ҚР Премьер-министрі,
Роман Скляр – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары,
Ғалымжан Қойшыбаев – Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы,
Мұрат Нұртілеу – Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Сыртқы істер министрі,
Нұрлан Байбазаров – Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі,
Тамара Дүйсенова – Премьер-Министрдің орынбасары,
Серік Жұманғарин – Премьер-Министрдің орынбасары,
Руслан Жақсылықов – ҚР Қорғаныс министрі,
Ержан Сәденов – ҚР Ішкі істер министрі,
Азамат Есқараев – Әділет министрі,
Мәди Тәкиев – Қаржы министрі,
Алмасадам Сәтқалиев – Энергетика министрі,
Ақмарал Әлназарова – Денсаулық сақтау министрі,
Айдарбек Сапаров – Ауыл шаруашылығы министрі,
Шыңғыс Әрінов – Төтенше жағдайлар министрі,
Бағдат Мусин – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі,
Ғани Бейсембаев – Оқу-ағарту министрі,
Ерлан Нысанбаев – Экология және табиғи ресурстар министрі,
Саясат Нұрбек – Ғылым және жоғары білім министрі,
Нұржан Нұржігітов – Су ресурстары және ирригация министрі,
Аида Балаева – Мәдениет және ақпарат министрі,
Ермек Маржықпаев – Туризм және спорт министрі,
Марат Қарабаев – Көлік министрі,
Светлана Жақыпова – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі,
Қанат Шарлапаев – Өнеркәсіп және құрылыс министрі,
Арман Шаққалиев – Сауда және интеграция министрі.
Толық құрамы жасақталған министрлер кабинеті туралы ойыңыз қандай?
Айым Алмасқызы
Abai.kz