Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 1938 2 пікір 7 Ақпан, 2024 сағат 14:29

Қазаққа «Қайта өрлеу дәуірі» бұйыра ма? (жалғасы)

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Басы: Қазаққа «Қайта өрлеу дәуірі» бұйыра ма?..

Жалғасы: «Назарбаев дәуірінің» соңы...

Жалғасы: Қазаққа «Қайта өрлеу дәуірі» бұйыра ма?

4.Ғылым мен техникаға түбегейлі бет бұрсақ қана аман қаламыз, әйтпесе құримыз!

Кеше ғана тағайындалған Үкімет құрамына бар болғаны төрт қана жаңа министр келіпті. Біреуі – экономика, біреуі – қаржы министрі, яғни, ақшаны жұмсаушылар. Ал, ақша табумен айналысатын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, т.б. саланың басшылары өзгермеген. Әрқайсысы кемі бір жыл отырғанында ешқандай жаңа леп әкелмегендер. Осы уақытта өзін көрсете алмағандар тағы он жыл отырғанда да ешнәрсе өзгерте алмайды. Оған бір ғана дәлел келтірейін.

Сурет: primeminister.kz

Мен осы өткен жазда хат жазып екі министрге, С.Нұрбек пен Ғ.Бейсенбаевқа бардым (оған дейін министр Аймағанбетовте болғанмын). Ол хатта мен ғылым мен техникаға арналған маңдайымыздағы жалғыз журналымыз «Білім және еңбек» жабылып қалғанын, Ресейдегі  ондай 6-7 журналдың бәрі шығып жатқанын, оларды біздің отандастарымыз бағасының удай қымбат екеніне қарамай жаздырып алып жатқанын, демек, ондай ақпаратқа сұраныс бар екенін, бізге де сондай басылымның ауадай қажет екенін, оны айтып, түсіндіріп жатудығ өзі нонсенс екенін жазған болатынмын. Екеуі де қабылдамады... Хатым Бейсенбаетың орынбасары Еділ Оспанға түскен екен, ол «сізді қолдаймын. Парламентте бюджеттен қаржы бөлдіруге барымды саламын» деген еді, қолынан келмесе керек, сол бойы хабарсыз кетті. (Тек күні кеше ғана қабылдау бөлмесінен көмекшісі хабарласып, ойыңыз іске асты ма деп сұрады. Онысына да рахмет.)

Ашығын айтар болсақ, біз екінші дүниежүзілік соғыстан кейін түгелдей жаңалық табу, оны іздеу мен ендірумен айналысқан Жапонның жолына түссек қана аман қаламыз. Бұл ешқандай да қорқыту да, үркіту де, үрей себу де емес. Соғыстан кейін экономикасы күйреген, сұмдық контрибуция төлеп отырған жапон басшылығы ақылдаса келіп, «барлық нәрсе де жаңалыққа құштар болсақ қана аман қаламыз» деген қорытындыға келген-дағы, соны іске асыруға жұмыла кіріскен. Жаңалық ойлап табуға деген ұмтылыс бүкілхалықтық сипат алған. (Бүгін де сондай. Жапон императоры шетелдік мәртебелі қонақтармен дәмдес болуға біздегідей өнерпаздарды емес, өнертапқыштарды шақырады...)

«Барлық игілік – ниеттен» деген сөз бекер айтылмаған. «Әрекет еткенге – берекет беремін!» Бұл да – аксиома. Жапондардың сол ниет, сол әрекетіне қарай 1947 жылы Маршалл жоспарына сәйкес оларға америкалық Эдвард Деминг лекция оқуға келеді. «Заттың сапасын басқару керек» деген ғалымға өз еліндегі өндіріс алпауыттары «адамды басқару десе мақұл, сапаны басқаруы несі» деп,  күле қараған. Жапонның өнеркәсібін де мұқият зерттеген ол 1950 жылы 45 озық фирма басшылары жиналған семинарда өзінің әйгілі сөзін айтады: «Менің айтқанымды істесеңіздер, бес жылдан соң Батыспен бәсекелес боласыздар. Сол беттен таймасаңыздар, тағы бір бес жылдан соң бүкіл Батыс сіздердің аяқтарыңызға жығылатын болады. Күллі әлем Жапониядан басталатын экономикалық эрада өмір сүретін болады». Деминг осы сөзді айтқанда жапондардың әлемдік нарықты жаулап алатынына өзінен басқа ешкім сенбеп еді...

Ал, Демингтің сенімді болған себебі, ол жапон халқының ең қастерлі қасиетін тап басып таныды – қауымдасып жұмыс істеу қанына сіңген ел ақау табыла қалса кінәліні емес, себебін іздейтін. Өзі-өз болғалы қауымдасып өмір сүріп келе жатқан қазаққа, «у ішсең руыңмен» дейтін, ондай тұрмыстың шыңына шыққан қазаққа бұл жағынан ешкім, тіпті жапоның да жете алмас еді, бірақ, 1991 жылы билікке Назарбаев дейтін қазақтың жауы келді-дағы, колхоз, совхоздың бәрінің деңгейін, еврейлердің кибуцы жолда қалатын З.Тамшыбаеваның, Н.Алдабергеновтің, Н.Головацкийдің кәсіпорнының деңгейіне жеткізуге жұмылдырудың орнына «жеке шаруашылық болсаңдар ғана жетісесіңдер, нарық сендерді сонда ғана қарық қылады» деп алдап, қате жолға салып жіберді, қазақтың басы қайтып бірікпейтіндей халге түсірді.

Ал, Демингтің айтқаны айнымай келді – сол кезде әлемнің алдына түсіп кеткен Жапония әлі қарасын көрсетпей келеді. Ең жақсы техника ғана емес, кез-келген заттың ең жақсысы жапонда екенін білесіздер ме? Ең жақсы кофе қайда, Бразилияда ма? Жоқ, Жапонияда. Ең жақсы шай Үндістаннан шыға ма? Жоқ, Жапониядан. Ең жақсы виски Шотландияда ма? Тағы да қателестіңіз, Жапонияда. Осылай кете береді. Тіпті, қазақтың мақтана алатын жалғыз заты апорт болса, оның да ең жақсы сорты жапондарда. Неге бұлай? Себебі, жапондар – ең намысқой халық. Ол қай нәрсені қолына алса да, үлгіге айналдырмай, эталон етпей тоқтамайды. Басқа біреуден нашар шығаруға намысы жібермейді. («Перегонщиктер» жақсы біледі – «американкалардың» сапасы «европейкадан» нашар, ал олар «япошкаға» жете алмайды).

Біздің де 1991-жылдан кейін «екінші Жапония» атануға мүмкіндігіміз бар еді. Тіпті менің атарға оғым болмай отырған сол Назарбаевтың өзі екі рет: алдымен 1992 жылы «біз ең жақсы заттарды шығаруға тиіспіз» деген, кейінірек, 2009 жылы «біздің ұранымыз инновация болуы тиіс» деген әдемі екі сөзді айтты. Бірақ, сөз айтудан мықтымыз да, іске көшуден осалмыз – Назарбаев «айттым, міндетімнен құтылдым» дегендей қайтып ол тақырыпқа оралған жоқ, ал, «первоначальный капиал никогда не бывает честным» деген оның сөзін айтқызбай түсініп, мемлекеттің байлығын одан қалыспай тонауға лап қойған болсақ, мына екі сөзді айтқанда естідік те қойдық, ертесіне ұмытып та кеттік...

Енді бүгін өзіміздің 5 мың жылдық тарихымыздағы ең шешуші кезеңге, түпсіз терең құздың ернеуіне келіп тұрмыз. Осылай кете берсек алпауыттардың жемсауына қалай түсіп кеткенімізді сезбей де қаламыз. «Қақылдаған тауық тумай қоймайды» деген, теріскей облыстарға екі желеу, бір сылтаумен Ресей әскерін кіргізсе, шығыстан «экономикалық кәсіпорындарымызды қорғаймыз» деп Қытай әскерін қаптатып жіберсе, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартатын» әдетімен жоңғар шапқыншылығы кезінде біраз жерімізді иеленіп алған ақ қалпақты бауырлар тағы да атқа қонса, «Қоқан хандығына қараған жерің бәрі біздікі» дейтін, әскері де бізден күшті, рухы да бізден мықты, күні кеше ғана сыныққа сылтау іздеп шекарада 32 екі сарбазымызды оққа ілген ала шапанды ағайын алқымнан алса не істейміз? Онсыз да Ташкенттің жақындығынан сескенген, «жауды көрмей қорыққан» әскерилеріміз оңтүстік әскери округтың штабын күнібұрын Шымкенттен Таразға көшіріп қойды емес пе?..

«Жаман айтпай жақсы жоқ»,  «жақсыны айтып, жаманды таяп қой» деген. Біз айтсақ қауіп еткеннен айтамыз. Одан қала берсе мәңгүрттеріміздің көбеймесе азаятын түрі жоқ. Ақтан Төкіш деген азамат 2009 жылы «Манкуртстан» деген антиутопия кітап жазып, 2035 жылы Қазақстанда 14 мемлекет жалға бөліп алуы, үкіметтің Лондонға көшіп кетуі мүмкін екенін ескерткен болатын. «Қауіп неден – қатер содан»...

Ал, біз қайтсек үрейсіз өмір сүре аламыз? Қайтсек кез-келген қауіп-қатерге сақадай сай болып, дайын отырамыз? Бір-ақ жағдайда – қашан  жапон жолымен жүріп, «жаңалықтарды ойлап тапқыш, жаңалықтарды енгізгіш» ел болғанда ғана. Қашан 8 млн.ғана халқымен 400 млн болатын араб-парсы әлеміне әңгір-таяқ орнатып отырған Израилдің үлгісімен бар күш-жігерімізді ғылымы мен техникасы барынша дамыған, ең озық технологиялы елге айналғанда ғана. Ол біздің қолымызда келе ме? Келгенде қандай! Тек ең алдымен жемқорларымыздан құтылуымыз керек. Екіншіден, білім мен ғылым саласына, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласына озық ойлы азаматтарды әкелуіміз керек. «Теңіздің дәмі – тамшыдан». Жоғарыда аты аталған екі министр тұрғанда ол екі саланың дамуы қиын болар.

Асқан прагматик халық америкалықтарда президентті алғашқы жүз күінде сынамайтын, өзінің жоспар-идеяларын жарқыртып көрсетуіне мүмкіндік  беретін керемет дәстүр бар. «Жас пері» Олжас Бектеновке «талабың оң болсын!» дей отырып, ғылым мен техниканы дамытуға басымдық бермесе, айналып келіп таз кепешімізді қайта киерімізді ескерткіміз келеді...

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401