Қазаққа «Қайта өрлеу дәуірі» бұйыра ма? (жалғасы)
Басы: Қазаққа «Қайта өрлеу дәуірі» бұйыра ма?..
Жалғасы: «Назарбаев дәуірінің» соңы...
3. Ол бұйыру үшін, билік дұрыс жолға бұрылуы керек!
Сонау 2004 жылы жатқан жерің жәннатта болғыр Герольд Белгер ағамыз былай деген еді: «Біз не істесек те, қандай заң, қандай қаулы қабылдасақ та «осы қазаққа керек пе, жоқ па, тиімді ме, тиімді емес пе, пайдалы ма, зиян ба» деп, тек осы тұрғыдан қарауымыз керек. Істің дұрысына келгенде мемлекетте ғана емес, барлық партиялардың бағдарламасында қазақтың ұлттық мүддесі бірінші орында, жеке тарау болып тұруы тиіс».
Марқұм И.Каримов та бір баспасөз мәслихатында «Өзбекстанда өзбектің мүддесі бірінші тұруы керек дейсіз, осы дұрыс па?» деген орыс журналистке: «Олай болмаған жағдайда, менің Өзбекстан Респкубликасының президенті болып отыруымда не мән қалады?» деп жауап берген болатын.
Иә, бүкіл әлем бір жақ, біз бір жақ. Өз халқының тілін мемлекеттік ете алмай отырған жалғыз ел д біз. Бірақ, шексіз бұлай болмайтыны да анық. Мүмкін, бәз біреулер «Назарбаев отыз жыл бойы созды, Тоқаев та бес жылдан бері ешнәрсе өзгерткен жоқ, өзгермеген күйі тағы бес жыл зу етеді, ар жағында Назарбаев баласын әкеп отырғызады. Ол өз ойын кеше кітабында да ескертті ғой. Саясатты түсінбейтін журналистер әр нәрсені жаза береді» деуі де мүмкін.
Бір қарағанға дұрыс. Әйтсе де «асқар тау сенде бір мін бар, асу бермейсің» деп қазақ шешендері айтқандай, замана алпауыттарының да (сильные мира сего) жердегі халықты ескермейтін, көктегі Құдайын ұмытып кететін әдеті бар. «Не приведи господь увидеть» деп Пушкин жазған «русский бунт» қазақтың бунтының қасында ойыншық болып қалады. Назарбаевқа бір алданған, тағы бір алаяққа екі алданған қазақ үшінші рет алдағанға көнбейді. Онсыз да көзі бар адам халықты қысып бара жатқан қымбатшылықтың салдарынан Ленин ескерткен «жоғарыдағылар жаңаша басқара алмайтын, төмендегілер ескіше өмір сүре алмайтын төңкеріс қарсаңындағы жағдай» күн санап қалыптасып келе жатқанын байқамауы түк емес.
Ендеше, ҚР Конституциясындағы 46-шы, 47-ші баптардағы «Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды.Осы баптың ережелері Республиканың экс-Президенттеріне қолданылады.Республиканың Президенті өзінің міндеттерін атқару кезіндегі іс-әрекеті үшін тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап береді» деген ережені өзгертіп, ұрлап апарып сыртқа тыққан есепсіз қаржысын, шет елдер мен өзіміздің Алматы, Астана, т.б. қалалардағы хан сарайларын халыққа қайтарып, кешірім сұрағысы келмейтін Тұңғыш президентті, оның өзі «кез-келгеніңді қолыңнан ұстап, сотқа апара аламын» деген бизнесмендері мен әкім-қараларын жауапқа шақыратын уақыт келді. Бүкіл елден артынан ешқандай сөз ермеген таза бес судья табылатын шығар. Сол судьялар алқасы қара қылды қақ жарып әділ шешімін шығарсын.
Ал, егер Тұңғыш президент кәзіргі алған бетінен қайтпайтын болса, «өзім әбден басқа ұрып жуасытып, рухын сындырып, жасытып тастаған момын қазағым ғой, қайда барады дейсің» дейтін болса, ұрпағын билікке әкелу деген үмітінен қол үзбейтін болса, онда орыстар екі рет «момын» санаған қазақтар орыстың екі мемлекетінің күйреуіне себепкер болғанын еске түсірген жөн шығар. Тіпті, Тұңғыш президенттің өзі ешқандай жауапқа тартылмай дүниеден қайтып кеткен күнде де, ел ер тудырмай тудырмайды, ертең-ақ жастардың ішінен «ақырып теңдік сұрайтын» азамат шығары сөзсіз, сол кезде ол кісінің ұрпағының басына жауыңа тілемес күн туары хақ...
Қалай болғанда да сарапшылардың пайымдауынша сыртқа шығарылған қаржы еліміздің сыртқы қарызын жабуға толығымен жететін көрінеді. Ендеше, ертең, 7-ақпан күні мандат алатын жаңа үкіметтің ең бірінші кезекте атқарар жұмысы – осы қаржыны қайтару болуға тиіс. Бұл жолға барлық күш пен тәсілді, ішкі және сыртқы оппозицияны жұмылдырғаннан, әсіресе, Ә.Қажыгелдин секілді маманды іске жеккеннен дұрысы жоқ шығар.
Екінші кезек күттірмес тірлік – әуел баста-ақ Үкіметке қосарландырып ішкі есеппен, заңсыз түрде құрылған, дамыған елдердің бір де біреуінде жоқ «Самрұқ-Қазына», «Бәйтерек», «Даму» секілді квазимемлекеттік ұйымдарға толық ревизия жасап, олардың жұмыс механизмдерін ашып, мемлекетке қандай пайда, қанша зиян әкелгенін нақтылап көрсетіп, содан кейін бәрін тарату болса керек. Мемлекет олардың миллиондаған жалақыларының есебінен-ақ талай қаржы үнемдейтіні хақ.
Үшінші кезекте, Үкімет Қарашығанақ, Қашаған мен Теңізде жұмыс істеп жатқан шетелдік инвесторлармен Өнімді Бөлу жайлы Келісімді қайта қарау – аса маңызды шаруа. Әрине, бұл мүмкін еместей көрінетін ауыр іс. Дегенмен, Ресейдің Камчаткадағы мұнай өндіретін Shell компаниясымен арадағы келісімді жаңадан, өздері қойған шарттармен жасатып алған тәжірибесін, және ондай мысалдар әлемде жалғыз осы ғана еместігі де анық, ескере, қолдана отырып қайта жасауға әбденболса керек.
Төртінші қолға алынар мәселе шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүргізілген ең маңызды 63 экспортер кәсіпорынның – тау-кен, түсті металл саласындағы 29 алыптарымыз да осының ішінде – жекешелендіру шарттарын да қайта қарап, шамамыз келгенін мемлекетке қайтарып алу, шамамыз келмегенінің келісім шарттарын қайта жасап шығу. (Бұл мекемелер тізімі Қазақстан Коммерция ААҚ төрағасы Жауғашты Нәбиевте бар).
Бесінші, ең маңызды мәселе, жапондармен бірлесіп Маңғыстау мұнай өңдеу зауытын салу, ІҒС-мен (Халықаралық қаржы қоры) бірлесіп ӨИҚ-Өзара инвестициялық қорды қайта құруды қолға алу. Ол үшін осы жобалардың авторы Ж.Нәбиевке Үкімет тарапынан тиісті өкілеттік беру. Ол кісінің бұл жобалар жайлы Президент Тоқаевқа 30.05.2022ж. жазған нақты ұсыныс хаты Президент әкімшілігіне жеткізілген. Тек іске кірісу ғана қажет.
Өмірзақ Ақжігіт
Abai.kz