Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 1947 4 пікір 9 Ақпан, 2024 сағат 13:46

Тәңіршілдік пен ислам - болмыс құндылықтары

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Еліміздегі түрлі діни ағымдардың пайда болуы.

Бүгінгі күндері елімізде түрлі ағымдар арасында келіспеушіліктер пайда болып, оның ішінде тәңіршілдік пен исламның арасында жарықшақ шығып, халық екіге бөліне бастады. Бөлінудің басты себебі Болмыстың бірлігін түсінбеуден болып табылады. Болмыстың бірлігін бұзып, Оның түрлі көріністеріне көңіл аударғанда, шексіз көп ұғымдар, көзқарастар, бөліктер пайда болып, олардың өзара тартысы өмірді күрес майданына айналдырып жібереді. Бұл дүние көрінісі.

Абай ілімі бойынша, бұл тартыстардың себебі -- жан құмары мен тән құмарының күресі. Көп жағдайларда нәпсінің ықпалымен тән құмары күш алып жан құмарын тұншықтырады. Осылай қоғам фәни әлем ықпалына түсіп қалады. Жеке адамдар ғана емес, бүкіл адамзат қоғамында, оның ішінде біздің елде де, бүгінгі күндері осы себептен өте қауіпті  құбылыстар пайда болып отыр. Күш алып бара жатқан тәңіршілдік пен исламның арасындағы тартыс соның бір көрінісі. Бұлардың тартысы қазақ ұлтының бірлігін бұзатын ең қауіпті құбылыс. Себебі, олардың екеуі де халқымыздың ұлттық болмысын қалыптастырған негізгі құндылықтар. Бұл құндылықтарды кезінде сақтай алмай, айырылып қалатын болсақ, халық рухани тіректен айырылады. Арты не болары белгісіз. Сондықтан, жағдайдың алдын алу үшін оларды біріктіретін жол іздеуіміз керек.

Шын мәнінде, бұл екі ағымның ішкі мәні бір -- біртұтас Болмыс көріністері. Екеуі де бөлінбейтін Болмыс құндылықтары. Шындық осында. Егер бұл шындықты қабылдайтын болсақ, онда оларды бөлмеуіміз керек.

Оған көзімізді жеткізу үшін ең әуелі бұл екі ағымның не  екенін, қалай пайда болғанын, ішкі мәнін, және халқымыздың оларды қалай қабылдағанын анықтап алуымыз керек.

Әу баста бұл екі құндылық та бір және бөлінбейтін біртұтас Болмыс көріністері болғанымен, уақыт ықпалымен бұлар өздерінің алғашқы мағынасынан айрылып, Болмысты түгел емес, әрқайсысы Оның тек қана белгілі бір бөлігін қамтый бастайды. Осылай бөліктердің арасында қайшылықтар шығып, арты ушығып кетеді. Жағдайды ушықтырмай, оларды қайта біріктіру үшін Болмыстың не екенін түсіну керек. Болмыстың бөлінбейтін біртұтас екеніне көз жеткен кезде қандай қайшылықтың болса да шешімі табылады.

Сондықтан, Абай мұрасына көз жіберіп, Болмыстың не екеніне көңіл бөлейік.

Алла тағала дегеніміз кім?

Алла тағала ұғымы бүкіл Болмысты қамтиды. Ислам қағидасы бойынша осылай. Болмыс адамзат дүниетанымындағы ең ауқымды, және ең кең ұғым. Себебі, Болмыс «бар», «болу» деген ұғымнан шығып, барлықты түгелдей қамтиды.  Болмыс шексіз, және саналуан көріністерден құралады. Сондықтан, Болмыс рухани мен материалдық әлемді толық қамтиды. Заттық әлемнің ішіндегілер де, оны сыртындағылар да, түгелдей Болмыс көріністері. Болмыс шексіз, бір және біртұтас дегеніміз осы. Болмысты қазақ Алла, Құдай, Тәңір деп атаса, ал басқа халықтарда да өздерінің көптеген атауларын білеміз. Бірақ барлығының мағынасы бір – Бір Болмыс. Сондықтан, Болмысты танысақ Алланы  танимыз.

Алла тағала дегеніміз не, немесе Ол кім? Бұл сұрақтың жауабын

«Абайдың рухани мұрасы» атты еңбегімізде толығырақ бергенбіз. Осы жолы қысқаша тоқтала кетейік. Абай өзінің   отыз сегiзiншi сөзiнде былай деп жазады:

Бiз Алла тағала «бiр» деймiз, «бар» деймiз. Ол «бiр» дегеннiң өзi ақылымызға ұғымның бiр тиянағы үшiн айтылған сөз. Болмаса ол «бiр» дегеннiң өзi Алла тағалаға лайықты келмейдi.

Бұл сөздерден Алла тағаланың шексіздігін, біздің ақылымыздан тыс жатқанын түсінеміз. Абай әрi қарай сөзiн жалғастырып, өзінің терең ойларына түсiнiк бередi. «Ол «бiр» деген сөз Алла тағала ғаламның iшiнде, ғалам Алла тағаланың iшiнде», – дейдi. Алла тағаланың түрлі аспектілерін, сонымен бірге, бүкіл болмыс өмірінің көріністерін беретін, оларды тереңін көрсететін бұл сөздердің кең мағыналары бар.

Алла тағала ғаламның iшiнде. Абайдың «Алла тағала ғаламның iшiнде» деген сөзі, сүттің әрбір бөлшегі сүттің ішінде болғаны тәрізді, Алла тағала да Өзінің жаратқан түрлерінің барлығының ішінде екенін білдіреді. Алланың бұл аспектісі Оның әлемді қалай жаратып, қалай басқаратынын түсінуге мүмкіндік береді. Алла тағала ғаламның iшiнде болса, онда Ол ғаламның бiр бөлiгiнде ғана емес, оның барлық бөлiгiнде болуға тиісті. Ол макрокосм мен микрокосмның, яғни ғаламның, әрбір түкпірінде, барлық бөлшегiнде, әрбiр атомның iшiнде, сонымен бірге, әрбір жан иесінің жүрегінде болуы керек. Бүкіл Болмысты қамтитын мұндай терең ұғымды тек қана рухани деңгейде, жүрекпен түсінуге болды.

Алла тағала әрбiр атомның iшiнде, әрбір жүректе болғандықтан, Ол барлығын біледі, барлық құбылыстың себебі, және әлемдегi барлық құбылысты Өзі басқарады. Бүкіл әлем осы себептен үйлесімді. «Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла» дейді Абай. Алладан ештеңені жасыруға болмайды. Не болмаса, «Құдайсыз шөптің басы да қимылдамайды» дейді халық. Жаратушыға тілек айтып, не болмаса іштегі сырды жасырып та керегі жоқ. Себебі, Ол ішіңді айтқызбай біледі, және әркімге өмірге керегінің барлығын әуелден берген, және шексіз рахымды, мейірімді болғандықтан, барлық тілегіңді уақыт келгенде орындайды. Өмiрдегi барлық әсем, сұлулық, немесе неше түрлi ақыл жетпес табиғаттың күрделi құбылыстарының барлығы да Алла тағаланың шексіз хикметтерінен пайда болады. Алладан ештеңені жасыруға болмайды – Ол барлығын біліп, қадағалап отыр.

Жүректе ғаламның ішіндегі Алла тағаламен бірге, Оның жоғарғы қуаты жан да орналасқан. Жан жүректе орналасқаны туралы «Онан соң жүрек айтыпты: «Мен — адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ» дейді Абай. Жанды осылай басқарып, Алла бүкіл жан иелерінің өмірін бағыттап отырады. Алла мен жанның байланысын ұят дейміз. Ұят адамның ішкі тірегі. Ол неғұрлым күшті болса, адамгершілік те солғұрлым жоғары болады.

Ұят арқылы Алла жанды, яғни адам өмірін басқарады.  Жүректегі Алла кінәрәт істерден аулақ етіп, адамды дұрыс жолға салып, Болмыспен қайта бірігуге мүмкіндік жасайды. Абайдың «Түп Иеге қайту» дегені осыны білдіреді. Өкінішке орай, жан нәпсімен былғанған кезде тән құмарымен адам баласы ұятын ұмытып, Аллаға бағынбай бұрыс жолға түсіп кетеді.

Ғалам Алла тағаланың iшiнде.

Абайдың бұл сөзі пантеистік көзқарасты, сонымен бірге, Құдайдың имперсионалдық (тұлғасыздық), яғни әлемдік көрінісін білдіреді. Сүттің әрбір бөлігі оның ішінде болғаны тәрізді, Алла тағаланың әрбір бөлігі, яғни бүкіл ғалам Құдайдың ішінде. Сүттің әрбір бөлігінен сүттің өзін білетініміз тәрізді, ғаламның әрбір көрінісінен Құдайдың Өзін танимыз. Рух бөлінбейтін болғандықтан, Құдайдың бөліктері Оның Өзінен айырмашылығы жоқ деген ұғымды білдіреді. Сондықтан әлемдегі әрбір жан иесі, хайуанаттар әлемі, табиғат көріністерінің барлығы Құдайдың түрлі көрінісі болып табылады. Бүкіл әлем, оның ішінде мен де, сен де Болмыс көріністері. Мен өзім әлемнің басқа көріністерімен біртұтас болғандықтан, олармен біргемін. Сондықтан, басқаға жасаған қиянатым  менің өзіме жасаған қиянатпен бірдей.  Осылай, Абай берген «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағидасына келеміз.

Сонымен бірге, Құдайдың жаратушы қуаты, яғни, Нұры да осы ғаламның ішінде. Құдайдан басқа ештеңе де жоқ. Осы себептен, «Құдайдан басқа да бар» деген ұғым исламда Аллаға серік қосу, күпірлік  болып табылып. Ғаламның барлық көріністері осы Нұрдан пайда болғанын білдіреді. Оның Жаратушы қуатын білдіреді. Бүкіл ғалам осы Қуаттан пайда болады.

Алланың Қуаты, яғни Нұры жоғарғы және төменгі әлемдерден құралады. Олар бірімен бірі тығыз байланыста, және жоғарғы әлемдер төменгілерді бағыттап, басқарып отырады. Осылай адамзат қоғамы мен нәзік әлемдердегі аруақтар, періштелер арасында байланыс  орнайды. Періштелер табиғат көріністерін, және адамзат өмірін реттеп, бағыт береді. Тіпті, өлген адамдардың аруақтары да ұзақ уақыт қоғаммен байланысын үзбейді. Олар біріне бірі әсер етіп, өзара көмектерін беріп отырады. Барлық байланыстар қозғалыс арқылы болады.

Болмыс біртұтас. Ғаламның бұл тұтастығы оның бір Алла тағаланың ішінде болғанына негізделеді. Ғаламның бір бөлшегі болғандықтан, әрбір адам Болмыспен тұтастыққа ұмтылуы керек. Имандылық негізі дегеніміз осы. Әркім осылай Болмыспен бірігіп, өмір мақсатына жетеді. Түп Иеге қайтады.  Бұл ұғымнан өте маңызды тұжырым шығады. Егер адам өзінің білместігінен оған кері әрекет етіп, тұтастықты бұзатын болса, онда ол қарымта заңдылығы бойынша өзіне тиесілі жазасын алады. Адамның бұл құлдырау жолы. Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос. Малыңды жауға, Басыңды дауға қор қылма, қорға, татулас» деген сөзі тегін айтылмаған. Болмыс заңдылығы болып табылатын бірлікке Абай осылай шақырады. Қоғамның барлық шырғалаңы, оның ыдырауы, отбасының бүлінуі тәрізді барлық шырғалаңдардың себебі Абайдың көрсеткен осы Болмыс бірлігін бұзудан шығады.

Алланың тұлғалық қасиеттері.

Алла тағаланың тұлғалық көрінісінен ғаламның хикметтерін, шексіз әралуандығын түсінеміз. Әлем көріністерінің шексіз алуандығының себебі неде? Оның себебі Алланың шексіз еркіндігі мен қалауында жатыр. Бұлар тұлғалық қасиеттер. Алла тағала Өзінің шексіз еркі мен қалауы бойынша шексіз алуан табиғат көріністерін жаратады. Абай Алланың басқа да тұлғалық қасиеттерін береді. Ол отыз сегізінші сөзінде былай дейді.

«Алла тағаланың сипаттары: Хаят (Өмір, Тірлік), Ғылым, Құдірет, Басар (Түсіну, Білу, Қабылдау), Сәміғ (Естуші, Тыңдаушы), Ирада (Тілек, Мақсат, Қалау), Кәлам (Сөз, Тіл), Тәкин (Тудыру, Жасау, Бар қылу)». Бұл сегіз сипат Құдайдың тұлғалық көрінісін береді. Яғни, Жаратушыда тұлғалық қасиеттер болғандықтан, Оның жаратқандарында да тұлғалық қасиеттер бар. Әлемдегі барлық жан иелерінің тұлғалық қасиеттері Алладан шығады. Алла тағала тұлға болғандықтан, Оның жаратқандарының барлығы да тұлғалар.

Тұлғаның негізгі белгісі ерік пен қалау болып табылады. Жан шексіз болғандықтан, оның еркі мен қалауы да шексіз. Сондықтан, әлемдегі тұлғалар шексіз, әлем көрінісі де шексіз. Өмірде бірдей жан иесінің болуы мүмкін емес. Тіпті бір ағаштың жапырақтарынан да тиянақпен қараған адам айырмашылықтар табады. Осылай әлем құбылыстарының сан алуандығы туып, олар қозғалыс арқылы өмірді тудырады. Өмір дегеніміз осы сансыз көп тұлғалардың өзара қарым-қатынасы.

Әлем заңдылығын Құдай жасағанымен, Ол бұл заңдылықтан тыс және оған араласпайды. Абай бұл туралы «Ауруды жаратқан Құдай, бірақ, ауыртқан Құдай емес» дейді. Болмыстың әділет заңдылығы бойынша өз еркімен жасаған әрекеті үшін жан сыбағасын, яғни қарымтасын алады. Құдай шексіз рахымды және мейірімді болғандықтан, Ол жанның еркін шектемей, әрекетіне толық ерік береді.

Абай көрсеткен Болмыстың бірлігін ұмытқан кезде түрлі ағымдардың тартысы басталады. Осылай бүгінгі дінаралық қайшылықтардың негізгі себебін көреміз. Сондықтан, тәңіршілдік мен исламның арасындағы алаусыздықты басу үшін ең әуелі Болмысты дұрыс түсініп, Оның бірлігін қабылдай білуіміз керек. Себебі, бұл барлық қайшылықтарды шешу жолы болып табылады.

Тәңіршілдік пен ислам қайшылықтарын шешу жолына бір топ мақала дайындалды. Келесі тақырып осының жалғасы болады.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434