Бейсенбі, 1 Қазан 2026
Әне, көрдің бе? 157 0 пікір 1 Қазан, 2026 сағат 13:56

Орталық Азия Мәскеу орбитасынан шығып жатыр!

Сурет: reposta.kz сайтынан алынды.

Колумбиялық әнші Шакира 18 қазанда Бішкектегі «Бишкек Арена» стадионында өнер көрсетеді. Бұл оның Орталық Азиядағы алғашқы концерті.

«Тур Las Mujeres Ya No Lloran World Tour» деп аталады, оған Бішкек әлемдік картаның тікелей аялдамасы ретінде енді. Концерттің өтетінін Қырғызстан президентінің іс басқарушысы Қаныбек Туманбаев жариялады. Билет сатылымы 1 қазанда басталады, негізгі санаттардың бағасы 12 мыңнан 40 мың сомға дейін бағаланып отыр.

Ескі модель

Ұзақ уақыт бойы аймақтағы ірі концерт нарығы «Мәскеу арқылы» жұмыс істеді: гастрольдік маршрут Ресейден басталды, репертуарды орыс тілді теледидар мен радио айқындады, продюсерлік инфрақұрылым Ресей компанияларының қолында болды. Орыс эстрадасы таңдау емес, әдепкі нұсқа болып саналды.

Модельді өзгертіп жатқан үш фактор

Платформалар. Жастардың талғамын енді теледидар емес, алгоритм қалыптастырады. Spotify аймаққа 2021 жылы келді, YouTube пен TikTok негізгі арнаға айналды. Алгоритмде тіл шекарасы жоқ: латын поп, К-поп, түрік поп және жергілікті артистер қатар тұр, ал ондағы орыс эстрадасы бәсекелестердің бірі ғана болып табылады.

Саяси жағдай. 2022 жылдан кейін Ресей артистерінің аймақтағы гастролі бұрынғыдай оңай бола салмады. Бұл орайда нақты статистика келтіре алмаймыз, бірақ нақты бағыт айқын байқалады: өйткені, тәуекелі жоғары бағыттан бұрынғы мұрындарын көкке шүйірген басты ойыншылар кетіп, бос орынға басқалар кіріп жатыр.

Мемлекет продюсер ретінде. Концертті шоу-бизнес компаниясы емес, президент басқармасы ұйымдастырып отыр, билеттер мемлекеттік GovTicket сервисі арқылы сатылады. Демек, бұл нарықтың стихиялы таңдауы емес, саяси шешім: билік жаңа стадионды әлемдік жұлдызбен ашып, елді жаһандық картаға енгізуді көздейді.

Не өзгеріп жатыр?

Бұл арада есте ұстайтын бір жайт: жоғалып жатқан орыс мәдениетінің өзі емес, оның монополиялық мәртебесі. Орыс эстрадасы аймақтың жалғыз «ортақ тілі» болудан қалып, жастар үшін көптің бірі ретінде ғана танылса, ал билік үшін бәсекелес ойыншылардың біріне айналып барады. Шакира сияқты поп-брендпен экраннан таныс аудиторияға тікелей тәжірибе ұсынады, ал бұл лояльдікті алгоритмнен де мықты қалыптастырады. Билет бағасы да сигнал: бәсеке «бәріне арналған эстрада» деңгейінде емес, премиум тәжірибе нарығында жүріп жатыр.

Қарсы дәлелдер

Бір концерт трендті дәлелдемейді: Шакира бір рет келеді, ал орыс тілді контент күнделікті өмірде жүре береді, орыс тілі қалалық қарым-қатынаста маңызды күйінде қалып отыр. Елдер де әртүрлі: Қазақстанда ұлттық поптың, Өзбекстанда жергілікті шоу-бизнестің, Кыргызстанда қырғыз тілді контенттің өсуі бар, яғни Ресей эстрадасының орнын көбіне жаһандық алпауыттар емес, жергілікті индустриялар басып жатыр. Сонымен қатар Шакира орыс мәдениетінің орнына келмейді, оның қасына қосылады, сондықтан «алмастыру» деген сөзден гөрі «бәсеке» дәлірек.

Түйін: Шакираның Бішкектегі концерті орыс попкеңістігінің «өлімін» емес, аймақ мәдени бағдарының көпполярлы бола бастағанын көрсетеді. Орталық Азия дүниені Мәскеу арқылы көруден гөрі, әлеммен тікелей байланыс орнатуға бет бұрып жатыр. Басты сауал басқа жерде: жаһандық бренд пен бұрынғы ресейлік ықпалдың арасында жергілікті тіл мен ұлттық поп өз орнын қалай табады? Нағыз қауіп орыс мәдениетінің орнын жаһандық бренд басуында емес, жергілікті дауыстың екі күштің арасында үндері өшіп, бұтына жіберіп қойған баланың күнін кешіп қалуында да болуы мүмкін.

Қырғыз, қазақ һәм өзбек музыкасы мен шоубизнесі осылардың арасынан адаспай өз орнын таба ала ма?!

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Ғылым-білім

Наука действия – от теории к практике

Алмаз Ещанов 177
Мәдениет

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 162
Аласапыран

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 159