Заңдағы өкілеттік қайда,оны іске асыру тетігі қайда ?
Ерлан Әмірбек:
Айдын Рысбекұлы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы №503-НҚ бұйрығымен бекітілген Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидаларына 2026 жылғы 8 шілдедегі №330-НҚ бұйрығымен өзгерістер енгізіліп, қағидалар жаңа редакцияда бекітілді.
Алайда осы құжатта өңірлік рәміздер мәселесінің барлық әкімшілік-аумақтық деңгейін қамтымай отырғаны алаңдатады.
Бұл жерде мәселе жай ғана қағиданың толық немесе толық еместігінде емес. Мәселе – заңда нақты берілген өкілеттік пен сол өкілеттікті іске асыратын тәртіптің бір-біріне сәйкес келмеуінде. Оның үстіне, құжаттың өзіндегі «өңірлік нышан» атауының өзі ғылыми және терминологиялық тұрғыдан күмәнді.
Айдын Рысбекұлы:
Дәл солай. Бұл жерде көз жұма қарайтын техникалық мәселе жоқ. Құқықтық әрі терминологиялық мәселе бар.
Алдымен атаудың өзіне тоқталайық. «Өңірлік нышан» деген атау ұғымның мазмұнын дұрыс ашпайды. Себебі «нышан» – бар құбылысты аңғартатын белгі. Мысалы, қара түтін – өрттің нышаны. Бұлттың қоюлануы – жаңбырдың нышаны. Жапырақтың сарғаюы – күздің нышаны. Мұнда алдымен құбылыс бар, содан кейін сол құбылыстың белгісі байқалады.
Ал облысқа, қалаға немесе ауданға арнайы әзірленіп, кейін ресми түрде бекітілетін таңба мүлде басқа сипатта. Мұнда дайын тұрған құбылыстың белгісін байқап отырған жоқпыз. Біз белгілі бір аумаққа арнайы мағына жүктелген ресми белгі жасап отырмыз. Сондықтан мұндай жағдайда «нышан» емес, «рәміз» ұғымы әлдеқайда дәл келеді. Бұл – сөз таластыру үшін айтылған пікір емес. Бұл – ұғымдардың мағыналық шекарасын сақтау мәселесі. «Нышан» – құбылысты аңғартатын белгі. «Рәміз» – белгілі бір мағына жүктелген белгі. Осы екеуін бірінің орнына бірін қолдану – олардың табиғаты мен мәнін бұрмалау. Сондықтан ресми түрде әзірленіп, бекітілетін облыстың, қаланың немесе ауданның таңбасын «өңірлік рәміз» деп атау ғылыми әрі құқықтық тұрғыдан қисынды.
Ерлан Әмірбек:
Яғни қазіргі нормативтік құжаттағы «өңірлік нышан» атауының өзі мәселенің басынан дұрыс қойылмағанын айтып отырсыз ба?
Айдын Рысбекұлы:
Иә. Мен бұл атауды ғылыми-терминологиялық тұрғыдан қайта қарауды қажет ететін атау деп санаймын. Өйткені «нышан» белгілі бір құбылыстың белгісін аңғартады. Ал өңірдің арнайы әзірленіп, ресми бекітілетін таңбасы белгілі бір аумақты танытады және оған қоғамдық, тарихи, мәдени мағына жүктейді. Сондықтан табиғи нышан – бір ұғым; ресми рәміз – екінші ұғым. Екеуін бір атауға біріктіру – ұғымдық шекараны бұзады. Бұдан да маңыздысы – бұл термин қате қолданылған сайын қате ұғым нормативтік деңгейде бекіп барады. Терминді заңға және ведомстволық қағидаға енгізу оның ғылыми тұрғыдан дұрыс екенін автоматты түрде білдірмейді. Қате терминді нормативтік құжатқа енгізу – оны дұрыс терминге айналдырмайды. Керісінше, қателікті ресмилендіреді.
Ерлан Әмірбек:
Қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 6-бабы 1-тармағының 4-5) тармақшасында «өңірлік нышанды бекіту» мәслихаттардың құзыретіне тікелей жатқызылған.
Ең маңыздысы – бұл норма мәслихаттардың деңгейін бөле-жара көрсетпейді. Яғни заңда «тек облыс мәслихаты», «тек республикалық маңызы бар қала мәслихаты» немесе «тек астана мәслихаты» деп шектеу қойылмаған. Демек, заңда «өңірлік рәмізді бекіту» мәслихаттардың құзыреті ретінде көрсетілген деп қарауға болады.
Айдын Рысбекұлы:
Иә, бірақ мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Егер заңдағы «өңірлік нышан» атауын ғылыми және терминологиялық тұрғыдан «өңірлік рәміз» деп түзету қажет деп отырсақ, онда заңның өзіндегі осы терминді де қайта қарау керек. Өйткені құқықтық нормада қолданылған термин кездейсоқ сөз емес. Ол нақты ұғымды білдіруге тиіс. Біз бір жағынан мемлекеттік деңгейде «рәміз» деген құқықтық терминді орнықтырдық. Екінші жағынан, өңір деңгейіне келгенде дәл сол сипаттағы ресми таңбаны қайтадан «нышан» деп атап отырмыз.
Бұл жерде терминологиялық бірізділік жоқ.
Ерлан Әмірбек:
Бірақ заңның басқа бабына келгенде жағдай өзгереді. Заңның 27-бабы 1-17) тармақшасында өңірлік рәміз жобасын уәкілетті орган бекіткен қағидалар негізінде әзірлеу құзыреті тек астана, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдіктеріне берілген.
Сонда заңның 6-бабы мәслихаттарға өкілеттік береді де, 27-бабы жобаны әзірлеу құзыретін басқа деңгейдегі әкімдіктермен шектейді.
Бұл жерде қарапайым сұрақ туындайды: Облыстық маңызы бар қала мен аудан мәслихаттарының заңда белгіленген өңірлік рәмізді бекіту құзыреті бар болғанымен, сол рәміз жобасын кім және қандай тәртіппен әзірлейді?
Айдын Рысбекұлы:
Мәселенің өзегі осы. Егер облыстық маңызы бар қала мен аудан мәслихаттарының бұл құзыреті сақталса, онда олардың өңірлік рәмізін әзірлеу тетігі неге заңда және №503-НҚ қағидаларында нақты айқындалмаған?
Бұл сұраққа нақты құқықтық жауап жоқ болса, онда заңда берілген өкілеттіктің қалай іске асатыны түсініксіз болып қалады. Ал егер бұл деңгейдегі мәслихаттардың өңірлік рәмізді бекіту құзыреті қолданылмайды деп түсіндірілсе, онда одан да өткір сұрақ туындайды: заңның 6-бабындағы тікелей берілген өкілеттік қандай құқықтық негізде шектеледі?
Мәслихатқа заңмен берілген өкілеттікті заңға тәуелді акт арқылы үнсіз тарылтуға жол беріле ме? Мәселе осы жерден басталады.
Ерлан Әмірбек:
Яғни бұл – жай ғана қағидада бір тармақтың жоқтығы емес. Бұл – заңмен берілген өкілеттік пен оны іске асыру тетігінің арасындағы алшақтық.
Айдын Рысбекұлы:
Дәл солай. Бұл – жай ғана техникалық мәселе емес. Бұл жерде заңмен берілген өкілеттік пен оны іске асыру тетігінің арасында құқықтық алшақтық пайда болып отыр.
Заң мәслихатқа өкілеттік береді.
Ал сол өкілеттікті жүзеге асырудың нақты механизмі барлық деңгей үшін көрсетілмейді. Бұл – құқықтық реттеудің ең әлсіз жері.
Мемлекеттік басқаруда заңмен берілген өкілеттікті қағаз жүзінде қалдыруға болмайды. Өкілеттік берілсе, оны іске асыратын нақты рәсім де болуы керек.
Ерлан Әмірбек:
Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы Ұлттық құрылтай отырысында аймақтар мен қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру, осы салада ортақ ұстаным әзірлеу және өңірлік рәміздерді әзірлеу мен бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей реттеу қажеттігін нақты айтқан болатын. Президенттің бұл ұстанымы қазіргі қағидаларда толық көрініс тапты деп айтуға бола ма?
Айдын Рысбекұлы:
Мәселе дәл осы жерде өткір тұр. Президент барлық өңірге бірдей тәртіп туралы айтты. Ал қазіргі қағидаларда рәмізді әзірлеу мен бекіту тәртібі астана, облыс және республикалық маңызы бар қала деңгейімен ғана шектеліп отыр. Мысалы, қағидалардың 17-тармағында оң қорытынды алған жобаларды осы деңгейдегі мәслихаттар бекітетіні көрсетілген.
Сонда Президент айтқан «барлық өңірге бірдей» тәртіп әкімшілік-аумақтық құрылымның барлық деңгейін қамтымай қалай жүзеге аспақ?
Облыстық маңызы бар қала қайда?
Аудан қайда?
Олардың мәслихаттары қайда?
Егер олар заңда көрсетілген мәслихаттар жүйесінің құрамында болса, олардың өңірлік рәмізге қатысты өкілеттігі неге нақты рәсіммен қамтамасыз етілмеген?
Ерлан Әмірбек:
Бір жағынан – барлық өңірге ортақ тәртіп керек делінеді. Екінші жағынан – сол тәртіп барлық әкімшілік-аумақтық деңгейлерді қамтымайды. Бұл жағдайда «бірыңғай жүйе» туралы айту қаншалықты негізді?
Айдын Рысбекұлы:
Негізді болуы үшін ең алдымен жүйенің өзі толық болуы керек. Бірыңғай жүйе – тек облыстардың жүйесі емес.
Егер облыс, облыстық маңызы бар қала және аудан Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымына кірсе, онда олардың ресми рәміздеріне қатысты құқықтық тәртіп те барлық деңгейге ортақ болуы керек.
Бір деңгейге толық тәртіп жасап, екінші деңгейге құқықтық механизм бермеу – бірыңғай жүйе емес.
Бұл – құқықтық реттеудің бөлшектенуі.
Ерлан Әмірбек:
Онда мына сұраққа нақты жауап керек:
Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың өңірлік рәміздерін әзірлеу және бекіту тәртібі неге №503-НҚ қағидаларына енгізілмеген?
Айдын Рысбекұлы:
Бұл сұраққа уәкілетті орган нақты жауап беруге тиіс.
Екіншіден, заңның 6-бабында мәслихаттардың құзыретіне өңірлік рәмізді бекіту нақты жатқызылғанына қарамастан, облыстық маңызы бар қала мен аудан мәслихаттарының осы өкілеттігін іске асыру тетігі неге белгіленбеген?
Үшіншіден, бұл құқықтық олқылықты жою үшін заңнамаға және №503-НҚ қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр ма?
Төртіншіден, Мемлекет басшысының өңірлік рәміздерді әзірлеу мен бекітудің барлық өңірге ортақ тәртібін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын толық орындау үшін қандай нақты шаралар қабылдануда?
Бесіншіден, облыс, аудан және қала деңгейлерінің барлығын қамтитын бірыңғай геральдикалық талаптар мен стандарттарды енгізу мәселесі қашан және қандай форматта шешіледі?
Бұл сұрақтардың бәріне нақты жауап керек. Жалпы сипаттағы жауап жеткіліксіз.
Ерлан Әмірбек:
Неліктен бұл мәселені жай ғана әкімшілік рәсім деп қарауға болмайды?
Айдын Рысбекұлы:
Өйткені өңірлік рәміз – жай ғана бейнелік белгі емес. Ол белгілі бір аумақтың тарихын, мәдениетін, географиясын, рухани құндылықтарын және жергілікті бірегейлігін танытатын маңызды элемент. Сондықтан мәселені бір рәмізді бекіту деңгейіне түсіру – оның мазмұнын тарылту. Мұнда Қазақстанның барлық әкімшілік-аумақтық бірліктеріне ортақ құқықтық және геральдикалық жүйе қалыптастыру мәселесі тұр.
Ерлан Әмірбек:
Онда бүгінгі жағдайды бір сөйлеммен қалай бағалар едіңіз?
Айдын Рысбекұлы:
Қазіргі жағдайда заңдағы мәслихат құзыреті мен оны іске асыру тәртібінің арасында анық алшақтық бар. Мемлекет басшысы тапсырған бірыңғай ұстаным нақты құқықтық тетікке айналуға тиіс.
Егер заң мәслихатқа өкілеттік берсе, сол өкілеттікті іске асыратын механизм де болуы керек. Егер Президент барлық өңірге бірдей тәртіп қалыптастыруды тапсырса, онда ол барлық әкімшілік-аумақтық деңгейлерді қамтуға тиіс.
Ал облыстық маңызы бар қала мен аудан осы жүйеден тыс қалса, онда «барлық өңірге ортақ тәртіп» туралы талап толық орындалды деп айтуға негіз жоқ.
Бұл мәселені әрі қарай соза беруге болмайды.
Заңдағы өкілеттік – нақты тетікпен қамтамасыз етілуі керек. Бірыңғай тәртіп – барлық деңгейге бірдей қолданылуы керек. Ал өңірлік рәміздер жүйесі – құқықтық тұрғыдан толық әрі тұтас болуы керек.
Сұхбат алушы: Ерлан Әмірбек – Семей қаласы гербінің авторы
Сұхбат беруші: Айдын Рысбекұлы – геральдист
Abai.kz