Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 21701 9 пікір 15 Қараша, 2013 сағат 03:20

Мағжан ақын жырларындағы Тұран тағдыры

Қазақ ұлттық поэзиясының падишасы Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың өнегелі өмірі мен шығармашылық өнері жайында айту тым жауапты. Ол «өз тегін де, өз жерін де мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын адақтауға ұмтылған, өлең сөздің асыл маржанын төгілткен, сұлу жырымен оқырманын егілткен, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай соры арылмаған халқының зарлы перзенті» (1.4), -  деп ғалым Мүсілім Базарбаев атап көрсеткендей тағдыры тым аянынышты аяулы жан.

Қазақ ұлттық поэзиясының падишасы Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың өнегелі өмірі мен шығармашылық өнері жайында айту тым жауапты. Ол «өз тегін де, өз жерін де мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын адақтауға ұмтылған, өлең сөздің асыл маржанын төгілткен, сұлу жырымен оқырманын егілткен, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай соры арылмаған халқының зарлы перзенті» (1.4), -  деп ғалым Мүсілім Базарбаев атап көрсеткендей тағдыры тым аянынышты аяулы жан.

Біз бүгінгі зерттеуде алдымызға ақын шығармашылығында аса көп айтыла бермейтін бір ғана тақырыпты айтуды мақсат етіп қойдық. Шынында да Мағжан ақын жырларындағы Тұран, Түркістан, түрікшілдік мәселесі аса күрделі және қызықты, ыждағаттап зерттеуді қажет ететін тақырып. Оның бірнеше себептері бар. Басты себеп ел тарихындағы көне Тұран, Мағжан дәуіріндегі түрікшілдік рухтың бәрі кеңес қоғамының қырын саясаты нәтижесінде жадыдан өшіріліп, тарих «ақтаңдағына» айналған құбылыстың бірі болды. Зер салып қарағанда бірден аңғарылатын жайт түрік тақырыбы Мағжан поэзиясында тым ерте, дәлірек айтқанда медресе «Ғалияда» оқып жүргенінде басталған. 1912 жылы жарық көрген «Шолпан» жинағына енгізілген «Орал тауы» өлеңіне қарағанда, бұған тіпті шәк келтіре алмайсың. Бұдан кейінгі уақытта бұл тақырып сан жағынан да, сапа жапа жағынан да дами түскен. Олар – «Алыстағы бауырыма», «Жер жүзіне», «Қазақ тілі», «Тез барам!», «Түркістан», «Тұранның бір бауында», «Орал өлеңдері» болып жалғаса береді. Өз ұлтын және бүкіл түркі әлемін жанындай жақсы көріп жырға қосатын ақынның аталған тақырыпқа тым етене келіп жырлау себебін белгілі мағжантанушы ғалым Ш.Елеукенов былай деп атап көрсетеді: «Мағжан поэзиясында түрік өлеңдерінің өрістеуінен әлденеше себептер бар. Ең бастысы – отаршылдыққа қарсылық, дүние жүзіндегі ұлт-азаттығы қозғалысының күрескерлерімен бірлесу, тізе қосу. Қазақ сол ынтымақ бірлікті ту етіп ұстаса, ежелгі туыстығын бекіте түсе деген ақын тілегі «Түркістан» өлеңінде мақтаныш пен масатқа толы:

Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,

Түріктен басқа от боп жан туып па!

Көп түрік енші алып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па!

 

Бүгін біз Мағжан түрікшілдігін мақтан тұтқанда оның мән-мағынасын кеңірек пайымдаймыз. Әдебиетімізде ол тұңғыш рет жеке-дара көтерген түрік тақырыбының халықаралық маңызы зор дейміз» (2.31). Өкініштісі сол, алғаш көтерілген халықаралық тақырып та, сол тақырыпқа жүк болып, биік идея ретінде насихатталған Тұран, түрік, Түркістан тақырыбы сол отызыншы жылдары-ақ мансұқталды, авторы алғашында қуғынға түсті, соңынан мерт етуге дейін барған қатігез қоғамға не айтасың.

Түркі әлемі, соның ішінде Түркістан тарихын терең білетін ақынның араға көптеген жылдар салып, халқымен қайта қауышқан отты жырлары ұмытылған тарихымызбен қайтадан қауыштырды. Мағжан қазақ тарихын былай бастайды:

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,

Тұранда ер түрігім туып өскен.

Тұранның тағдыры бар толқымалы,

Басынан не тамаша күндер кешкен, -  деп

ертедегі түркілердің біртұтас мемлекет болып, оның кейін әр түрлі қанды шапқыншылықтарды бастан кешіру салдарынан әуелгі атын да, атағын да жоғалтып алған тарихын баяндап береді. Соның ішінде көне Тұранның тарихтан өшуінде өлшеусіз рөл атқарған – Араб халифатының шапқыншылығын есімізге түсіре отырып,  дін мен тілден, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрден айырып қана қоймай, сондай ғажайып құндылықтардың жойылуына барынша күш салған жаулап алушылардың пиғылын әшкерелейді. Осы аралықта «Араб халифаты түрік елінің ата мұрасы болған оймақ жазуын істен шығарып, осы арқылы келер ұрпақ жас буынды өткендегі ата тарихынан мүлде қол үздіріп жіберді» - деп жазатын професор М.Мырзахметов пікірі де (3.97) еріксіз еске түседі. Аз-кем тарих беттерін ақтарғанда аңдағанымыздай діні мен тілін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын ала келген араб халифаты Тұран өлкесін 705-715 ж талан таражға ұшыратып, халқын қырып жойды, сөйтіп Тұран атауын Түркістан атауымен алмастырды. Тұранның тарихтағы атауы осылайша тарихтан өшті. Бірақ сол өшкен тарихты жаңғыртып жырға қосқан Мағжан ақынға қалай тәнті болмайсың. Тұран тарихын ғана емес көз алдымыздағы Түркістан тарихын да ұмытып, бауырлас түріктерден теріс айналған сәттер де кешегі тарихтың еншісіне айналып бара жатыр.

Ғасырлар бойы бұратана күй кешіп келген, сол себепті де өнері, мәдениеті дамымаған ел болып кемсітілген қазақ халқының шын мәніндегі өткен тарихын, Мағжан жырмен жазды, біз айтып, жазып жүргендей емес, қазақ хандарының тарихын да тым әріден – Афрасиябтан бастайды. Кезінде әлемді өзінің қаһарымен солқылдатқан Шыңғысханның кім екенін айтуда әрқилы пікірдеміз, ал енді Мағжан оны сол кезде-ақ Түркістанның топырағынан екендігін батыл айта білген. Әл-Фарабиді – Мағжан жиырмасыншы жылдары қазақтың асқан білімді философы деп мақтанышпен жазса, қазақтар оның есімін алпысыншы жылдары ғана естіді, жетпісінші жылдары ғана тарихқа енгізе бастады. Біз Мағжанның бір ғана «Түркістан» өлеңі арқылы бүкіл тарихи даму жолдарымызбен таныстық. Арғы-бергі тарихы романға, тіпті болмағанда поэмаға жүк боларлықтай көлемді жырдың тағы бірер шумағына назар аударсақ.

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңірі берген несібі ғой, - деп жырлады. Мағжан поэзиясындағы ақындық қуатты, фольклорлық сарынды көп жылдардан бері зерттеп келе жатқан ғалым Б.Қанарбаеваның: «Мұны қайсыбір әдебиет зерттеушілері Шымкент облысындағы Түркістан қаласымен шатастырып жүр» (4.128) деген пікірі де назардан тыс қалмау керек. Шынында да өлеңнің атауына ғана көз жүгіртіп шыққан базбіреулер тарихи өлеңді тар шеңберде түсініп, қасиетті қала төңірегінде ғана түсініп жататыны жасырын емес. Мағжан ұғымы одан биікте, ол Түркістанның терең тарихын жырлаған, Тұран даласының түркі әлемінен алатын орнын алғашқылардың бірі болып айтқан ақын.

Ақын Мағжан бауырлас елдердің ежелгі тарихын жетік білгендіктен де туыстық қарым-қатынасты аңсады, Түркия халқына алыстан сәлем жолдау сырының бір қыры осы. Тарихи деректерде Түрік мемлекеті күйрегеннен кейін оғыздардың бір бөлігі теңізден өтіп кеткен, қазіргі Түркиямыз сол деседі. Мағжанның бұл деректерден де хабары бар екенін:

Алтайдың алтын күні еркелетіп,

Келгенде жолбарыс боп, жаңа ер жетіп,

Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,

Бауырым, мені тастап қалдың кетіп, - деген сөздері анық аңғартады. Бірақ оны тереңдеп зерттеу тарихшыларымыздың ісі десек те Мағжанның:

Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа,

Лайық па құл боп тұру? Жүр кетелік.

Алтайға, ата мирас алтын таққа, - деп баяғыдан бірігіп бір ел болуға шақыруды, Ататүрік идеясымен де қабысып келгендігін ұмытуға болмайды. Осы өлеңнің терең мазмұнына көз жеткізе оқығанда Мағжан халқымыздың болашағы түрік тектес халықтардың бірлігінде деп танығанын айқын аңғаруға болады. Өр рухты поэзиясында түрік бірлігін жырлауының да сыры сонда жатыр.

М.Жұмабаевтың «Күншығыс», «Пайғамбар», «Тез барам», «Мен жастарға сенемін», «Түркістан», т.б. өлеңдерінде түрікшілдік, түрік бірлігі идеясы ұдайы жырланып келгенін жоғарыда айттық. Ақынның ойынша қазақтар – түріктердің қара шаңырағына ие болып қалған халық, оның дәлелі өзіміз үзінді келтірген: «Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!» деп келетін жыр жолдарында сайрап жатыр. «Түркістан» өлеңіндегі туған ел тағдыры, тарихына қатысты тағылымды пікірді белгілі әдебиетші, сыншы ғалым Дандай Ысқақұлы былай деп сабақтайды:  Өлеңде қазақ тарихына да қысқаша шолу жасалынып, Қасым, Назар, Есім, Абылай, Кенесары есімдері мақтанышпен аталған. «Арыстан елге отан болған Тұранда» хандық құрған қазақ хандары «қазақтың қасқа жолды Қасым ханы», «әділ хан аз болады Назардайын», «алашқа Есімханның жолы дайын», «Тәукедей данышпан хан», «Алаштың арыстаны Абылай еді», «Кешегі ердің ері көкжал Кене», деп сипатталады. Бұл жолдардың қазақ хандарын жырға қоспақ түгілі аттарын атаудың өзі қиын тап күресінің барынша күшейіп тұрған кезінде жазылғандығы да есте болғаны жөн. Тіпті ол кез түгілі күні кеше заман ептеп түзеліп, Мағжан ақталып, оның шығармалар жинағы халқына қарай жол тартқанда Кенесарыға арналған бір шумақ өлең алынып тасталған. Ол жолдар мынадай:

Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме,

Түркістан алты алашқа болған кеме.

Тұранның топырағын құшып жатыр,

Кешегі ердің ері көкжал Кене. (5.60)

Атақты өлеңде осылайша ежелгі Тұран аймағының ұлы тұлғалары Фарабиден бастап айтылатын билер, хандар, батырлары, сонымен қатар Тұран халқы мекен еткен кең байтақ өлкенің географиялық шеңберіне дейін шабытпен жырға қосылуы бар дүниені таптық тартыспен шектеп, төл тарихымыз бен тағдырымызды Ресейсіз көзге елестету мүмкін болмай қалған қоғамда бұл өлеңнің тұншықтырылып, күресінге лақтырылуы табиғи заңдылық.

Ақиық ақын Мағжан шығармашылығындағы түрікшілдік сарынды сол кездің өзінде тап басып танып, ол себептің сырын ұғуға ұмтылған Сәбит Мұқанов түсіндіруі төмендегідей: «Мағжан шынында түрікшіл емес. Оның түрікті «бауыр» қылуында, өз мақсатына сәйкес ойы бар. Біз жоғарыда Мағжан қазақтың ескі күнін көксегенде, баяғы хан дәуірін қайта орнатпақ емес, қазіргі қазақтың көзіне ескі, еркін өмірін елестетіп, басын көтертпек. Басын көтертіп алғаннан кейін бөлек республика құрмақ дедік. Мағжан «түрік» деген сөзді белгілі мақсат үшін ғана керек қылды. Түріктің ерлігін айта кеп, қазақты отаршыл үкіметке қарсы қайрап алғысы келді» (6.187.). Кезінде сын тұрғысынан айтылған, Мағжан сынды аяулы ақынның басты кінәсі етіп көрсетілген қағиданың аз ғана уақыт ішінде қайта жаңғырып, ізгі ойының түпкі мақсаты, «Жан сөзі» халық мүддесі мен азаттық идеясының биік белесі ретінде бағалана бастады. Ақиқат ой кеш те болса салтанат құрып келеді. Мағжанның түрікшілдік дара қасиетін тап басып көрсеткен, сол қасиет арқылы «бөлек республика» болып, отаршылдық саясаттқа қарсылық көрсетуін іштей құптаған Мұқановқа да ризашылық білдіресің.

Мұқанов дәуірінде, соның ішінде зерттеушінің «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты тарихи кітабы жарық көргенде (1932) түрікшілдіктен бастап Түркістанға дейінгінің бәрі қорқыныш тудыратын жағдайға жақын қалған кезең еді. Тарих парағындағы дерек көздерінің анықтауынша түрікшілдікті мансұқтау Ресей көлемінде ойда жоқ оқиғалардан басталған десе де болғандай. 1920 жылдың 20 ақпанында қазіргі Ташкент қаласында Түркістан Коммунистік партиясының V өлкелік конференциясы ашылды. Конференцияда Түркістан Советі Атқару Комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов баяндама жасап, өлкенің ұлттық құрамына сәйкес партия ұйымының атын өзгертейік. Түркістан Компартиясы бұдан былай түрік халықтарының Компартиясы, ал Түркістан – Түрік кеңестік Республикасы аталсын, -деген ұсыныспен шығады. Түркі халықтарының бірігіп кетуінен өлердей қорыққан большевиктер ұсынысты қолдаудың орнына жаулық іздеп шыға келді, сол идеямен тарих, мәдениет, әдебиет аренасына шыққандардың бірі ерте, бірі кеш мерт болды. Отаршыл Ресейдің қол астында одан әрі қалып кеткен біздер осының бәріне имандай сеніп, өз қағымыздан өзіміз жеріп, сол тақырыпты қозғаған Мағжандарды бір емес екі рет соттауға дейінгі қиянат жасалынды.

Мағжан мұраларының шын мәніндегі жанашыры, мағжантану ғылымының іргетасын қалаушы ғалым Шерияздан Елеукенов те ақынның осы бір дара қасиетін көрсетуді үнемі назарда ұстап, тап баса көрсетеді. Ойымызды қорытындылап, жинақтай түсу үшін Елеукеновтің біздің тақырыбымызға тиянақ болатындей кейбір ойларынан үзінді келтірсек. Ғалым пікірі былайша өрбиді: «Мағжан Жұмабаев әдебиетімізде тұңғыш рет жеке-дара өзі көтерген түрік тақырыбының халықаралық маңызы өте зор. Бүгінде тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ елі Түркиямен тіл табысып жатса, осынау мәртебелі істе, абыройлы жолда Мағжан еңбегі ұмытылмауға тиіс. Бір кезде ақын түрік ағайындарымызға: «Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта, // Қайғыдан қан жұтамыз...» десе, енді, шүкіршілік, жағдай күрт өзгерді. Ерікті елдер неліктен зарламақ? Қуанышымыз қойнымызға сыймайды десек, шындықтың үстінен шыққанымыз. Ендігі арман – о жақтағы, бұ жақтағы қуанышымыз ұзағынан болғай! – деп тілейсің. Тілейсің де, сол азаттық алған майрағай-тайрағай шат-шадыман шаққа жете алмай кеткен, бірақ сол үшін жан-тәнін пида еткен боздақтарды тағы да күрсіне есіңе аласың» (7.195).

Қорыта келгенде түрік тақырыбын қазақ әдебиетінде қасиетті тақырып етіп дәйекті жырлаған Мағжан ақын көрегендігіне қалай бас исек те жарасады. Түркі әлемінің, соның бір бұтағы «бөлек республика» қазақ елі де өзінің «Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам» дейтін асқақ, тәккапар ниетіне жетті. Сол күнді ерте жырлап, халық санасында жаңғыртқан ақын арманы жүзеге асты, туған елі кеш те болса періште көңілді ақынның «Жан сөзін» жатқа оқи бастады. Тұран тағдырын Тұран даласының дабылы етіп жырлаған ақын мұралары мәңгілік болғай.

 

Нариман Нұрпейісов

Филология ғылымдарының кандидаты,                

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

Шымкент қаласы.

Abai.kz

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жұмабаев М. Таңдамалы  А., Ғылым 1992. – 272 б.

2. Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы. 1 –том. А., Жазушы 2002. -208 б.

3. Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. А. Атамұра-Қазақстан. 1993.

4. Б.Қанарбаева  Жырымен жұртын оятқан. А. Ана тілі, 1998, - 232 б.

5. Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары. – Астана; Фолиант. 2004. -304 б.

6. Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. А., Атамұра.2008.-384 б.

7. Елеукенов Ш. Мағжан (өмірі мен шығармагерлігі) Оқу құралы. – А, Санат. 1995. -384 б.

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510