Ермұрат Бапи: Заң, заң деп әкелерді сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба?
Депутат Ермұрат Бапи Жұлдыз Сүлейменовадан «Отағасы туралы» заңды қабылдауға ұсыныс білдірген. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасын талқылау барысында депутаттың бұл ұсынысын басқалары да қошеметпен қолдады, деп хабарлайды Abai.kz.
– Әкелерді бұл заңмен сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Осы залдағылардың көбі «Әкең келсін, сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыда келгенде сіз қалай ойлайсыз? Ер азаматтың рөлін көтеру үшін, бәлкім, Отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар? – деп сұрады Бапи Сүлейменовадан.
Сүлейменованың жауабы:
– Әке– асқар тау. Қазақтың отбасы институтында әкенің орны ерекше. Әкемен бәрі байланысады. Бірақ бұл заңда бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелге жасалған озбырлыққа тосқауыл қоятын заңды көздеп отырмыз. Мен де ұлдарымыздың болашағы жайлы ойларым бар. Ел болашағын ұлдың болашағымен байланыстырған елміз. Бірақ Конститутяда ер мен әйел бөлінбейді. Қол шапалаққа байланысты бұл – бүкіл елдің сұрағы ғой. Жалпы әкелердің рөлін, отбасындағы жауапкершілігін, ерекше орнын белгілейтін заң қажет болса бірінші болып қабылдауға өзім де атсалысқым келеді, – дейді Сүлейменова.
Депутат дегенмен бүгінгі заң жалпы бүкіл азаматтарға қажет екенін айтады.
– Қоғам жаза күшейгеннен кейін жұдырық ала жүгірер алдында ойланар. Бұл құқықбұзушылықтың алдын алуды көздейді, – дейді ол.
Abai.kz.