Құлыбаевтың «Халығы» Қытай құшағына неге асықты?
Өткен жылдың соңында Halyk Group делегациясы бірнеше рет Қытайға кездесулерге барып қайтты дейді, DALA INSIDE дерекөзі.
Онда қозғалған тақырыптар негізгі бизнес және Halyk тобы мен қытайлық әріптестердің бірлескен кәсіпорыны – «Алтын Банк» АҚ төңірегінде өрбігенін шамалауға болады. Қазір Алтын банктің 51 пайыз акциясы қытайлық China CITIC Bank, 9,9 пайызы China Shuangwei Investment, ал 40 пайызы Халық Банк қолында. Алтын Банк 2023 жылы шамамен 34 миллиард теңге таза кіріс алды және 118 миллиард теңге капитал ұстап отыр.
Дәл осы Алтын банк қазір Тимур Құлыбаев үшін бәлендей керемет мәселе емес. Бірінші кезекте алпауыт Халық Банк бойынша ең дұрыс шешім қандай болар еді, осы сұрақ Асқарұлын көптен бері мазалап жүр.
Halyk - Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі банк. Активтерінің көлемі бойынша ТМД кеңістігінде Ресейдің Сбербанкінен кейін екінші орын алады. Банк активтері 30,8 миллиард долларға жеткен. Қазір Тимур мен Динара Құлыбаевтар «АЛМЭКС» холдингі арқылы Халық банкінің 69,52 пайыз акциясын ұстап отыр. Қалған 29,52 пайыз акция «Bank of New York» номиналды ұстаушысы арқылы Лондон биржасында (LSE) еркін саудада. Осыдан бес жыл бұрын Құлыбаевта акцияның 74,5 пайызы болғанын ескерсек, жыл санап Құлыбаевтар банктегі өз үлесін жәймен азайтып келе жатқанын аңғарамыз.
Тимур Құлыбаевқа өз үлесін екі жолмен қысқартуға болады. Ол өз акцияларын қор биржасы арқылы оңай сата алады немесе тұрақты стратегиялық инвестор тауып, қомақты акцияны соған аудара алады дейді, DALA INSIDE дереккөзі.
Қытайдағы бірнеше келіссөздер осы стратегиялық инвестор нұсқасына көбірек меңзейді. Мұнда ең маңызды мәселе - Тимур Асқарұлы өзінің Қазақстандағы болашағын қалай болжап отыр, соған қатысты болмақ.
«Жаңа Қазақстанның» Тимур Құлыбаев үлесі бар мұнай, сығылған газ операторларына, теміржол тупиктері, қоймалар мен логистикалық бизнестерге соққы бергені рас. Сот арқылы Тимур Құлыбаевтың адамдары иелік етіп келген біраз компания мемлекет меншігіне қайтты. Әзірге «Жаңа Қазақстан» Тимур Асқарұлының банк бизнесіне тиіспей отыр. Ол статус-кво қай уақытқа дейін созылары белгісіз.
Халық банк акцияларын сатудан түскен орасан зор ақшаны Құлыбаевтар шетелге заңды түрде шығара ала ма? Негізгі сұрақ осында дейді, дереккөз. «АЛМЭКС» холдингі Қазақстанда тіркелгендіктен есеп-шоттары да осында. Ал акцияны тартып алудан көрі есеп-шоттағы ақшаны тәркілеу оңай.
DALA INSIDE болжауынша, қазіргі саяси желдің ауанын сезген Тимур Құлыбаев Қытайға көбірек арқа сүйейтін болады. Егер Бейжіңнің саяси шешімдеріне ықпалы бар ірі қаржылық топпен Халық Банк акцияларын арзан бағамен бөліссе, онда өзіне де болашақтағы қауіпсіздік гарантиясын алуға мүмкіндігі бар.
Тимур Құлыбаев Қазақстандағы IQ деңгейі өте жоғары азаматтар санатына жатады. Ол әр шешімді ұзақ бағалап, оның мүмкін нәтижесін жан-жақтан саралағаннан кейін ғана қабылдайтын тұлға. Сондықтан Халық Банкке қатысты асығыс шешім қабылданбайтынын түсінеміз. Тіпті бір қадам жасалу үшін кемінде 200 келіссөз бен кездесу өтуі мүмкін.
Abai.kz