Тоқаев Сианьдағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы қатысты
Мемлекет басшысы «ҚТЖ» ҰК» АҚ Инновациялық орталығына барып, Сиань қаласындағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы қатысты.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай қатынастары үшін көлік-логистика орталығын ашудың маңызды екенін айтып, нысанды іске қосты.
Еске сала өтсек, екі елдің басшылығы Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын.
Сиань –тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан Қытайдың қаласы. Аталмыш қаладан ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.
Сиань қаласындағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент). Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Abai.kz