Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әдебиет 3013 0 пікір 29 Ақпан, 2024 сағат 19:50

Рухани құндылық: Қазақстанды кітап оқитын елге айналдырамыз!

Сурет: kazgazeta.kz

Адам баласы бақытты өмір сүруі үшін мәнді де мағыналы жазылған 100 кітап оқыса жеткілікті. Бірақ сол 100 кітапты оқу үшін кемінде 1000 кітап оқылуы керек. Себебі, сапаға айналмаған сан жеме-жемге келгенде сан болудан қалады. Ал сапалы кітапты тауып, оны оқудың өзі үлкен жетістік болса, сол құнды кітапты сыйлыққа алу нағыз бақыт.

14 ақпан – Ғашықтар күні. Ғасырлар бойы тойланып келе жатқан ғашықтар күнінің датасы 2012 жылдан бері тағы бір мерекемен толықтырылды. Қазір енді ақпан айы келсе жүрекше құттықтаулар әзірлеп қана емес, кітаптарды да іздестіруді әдетке айналдырып алғанбыз. Себебі, 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні.

«Ебепке себеп» демекші, бұл мерекенің де өзіндік тарихы бар. Кітапханашы, балалар кітабына арналған сайт ашқан үш баланың анасы, америкалық Эмми Бродмур ұлының тосыннан қойған: «Адамдар бір-біріне кітап сыйлайтын күн неге жоқ?» деген сауалынан кейін ойлана келе, кітап сыйлау күні жоқ екендігін ескерген. Осылайша, жақындарына, журналистерге, танымал достары мен блогерлерге ойымен бөлісе келе, кітап сыйлау күнін мерекеге айналдыру идеясын ұсынған.

Бүгінде аталмыш күннің мерекеге ұласқанына 12 жыл толды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі кітапсүйер қауымның қолдауымен мереке өзінің аз ғана жылдық қалыптасу тарихында үлкен танымалдыққа ие болып үлгерген. Ғасырдан келе жатпаса да, мерекенің халық арасында тойлануы – кітап оқитындардың санының әлі де артып келе жатқандығына бірден-бір дәлел.

«Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», - деген Иосиф Бродский. Осы бір сөзді ескеріп, Қазақстанды кітап оқитын елге айналдырамыз деп ұрандатқан, KITAPALCLUB негізін қалаушы, Kitapal Podcast резиденті, aulga.kitapal жобасының жетекшісі Данияр Жігітбекпен сұхбаттасқан едік.

– 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл мереке қазіргі таңда көңіл толтырарлық деңгейде аталып жүр ме?

– Иә, менің ойымша көңіл толтырарлық деңгейде аталынуда. Жаппай болмаса да өз ортамызда байқап жатырмыз. Кейбір жандар туыстарына, достарына, жақындарына деп арнайы кітап сатып алып, оны сыйлап, парақшаларына бізді белгілеп жатыр. Бұл жақсы жаңалық деп атап өтер едім.

– «Қазақстанды кітап оқитын елге айналдырамыз», - деген сөзді ұраныңызға айналдырған едіңіздер. Тіптен бірнеше жаңа жүйелерді қолға алып, жастарды қызықтыратын креативті каналдар ашып, оқырмандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынудасыздар. Осыған сай оқырман саны артып жатыр ма?  

– Біз енді жылдық саудамызға, жобаларымызға қарап артып жатыр деп айта аламыз. Мысалы біздің Kitapal Podcast жобамыз бар. Ол жерде жарияланған видеоларымызды 1 миллионнан астам адам көрген. Бұл дегеніміз яғни кемінде 1 миллион адам кітапқа қызығады, бір кітаптың бетін ашып көрді деген үмітіміз бар. Сондай-ақ, соңғы 4 жылда дүкенімізде 3 миллионнан астам кітап басылып, сатылған. Сандардың көрсеткішіне қарай келе, жыл сайынғы кітапсүйер қауымның артып жатқанына көз жеткізе аламыз.

– Қазіргі таңда кітап жазатын жазушылардан басқа, жазушысымақтар көбейіп кетті. Оларды тексеріп жатқандары да шамалы. Бұлар оқырманның кітап оқуға деген шабытын бәсеңдетпей ме?

– Жазушысымақтар көбейіп кетті деген сөзге келіспеймін. Себебі, олар көбейіп кетсе де өте аз. Менің ойымша жалпы жазары бар болса жаза бергені дұрыс деп ойлаймын. Кезінде бізде әншісымақтар деген түсінік болған. Қателеспесем 5-6 жыл бұрын әншісымақтар көп деп халық арасында көптеп айтылған. Сол кезде Сәкен Майғазиевтің сөзі бар еді: «Сан сапаға ауысады», - деген. Дәл сол сияқты бізде кітап жазатындар, сіз айтпақшы жазушысымақтар көбейе берсін. Сөйтіп, сан сапаға ауысады. Оқырманда талғам қалыптасады. Мықтылар іріктеліп шығады. Одан бәріміз ұтамыз. Бұл жақсы құбылыс деп ойлаймын.

– Қазіргі жастарға қандай кітап оқуға кеңес бересіз? 

– Қазіргі жастарға өзін дамытатын, өзінің проблемаларын шешетін кітаптарды тауып, оқып, сол бағытта дамуға кеңес беремін. Мысалы қаржы мәселесінде сұрақтар болса, соған қатысты кітаптарды таңдаған дұрыс.

Пайдасыз мақсат болуы мүмкін, пайдасыз кітап болмайды. Нақты мына кітап деп айта алмаймын. Кітап ол - дәрі сияқты ғой. Әркім өзінің дертіне қарай кітап таңдауы керек. Сол үшін мәселеңді шешетін кітап оқыған жөн.

– Қазақстанда түрлі мерекелерге арналған даталар бар. Соның бір күнін кітап оқуға арнаса қалай қарайсыз? Бізге керек пе сондай күн?

– Кітап оқуға арнайы күнді тағайындаудың қажеті жоқ. Адамның барлық күні кітап оқитын күн болуы керек. Бірақ Домбыра күні деген күн бар ғой, бәлкім сондай Кітап күні деген күнді енгізсек, оның маңызын бір айшықтай түсетін шығар.

– KITAPAL туралы айта өтсеңіз?

– KITAPAL – Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыратын компания. Заманға сай, халықтың сұранысына ие кітап жазып, басып, соны таратып, сататын компания. Kitapal Podcast деген миллионнан астам адамды кітапқа қызықтыра білген ютуб жобамыз бар. Ауылға кітап деген жоба бар. Аталмыш компаниямыз Қазақстанның 173 ауыл мектебіне қазақ тіліндегі заманауи кітаптарды жеткізген. Яғни, Қазақстанның барлық өңірінде өз ізін қалдырған компания десек болады. Сондай-ақ, KITAPAL оқырмандарын бір тудың астына біріктірген KITAPALCLUB деген жобамыз бар. Осы уақытқа дейін 8 адамнан құралған 232 клуб құрылды. Сонда кемінде 2 мыңға жуық адам кемінде кітап оқып, соны талдап, өмірінде жүзеге асырып жатыр деген сөз. Бұл үлкен қоғамдастық. Әлі де бізді қуантатын көрсеткіштер болатынына сенімдімін!

Түйін: Иә, расында дұрыс таңдалған кітап – дерттің шипасы. Сұхбат иесі Данияр Жігітбек бұл күндері өзінің бірнеше авторлық кітабын жазып шыққан жазушы. Соның ішінде ең көп оқылып, оқырман арасында танымалдылыққа ие кітабы – Қаржы қағидалары деп аталады. Себебі, бұл күндері әрбір екінші қазақстандықтың басында несиесі бар. Бұл дегеніміз халықтың қаржылай сауатсыз екендігінің көрінісі. Автор осы кітап арқылы бірнеше оқырманның көкейіндегі көкейтесті сұрақтарына жауап бере отырып, олардың мәсселелерінің жеңілдеуіне ат салысқан. Кітап сыйлау мерекесінде жақындарыңызға қандай кітап сыйлау керектігін білмей, ойланып жүрген болсаңыз, аталмыш кітапты оқуыңызға кеңес береміз.

Осы сәтті пайдалана отырып, кітап жайлы қызықты 10 дерекпен бөлісуді жөн көрдік:

1) Бұрындары Еуропа кітапханаларында кітаптар шынжырмен бекітілген екен. Шынжырлар оқырманның қалаған жеріне барып оқуына ыңғайлы ұзындыққа дейін созылған. Мақсаты – кітаптары жоғалмас үшін жасалған айла деседі.

2) Оқырман кітап сатып аларда орта есеппен, 8 секунд кітаптың мұқабасына, 15 секунд соңғы бетіне қарап таңдайды екен.

3) Кітап сатып алушылардың 68%-ын әйел адамдар құрайды екен.

4) Кітап оқымағандық туындайтын сауатсыздықтың кесірінен әлемдегі бизнес пен салықсалушылар 20 миллиард доллардай шығынға батады екен.

5) Егер сіз есінеу жайлы кітап оқитын болсаңыз, сіз де есінесізсіз. (Тіптен қазір есінесеңіз таңқалмаңыз)

6) ГУГЛ компаниясы әлем бойынша кітаптардың санын есептеп шығарған. Олардың жалпы саны 130 миллионды құраған.

7) Максим Горкий минутына 4000 сөз оқыған.

8) Ең алғашқы кітаптар балшықтан жасалған.

9) Түнде кітап оқу ұйқыңды қандырады, бұл ұйқыңды жақсартуға көмектеседі.

10) Кітап тікендері кітап құрттарын жейді.

Кезінде кітапты тек ел иесі сұлтандарға, хандар мен патшаларға ғана тарту ету – ежелден бері қалыптасқан үрдіс болса, бұл күндері патша көңіл халқымыз өзінің сыйлайтын жақынына кітап сыйлауды әдетке айналдырған. Себебі кітап оқыған елдің ертеңі еңселі, келешегі кемел болатынын білген.

Дариға Асқар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963