Ерболат Досаев: Алматыда баршаға тең мүмкіндіктер жасалуда
Ерболат Досаев: Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау — ерекше бақылауда.
Қала әкімі Ерболат Досаев қаланың инклюзивті ортасын дамыту жөніндегі кеңестің I отырысын өткізді. Жиында әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, қолжетімді орта құру мен ерекше қажеттілігі бар алматылықтарды қолдау мәселелері қаралды.
Кеңеске мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енді Кеңес төрағасы қала әкімі Ерболат Досаев, төрағаның орынбасарлары – Әсем Нүсіпова мен әкімнің инклюзия мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Қасиет Омарова болып табылады.
Кездесуде Кеңес қатысушылары мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау, Алматының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасының жол картасы мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды іске асыру кезінде инклюзивті тәсілдерді қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қорғау жүйесіндегі өзгерістер мәселелерін қарады.
«Бүгінде Алматыда ерекше қажеттілігі бар 58 мыңнан астам адам тұрады. Оның 9 мыңы — біздің балаларымыз. Әрбір азаматтың еркін дамуына, оқуға, жұмыс істеуіне және сүйікті қаламыздың дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндігі бола отырып, өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі маңызды», — деді Ерболат Досаев.
Қала әкімі инклюзия бойынша белсенді жұмыс өткен жылы басталғанын атап өтті. Қазір әкімдік басқармалары мен ҮЕҰ қатысушыларынан жиналған ақпаратты нақтылау жүргізілуде. Кеңес қалалық ортаны жақсарту мен қолдау шараларының тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстарды іске асыру жөніндегі жұмыс органына айналады.
«Біздің ортақ міндетіміз — барлық күш-жігерді, білім мен мүмкіндіктерді инклюзия мәселелерін шешуге бағыттау. Сонда біз қалада көп нәрсені өзгерте аламыз әрі ерекше қажеттілігі бар қала тұрғындары үшін тең жағдай жасай аламыз», — деп атап өтті қала әкімі.
Кедергісіз орта құру және мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың ұтқырлығын арттыру үшін өткен жылы Алматыда алғаш рет 7,5 мың инфрақұрылым нысандарына паспорттау жүргізілді. Биыл тағы 15 мың нысанды зерттеу жоспарлануда. Биыл мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне 750 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Мегаполис басшысы өкілеттіктерді орталықсыздандыру аясында аудан әкімдіктеріне қажетті қаражат, оның ішінде инфрақұрылымды жетілдіруге бөлінгенін атап өтті.
Жиынға қатысушылар Кеңестің биылға арналған жұмыс жоспарын талқылады. Оған медициналық қызметтердің қолжетімділігі; инклюзивті білім беру мен спорт мәселелері кіреді. Сонымен қатар, кеңес мүшелері қалалық инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін зерттеуді жалғастырады, инклюзивті туризм мен қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру мәселелерін зерттейді.
«Біздің жұмысымыздың басты қағидаты — инклюзивті қоғамды қалыптастыру игілігі үшін Кеңестің әрбір мүшесінің атсалысуы, конструктивтілігі әрі тиімділігі. Мүмкіндіктерді пайдалануға және өкілеттіктерді ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының алдында даму, оқу, жұмыс үшін тең жағдай жасау жауапкершілігін бөлуге шақырамын. Әрбір қала тұрғыны Алматының өркендеуіне өз үлесін қосу үшін өзін-өзі жүзеге асыра алуы тиіс», — деп қорытындылады сөзін Ерболат Досаев.
Abai.kz