Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2454 0 пікір 13 Наурыз, 2024 сағат 19:00

Астана - Баку: Үндестік заңы мен 1 миллиард доллар

Сурет: almaty.tv

Қазақ үмітін арқалаған Airbus 330 үшін Баку бағыты соңғы екі жылда жиі баратын таныс тротуарға айналды. Әуе лайнерінің командиры Баку десе Гейдар Әлиев атындағы әуежайға көзді жұмып қона алатындай жағдайға жетіп отыр.

Батудан Бакуға дейін

2022 жылдың ақпан айынан кейін Еуропаға Ресей арқылы шығар жол тарыла бастағандықтан әлемдік тауар тізбегінің таңдауы Қазақстанға, ал қазақ елінің таңдауы Әзірбайжанға түскені жасырын емес. Зангезур дәлізі реттелсе, үлкен Тұран коридоры: Қазақстан-Әзірбайжан-Түркия бағыты Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия тауарларын Еуропаға ең тез және қауіпсіз жеткізе алатын жол статусын алады. Осы орайда, аталған үш елдің үндестігі аса маңызды. Және осы үндестік 2024 жылы одан сайын күшеймек. Анкара батыста, Астана шығыста, арамызда Баку тұр. Каспий жағасындағы әсем қаладағы көңіл-күйлер біз үшін аса маңызды. Онда бізге деген ықылас жақсы екенін білеміз. Себебі біздің Мемлекет басшысы шығыс дипломатиясының озық тәжірибесі аясында 2022-2023 жылдары осы көңіл-күйдің тұрақты болуына бар ерік-жігерін жұмсаған еді.

Мемлекетаралық кеңес: таудың ең биік нүктесі

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар барысында алдымен Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиевпен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысына қатысты. Келіссөз барысында тараптар екі ел үшін маңызы бар біршама салаларға тоқталды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары да қарастырылды.

Миллиардқа қашан жетеміз?

2020 жылы Астана-Баку арасындағы тауар айналымы 100 миллион доллар еді. 2023 жылы 500 миллионға жетті. 2026 жылға дейін миллиард доллар асуын бағындыруға әбден болады.

Әлиев қазақтарға риза. Қарабақ соғысынан кейін біз Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығын салып бердік. Қазір ол жергілікті халық жақсы пайдаланып жүрген нысан болды.

БТД + Ақтау: енді Қара теңіздегі дауылдан қорықпаймыз ба?

Осы сапар аясындағы мықты келісім біздің ҚазМұнайГаз мен Әзірбайжан қазмұнайгазы - SOCAR арасындағы құжат еді. Тараптар Ақтау – Баку – Тбилиси – Жейхан бағыты бойынша тасымалданатын Қазақстан мұнайының көлемін жылына 2,2 миллион тоннаға ұлғайтпақ. Баку біз үшін тасымалдау тарифін төмендетеді және "Баку – Супса" мұнай құбырында қосымша орын береді. Одан бөлек SOCAR-ды біздегі геологиялық барлауға шақырдық. Газ, не мұнай тауып берсе, оларға да жақсы шарттар болады. Ал біз Әзірбайжандағы мұнай өңдеу зауыттарына есік ашып отырмыз. Осылайша Каспийдің арғы жағында Румыниядағы зауыттан бөлек қосымша өңдеу қуаттарына қол жеткіземіз.

Баку 2024 сапары өте жайлы өтті. Нәтижелері ауқымды. Оның жемісін 2025 жылдары көре бастаймыз.

Айбар Олжаевтың желідегі жазбасы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5359