АЛАШ ОҚЫҒАНДАРЫ
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға Алаш деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?! –
деп С.Торайғыров айтқан екен. Халқымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндерін, ата жадына тоқыған талай тағылымды істерді болашақ ұрпақ санасына сіңіру, ұлтжандылыққа тәрбиелеп, өлкенің оқыған азаматтарын еске алып, насихаттау, қастерлеу – дәстүрімізге айналған.
Қазақ тарихының белесті асуларының бірі – Алаш қозғалысы. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған. Бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін талай-талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі. Бүгінгі егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің тарихында Алаш атын аспандатқан арыстарымыздың үлесі орасан және дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей етіп тұтатып кетті. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы, бастауы – осы Алаш арыстары: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, т.б. еді. Ақ тумен көтерген тегеурінге бергісіз батыл, мемлекетшіл және отандық идеясы болатын. Алаш қайраткерлері атқарған тарихи міндеттің зор маңызы да осында.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға Алаш деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?! –
деп С.Торайғыров айтқан екен. Халқымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндерін, ата жадына тоқыған талай тағылымды істерді болашақ ұрпақ санасына сіңіру, ұлтжандылыққа тәрбиелеп, өлкенің оқыған азаматтарын еске алып, насихаттау, қастерлеу – дәстүрімізге айналған.
Қазақ тарихының белесті асуларының бірі – Алаш қозғалысы. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған. Бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін талай-талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі. Бүгінгі егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің тарихында Алаш атын аспандатқан арыстарымыздың үлесі орасан және дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей етіп тұтатып кетті. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы, бастауы – осы Алаш арыстары: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, т.б. еді. Ақ тумен көтерген тегеурінге бергісіз батыл, мемлекетшіл және отандық идеясы болатын. Алаш қайраткерлері атқарған тарихи міндеттің зор маңызы да осында.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен, дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауымның қалыптасуы, ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» – деп көрсеткен болатын.
Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді.
Өшкенімізді жағып, жоғалғанымызды тауып, ұмытқанымызды жаңғыртып, тарихымызды түгендеп жатқан жаңару кезеңдерінде кешегі күні, тіпті, есімдерін еске алуға, аттарын атауға болмайтын Алаштың арыстары ортамызға оралып отыр. Қаншама бабаларымыз бостандық жолында күреске шығып, «ұлтшыл, халық жауы» атанды. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің беталыс, бағдарларынан әбден хабардар, экономика, медицина, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының озық ойлы тобы шықты. Олар қазақ елінің Еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени тұрғысынан өте артта қалғандығы Ресей патша үкіметінің отарлық саясатының әсерінен екенін толық түсінді. Сондықтан, қазақ халқын өзге дамыған мемлекеттердің қатарына қосу үшін білім алып, өзге мемлекеттердің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық дамуына ықылас қоя отырып, қазақ халқын осындай деңгейге жеткізу үшін саяси-күрес аренасына шықты.
ХХ ғасыр басындағы ұлтымыздың алыптарының қазақ әлеміне шоқ жұлдыздардай жарқырап шығуы – елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен тығыз байланысты болатын. Сол тайғанақты тар жол, тайғақ кешуде өз өмірлерін, қасиетті жолда бастарын құрбандыққа шалды. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейтін» аяулы тұлғалар – Алаш зиялылары еді.
Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады. Сондай біртуар тұлғалар, халқының аяулы перзенттері бізде де баршылық.
Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым, тарихшы, табиғаттанушы, әдебиеттанушы, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, аудармашы, «Алаш» партиясын құрушылардың бірі – Х.Досмұхамедов еді.
Осыған орай, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында биылғы жылы қоғам қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл толуына орай және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне көрме жасақталып, мәдени шара өтті.
Көрмеден мұражай қорында сақталған Х.Досмұхамедұлының өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерінен сыр шертетін фотосуреттер мен тарихи құжаттар орын алды.
Сондай-ақ, Алаш қозғалысының қарқынды жүруіне ерекше еңбек сіңірген, тіпті, оның дүниеге келуіне атсалысқан бірқатар тұлғалардың есімдері арагідік болмаса, өз деңгейінде айтылмай да, бағаланбай да келе жатқанына назар аударуымыз қажет.
Сол заманның озық ойлы зиялыларымен сырлас болған, Х.Досмұхамедовтың құрдасы, өлкемізден шыққан алғашқы мал дәрігері – Ғұбайдолла Есқалиұлы Бердиевтің туғанына да 130 жыл толып отыр. Ол Атырау облысы, Махамбет ауданы, Ақжайық ауылында 1883 жылы дүниеге келген. Мүсірәлінің Есқали деген баласынан Ғұбайдолла өмірге келеді. Мүсірәлінің тұңғыш баласы – Досжан Бердиев (1841-1914) Жәңгір ашқан төрт жылдық мектепті, кейін Орынбордағы Неплюев атындағы жеті жылдық кадет корпусында оқиды. Оқуды бітірген соң арнаулы жолдамамен Гурьев уезіне аудармашы болып жұмысқа жіберіледі. Ол інісі Ғұбайдолланы тәрбиелеп, сауатын ашуға көмектеседі. Жастайынан зерек Ғұбайдолла Есболдың «Қызыл үй» аталатын екі класты орыс-қазақ мектебін бітіріп, Оралдың реалдық училищесіне Алаш орда көсемдерінің бірі, Х.Досмұхамедовпен бірге оқуға түсіп, 1902 жылы бітіріп шығады. Сол кезде, 1903 жылы Х.Досмұхамедов Санкт-Петербургтегі әскери-дәрігерлік академиясына, ал Ғ.Бердиев Қазан университетінің мал дәрігерлік факультетіне түседі. Студенттік жылдарында қарым-қатынастарын үзбей, демалыстарында бірге жүріп, тығыз байланыста болған.
Ғұбайдолла 1905 жылы 9-қаңтарда Қазанда өткен студенттер ереуіліне қатысқаны үшін оқудан шығарылып, кейін оқуын қайтадан жалғастырған. 1908 жылы оқуын аяқтап, мал дәрігері боп елге оралып, өлкеміздегі алғашқы қазақ мал дәрігерлерінің бірі болды.
Гурьев уезіндегі Соколинск кентінде Жылыой елді-мекеніндегі Сімберті, Қаратөбе Бланк, Қарабайлы, Жаршық болыстарында 1917 жылға дейін Гурьев уездік бас мал дәрігері болып қызмет атқарады.
Мал дәрігерлік қызмет көрсету бекетін салдырып, алғаш рет Атырау өңірінде ғылыми негізде мал дәрігерлік қызмет көрсетудің негізін қалады. Қызмет бабымен көбінесе ел аралап, ауылдарға келіп, малды бағып күту, мал арасындағы жұқпалы аурулардан сақтандыру, алдын алу шаралары туралы мақала жазып отырған.
Ғ.Бердиев 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне Орал облысынан өкіл болып қатысады. 1918 жылы тамызда Алаш партиясының Батыс аймақтық съезі өтіп, аймақтық басқару комитеті төрағалығына белгілі заңгер Жаһанша Досмұхамедов, орынбасарлығына Халел Досмұхамедов сайланады. Олар Батыс Қазақстанның әр жерінде Алаштың жергілікті аудандық комитеттерін құра бастады. Осындай жергілікті комитет 1918 жылдың күзінде Қызылқоға, Ойыл өңірінде құрылып, Халелдің тікелей шақыруымен Ғұбайдолла уездік мал дәрігерлік жұмысын тастап, Атырау облысының Қызылқоға ауданында болыстық қызмет атқарған. Ол 1922 жылы 39 жасында қайтыс болады.
Ғұбайдолла көрмей кеткен бүкіл қазақтың бетке ұстар зиялы азаматтарын, олардың туған-туысқандарын жаппай қуғын-сүргінге салған, 1936-1938 жылдардағы репрессияны оның туған інісі Жайлаш көрді. Өзіне төнген қауіпті алдын ала сезіп, ағасының көптеген қолжазбаларын, мақалаларын, іс-қағаздары мен суреттерін киізге орап, далаға тығып тастаған. Ал ұрпақтарына келетін болсақ, Ғұбайдолладан Жаниха, Мұхтар, София атты ұл-қыздары дүниеге келген.
Жаниха 1990 жылы 79 жасында қайтыс болды. Ал ұлы Мұхтар 1916 жылы туған. 1937 жылы Гурьев (Атырау) педучилищесін бітіріп, №16 ауыл «Тегісшіл» орта мектебінде мұғалім, кейін мектеп директоры болып жүріп, 1942 жылы сәуірде соғысқа кетіп оралмады. Мұхтардан ұрпақ қалған жоқ.
София педучилищені бітіріп, 1946 жылға дейін Доссор поселкесіндегі қазақ орта мектебінде мұғалім болып, 1949 жылы ұзақ науқастан қайтыс болады.
Алаш ұлдарының туған халқы – қазақ үшін қайыспай, қайсарлықпен, қажырлықпен жасаған еңбегінің, күресінің нәтижесі, жемісі. Ақтық демі таусылғанша Алашқа қызмет етуді алтын басынан жоғары қойған зиялылардың өмір жолы мен қызметі, бір-біріне адалдығы мен ел үшін еткен еңбегі әрбір қазақ баласына өлмес өнеге. Олардың ешбірі болашақта атақ пен даңққа бөлену үшін емес, «Алаш» үшін аянбайық деген аяулы азаматтар. Олардың әрбірін дәріптеу мен құрметтеу - Тәуелсіздікке, қазақ халқына деген шексіз құрмет екені хақ. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақтың отансүйгіштігі мен елжандылық сезімін қалыптастырып, тарих ақтаңдақтарын ұмытпауға тәрбиелеу – біздің мұражайдың алға қойған негізгі мақсаттарының бірі.
Бүгінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорында Ғ.Бердиевтің Қазан ветеринарлық институтын бітіргендігі жөніндегі дипломы және сабақ үлгерімі туралы куәлік көшірмесі, жеке фотосуреті және оның ұрпақтарының фото-суреттері, заттай бұйымы, кілемшесі сақталған. Бұл жәдігерлері уақытша көрмелерден орын алып, есімін жас ұрпаққа насихаттау үшін тарихи-тағылымдық сабақтар барысында пайдаланылып келеді. Сондай-ақ, болашақта Ғ.Бердиевтің есімін ел есінде сақтау үшін туған жерінде елді-мекенге немесе мектеп, көше атауына есімі берілсе, бұл кейінгі ұрпақтың көрсеткен құрметі болар еді.
Сөзімдің қорытындысын Ә.Бөкейханның мына қанатты сөзімен аяқтағым келеді: «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек». Аға ұрпақ өздеріне артқан жүкті жетер жеріне толық апарды. Алаштың атымен ұлы іс бастаған оның қай тұлғасы да құрмет пен марапатқа әбден лайық. Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі – олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына айналдыру. Бұл – өзіміздің ұлттық санамызды қалыптастыру, ел алдындағы перзенттік парызымызды орындау, ұрпағымызға ұлағат дарыту болмақ. Басты міндет Қазақстанды алдыңғы елдердің қатарына қосып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына үлес қосу. Тарихқа тағзым, өткенге ғибадат – Отанға, туған жерге деген құрмет. Алашордалықтардың ұлы жолдағы арқалаған аманат жүгінің, халқына жасаған қайырымды ісінің жалғастырушысы – Сіздер мен біздер.
Айгүл Рамазанова,
Атырау облыстық тарихи-өлкетану
мұражайының ғылыми қызметкері.
"Қазақ әдебиеті" газеті