Абай нәпсінің ықпалы туралы не деді?
Адам болмысының өзгеруіне нәпсінің ықпалы үлкен екені белгілі. Бұл баршаға ортақ табиғи заңдылық. Бұл заңдылықтың мәні мен мәнісін Абай мұрасынан жақсы көруге болады.
Жан құмары әлсірегенде тән құмары күш алып, адамның ниетін нәпсі жеңіп кетеді. Нәпсі дегеніміз адам болмысына тән құмарының ықпалы болып табылады. Бұған жақсы мысал – егеменді болған алғашқы жылдардағы адамдардың өзгеруі. Коммунистер қалыптастырған имансыз қоғамда халық еркіндік алған соң той-думанға беріліп, жаппай маскүнемдік, қарта ойындары тәрізді басқа да ойын-сауыққа салынды емес пе!?
Нәпсіқұмарлықтың нәтижесін Абай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп береді. Жайбарақат өмір енжарлыққа, жалқаулыққа, нәпсіқұмарлыққа баулыды. Осылай адам өзі де байқамай, қайрат-жігерден айрылып, әлжуазданып, әлсіреп, ал қоғам болса одан сайын құлдырау жолына түсті. Қазақтың «Ақырзаман алдында қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туады» дейтіні жақсы өмірді айтқаны емес, жайбарақат өмірден туатын ауыр келешекті көрсетуі болса керек. Себебі, әлемдегі өркениеттің шыңына жетті деген елдердің құлдырап, жойылып кетуі осындай бейберекет өмірден басталған. Жақсы мысал – ежелгі Ұлы Рим империясы. Қол астындағы халықты тонап және құлдардың тегін еңбегімен құлқынын қанағаттандырған елдің сана-сезімі төмендегені сонша, ол тек қана «Нан мен қызық» талап еткен. Рухани құлдырау жолына түсіп, оларды өздері «варвар» деп атаған солтүстігіндегі қарапайым германдар оп-оңай жеңіп алды. Осылай халықтың рухани әлсірегені соншалықты, тіпті, бір кездегі алып империя «жабайылардан» жеңіліп, быт-шыт болып, ыдырап кетті. Адамзат тарихы осындай сабақ береді. Рухани азып, нәпсіқұмарлыққа берілудің нәтижесі, міне, осындай.
Біздің елдегі жағдай да осыған ұқсас. Бүкіл адамзаттың өркениетіне үлкен үлес қосқан бір кездегі көшпелі түркі халықтарының ер мінезді ұрпақтары бүгінгі күндері қой мінезді халыққа айналып, тек қана көрші елдерге бас шұлғып отырмыз. Себебі, біздің де жұмысымыз жоқ, бірақ тағдырдың берген жер асты байлықтарын сатудан түскен қаржының арқасында тамағымыз тоқ. Осылай өзіміз өзімізді анашаның инесіне отырғызғандай, мұнай-газды сатудан тапқан жеңіл ақшаның инесіне отырғыздық. Нәтижесі – Абай көрсеткен себеппен елдің азуы. Көпшілік қауым жұмысы жоқ болса да, тамағының тоқтығына мәз. Тамағы тоқтық адамды нәпсі ықпалына құрсаса, ал жұмысы жоқтық түпкі мақсаттан айырып, қайрат-жігерді әлсіретіп, ой өрісін тарылтып жібереді.
Адамдардың ой өрісінің тарылуынан бүгінгі күндері егемендік алып, бодандық құрсауынан құтылғанымызбен, ол еркіндікті дұрыс пайдалана алмаймыз. Көпшілік қауымның бойы бұл жағдайға үйренді, көнді. Көнбегендері кінәні өзінен емес, өзгеден: отбасынан, биліктен, тағы сол сияқты сыртқы себептерден іздейді. Өздері қарекет еткілері келмейді. Осылай бос әурешілікпен жүрміз. Еліміздегі отбасының күйреуі; өмірдің зардабына шыдамай, өздеріне суицид жасаудан елдердің алдыңғы қатарына көтерілуіміз; халық өсімінің баяулауы; қазақтың аздығына қарамай, шет елдердегі қандастарымызды жинай алмай, ал келгендерге жағдай жасай алмай жүрген дәрменсіздігіміздің барлығы осының көріністері ғана.
Мұндай рухани жұтаған қоғамның өзіндік сипатын Абай былай деп береді:
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Осындай жағдайды көріп отырып, Абай сөзімен «Кәні біздің нәпсіні тиғанымыз» дегің келеді.
Коррупция мен жемқорлық бойына сіңген қоғамда әділеттілік аяққа басылып, демократия жұмыс істемейді. Пара алып қана қоймай, өзі де пара беріп, әділетсіздікке көніп, қылмыскердің бірі болып жүрген адамды ұяты бар дей аламыз ба? Мұндай адамды Абай «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар, Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке» деп суреттейтіні бар емес пе!?
Қоғамның осындай сорақы жағдайға түсуінің негізгі себебі – адамның тән құмарына берілуі. Бұл туралы Абай өзінің жетінші сөзінде былай дейді:
Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз.
Осылай құлдырау себебін түсіндіреді. Біз де тәннен жан артық екенін ұмыттық. Тән құмары жан құмарымен салыстырғанда боқтық тәрізді. Осылай жан құмары емес, тән құмарына берілгенде боқтықтағы қарғадай болып, өмірдің боқтығына ұмтылып, рухани жұтай бастадық. Мұндай қоғам Абай сөзімен айтқанда, «ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамайды». Үйлесімдік бұзылып, адам өмірі төмендеп, қоғамның өмірі де ұзақ болмайды. Жақсы мысал өткен атеистік Кеңес дәуірі. Рухани болмыстан қол үзген имансыз жүйе қоғамға шексіз зобалаң әкелді. Бірақ өзі жетпіс жылдай ғана өмір сүріп, оп-оңай ыдырап кетті. Бұл тағдырдың адамзатқа берген өте үлкен сабағы және ескертуі еді. Бірақ оны ұмыттық, ғибрат алмадық.
Қоғамды дұрыстау үшін қатаң тәртіп орнатып, жауапкершілікті күшейту керек тәрізді. Бірақ рухани жұтаған елде тек қана қатаң тәртіп көп нәтиже бермейді. Әділеттілікті орнату үшін ерік және соған сәйкес адамдар керек. Бұл оңай шаруа емес. Бізде тәртіп қорғаушының өзі тәртіпсіз. Коррупциямен күресушілер өздері коррупционер болып кететінін өмір көрсетіп отыр. «Қарға қарғаның көзін шоқымайды» дейді қазақ, сондықтан олар бірін-бірі түзете алмайды. Мұндай «қарғалар» қоғамды өзгерткісі келмейді. Мұндай қоғам олар үшін жайлы, өздері үйренген орта.
Тіршілік күресіне қайраты жетпей, өмірден түңілген адамдар өте көп. Рухани жұтаулықтан олар тағдырдың берген сабағын дұрыс қабылдай алмайды. Осылай сынақтан өте алмай, жеңіліске ұшырап жолдан таяды, немесе енжарлыққа салынады. Олар туралы Абай «Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» дейді. Ал заманға күйлегісі келмейтін есті, жақсы азаматтарға жол жабық. «Қарға» болғысы келмеген кейбір есті жастар «ауылдағы боқтыққа» көңілі тоймай, жан құмарын іздеп белден асып, шет елге кетіп жатыр.
Өмірде нәпсінің ықпалы қалай көрінеді? Нәпсінің ықпалы қиянат арқылы көрінеді. Қиянат бар жерде әділдік аяққа басылып, қоғамдағы үйлесімділік бұзылады. Мәңгілік, махаббат, әділдік, қамқорлық тәрізді үйлесімділік беретін қасиеттер рухани болмыстан шықса, ал тұрақсыздық, зұлымдық, әділетсіздік, қатыгездік тәрізді үйлесімділікті бұзатын қасиеттер материалдық болмыстан шығады. Олар біріне бірі қарсы, үнемі өзара күресте.
Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде барлық зардап қиянаттан деп көрсетеді. Қиянат тән құмарының нәтижесі, сондықтан ол барлық қасіреттің қайнар көзі, адамгершіліктің негізгі жауы. Қиянат адамгершілік қасиеттерге жол бермейді. Ендеше қиянаттан арылып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек. Бұл рухани жаңғырып, сана-сезім, ой-өрісті кеңейтуді керек қылады. Қиянатты рухани жетілу арқылы жанды тазартып, жүрек көзін ашу арқылы ар-ұятты өсіріп қана жеңуге болады. Шәкәрім атамыз «Ар түзейтін бір ғылым табылмаса, Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес» деп тегін айтпаған. Абай бабамыз да өз заманының осындай халін көріп, оны жөнге келтіруге ұмтылған.
Сонымен, Абай ойынша адамның құлдырау себебі – қиянат. Қоғамдағы зорлық, пайдакүнемдік, парақорлық, коррупция, мансапқорлық тәрізді барлық келеңсіздер қиянат көріністері. Ендеше қиянатты жою керек.
Қиянатты қалай жоюға болады?
Оның тура жолы – рухани жаңғыру арқылы демократияны өзінің шын мәніне көтеру керек. Бұған түрлі әдістер бар. Бұл әдістер адамның сана-сезім деңгейіне байланысты.
Ой-өрісі төмен, Абайдың «жарым адам» деп атайтын деңгейіндегілерге – қиянатты күшпен жасатпау. Олар заңнан қорқуы керек. Бұл әдіс заңдылықты және соған сәйкес заң мен оны дұрыс орындауды керек қылады. Яғни, қоғамда әділеттілік орнап, оны бұзғандар қатаң жазалануы керек. Бұл мемлекеттің құқық қорғау, тәртіп сақтау жүйелері өз жұмысын дұрыс атқаруы керек деген сөз. Қиянатшыл адам белгілі бір тәртіп шеңберінде болып, оны бұзғанда қатаң заңға тартылуы керек. Сол кезде адам өзінің қылмысы үшін жауапкершілікті толық сезінеді. Оның нәтижесін Қытай, Индонезия, бірнеше жыл бұрын болған Грузиядағы әрекеттерден көруге болады. Біз жеңе алмай отырған коррупцияны бұл елдер осындай жауапкершілік арқылы ауыздықтап алды.
Ал санасы жоғары «адамдарға» ойлау жүйесін реттеп, өмірге көзқарасын өзгерту керек. Оларға еркіндік пен тәртіп бірдей керек. Мектеп қабырғасынан бастап рухани жетілу мәселесін дұрыс жолға қойып, олардың ар-ұятын ояту керек.
Рухани жетілудің жоғары деңгейінде тұрған «толық адамдарға» толық ерік керек. Қоғамды дұрыс жолға салуға оларға ешқандай тәртіптің қажеті жоқ – ішкі тірегі болып табылатын ұят ықпалымен олар өз еркімен-ақ қиянатқа жол бермей, қандай істі болса да мүлтіксіз орындайды. Олар басқалардың ұстаздары, болашаққа жол ашатын шамшырақтар.
Қоғам өмірін үйлестіруде демократияның екі қанаты болып табылатын тәртіп пен ерікті жетілдірудің, олардың үндестігінің қандай маңызы барын осылай көреміз.
Жағдайды түсіне отырып, ой өрісімізді өзгерту керек. Әркім өзіне берілген ақыл, ес, қайрат, мінез-құлық Тәңірдің берген қоршаған ортамен байланыс жасайтын құралы екенін түсінуі керек. Ол құралды жақсылыққа да, жамандыққа да пайдалануға болады. Жақсылыққа пайдаланған құрал адамды жетілу жолына салса, ал жамандыққа пайдалану -- құлдырау жолына салады. Сол себептен, адам өмірін жүрек басқару керегін, себебі жан жүректе орналасқанын жазады Абай. Бұл адаспаудың тура жолы деуге болады.
Ендігі мақсат – өзіміздің өткен тарихымызға үңіліп, өзгерген ұлттық болмысымызды бүгінгі өмір талабына сәйкес қайта қалпына келтіру. Ұлттық болмысты қайтадан қалпына келтіру туралы келесі мақалада сөз болады.
Досым Омаров,
абайтанушы, теолог
Abai.kz