Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3499 0 пікір 4 Желтоқсан, 2013 сағат 10:13

Гүлшара кеше кiм едi?

Шендi-шекпендiнiң бәрi “тұңғыш президент” күнiнiң қамымен шапқылап жүрген тұста Ақордада тағы бiр ауыс-түйiс жасалды. ҚР премьер-министрiнiң орынбасары қызметiнен босаған Ербол Орынбаев президенттiң көмекшiсi болып тағайындалды. Ал оның орнына бұған дейiн Н. Назарбаевқа кеңесшiлiк етумен қоса, ҚР президентi жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссияның төрайымы қызметiн атқарған Гүлшара Әбдiхалықова келдi. Сөйтiп, билiк өкiлдерi үшiн әйдiк мереке саналатын 1 желтоқсанды Гүлшара ханым жаңа мәнсабымен қарсы алды.

Шендi-шекпендiнiң бәрi “тұңғыш президент” күнiнiң қамымен шапқылап жүрген тұста Ақордада тағы бiр ауыс-түйiс жасалды. ҚР премьер-министрiнiң орынбасары қызметiнен босаған Ербол Орынбаев президенттiң көмекшiсi болып тағайындалды. Ал оның орнына бұған дейiн Н. Назарбаевқа кеңесшiлiк етумен қоса, ҚР президентi жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссияның төрайымы қызметiн атқарған Гүлшара Әбдiхалықова келдi. Сөйтiп, билiк өкiлдерi үшiн әйдiк мереке саналатын 1 желтоқсанды Гүлшара ханым жаңа мәнсабымен қарсы алды.

Жалпы, Гүлшара Әбдiхалықова лауазымды қызмет атқарған жал­ғыз қазақ әйелi емес. Жұртшылық тәуелсiздiк алған жылдардан бергi уақытта Бiрғаным Әйтiмова, Жанат Ертiлесова, Айткүл Самақова Гүл­жан Қарағұсова, Зағипа Балиева сынды нәзiк жан иелерiн де жоғары билiктен көрдi. Бүгiн Жанар Айт­жанова мен Салидат Қайырбекова да сол Ақордадағы ақ жағалылардың жуан ортасында жүр.
Әрине, әйел заты билiкке атсалыспасын дейтiн қағида жоқ. Қоғамның көшiн бастап, елдiң тiзгiнiн ұстаған топтың арасында орамал таққан қауым өкiлде­рiнiң де жүруi әбден заңды. Ендеше Гүлшара Әбдiхалықо­ваның үкiмет басшысына орынбасар болып тағайындалғанын да анау айтқандай үлкен жаңалық дей алмаймыз. Әйтсе де iрi қызметке барған тұлғаның iс­керлiгi қаншалықты, қабiлет-қарымы қай деңгейде, артыл­ған жүктi арқалап әкететiн пәрменi бар ма? Әлде гендерлiк саясат үшiн, кiл еркектiң арасында гүл жайнаған бiр әйелдiң ырғалып отыруы үшiн ғана керек пе?  
Бұған жауап iздеу үшiн жаңа вице-премьердiң жүрiп өткен iзiне үңiлуге тура келедi. Алғаш­қы қызметiн Қызылорда облыстық халықты әлеуметтiк қорғау басқармасында инспектор болып бастаған 1987 жылдан берi санап жiберсеңiз, Гүлшараның әлеуметтiк саланың пұшпағын илеп жүргенiне 27 жылға жуықтайды екен. Осы уақыт iшiнде Г.Әбдiхалықова департамент басқарды, министрлiктiң жа­уапты хатшысы қызметiн атқарды, екi рет вице-министр, бiр мәрте министр болды. Демек әлеу­меттiк саланың түрлi сатысынан өтiп әбден шыңдалды. Бiрақ шыңдалған маманның жұмысы ұдайы шымыр-шымыр қайнап жатса керек-тi. Ал ендi сiз бұл кiсiнiң басқан iзiнен осындай әбжiлдiктi аңдай аласыз ба?
Арыға бармай-ақ, Гүлшара Наушақызының ҚР президентi жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комис­сия­ның төрайымы болған кезiн­дегi бiр мәселеге назар аударайық. Кейiпкерiмiз бұл қыз­меттi 2012 жылдан бастап атқарды. Дәл осы кездерде әйелдердiң зейнет жасына қатысты дау өршiдi. Малтасын езген Марченко талай мәрте отқа май тамызды. Бұрынғы ұлттық банк төрағасы бiрде: “Статистика бойынша, Қазақстан әйелдерi дамыған елдермен салыстырғанда он жыл ұзақ өмiр сүредi, ал зейнетке бес жылға ерте шығады. Сондықтан менiңше, зейнет жасын ұзарту – әлеуметтiк әдiлдiк әрi гендерлiк теңдiк” дедi.
Г. Марченконың әйелдердiң жасын қызғанғандай болған осы сөзi аналардың ашу-ызасын тудырды. Мiне, осы кездерде отбасылық-демографиялық саясаттың қазанында қайнап жүрген әйел-басшы Марченконың “маңқасын” бiр қайырып қойса, қоғамдағы абырой-беделi арта түсер едi. Әрi даулы мәселеде президент кеңесшiсiнiң айтқаны – кесiмдi сөз болар ма едi, кiм бiлсiн. Бiрақ Гүлшара Наушақы­зының әйелдердiң зейнет жасын ұзартуға қатысты мәселеде табандап қарсылық көр­сет­кенi жұрттың жадында жоқ.
Қысқасы, қайтсе де қаржы үнемдеуге көшкен қазақ үкi­метi әйелдердiң зейнетке шығу жасын ерлермен теңес­тiруге мүмкiндiк алды. Дәлiрек айтсақ, әр жыл сайын зейнет жасы жарты жылға ұлғайтылады. Сөйтiп 10 жылда ер мен әйел­дiң зейнет жасы теңе­седi. Ресми деректер бойынша, бұл шара 2014 жылдан басталады.
Айтпақшы, биылғы күздiң алғашқы күндерiнде Г.Әбдiха­лықованың аузынан шыққан бiр сөз ақпарат құралдарына кәдiмгiдей “азық” болды. Әйелдердiң декреттiк төлемi­не қатысты мәселеде ол еркектердi де “декретке шығармаққа” уәде берген: “Бiз Норвегияға барған сапарымызда осы елдiң көптеген тәжiрибелерiмен таныстық. Атап айтқанда, әйелдермен қатар, ер-азаматтарға да бала күтiмi үшiн демалыс берiледi. Әйелдер 1 жыл демалыс алса, бала күтiмi үшiн еркектер 3 айға демалыс алуға құқылы. Сондай-ақ, бала 1 жас­қа толғанда балабақшаға автоматты түрде тiркеледi. Құжат жинап, кезекке тұру мәселесi деген мүлде жоқ. Осы тәжiрибенi елiмiзге ен­гiзудi көздеп отырмыз” деген едi. Сөйтiп, шаңырағына шақалақ келген бөрiктiнi 3 ай демалтпақ болған Әйелдер iстерi жөнiндегi комиссия төрайымының өзi осы сөзiне 3 ай толмай жатып ауысып кеттi.
Гүлшара Әбдiхалықова туралы сөз қозғағанда қазақтың жанына қанды жара боп қат­қан Жаңаөзен оқиғасын айналып өте алмаймыз. 2011 жылдың 16 желтоқсаны 86-ның қанды қасабынан кем болған жоқ. Жетi ай бойы адал еңбек­ақыларын талап еткен мұнайшылардың шыдамы шегiне жеттi. Ашқұрсақ ереуiлшiлердi мазақ қылғандай жергiлiктi билiктiң ойын-сауық ұйымдастыруы – онсыз да тұтанғалы тұрған отқа май тамызғанмен тең едi. Сөйтiп, Жаңаөзенде 14 адам қаза болды. Шетпеде 11 адам жараланып, 1 жiгiт ажал құшты. Оқиғадан кейiн қоғамның өкпе-ренiшi күштiк құрылым­дардың басшыларына ауды да, “Халыққа оқ атуға кiм бұйрық бердi?” деген сауал алдыңғы орынға шықты. Қыс­қасы, ел назары оқиғаның себе­бiне емес, салдарына ауды. Ал мұнайшылармен қоян-қолтық жұмыс iстеп, қанды оқиғаның алдын алуы тиiс Еңбек және халықты әлеу­меттiк қорғау министрлiгi мен оның басшысы Гүлшара Әбдi­ха­­лықова тасада қалып қойды.
Егер құдайшылығын айтсақ, 2009 жылдан бастап осы ми­нистрлiктiң тiзгiнiн ұстаған Г.Наушақызы Жаңаөзен оқиға­сына жауапты тұлғаның нақ өзi болатын. Бiлiктi басшы болса, жағдайдың қалайша ушығып бара жатқанын елден бұрын сезуi тиiс едi. Және соған орай тиiстi шешiм қабылдап, егер министрлiктiң құзыретiнен тыс мәселе туындаса, оны үкiмет­тiң алдына қоюы қажет едi. Бiрақ әдемiлiгi мiнсiз әйелдiң нәзiк жүрегi жағдайдың қайда бағыт алғанын сезе алмады. Бұған дәлел бар. 2011 жылдың маусым айында өткен ҚР Парламент Сенатының пленарлық мәжiлiсiнде Г.Әбдiхалықова: “Бұл алғаш рет емес. Өткен жылы ғана пәтуаға келген едiк, бәрi шешiлдi, адамдар неге үнемi жалақыны көтерудi талап ететiнi түсiнiксiз...” деген-дi. Мiне, осы түсiнбестiктiң соңы қанды-сойқанға апарып бiр-ақ соқты.
Дегенмен Жаңаөзендегi дүрбелеңдi Астанада отырып, “дүрбiмен бақылаған” минис­тр­дiң алдында бiр әдемi мүм­кiндiк тұрған. Бұл – отставка. Егер әр сөзi үлбiреген ернiнен уылжып түсетiн Гүлшара ханым шарадай жанарына жас алып тұрып, “мынадай оқиғадан кейiн менiң министр болуға қақым жоқ, мен отставкаға кеттiм!” десе, жiберген қате­лiк­терi мен сәтсiз қадамдары бойынан сыпырылып түсер едi. Гүлшара дейтiн әйел халық алдында мәңгi гүл болып қалар едi. Жаңаөзен оқиғасында жақынын жоғалтып, жүрегiне қан қатқан жұрттың да қайғысы жеңiлдер едi. Бiрақ Г.Әбдiха­лықованың қолынан ондай ерлiк келмедi.
... Бәлкiм, сiздер “еркектiң қолынан келмеген ерлiк әйелдiң қолынан қалай келсiн, Қызыл­ағаштағы қырғыннан кейiн төтенше жағдайлар жөнiндегi министр Владимир Божко мен сол кездегi Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов те отставкаға кеткен жоқ қой” деуiңiз әбден мүмкiн. Және ол пiкiрдiң де жаны бар. Алайда жоғары қызметтегi лауазымды тұлға ер-әйел деп бөлiнбеуi қажет. Себебi олардың астына жұм­сақ кресло ғана емес, мойнына халықтың үмiтi мен қоғамның жүгi қоса артылған жоқ па!?
 
Сансызбай НҰРБАБА
"Жас Алаш" газеті
 
Өмiрдерек
Әбдiқалықова Гүлшара Наушақызы.
1965 жылы туған. 
Жамбыл жеңiл және тамақ өнеркәсiбi технологиялық институтын бiтiрген, мамандығы экономист, экономика ғылымдарының кандидаты.
1987-1994 жылдары Қызылорда облыстық халықты әлеуметтiк қорғау басқармасында аға инспектор, бөлiм бастығы.
1994-1995 жж. – ҚР Жоғары Кеңесi Халықты әлеуметтiк қорғау комитетiнiң консультанты.
1995 - 2003 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнде бөлiм бастығы, басқарма бастығының орынбасары, зейнетақымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы. Әлеуметтiк қамтамасыз ету департаментi директорының орынбасары, Әлеуметтiк қамтамасыз ету және әлеуметтiк көмек департаментiнiң директоры, Зейнетақымен қамтамасыз ету және халықтың кiрiсiн реттеу департаментiнiң директоры.
2003- 2005 ж.ж. – ҚР еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi.
2005- 2006 ж.ж – “Өмiрдi сақтандыру компаниясы – Мемлекеттiк аннуитеттiк компания” АҚ басқармасының төрайымы.
2006- 2007 ж.ж. - ҚР еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi.
2007- 2008 ж.ж - ҚР еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң жауапты хатшысы.
2008-2009 ж.ж. – ҚР президентiнiң кеңесшiсi, ҚР президентi жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссияның төрайымы.
2009 жылы– ҚР еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi.
2012 жылы – Қазақстан Республикасы президентiнiң кеңесшiсi, ҚР президентi жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссияның төрайымы.
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5419