Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3932 0 пікір 4 Желтоқсан, 2013 сағат 10:26

Нұрбек Түсіпхан. «ТАЛТҮСТІҢ» ТӘМСІЛІ

«Өнер – тәрбие көзі болудан қашу керек». Осындай сөзді батысқа еліктеген кейбір өнерпазсымақтар көптен бері айтып жүр. Әсіресе, нигилистік пікірі басым адамдар «аузынан шыққан әрбір сөзінен, қолынан келген небір өнерінен сұлулық пен тәрбиені қатар іздейтін» қазақтың жанын жаралап бітті. Өнер – адам жанының мүсіншісі. Кім қай өнерді толық меңгерді немесе қандай деңгейде түсіне білді, міне, осы өлшемге қарап оның ішкі дүниесінің әсемдігін аңғаруға болады. Кейде бір емес, бірнеше өнерді қатар алып жүретін және оларды бір арнаға тоғыстыра білетін жандар да бар.

Мұндайда ел-жұрттың бәрі әлгі кісіні әулие көреді. Бекер емес. Ондай әулиелер «аманатқа қиянат жасамайды».

«Өнер – тәрбие көзі болудан қашу керек». Осындай сөзді батысқа еліктеген кейбір өнерпазсымақтар көптен бері айтып жүр. Әсіресе, нигилистік пікірі басым адамдар «аузынан шыққан әрбір сөзінен, қолынан келген небір өнерінен сұлулық пен тәрбиені қатар іздейтін» қазақтың жанын жаралап бітті. Өнер – адам жанының мүсіншісі. Кім қай өнерді толық меңгерді немесе қандай деңгейде түсіне білді, міне, осы өлшемге қарап оның ішкі дүниесінің әсемдігін аңғаруға болады. Кейде бір емес, бірнеше өнерді қатар алып жүретін және оларды бір арнаға тоғыстыра білетін жандар да бар.

Мұндайда ел-жұрттың бәрі әлгі кісіні әулие көреді. Бекер емес. Ондай әулиелер «аманатқа қиянат жасамайды».
Біз белгілі жазушы, күйші Таласбек Әсем­құлов­тың «Талтүс» романын оқығанда осындай ой түйдік. Кітаптың алғашқы бетін аша салғандағы бірінші, өте қысқа абзацтың өзі бүкіл романның алдағы ау-жайынан хабар береді. «Бақытты балалық шақ деген сөздің мағынасын ешқашан байыптаған емес. Тіпті, балалық шақ болып па еді, есіне түсіре алмайды. Әйтеуір бастан өткен бір тағдыр бар. Тәттісінен ащысы көп, қуаны­шы­нан өкініші, қамырығы көп». (5-б). Осы жолдарды оқи сала шығарманың айтары мол, арқ­ала­­ғаны ауыр жүк екенін бағамдайсыз. Бұл бағамыңызға кітаптың ортасына қарай жа­қын­­дағанда көзіңіз әбден жетеді. Өйткені, «Талтүс» – жай ғана Әжігерейдің аянышты ба­ла­лық шағын, атасының қилы тағдырын суреттеген шығарма емес. «Талтүс» – «дертке тең сөз өнері» мен қазақтың бүкіл арман-мұратын, қайғы-қасіретін, қуанышы мен күйінішін, мұң-зарын қойнауына бүккен күй өне­рі­нің қосындысы, екі ұлы өнердің біте қайнасуы.
Әу баста бізге «күй – қуаныш пен қайғы­ны сөзсіз ұғындыратын өнер» деп үйретіп келген. Бала кезімізден аты белгілі-белгісіз та­лай күйлерді тыңдадық. Әйтеуір консерва­то­рияны бітірген ағаларымыз біз сияқты тыңдаушыларды домбыраның үніне еліткен­деріне мәз болатын. Тіпті, «күй шертілетін жер­де сөз айтылмауы керек, күй мен сөздің жол­дары басқа» дейтін еді. Мұндайда құлақ­қа жағымды естілетін күйдің әуен-ырғағына ғана елітіп отыра беріп, оның ішкі мазмұнын, зар-мұңын түсіне алмайтын едік. Бақсақ, бізге дейін біреулер күй мен сөздің арасын тым ажыратып жіберген екен. Соның әсері­нен әлдебір түйсіксіз жаттың «одна палка и две струны» дейтін мазағына ұшыраппыз. «Талтүс» – осы мазақты оқырман санасынан үшкіріп қуалайтын, жан жарасын дем салып жазатын көркем туынды.
Роман тәңірдің тілі – күй жайында жа­зыл­ған. Кешегі Қорқыттың құдіретті қо­бызы­ның сарыны домбыра күмбірімен жалғасын тауып, көк түріктің ұрпағы жаратушысымен тілдесетін, сыр алысатын дәстүрге деген са­­ғыныш. Күй – көшпенді қазақтың кемелдік, ақыл-ой, парасат, иман өлшемі. Оның астарына үңіліп, сыр-сипатын ұғыну екінің біріне бұйыр­маған бақ. Әйтеуір тыңдаушысын ұйы­тып, алпыс екі тамырын иітіп жіберетін құ­дірет. Оның жұмбағы шығу тарихына қатыс­ты оқиға мен жүрек қылын тербетер әсерлі, кестелі сөзде жатады. Сөз бен күйдің байланысы үзілген жерде аталған өнердің жеті­м­­сірейтіні анық. Ал екеуінің ұштасқан тұсын­да орындаушының мерейі өсіп, абыройы артса, тыңдаушының құлақ құрышы қанып, рухани қазынасы тола түседі. Осы мақсатты алға қойған жазушы діттеген мұратына мүдірмей жеткен. Өз ортасына, жақын маңдағы аймаққа күйшілігімен аты танылған Сабыттың немересі Әжікенге айтатын аңыз-әңгімелері шығарманың негізгі өзегі. Қара­пайым ауыл адамы ешқандай да жоғарғы білім алмай-ақ, алыс-жақын қалаларда оқымаса да таным-түсінігінің кең екенін көрсетеді. Құдай тағаланың бойына берген күйшілік өнерін өлтірмеудің, қалай да ұрпаққа аманаттап кетудің жолын іздейді. Тіпті, «ұлтшыл» деп жазаланып, 25 жыл айдауда жүргенде қолы қатайып, саусақ қимылы шабандап қалады. Сонда да көкіре­гі күйге тұнған Сабыт «ауызбен күй шерту» арқылы көп мұрасын аман сақтайды. Бір сөзін­де: «Жиырма бес жыл абақтыда жүрген­де ­жынданып кетпегенім, осы күй шерткен­дігі­мнен шығар. Барақта жатқанда ойша шертесің. Қарағай шабуға барғанда ыңылдап айтасың. Кейіннен айдауда бірге жүрген қазақтар жаныма көп үйірілетін болды. Олардың да көңілін осы күймен демедім. Бақсам, солардың көңіліне медеу болыпты бұл күй», – дейді күйші. (56-б). Бір қарағанда, өмірінің ең мәнді кезеңін қамауда өткізген адам өнер тұрмақ, шыбын жанының алдағы әр минутына алаңдаумен шаршап-ақ бітпей ме? Басқалар сөйтер, бірақ күйшілікті аман­ат деп ұққан Сабыт ондай салғырттыққа бой алдырмайды. Кейін түрмеден шыққан соң өз кіндігінен тараған Базаралы мен Қалиманың домбыраға ебі жоғын байқап, қыздан туған Әжікенді бауырына басады. Мұндағы бар арманы – өзі өмірден өткенде бүкіл қазынасын аманаттап кететін және оның шашауын шығармай, ұстап қалатын ізбасар дайындау еді. Сабыттың үмітіне орай Әжікен күйге ерекше ынтызар боп өседі. «Сылқылдақтан» басталған шәкірттік сүрлеу Тәттімбет, Байжігіт, Қуандық сынды «күй қағандарының» туындыларымен толысып, даңғыл жолға ұласады. Немересінің күйшілік танымын тереңдету үшін Сәруәр, Ғазиз сияқты күйшілерге тәрбиелетіп, өнерін шың­дайды. Өзі ана дүниеге аттанар тұсында боз­балалық шаққа жақындап қалған Әжікен­ге ең маңызды өсиеті ретінде: «Басыңа әлі талай қиын-қыстау күн туады. Өнеріңді сауда­ға сал, бірақ өнермен саудаласпа. Өнермен саудалассаң, өнердің кәріне ұшырайсың, киесі соғады. Міне, мен бүгін күйді қайырдым. Ендігі күй сенікі», – дейді (254-б). Абыз ата немересін қанаты қатпай жатып өнер мұ­хитын­да жалғыз өзін тастап кетті. Бағынан соры басым екенін ерте байқаса да Әжікенді мүсіркеген жоқ. Аңғал немере атасының мына қайғысын дер кезінде аңғара алмады. Ал оған бұл сөзді алғашқы махаббат, ең қимас та қастерлі сезімнің иесі Гүлшат жет­кізді. Ол Әжікенге ең қымбатын сыйласа да, өзін өнер адамына түгелдей арнай алмайтынына налып отырып: «Өнерді сор ғана көте­реді деген. Баламның маңдайының соры бес елі, тағдырыңды қоса қалсаң осы есіңде бол­сын дегені ғой. Әжігерей, сенің сорың қалың, өйткені өнерің биік», – деп, атасы Сабыттың ойын тәпсірлеп береді. (266-б). Бұл тәпсір сірә, кейіпкер аузымен автордың барлық шынайы өнерпаздарға қарата айтқан бағасы болса керек. Шын өнерпаз, мейлі ақын, жазушы, әнші, күйші, суретші болса да түптің түбінде жалғыздықтан зардап шегетінін меңзей­ді. Бір сөзінде Әжікен: «Неге біз осы жалғызбыз», – деп сұрайтыны бар. Былай қарағанда, балалық күнәсіздіктің себебінен шыққан сөз. Алайда, шығармашылық тұлға қашанда дара, жалғыз болатынын автор пайыммен, астарлап жеткізіп отырғанын түсіну қиын емес. Жалпы, шығарманың тұла бойы астарлы. Тіпті, Гүлшаттың образы да «өзінікі» емес. Мұны сыншы Мадина Омарова дәл байыптап: «Гүлшат образы біздің замандастан гөрі – Құртқа қыз бен Гүлбаршынның бейнелеріне жақын. Оның Әжігерейден, қосылып қойған, көңілі сүйетін адамнан бас тартуы, оның үйленейік деген тілегін қа­был­дамай тастауы – он алты-он жетідегі бойжеткен қабылдайтын шешім емес.
...Әжігерей мен Гүлшаттың соңғы әңгімесін біз эсте­ти­калық диалог деп ұғамыз. Бұл жерде автор­дың күйшілік болмысы басым түскен. Әжігерей мен Гүлшат арасындағы сезім – өзінің шарықтау шыңына, биігіне жеткен кезде кенет шорт үзіледі. Бұл – күйде кең қолданылар тәсіл. Логикалық шешімсіз салтанат құрып, әбден өрлеп біткен тұстан үзілу», – дейді.
«Талтүстің» жанры – роман. Бірақ «ұлы әңгіме» (А. Байтұрсынов романды осылай атаған – Н.Түсіпхан) өте тез, жылдам оқылады. Аяғына қалай жетіп қойғаныңызды білмей де қаласыз. Мұның сыры – кейіп­кер­лер­дің өте шебер әңгімешілдігінде. Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқановтардың қазақтың әңгімешілдік өнерін әдебиетке енгізген дәстүрі «Талтүсте» тіптен де әсерлі қолданыл­ған. Әжігерейдің атасы Сабыт әрбір күйді шер­тер алдында оның тарихын, оқиға себе­бін, шығарған адамын шебер суреттеп отырады. Тәттімбеттің Қаракесек Күшікбайды жұ­батуы, Иләпі, Рәш, Баубектердің күй тартысы, Азаматқожа батырдың Сары Нияз төре жылқысын барымталап бара жатып шерткен күйі, Көкжал Барақтың өмірден өтерде шығарған «Арманы», Мүкәмәл шертістің тарихы, қызған темірді жалаңаш қолмен созған Мүкәмәл, Ахметжан, Жақия, Камаледдин ұсталардың жұмыс істеу әдісі, ағаштан қа­натты пырақ жасап алып аспанға ұшып кеткен Жұмағұл шебердің аңызы іспетті шағын әңгімелер шығарма мазмұнын байыта түс­кен. Сонымен қатар, романда қазақтың әлеу­меттік-тұрмыстық салты, жол-жоралғы­сы, кейбір ұмыт қалып бара жатқан әдебі кеңінен қолданылған. Мысал үшін, Сабыттың Керекуге барып, Камаледдин ұстаға домбыра жасатуы және оның еңбекақысын беру тәсілі көңіл аудартпай қоймайды. «Мынадай салт бар. Атап алып келген малды жақсылап байлап, қаша жөнелесің. Егер анау адам сен қыр асқанша жіпті шешіп үлгерсе, ноқта бос қалды деп айғайлайды. Ондайда қайтып келіп малыңды алып кетесің. Жарайды онда, матайын дедім. Жақсылап шандып, атқа міне шаптым. Қыр асып бара жатып артыма бұ­рылсам, жанталасып шеше алмай жатыр екен», – дейтін тұсы тіпті де қызық. (155-б) .Ұста жасаған домбырасы үшін «ақы алмаймын» деп бас тартқанда Сабыт күйшінің жетек­теп барған құлынды биесін кермеге шандып байлап, қаша жөнелуі де дәл осы көне салтты қайта жаңғыртуы еді. Шығарма­ның оқырманды тағы да бір еріксіз елең еткізген тұсы – Сәруәр ақсақалдың алдына ет келгендегі айтқан сөзі.
– Түф, шіркін-ай, – деді тамсанып. – Балдай екен. Көдеге байланған қой еті екені көрініп тұр.
– Ойпырай, – деді Шерім, – Ескінің адамы қалай, ә? Қойдың не жегеніне дейін етінен ажыратып отырады.
– Оның несі таң? – деді Сәруәр. – Өлең шөп­ке жайылған малдың еті жылбысқылау болады. Бетегеге жайылған малдың еті шыны болады. Көде мен қара жусан, көкпек жеген қойдың құйрығы киіз сияқты болады. Асқанда қазанның түбіне дейін батып кетеді. Ал, қазіргі қойдың құйрығы өкпе құсап, қазанның бетінде қалқып жүреді. (194-б). Кешегінің қарапайым адамы бүгінгінің ғалымдары жылдап жүріп жасайтын зерттеуін, том-томдап жазатын еңбегін бір ғана кешкі астың үстінде айта салды. Жаратылыстың құпиясын, табиғаттың тылсым сырын сырттан бақылау аздық етеді, керісінше, тонның ішкі бауындай аралас-құралас жүріп қана түсіну керек. Романдағы дәл осындай шағын әңгімелер – қазақ халқының ертедегі дүниетанымы терең, пайым-парасаты кең болғанынан хабар береді. Біздің бұл оқиғаға ерекше мән беріп, тәнті болып отырғанымыздың өзі ұлттық түптамырымыздан ажырап, этномә­дени түсінігімізден аулақ кеткеніміздің айға­ғы. Амал қанша... Кешегі кейбір салт-дәстүр, таным-түйсік біз үшін таңсық көрініп жүр.
Романда күйшінің жандүниесі, ішкі тебіре­ністері, санасындағы ой оралымдары өзге де өнер тұлғаларындай әрдайым арпалыста жүретіні көркем сипатталған. Әсіресе, олар­дың пәлсафалық пайымға айрықша ынтығып тұратыны және шығармашылық үстінде дүниені жаңа танып жатқандай үнемі таң­даныс­та болатыны, у-шуды жақтырмай, тұнық тыныштықты қалайтыны көп айтылады. Әжігерейге ұстаздық етіп жүрген Ғазиз бір күні шәкіртіне әлдебір таныс емес күйдің шолақ иірімін шертіп, оны атасына апарып тартып беруін сұрайды. Сабыт бұны тыңдап ерекше бір күйге бөленеді. Кемпірі Күлбағила мен немересі Әжікенге бірнеше күн мазаламауларын өтінеді. Ақыры Ғазиздің берген сәлемдемесін толықтырып, Тәттімбеттің көп шертілмей, ұмыт қалған «Балбырауын» деген күйін қалпына келтіреді. Бұл – Әжігерей атасының шебер домбырашы, дәулескер күй­ші болғанын дәлелдейтін тарихи сюжет. Әйтпесе, бармағынан бал тамған, күй тар­тыс­та алдына жан салмаған Тәттімбеттің өзінен пәлен жыл бұрынғы ішкі жандүниесімен байланысу, сол кездегі күйшінің көңіл-күйін тап басып тану, басы ғана белгілі күйді ал­ғаш­қы нұсқасындай қайта түлетуге көп күй­шінің құдіреті жете бермейді. Ал Сабыттың өнері мұндай тәуекелге баруға, оны сәтті орындап шығуға қабілеттілігімен ерекшеленген.
«Талтүс» кешегі кеңестік кезеңнің романдарындай жағымды-жағымсыз кейіпкерге бөлінбейді. Алғашқы тарауында Әжігерейдің апасы Күлбағила мінезінің құбылмалы келуі, Сәтібек, Қайырбек сынды қатар құрбылас­тарының оны «шоқыншық» деп мазақтауы, балалық төбелестің орын алуы – бәрі-бәрі де өмір шындығы. Кез келген адамды өзге­ден бөлектеп тұратын ерекшелігі, мінез өзге­шеліктері, таным өлшемдері мен түсінік айыр­машылықтары болады. Мұнда жақсы адам, жаман адам типі жоқ. Алайда, әрбір жанның санасында кездесетін «қымбат адам», «қадірлі адам» сияқты ұғымдар, олар­дың образдық тұлғалары баршылық. Сабыт, Ахметжан, Шерім, Ғазиз, Баймұқан, Сәруәр, Ырымбек, т.б. кейіпкерлердің бәрі де ет пен сүйектен жаралған пенде болса да, Әжігерей өмірінде өзіндік із қалдырған дара тұлғалар еді. Тіпті, бір кездері өзін өлердей жек көре­тін апасы Күлбағила да қоштасар сәтте өте жақын, тым ардақты адам екені сезіледі. Шы­ғар­маның дәл бұлай күнделікті тұрмысқа қатты жақын суреттелуі оның оқырман үшін маңыздылығын, көркемдік құндылығын арттыра түскен.
Соңғы тарауда бас кейіпкер жаны күйзе­ліп, тағдырдан ауыр соққы алады. Ең қымбат екі адамынан айырылады. Атасы Сабыт о дүниелік атанып, алғашқы махаббаты, сүйген қызы Гүлшат Семейге көшіп кетеді. Атасы жаратқанның бұйрығымен, тағдырдың жазуымен бақұлдасса, Гүлшат жақсы көре, сүйе тұра саналы түрде бас тартады. Осы сәттен бастап Әжігерей санасы есейіп, өзіне деген сенімділікті күшейту керек екенін түсінеді. Өмір жалғасатынын, бір орында тоқтап қалуға болмайтынын ұғынады. Гүлшат Семейге көшкен күннің ертеңінде апасы Күлбағила­мен қоштасып, тапқан анасы Қалимаға кете­ді. Бірақ бұл көріністі Әжігерей апасын жалғыз тастап кетті деп емес, жаңа өмірге қадам басты деп ұққан абзал. Автор да сірә осыны айтқысы келсе керек. Сөзімізге «жас күйшінің үйден шыққанда атасынан қалған домбыраны ғана алғаны, қара жолға түскені, артына бір қарап, ескі дүниемен қош айтыс­қаны» дәлел. Әжігерейдің өзіндік өмір баста­ғаны, жол таңдағаны – өмір жалғастығы, мұрат сабақтастығы. Бәлкім, романның да жалғасы бар шығар... Әзірше мұның сырын автор өзі ғана біледі.
Енді романның «Талтүс» аталуына қыс­қа­ша екі «жорамал» жасап көрсек. Жорамал демеске шара жоқ. Өйткені, автор шығармада тақырыпқа байланысты ауыз толтырып ай­тар­лықтай ештеңе айтпайды. Тек бір жерінде уақыттық ұғым талтүс қолданылады. Ол – Күл­бағиланың Әжігерейге екінші рет қол жұм­сауы және баланың атасы жоқта өзді­гі­нен қорғануы, алғаш рет «жеңіске жетуі» жайындағы баян. Әжігерейге шамасы жетпей, оның үстіне жанына бататын сөз естіп «ойбайға басқан» кемпірге көршісі Зерен келіп: «Не болды, Күлеке-ау, тапай талтүсте?», – деп сұрағанынан оқиғаның түс кезінде болғанын байқадық. Демек, дәл осы «талтүс» Әжігерейдің өзін жау санаған апасынан алғаш рет үстем түсуімен байланысты болуы керек те шығар. Алайда, бұл оқиға шығар­ма­ның жалпы мазмұнына, композициялық құрылымына айтарлықтай әсер ете қоймай­ды. Ендеше, екінші жорамал қандай болмақ? Ол былай... Роман түгелдей болмаса да, автор­дың ғұмырбаяндық туындысы. Бұған жазушының бір сұхбатында: «Бұл шығарманы жазуға өмір бойы дайындалдым», – деген сөзі айғақ. Сондай-ақ, автор романды ердің жасы елуге тақаған шағында өмірге әкелді. Бұл – ой-пікірі, дүниеге, өмірге деген көз­қара­­сы әбден тұрақтанған, көргені мен түйгені түгел қорытылған, қарасақалдықтың қайна­ған орта кезі емес пе? Яғни физио­ло­гиялық тұрғыдан да, рухани жақтан да кемелденіп, парасат шыңына шыққан сәті деп бағамдауға да болатын шығар...

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5411