Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2477 0 пікір 11 Сәуір, 2024 сағат 18:52

Мұхаммед Ахмед Жадмола: Өсек (деген аят қалай түсті?)

Сурет: amin.kz

Мұхаммед Расулоланың әйелі Қайша туралы өсек қалай тарады және "Өсек" деген аят қалай уаһи етілгені туралы белгіңіз келсе мынаны оқыңыз.

Мұхаммед Ахмед Жадмола
(Сирия жазушысы)

ӨСЕК

Түн шымылдығы шөл даланы шымқап үлгерген, айнала тастай қараңғы әрі тым-тырыс, ұсақ жәндіктердің, тіпті құмырсқа екеш құмырысқаның өрмелеген дыбысы да құлаққа естіледі дерлік.

Сол әлетте бір малшы сол шөлде түн қатып келе жатты. Ол - Сафуан бин Мұғаттал еді.

Сафуан бәни мұсталақ ғазатына қатынасып Мединеге қайтқан жолында бір іске бола бұрылады да, Расулоланың қалың қолынан бөлініп артта қалып қояды. Осы бетінде ол қосынға жетіп алу үшін суыт келе жатқан еді.

Кенет ол сонадайдан бір Кажуаны (түйеге артылатын шатырша) көреді. Оның үстінде жамылғысына оранған бір адам отырады. Ол тәтті ұйқыда секілденеді, өйткені онан ешқандай қимыл-қыбыр байқалмайды. Сафуан түйесінен түсіп, ақырын аяңдай Кажуаға жақындады. Кім екенін білгісі келіп оған үңіліді.

Жамылғыға оранып ұйықтап отырған адам - Расулоланың зайыбы, мүнминдердің анасы Қайша Разияллаһуанһо екенін білген кезде ол аңырып тұрып қалады. Ол өз көзіне өзі сенбейді, осындай қараңғы түнде, осындай иен далада бұл адамның жалғыз қалғаны қалай деген ойға келеді де ол еріксіз айғайлап жібереді: "Ей, Расулола! Қайдасыз? Әйеліңіз қалайша иендегі Кажуада жалғыз қалған?!".

Оның даусынан Қайша шошып оянды, не болғанын білмей ол да аң-таң. Қарсы алдындағы адамның Сафуан екенін танып, көңілі әнтек орнына түскендей болғанымен, ол ер адам болғандықтан әрі қараңғы түн болғандықтан, бетін жауып алады.

- Ей, Алла өзің сақта, сіз бұл арада қалайша жалғыз қалғансыз? - деп сұрайды Сафуан, ол ұялып үндемейді. Қайшадан жауап ала алмаған соң Сафуан да қуарлап сұрамайды. Қайшаны түйесіне мінгізіп өзі жетелеп алады да, Расулоланың қосынына жетіп алу үшін жүріп отырады. Жол бойында ол Қайшаға қарап та қоймайды. Қайша да, оған тіл қатпайды. Сол жүріспен олар түс мезгілінде қосынды қуып жетеді.

- Жеткендерің осы ма, қалайша кешіктіңдер, не болды? - деп сұрайды Расулола Қайша мен Сафуанның бірге келгенін көріп.

- Кеше түні бүкіл тайпаны жорыққа шығуға бұйрық берген шағыңызда, аяқ астынан алқа-моншағымды түсіріп алғанымды сездім. Соны іздеп қайта айналып келсем бүкіл қосын кетіп қалыпты. Қалай кеткендеріңізді біле алмай, бұрынғы орында кимімді жамылдым да, менің жоқ екенімді білсе қалайда адам жіберер деп тосып отыра бердім. Әбден шаршасам керек, Кажуаға сүйенген бойы көзім ілініп кеткен екен, Сафуанның даусынан ояндым, - деп жауап берді Қайша.

Расулола Қайшаның айтқан сөзіне сенді, онан титтей де күманданған жоқ. Өйткені ол Абубәкірдің қызы, текті жерден шыққан асылзат. Оның үстіне Расулоламен некеленгеннен бері ол мейлінше адал, берекенің адамы болды, бақытты тұрмыс кешіріп келді.
Бейне мына өлең жолдарында айтылғандай:
Шүбаланба адал жанды аруға,
Көргендіге келмес ешбір әзиет.
Пәктік оған Алланың бір пазылы,
Дегдарға тән тәрбиятты қасиет.

Бірақ өсекке жаны үйір бағзы адамдар Сафуан мен Қайшаның бірге келгенін көрген соң бүйректен сирақ шығарып, сыпсың өсек тарата бастайды. Олар Қайша мен Сафаунды иен шөлде қалайда абыройсыз іс өткізді деп соғып, қазіреті Қайшаның атақ-абыройын даттайды.

- Ойбай-ау, майды көрген мысық жай жатама? Қараңғы түнде оңаша қалған ер мен әйел не істемейді, - деп өсек-аяң, қауесет таратады. Абдолла бин Ғұбай.

Іле-шала миста Хабин Ұғбай, Һассан бин Сабит, Зайд бин Рафаға және Һамбабинт Жахш секілділер де ол екуі жөнінде өсек айтып сумақылық істеді. Бұл өсек жұрт арасына тез жайылып тарайды. Бұған кейбіреулер сенеді, кейбіреулері сенбейді. Ақыр аяғында бұл өсек Расулола мен оның қайны атасының құлағына жетеді.

Бірақ Қайшаның өзі бұл өсектен мүлде хабарсыз еді, бұл жөнінде оған ешкім ауыз ашпаған еді. Мединеге қайтып оралғаннан кейін Қайша алғашында қызып, бара-бара төсек тартып жатып қалады. Науқас шағында ол жұбайының - Расулоланың өзіне бұрынғыдай күйінуін, қамқорлық жасауын аңсады. Бірақ жағдай бұл жолы оның күткеніндей болмады, Расулола оған сүлесапа ғана мәміле жасады, ең пейілденгенде немқұрайды ғана: "Тәуірмісің?" деп қойып жүрді. Артық сөз айтпады. Қайша бұған іштей қатты налыды. Жұбайының аяқ астынан неге осындай суық қабақ көрсетіп жүргенін білмей дал болды, науқас жағдайында ол бұған неге осындай енжар қалып көрсетіп жүр? Қанша ойланса да мұның шешімін таппады, сонымен төркініне барып емделіп, күтіну жөнінде жұбайына өтініш білдіреді. Ол уақыттық алысқа кете тұрып, бұрынғы махаббаттарын қалпына келтіру мақсатымен осы талапты қойған еді.

Расулола оған рұқсатын берді. Қайша төркініне барып жиырма шақты күн емделу, күтіну арқылы әбден сауықты.

Бір күні Қайша Мұстаханың шешесімен бірге тамашалап базарға шықты. Жолда Мұстаханың шешесі етегіне шалынып екпетінен түсті.

- Ұлымның өсек айтқанының сазайын мен тарттым, - деп күбірледі ол орнынан тұрып жатып.

Оның бұл сөзіне таңырқап, таңдалған Қайша: - Ұлыңыз не деп өсек айтты, - деп сұрады онан. Мұстаханың шешесі оның және басқалардың айтып жүрген өсегін қаз-қалпында оған баяндап берді.

Мұны естіген Қайшаның көз алды қарауытып, басы айналып кеткендей болды. Мұстаханның шешесі мұны айтқанына өкініп, оны дереу сүйеп үйіне жеткізіп салды. Үйіне келе Қайша еңіреп қоя берді.

- Ей, ана, ел ғайбатымды айтып, сыртымнан өсек өргізіп жүріпті, - деді ол шешесіне егіле жылап, - Оны маған неге айтпағансыз.

- Балам, бұл жөнінде тым уайымдап кетпе, - деді анасы оны жуатып, - Өзіңе мәлім, бір еркектің көп әйелі болып, оның бірі еліне жағымды әрі өңді болса, басқа күндестері қалайда оған қызғаныш білдіреді және жала жабады.

Сонымен арада бір ай өтеді. Расулола Қайшаның ісі жайлы бір байламға келе алмай дағдарады. Алладан осыған қатысты уаһи түсіріп, күдік-күмәннан айықтыруын тілейді. Сонан ол қатысты адамдардан ұғысып олардың көзқарасын ұғуды ойлайды.

Ол алдымен немере қарындасым Зейнеп бинт Жақышқа келеді.
- Өсекке жеңіл-желпі сене салуға болмайды, қара дүрсін бірдеңе дей салуда келіспейді, - дейді Зейнеп.

Расулола онан шығып Осамебин Зайдқа ахуал ұғуға келеді.

- Барирадан барып ұғысыңыз, - дейді ол, - Барира Қайшаның көршісі, сіздің күдігіңізді шеше сол шешер.
- Қайшаның күмәнді істерін сездің бе? - деп сұрайды Расулола Барирадан.
- Жоқ, онан мін тағарлық ешқандай ерсі қылық сезген емеспін. Менің білуімде ол жас болғанымен, көршіге қолайлы өте жақсы адам, - деді Барира.

Сұрауға тиісті адамдардың барлығынан сұрап ұғысқанымен, Расулола Қайша туралы ешқандай бөтен аңыс естімейді. Сонан ол ел-жұртты бір жерге жинайды.

- Ей, жамағатым, - дейді ол ызалы бейнеде, - Бағзы адамдардың әйеліме жала жауып, қауесет шығаруы, өсек-аяң таратуы неліктен? Әйелімнің кінәсіз пәк екені Аллаға аян, олар ғайбатқа таңып жүрген әлгі Сафуанды да білемін, ол жақсы адам. Менсіз жерде ол табалдырығымнан аттап көрген емес. Сондықтан, оған айтылған айыптауларда титтей де негіз жоқ.

Сонан Расулола қайын атасының үйіне келді. Қайша жабығып жылап отырады. Оның әке-шешесі де осы арада болып шығады.

- Ей, Қайша, - деді Расулола оны ары-бері уатқан соң, - Ел-жұрттың дақбырты өз құлағыңа да тиіпті, Алладан қорық! Алла пендесінің тәубасін қабылдайды.

Қайша тіке жауап бергісі келмей: - Жауапты сіз беріңіз! - дейді әкесіне бұрылып.

- Не дерімді білмеймін, - дейді әкесі.
- Мен үшін жауапты сіз беріңіз, - дейді ол шешесіне қарап.
- Не деп жауап берерімді мен де білмей тұрмын, - дейді шешесі.
- Не деп жауап берсем жарар? - дейді Қайша қатты егіліп, әке-шешесінің өзін ақтағысы келмегенін көрген соң, - Елдің айтқанын шындық деп мойындасам өзіме де, өзгені де алдаған боламын, өйткені, өз басым бейкүнә пәкпін. Егер олардың өсегін терістесем, мұныма сенбейсіздер. Сондықтан ең жақсысы тұнжырап отыра беру сияқты. Алланың түбінде пана болып, істің шын сырын айқындап, ақтығыма көздеріңізді жеткізетіндігіне сенемін. Ол осылай деді де бұрынғыдан бетер ботадай боздады.

Қайшаның бұл сөздерін естіген Расулола төмен тұқыра берді, әкесі ләм-мим демеді, шешесі күрсініп жіберді. Сол тұста Расулола әнтек дел-сал тартқандай болып есеңгіреп кетті. Мұның өзі Алладан уаһи келуінің белгісі еді. Расулола шапанын жамылып жастыққа жантайды. Бұл Қайшаға таныс құбылыс еді. Міне енді Алла Тағла Қайша жөнінде соңғы кесім аян етпек. Қайша туралы күдік атаулы біржолата айықпақ, Қайша сол сәт байыпты бейнемен көңілдене қалды, өйткені ол өзін түсінді, өзінің кіршіксіз пәк екендігіне сенеді. Бірақ оның әке-шешесі Алланың уаһиы жұрттың қауесетін растап жүреме деген қауіптен саса бастаған еді. Олар Расулоланың екі шекесінен шыпылдап шыққан тердің моншақтап жүздеріне домалағанын байқады. Көп өтпей Расулоланың ажарынан күлкі ойнап шыға келеді.

- Қуанышты хабар, - деді ол Қайшаға, - Алла бейгүнә пәк екеніңе әділ кесімін аян етті.

Расулола іле-шала Алладан назел болған мына аятты оқи бастады:

"Сендерден бір топ адам өсек-аяң, қауесет таратты. Бұл жайт сендерге залалды емес, тиімді болмақ, өсек өргізушілерден кім қаншалық күнә өткізсе, оған соншалық жаза беріледі; қауесет пен өсектің көбін таратқан адам ауыр азапқа душар болады. Өсекті естіген кездерінде ер-әйел мүминдер өздерінің діні бір туысқандарың туралы ізгі ниетпен әділ төрелік айтып "Мұның өсек-аяң, қауесет екені айқын" деуге неге ауыздарың бармады? Олар бұған неге төрт айғақ келтірмейді? Олар бұған толық айғақ келтіре алмаған екен, ендеше олар Алланың назарында өтірікші суайттар саналады. Сендерге пәни дүниеде Алланың пазілі мен мархаматы бұйырылмаған болса, өсек айтып даттағандарың үшін мықтап жазаланар едіңдер. Сендер ауыздарыңа келгенді көкіп, алып қашпа қауесетті таратпаңдар, Алайда, Алланың назарында бұл үлкен күнә саналады. Оны естіген шақтарыңда не үшін сендер: мұндай сөздерді айтпайық, ей, құдыретті күшті Алла, сен пәксің, мынау сұмдық жала! - демедіңдер. Алланың нәсихатын ұмытпаңдар; егер мүмин екендерің рас болса, ендігары мұндай сөзді қайталамаңдар. Алла барша кикімет нышандарын байымдайды. Аллаға күллі іс аян, Алла ең көреген. Мүміндер арасында жаман істі жаюға құштар адамдар бұ дүниеде де, ахретте де ауыр азап тартады. Алла біледі, сендер білмейсіңдер. Алланың сендерге пазілі мен мархабаты бұйырмаған болса, әлдеқашан жазаланар едіңдер. Ей, мүминдер шайтанға ілеспеңдер, кім оған ілессе, сол сөзсіз тақырет тартады. Адамдарға пәктік Алланың пазіл-мархабатымен дарымақ. Алла өзі қалаған пендесін пәк етеді. Алла өз сипатымен барлық істі естиді және біледі"(1)

(1) Нұр Сөгеті, 11-аяттан 21-аятқа дейін.

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Ескерту: Бұл материал Сирия жазушысы Мұхаммед Ахмед Жадмоланың "Құран хикаялары" кітабының қазақ тіліндегі нұсқасы 463-беттен 473-бетінен дайындалды.

Бұл кітаптың түпнұсқасы Дамаскы - Бейрут Омейя баспасынан 1973 жылы жарық көрген.

Араб тілінен қытай тіліне аударған Гуан Чиң.
Қытай тілінен қазақшалаған Кәкеш Қайыржан.
Шынжаң халық баспасы, Үрімші, 1987 жыл.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357