Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 1904 5 пікір 22 Сәуір, 2024 сағат 16:01

«Өз отанымды жат табанының таптағанын көргім келмейді»

Коллаж: Abai.kz

Күнделік  беттерінен   12. 11. 2015 жыл.

Қадірлі оқырмандар, мен 1969 жылы 2 сәуірде Қазақстанға келгеннен бастап 55 жыл өмірімдегі белгілі оқиғалар мен оқыған кітаптарымнан алған әсерлерімді күнделік ретінде жазып келген едім. Назарларыңызға ұсынып отырған мына шағын күнделік соның бірі болатын.

Бақтияр Ваһабзаде

(Әзірбайжанның халық ақыны)

Тілші: ...Осыдан біраз жыл бұрын біздің зиялыларымыз Әзірбайжанның бөлінбейтін бір бөлігі болып табылатын Қарабаққа барып келді. Ондай сапарлар алдағы уақытта да болатыны белгілі. Егер денсаулығыңыз жақсарса, сіз де Қарабаққа, Шушаға барасыз ба?

Ваһабзаде: Менің оккупацияға ұшыраған аймақтарға баруға ешқандай құлқым жоқ. Оған жаным шыдамайды. Өз Отанымды жат табанының таптағанын ешқашан көргім келмейді. Иранға барған кезде Тебризге соққаным бар. Сонда жүрегім қатты ауырды. Осы Шекідегі секілді дүкендерді ол жақта да көрдім. Бірақ ондағы біздің азаматтардың қолы қысқа, бастары салбырап кеткен. Мен үшін үлкен қасірет. Құдай бізге Тебризді Қарабақты Әзірбайжанмен бірге көруді жазсын! Сіз екеуіміз Шушуда отырып сұхбат құратын күн туғай.

***

Бұл жолдар ақынның туғанына 90 жыл, қайтыс болғанына алты жыл толуына орай Қазақстан жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде Түркістан халықаралық ұйымы ұйымдастырған еске алу кешіне арналған жазушы  Нұрғали Ораздың мақаласынан алынды.

«Алматы ақшамы» 10 қараша 2015 жыл, газет  қиындысын да сақтап қойдым.

***

Бақтияр ақынның сол бір қан жылаған қаралы сөздерін менің жүрегімдегі шер-шеменді тағы бір рет аяусыз жұлқылап қанжылатқандай болды-ау!

Соңғы жылдары туыстарым мен жанашыр жерлестерімнің кейбірі маған да сондай сұрақтарды жиі айтушы еді. Олар тіпті мен туып өскен Іле мен Күнес ауданының гүлденіп, жайнап кеткенін көрсең еді. Сайраған сара жолдар, жайнаған қала қалашықтар, жүйткіген машиналар, Күнестегі менің нағашы жұртым Дербістердің құт мекені – Көктеу, күзегі Қамысты бұлақта салынған ұшақ алаңын, завод-фабрикалар мен саяхат орындарын мақтанышпен көпірте сөйлегенде денем тітіркеніп, жүрегім қысылғандай күйге түсуші едім.

Неге дейсіз ғой, әлгі айтылған мақтанарлық жаңалықтардың бар екеніне  көре алмас іштарлықпен жоққа шығарайын дегеннен емес, кешегі қыран құстай түлеп, тұлпардай жұлқынған, көздерінен от шашып, жүздері балбұл жанған қайран қазағымның бүгінгі бейшара күйге түскен бақытсыз ұрпақтарын, менің замандастарым мен олардың ұсқынсыз ұрпақтарының түрін көргенде жігерім құм болып, өкініштен, ыза-кектен жарылып өлердей назаланушы едім.

Қытайға жағынып, оларға құлша қызмет етуді мақтан көретін әртүрлі деңгейдегі малай басшылардың шүйдесі жұдырықтай, бұғағы текенің енегіндей бұлтиған, қарны қабақтай, беті табақтай болғанымен 80-90% қазақтың бетіне, түріне әсіресе өлетін қойкөзденген жапақ жанарына, күйіп қыртыстанған терідей әжімді жүзіне қараудың өзі қандай қиын.

Қазақ қазақ болғалы естімеген аса қатерлі аурулардың бәрі дерлік менің халқымды алқымдап, күн сайын қанша жанды келмес сапарға аттандырып жатыр. 1920 жылдан 1957 жылға дейін тұрақтап тұрған Тасқорғанда, 1936 жылы алғашқылардың бірі болып жерленген Шылбы атам жатқан бейітте көп болғанда 10-15 адам жатыр. Ал, 1958 жылдан былай қарай ашылған Түргеннің Көкөзек деген жеріндегі аумақты мазар 1988 жылға дейін адам жерлейтін орын қалмай (айнала түгел дерлік келімсек қытайлардың егістігі, бір шеті өзен жағасы) сол жылы қайтыс болған әкем Дәулетханды қайда жерлеу мәселесі үлкен дауға айналды.

Ескі бейітте орын жоқ, Тасқорған алыс, һәм атам Шылбы жатқан аумағы 5-6 соттық жерді айнала қытайлардың егістігі болып кеткен. Осыдан бір жыл бұрын Есенкелді бабамыздың 17 ұлынан өрбіген ағайынды Маман, Қожаберген, Амырсана және біздің Көлбайдың алты беделді ақсақалдары бас қосып, жер шолып жаңа мазар орнын белгілемек болып ауылдан 4-5 шақырымдай тау бөктерін таңдасады. Алты ақсақалдың ең үлкені, 80 жастағы Жәнәбіл молда былай депті:

- Жол менікі болар. Қаза жетіп, алдымен мен кетер болсам, осында жерлеңдер, аманатым болсын!

Құданың құдіретіне не шара? Сол ақсақалдың ең кішісі менің әкем Дәулетхан 68 жасында 1988 жылдың 27 қыркүйегінде қайтыс болып кетті. Әкемнің інілері Дәулетханды айдалаға жалғыз апарып қалай тастаймыз, ырымға да жаман ғой, не де болса Көкөзектегі Жүніс Әлімахұнның қасына апарып қояйық деп тұрып алысты.

Мен оған қосылмадым, оу ағалар, Көкөзектегі жермен жексен болып кеткен бейіттен 1960 жылы ғана қайтыс болған Жүніс атамның да, 1986 жылы қайтыс болған Сейітхан ағамның да, 1966 жылы қайтыс болған Бәтіш апам мен Зейнехан әжеміздің жатқан орнын дәл басып айтып бере алмадыңыздар ғой. Күні ертең-ақ жер мен жер болуға айналған төмпешіктерді қытайдың жер тегістуші тракторлары ысыра салып, егістікке айналдыра салмай ма, оған кім қарсы шығып, мазар дауын  даулай алады. Сіздердің көзіңіз кеткен соң, кейінгі жастар бұл жерде ата-бабалары жатқанын ұмытып та кетпей ме? Сондықтан ақсақалдардың пәтуасына тоқтайық. Алдымен сол орынды Жәнәбіл ақсақалды ортаға алып барып көрелік. Мен де білем ғой ол бөктерді. Қолайлы жер сияқты деп едім, бәрі келісті.

Жер жағдайы ұнады. Мен сонда да сөздің басын ашып алу үшін былай дедім:

- Аталар, ағалар, бұл маңнан бұдан артық жер таппаймыз. Бірақ, мен білетін қазақ, оның ішінде, мына өзіміз білетін Маман, Қожаберген, Амырсана мен Қазымбеттің білермен пысықтары бұра тартып, сүйектерін байырғы ата мазарларына қарай ала қашуы әбден мүмкін ғой. Сондай болғанда менің әкем шынымен мына бөктерде өз туыстарынан кім бұрын өліп, қасыма келер екен деп қашаңғы жата береді? Жәке, сіз не айтасыз дегенімде, сексендегі ұзын бойлы, қапсағай денелі Жәкем ойланбастан шөптесінге жата кетті де, балам Әлімғазы, күректі ал да мына жерден төрт күрек топырақ алып белгі қой деп екі қолын артқа, екі аяғын талтайта алға созып бұйырды. Мен ақсақалдың мына шалт қимылына әрі абдырай, әрі риза болып айтқанын орындап төрт күрек топырақ алдым.  Жәкең орнынан тұрып:

- Ал әйтсе, көңілің орныққан болар, менің оң жағымда Дәукең жатады, әкел күректі міне, мына жер деп, төрт бұрыштап төрт күрек топырақ үйді.

Мен риза болғанымнан көзіме келген жасты сүртпестен ақсақалды құшақтап, сақалынан сүйдім. Жәнәбіл молда жататын жаңа зиратқа күллі Маман руының марқұмдары келіп жататынына күмән жоқ.

Мінеки, араға 26 жыл салып 2005 жылы шешем Жұмақанға ас беруге елге бардым.. Әкемнің, Жәкемнің басына барып құран оқыдым. Құдай-ау, 26 жылда бүкіл тау бөктері бейітке толып кетіпті. Мазараттың тау жақ бөктерін қытайлар қоршап ағаш егіп иемденіп алыпты. Соншама кең бөктерден жерлейтін орын табудың өзі бірнеше жылдан кейін мүмкін болмайын депті.

Аллам-ау қазаққа не зобалаң келген, оба жоқ, қырғын жоқ, жүздеген адам жайрап жатыр, көбі орта жасарлар мен жастар. Көбі адам естімеген оқыс ажалдан жер құшқандар. Үлкендер қант, жүрек, бауыр, рак, ақ қан ауруы, өкпе, сүйек туберкюлозынан, ал жастар жағы арақтан, мотоцикл, машина шырғалаңынан, пышақтын, таяқтан, жүйке ауруларынан баудай түсіп жатыр. Ал, жатырда, жөргөкте жатқанда-ақ дәрігерлер қолынан пышақталып өлтірілгендердің саны барлық басқа ажалдан өлгендердің санынан көп болмаса, аз емес, бірақ оларда бейіт, белгі жоқ. «жоспарлы туыт» деген зұлым саясаттың бейкүнә құрбандары. Міне, осындай алуан түрлі ашық та жасырын да қастаңдықтың кесірінен қазақ жыл өткен сайын ұрпақсызданып, тұқымы тұздай құрып барады. Ол ол ма  әупіріммен әрең қатарға қосылған әр үйдің болашақ иесі болар жас балалар бала бақшадан бастап тілі қытайша шығып, мектепті бітіргенше қара қытайдың өзі болып ержетуде.

Мен Қытайға әр барған сайын сондай сұмдықтарды көріп, көзім жасқа, көкірегім шерге толып пұшайман болып қайтамын. 2008 жылы соңғы рет бардым.

- Асылық емес, туған жерден безіну де емес, бауыр туыстарға ренжігеннен де емес. Көз көрген, көкірек сезген қасіретті көріністер мен қайғылы тағдырларды, тірі өлікке айналған мәзлүм қазақтардың халінен шошынып түңілгеннен, отаршыл, озбыр қытайларға шексіз өшпенділік пен жек көруден пайда болған жиіркеніштен басқа не болсын?!

Бақтияр ағам айтқандай менің де: «Өз отанымды жат табанының таптағанын ешқашан көргім келмейді». 

Мен осы мазмұндас сөзді бұдан 25-26 жыл бұрын айтқанмын, һәм күнделігіме жазғанмын да. Тіпті, сонау 1975 жылы - «Қазақ» газетінің 1914 жылғы бір номерінен Башқұрт Бектұрлыұлының Қызайдың ас беруіне арналған  (Жабықбайдың әкесі  Бұлғыншыға берген асын көргенде жазғаны) жолжазбасында...

- Е, қайран бейғам қазағым-ай күндердің бір күнінде Орал тауларынан айрылған біздің башқұрт-татарлар құсап мына гүл жайнаған Іленің тау мен даласынан айрылып, сорлап қаласың ба деп қорқамын, - деген жолдарын  оқығанда ішіме өрт түскендей аһ ұрып:

- Иә, солай болды Башқұрт бауырым, біз де айрылдық қасиетті Іледен, Шығыс Түркістаннан деген болатынмын. Тағдырласпыз, қайғы-қасіретіміз ұқсас сорлаған көкбөрінің жетімек бөлтіріктеріміз ғой.

Құдайым ақырын берсін, бір қалыпта тұрған тарихты адамзат білген емес. Бәрі де өзгереді, тарих қайталана береді. Бірақ, ғапыл пенде бақ құсының қолына қонғанын білмей, басынан пыр етіп ұшқанын бірақ біліп, санын соғумен келеді. Адам ата, Хауа аның перзенттері қашан ақылды, есті болар екен? Әсіресе, біздің қазақ?!

Әлімғазы Дәулетхан

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377