Макрон: Қытайсыз Ресейді жуасыту мүмкін емес!
7 мамырда Эммануэль Макронның Франция тағына отырғанына 7 жыл толады соған қатысты «La Tribune Dimanche» және «La Provence-ге» берген сұхбатында Франция президенті Елисей сарайында болған жеті жылды қорытындылады. Ол президенттік мерзім аяқталғанға дейін елді реформалауға және ЕО саясатына қомақты үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды.
Ел-жұрты «Маню» деп көкке көтере еркелететін Франция президенті Эммануэль Макронның «La Tribune-ге» берген сұхбаты ресейлік БАҚ мен саясаткерлерді итше шабаландырды. Енді осы шабаланудың астарына үңіліп көретін болсақ, оның Ресейге қарата айтқан: «Еуропа аттың басын еркін жіберіп, соғысқа араласуы тиіс» деген тезисі.
Сәуір айының соңында Франция президенті Сорбоннада Еуропаның болашағы туралы сөз сөйледі. Сол сөзінде: «ЕО украиналық қақтығыс аяқталғаннан кейін Ресеймен қарым-қатынас орнатуға дайын болуы тиіс», - деп мәлімдеген еді. Сонымен қатар Макрон Ресейге қатысты «стратегиялық екіұштылық» саясатын жалғастыратынын ашып айтты.
(Сурет Рамблер сайтынан алынды)
МАКРОН ПРЕЗИДЕНТТІГІНІҢ 7 ЖЫЛЫ
Енді «La Tribune-ге» берген сұхбатында Макрон не деді? Оған ресейліктер қандай жауап қайтарды сол төңіріегінде сөз етейік...
- Стратегиялық екіұштылық: Әскерлер (Францияның Украинаға жіберетін әскері- авт.) енгізілетіні туралы тым көп нақтылық бермеу керек. Ресей стратегиялық держава ретінде бізге бұдан былай ешқандай ашықтық бермейді.
- Ресей сияқты қарсыласқа қатысты өзіне шектеу қою - әлсіздік. Керісінше, біз оны кез келген көріністен айыруға тиіспіз, өйткені бұл тежеу әлеуетін тудырады. Стратегиялық екіұштылықтың мәні ешнәрсе туралы тым егжей-тегжейлі айтпау.
- Егер Ресей жеңсе, келесі секундта Румынияда да, Польшада да, Литвада да, біздің елде де қауіпсіздік болмайды. Ресейлік баллистикалық зымырандардың қуаты мен қашықтығы бәрімізге қауіп төндіреді.
- Ресей өзіне ешқандай стратегиялық шектеулер қоймайтын тұрақсыздандырушы державаға айналды. Ресейдің толқуы біздің ешқандай шектеу қоймай, дұрыс екенімізді көрсетеді. Әйтпесе біз халықаралық тәртіптен, демек бейбітшілік пен қауіпсіздіктен бас тартар едік.
- Біз Ресеймен келіссөздер жүргізу үшін есікті ашық қалдырғанымыз дұрыс. Олай болмаған жағдайда біз халықаралық тәртіптен, демек бейбітшілік пен қауіпсіздіктен бас тартар едік.
(Сурет: Людовик Марин)
«ҚЫТАЙСЫЗ РЕСЕЙДІ ЖУАСЫТУ МҮМКІН ЕМЕС»
Макронның: «Қытайсыз Ресейді жуасыту мүмкін емес», - дегені орыстарды жаман түйедей тулатты. Осы жаман түйедей тулатқан сөз төмендегідей:
- Олимпиадалық бітімгершілік – әлемге жолданым болуы тиіс. Бұл мен ҚХР төрағасымен дүйсенбі және сейсенбі күндері талқылайтын тақырыптардың бірі.
- Біз оған барлық соғыс қимылдары театрлары үшін қол жеткізуге тырысамыз.
(Сурет: Ерик Гайллард)
МАКРОН ЖАҚЫНДА УКРАИНАҒА ӘСКЕР ЖІБЕРЕ МЕ?
Гонгконгтық «Asia Times» басылымы: «Макрон Украинаға «шетелдік легион» отрядтарын жіберді», - деп хабарлады.
Ресей жағы бұл хабарды нақтылап: «Париж Киевке «шетелдік легионның» бөлімшелерін көмекке жіберді. Эммануэль Макронның екі мақсаты бар: француз азаматтарының өмірін құрбан етпей, «жуан жұдырық жігіттің кейпіне ену» және өз елінің Африкадағы ықпалын әлсіреткені үшін Ресейден кек алуды көздеу», - дейді.
РЕСЕЙ: ФРАНЦИЯ УКРАИНАҒА ӘСКЕР ЖІБЕРДІ!
«Сонымен, Франция өзінің алғашқы бөлімдерін Украинаға ресми түрде жіберді. Олар Славянскідегі ӘҚК-нің 54-ші жеке механикаландырылған бригадасын қолдауға таратылды. Француз сарбаздары «шетелдік легионның» негізгі бөлімшелерінің бірі - 3-ші француз жаяу әскер полкінен жиналды», - деп жатыр Ресей БАҚ-тары.
Ресей БАҚ-тары бұған дейін: «АҚШ жалдамалары Украина жағында соғысып жүр», - дегенді таратқан болатын.
(Сурет: ТАСС сайтынан алынды)
«ШЕТЕЛДІК ЛЕГИОНДЫ» КІМ БАСҚАРАДЫ?
2022 жылдан бері «шетелдік легионда» өзге мемлекеттің азаматтарымен қатар украиндықтар мен ресейліктер де қызмет етті. Бүгінде легионды француз офицерлері басқарады, бірақ барлық қатардағы құрам - шетелдіктер. Анонимділікке жол беріледі: легионға кіру кезінде адам жаңа ат алуға ерікті. Легионерлер үш жыл қызмет етеді, содан кейін француз азаматтығын сұрай алады. Жараланған жағдайда легионер күту кезеңінсіз француз азаматтығын ала алады. Әйелдерді «шетелдік легионға» қабылдамайды.
Француз әскери қызметшілерінің бірінші тобы шамамен 100 адамнан тұрады. Бұл тек алдыңғы қатарлы жасақ қана - жалпы алғанда Украинаға «шетелдік легионның» шамамен 1500 солдаты келеді деп күтілуде.
Бұл бөлімдер тікелей ұрыс аймағында орналасады және украиндықтарға Ресейдің Донбасстағы шабуылын тоқтатуға көмектеседі. Алғашқы 100 адам - артиллерияшылар мен барлаушылар.
Президент Эммануэль Макрон бірнеше айдан бері Украинаға француз әскерін жібереміз деп қорқытып келеді. Бұл ретте ол НАТО бойынша одақтастарының қолдауын таппады. Оны тек Польша мен Балтық жағалауы ғана қолдады. НАТО солдаттарын Украинаға жіберуге (кеңесшілерден басқа) АҚШ-тың өзі қарсы болды.
Осылайша, Франция Украина майданына адам күшімен көмек көрсетудің алғашқы қадамын жасады. «Бұл Ресейлік Пригожиннің ЧВК-сы сияқты құрылым болады», - деп Ресей жағы ойбайға басты.
Abai.kz