Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2545 1 пікір 10 Мамыр, 2024 сағат 13:51

Ауылдағы бажекеме хат

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

(Әзіл әңгіме)

Жер-көктегі бір ғана бажам Барбол, уағалейкүм! Қалайсыңдар? Сен менше ақырын-ақырын, сағатына жарты шақырым жүрсің бе, әлде нормаң бір шақырым ба? Қап, «норма» деп жазып қалғанымды қарашы. Үйренген ауыз.... Бұдан біраз бұрын үлкен гәзетте үлке-е-ен мақала шықты. Сен екеуіміздің ортақ құдамыз Ғали жазған. Қазақ тілі мен орыс тілнен ботқа жасап сөйлейтіндерге қарсы. Ал соған біздің Алматыдағы знако... тфу!.. Таныстарымның бір де бірі не «дұрыс», не «бұрыс» демеді. Әй, сірә, олар Ғалиға қарсы. Бөлем Аманболға, ей, Бареке, осы сендердің аттарыңды кім қойса да, тауып қойған, қарашы: Барбол, Аманбол, ә? Иә, бірақ бөлемнің атын сенің атыңша... Иә, ол: «Гәзетті алғанмын, алайда сен атаған мақаланы көре алмады, қай жерінде?» деді. Өй, қасқа!.. «Гәзеттің ең соңғы бетінен соңғы бетінде» дедім, не дер екен деп. Ол үндемеді. Түсінген шығар. Жә, оны қойшы, бірсыпыра сөзім кетті-ау. Е, иә, сен де үндемедің, «көре алмағансың»  ғой. Нешауа, енді  саған айтпағымды бастайын.

Мен бар ғой, Бареке, соңғы кезде, қарағаннан қарап отырып, өсиет сөз-сөйлемді  ойлап табатын болдым. 80-нен секіріп кеткен жасыма қарай ма, ақ мақтадай шашыма қарай ма, ештеңені біле алмадым. Обшым, Бареке, мынадай: «Жоқты «жоқ» деме, бәрібір «бар» болмайды, барды «бар» деме, бәрібір «жоқ» болмайды». Қалллай екем?! Содан кейінгім: «Азды «аз» деме, бәрібір «көп» болмайды, көпті «көп» деме, бәрібір «аз» болмайды», «Сақалыңды сатпа, сатқың келсе, кімге, қалай, қаншаға сатуды біл», «Жақыныңа жақын бол, алысыңа алыс бол», «100 грамдататын жастан астың екенсің, стаканды ұмыт», «Ұйқың келсе, ұйықта, келмесе – ұйықтама», «Тамақты күніне неше рет ішкің келсе, сонша рет іш, келмесе – ішпе», «Шікірейген шенеуніктің үлкен-кішісі – бәрібір», «Бастығыңа басқалардан ерекше жағынғың келсе, күнде таңертең тісін тазалап жүр», «Кімге болсын өтірік айтқың келсе, тыңдаған ол да, айтқан өзің де өкінбейтін етіп айт», «Ұяты жоққа: «Ұятың қайда?» деудіі өзі – ұят», «Қызғаншақ екенсің, онда кімнен нені қалай, қашан қызғануды біл», «Пара бермекші болсаң, пайдасын болжап бер, ал біреу саған пара бермек болса, қолын қоса ал!», «Мешкей тойса да, қорқау тоймайды»,  «Саңырау бастық болса, қоластындағыларды керең етеді», «Ашқарақ бастық болса, алды-артын, айналасын талтүсте тонайды», «Бақа бастық болса, шалшықты көбейтеді», «Көзі ойнағаннан қорық, сөзі судырағаннан сескен», «Аяғы салбырап аспаннан түскендер де, желкесі шодырайып жерден шыққандар да бар», «Әтеш жоқта мекиен шақырады, бұлбұл жоқта бөдене сайрайды», «Кім болса да, басында барын базарлайды, жоқты қайдан табады?»... Уәй, Бареке, осымен тоқтай қалайын, кейігі хаттарыма да сөз қалсын. Ал аман-есен бол! Бәйбішеңе привет! Жауабың кешікпесін.  Сенің де жапандағы жалғыз  бажаң – Тоқан.

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357