Қазақстанда дүмшелер алшаң басып жүр!
Кешелі-бері әлеуметтік желінің қазақстандық сегментінде Сарыағаш қаласындағы «Abdusattar» мешітінде болған жағдай ызу-қызу талқылануда.
Желіге тараған бейне жазбадан намазда барысында сапта тұрған ер азамат қасындағы адамды ұрғанын анық көруге болады. Ал оқиға баяны мынадай: Имам: «Намаз үстінде «Әмин» деген сөзді дауыстап айтуға болмайды», - деп ескерткен. Алайда бұл ескертуді елемеген бір адам: «Әмин», - деп дауыстап айтқан. Бұған шыдамаған біреу әлгіні бетінен ұрып, шалқасынан түсіреді.
Бұл оқиғаға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түсініктіме берді. Онда:
«Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады. Еске сала кетсек, ҚМДБ бекіткен «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады», - делінген.
Біз тақырыпқа тұздық ретінде, журналист Әмірхан Алмағанбетовтың Ақмола облысы, Қосшы қаласындағы «Бөгенбай батыр» мешітінің найб-имамы Қазанғап Ыбырай қажымен жасаған сұхбатын Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық.
Қазіргі кездері ел ішінде дүмшелер әбден тайраңдап болды. Тайраңдағаны сол, интернет желісін емін-еркін пайдаланып, халыққа түсініксіз мағынадағы діни уағыздарды ашық насихаттауда. Соның бірі, «шариғаттың бір тұсында жұмысыннан айрылып қалмас үшін басшына пара беруің құпталған» деуі, тіпті жаға ұстатып отыр. Мазасыз ойдың жетегімен сауалдарымызға нақты жауап алмақ болып, Ақмола облысы, Қосшы қаласындағы «Бөгенбай батыр» мешітінің найб-имамы Қазанғап Ыбырай қажыға жолықтық.
– Жақында әлеуметтік желі бетінен «жұмысыннан айрылып қалмас үшін шариғаттың бір тұсында пара беруге рұқсат етілген» деген видео-уағыз көрініс тапты. Сіз бұған қатысты қандай уәж айтасыз?
– Шариғат бойынша, істеп жүрген қызметінен айрылып қалмас үшін басшына пара беруге болады деген ұйғарым жоқ. Бұл сөз елді адастыруға бағытталған деп нақты айта аламын. Ешбір басшының «креслода» қанша уақытқа дейін отыратынын адамзат баласы білмейді. Сондықтан біз үшін ризық Алланың құзыретінде екенін ескеруіміз қажет.
– Сонда адамның түсінігі мен ақыл-парасатына кері әсер етіп жүрген араңдатушыларға қалайша тоқтам жасаймыз?
– Жалпы мына әлеуметтік желіге кім болса да шығып, өзінің ойын айтуға құқылы. Осыны араңдатушылар жақсы біледі. Сондықтан да бұлар басына тақиясын киіп алып, әдейі имам кейпіне енеді. Ендеше, осылар айтты екен деп, сөздеріне илануға әбден болмайды. Суды да бұлақтың таза жерінен ішетініміз сияқты, діни уағыз айтушының да кім екенін әбден анықтауымыз шарт. Әйтпесе, діни сауаты кемшін адам мықтап адасады.
– Жекелеген адам жұмысында өзіне тапсырылған міндеттерді толық орындамай тұрып, намаз оқитынын алға тартады да, жұмыс орнын тастап кетеді. Оның бұл әрекетіне әріптестері ренішін білдіріп жатады. Жалпы намаз оқудың ережесі қандай?
– Адам баласы намаз оқуды өзінің ерікті шешімімен қабылдайды. Алайда, жұмыс орнындағы өзіне жүктелген тапсырмаларды толық орындамай тұрып, жұмысын тастап, жұма намазға барамын деуі әбестік болып саналады. Бұл талапты былайғы жұмыс күндері де қатаң есте сақтауы қажет. Сол үшін намазды өзінің бос уақытында оқуы құпталады.
– Адам дүниеден өткенде, ол Алланың берген жасын жасады дейміз. Ал негізінде біз құдіретті күш иесінің адамзатқа «сақтансан сақтаймын» дегенін ұмытпауымыз қажет. Бұған қатысты Сіздің пікіріңіз қандай?
– Рас айтасыз, ешбір адам баласы өзінің қанша жасқа дейін өмір сүретінін анық білмейді ғой. Осы себептен біз өзіміз сақтана білуіміз керек. Өз-өзінді күтінбесеңіз, денсаулығыңызға мән бермесеңіз оған Алланың қатысы қанша?! Бастысы, өз тағдырың өз қолында дегенді баса айтқым келеді.
– Сауалдарымызға нақты жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіремін.
Сұхбаттасқан Әмірхан Алмағанбетов
Abai.kz