Сенбі, 5 Қыркүйек 2026
Алашорда 232 0 пікір 5 Қыркүйек, 2026 сағат 16:54

Ұстазын ұлықтамаған ұлт ұтылады!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қала көшелері мен алаңдарында бой көтерген ескерткіштер – халықтың тарихи зердесін айқындайтын, өткеннің өнегесін бүгінмен жалғайтын және келер ұрпаққа рухани бағдар беретін мәдени құндылық. Әрбір ескерткіш белгілі бір дәуірдің тынысын, ел тағдырында із қалдырған оқиғалар мен тұлғалардың маңызын өз бойына жинақтайды. Сол арқылы олар уақыт шекарасынан асып, қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналады. Ескерткіштер ұлттың кім екенін, нені қастерлейтінін, қандай құндылықтарды болашаққа аманат ететінін танытатын тарихи таңба қызметін де атқарады.

Тарих беттеріне зер салсақ, ескерткіштер қашанда ел өміріндегі маңызды оқиғаларды, ұлы жетістіктерді және халық жадында сақталуға тиіс көрнекті тұлғаларды ұлықтау мақсатында орнатылған. Олар – өткеннің үнсіз шежіресі, халықтың рухани тамыры мен тарихи сабақтастығын сақтайтын белгі. Осындай мұралар арқылы қоғам өз тарихымен байланысын үзбей, ұлттық болмысын тереңірек сезінеді. Сонымен қатар ескерткіштер қоғамдық сананы қалыптастыруда да ерекше рөл атқарады. Олар белгілі бір кеңістікті тарихи мағынамен толықтырып, адамдарды ортақ жады мен ортақ құндылық төңірегінде тоғыстырады. Сондықтан ескерткіш орнату – халықтың өз тарихына, ұлы тұлғаларына және рухани мұрасына деген құрметінің көрінісі.

Әлем кеңістігіне көз жүгіртсек, әрбір мемлекет өз тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғаларын ұлықтауға ерекше мән береді. Халқының тағдырына ықпал еткен қайраткерлерге арналған еңселі ескерткіштер елдің әр өңірінде бой көтеріп, олардың тарихи орнын айшықтап тұрады. Бұл – белгілі бір халықтың өз рухани көшбасшыларына деген құрметінің, ұлттық санасының кемелдігінің көрінісі. Көптеген елдерде мемлекет тағдырын өзгерткен тұлғалардың есімі сәулет кеңістігін жайлап тұр. Мәселен, Ресейде І Петрге, Түркияда Мұстафа Кемал Ататүрікке, Үндістанда Махатма Гандиге арналған сансыз ескерткіштер олардың ел тарихындағы рөлін танытады. Ресей халқы үшін І Петр – ел тарихындағы аса маңызды бетбұрыстардың бастауында тұрған, мемлекеттің саяси құрылымын жаңғыртып, оның халықаралық беделін күшейткен көрнекті реформатор. Ол – Ресейдің әскери қуатын арттырып, жаңа басқару жүйесін қалыптастырып, мемлекеттің дамуына кең жол ашқан тұлға. Осы тарихи құрметтің белгісі ретінде Ресейдің өзінде І Петрге арналған оннан астам ескерткіш бой көтерген. Санкт-Петербургтегі әйгілі ескерткішінен бастап, өзге аймақтардағы мүсіндерге дейін І Петрдің бейнесі Ресейдің тарихи кеңістігінде кеңінен көрініс тапқан. Бұл монументтер оның мемлекет алдындағы еңбегін дәріптеп қана тұрған жоқ, тарихи тұлғасын қоғамдық санада берік орнықтыруға да қызмет етеді. Бұл – халықтың өз мемлекетін жаңа деңгейге көтерген қайраткерге деген айрықша құрметінің айғағы. Яғни, ел тағдырына зор ықпал еткен тұлғаны ұлықтау мақсатында Ресей оның есімін тек тарих беттерінде ғана емес, сәулет пен мәдениет кеңістігінде де жан-жақты дәріптеп отыр.

Өзге халықтар өз мемлекетінің тағдырын айқындаған ұлы тұлғаларын тарихи санасының төріне шығарып, олардың есімін кең көлемде ұлықтап жатса, қазақ халқы үшін мұндай биік мәртебеге әбден лайық тұлға –  Ақымет Байтұрсынұлы. Ұлт руханиятының шамшырағына айналған Ақаңның тарихи болмысын бір ғана қырымен бағалау мүмкін емес. Оның тұлғалық деңгейі туралы жазушы және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Ақымет Байтұрсынұлы – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Йассауи, Қорқыт, Асанқайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас. Бірақ, Ақымет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді. Ұқсамайтыны: Ақымет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен Йассауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. (Ақаң тек ағартушылықпен шектелмеді де.) Оның үстіне, Бұлардың ешқайсысын да Ақымет Байтұрсынұлының рухани қалыптасуына тікелей әсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі Фараби мен Йассауидің заты түгілі, атына қанық емес еді» деген болатын.

Иә, Ақаң тек ағартушы емес. Әліпби түзді, онысы мәңгілік жарамды болып тұр. Әліппе жазды, онысын 110 жылдан соң қайта қолданбақшы болып жатырмыз, бірақ түсіне алмай жатырмыз. Термин жасаудағы, сырттан сөз алудағы ұстанымдары бүгін де өзекті. Жасаған пән сөздерін қолданып келеміз, қолдана да береміз. Ғалым реформатор, ұлт азаттық қозғалыстың көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері. Ақымет Байтұрсынұлы – сегіз қырлы емес, сексен қырлы тұлға.

  • Өнер адамы (ақын, аудармашы, күйші, әнші);
  • Салауатты өмір салтын ұстанушы;
  • Қазақтың білім беру жүйесін құрушы;
  • Білім мазмұнын қалыптастырушы;
  • Нені кімге қалай оқытуды білетін әдіскер;
  • Қазақ ғылымының (тіл білімі, әдебиеттану) негізін салған ғалым;
  • Алғаш ұлттық әліпби мен емле жасаушы реформатор;
  • Мемлекет қайраткері (Халық ағарту комиссары, Академиялық орталықты құрушы);
  • Мәдениеттанушы («Мәдениет тарихы» деген зерттеу кітабының авторы)
  • Сыншы (әдебиет және өнер туындыларына баға беріп, пікір жазған);
  • Баспа ісін ұйымдастырушы («Қазақ» газетін құрып, таралымын 8 мың данаға жеткізген);
  • Көсемсөзші (журналист) (Алғашқы ұлттық газеттің бас редакторы);
  • Халық мұрасын жинақтаушы («Ерсайын» жыры, «23 жоқтау», қазақтың әні мен күйін жинауға мұрындық болған);
  • Алашорда үкіметін құрушы (Алаш партиясының бағдарламасын жазған);
  • Қазақ радиосын құрушылардың бірі және т.б.

Ұлт ұстазының осындай мол мұрасы оның есімін ұлықтау керектігін дәлелдейді. Әлем елдері өз реформаторларын ондаған ескерткішпен дәріптеп отырған кезде, Ақыметтей алыптың насихатының кемшін түсуі түсініксіз. Иә, бүгінде Ақымет Байтұрсынұлына арналған ескерткіштер еліміздің бірнеше өңірінде бар. Ұлт ұстазының тарихи тұлғасына тағзым ретінде орнатылған мұндай нысандар Қазақстанмен ғана шектелмей, шетел кеңістігінде де көрініс тапқан. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Ақымет Байтұрсынұлы музей-үйі жанында 2022 жылы орнатылған ескерткіш, Қостанай қаласында 2000 жылы ашылған университет алдындағы монумент, сондай-ақ Түркия астанасы Анкарадағы ескерткіш – соның айқын дәлелі. Бұл, сөзсіз, Ақаң мұрасының халықаралық деңгейде де мойындалғанын аңғартады.

Алайда мәселе ескерткіштің бар-жоғында ғана емес, оның саны мен орналасу ауқымының ұлт алдындағы тарихи еңбекпен қаншалықты сәйкес келетінінде. Ақымет Байтұрсынұлы – қазақтың жазуын түзеген, тіл ғылымының негізін қалаған, ұлттық баспасөзді ұйымдастырған, елдік сананы оятқан бірегей тұлға. Ақаңның айтқандарының барлығы бүгінгіге де ұстаным бола алады. Әлемдік тәжірибеде ұлт тағдырын өзгерткен тарихи көшбасшылардың есімі ең ірі қалаларда, орталық алаңдарда, мемлекеттік маңызы бар орындарда кеңінен ұлықталады. Ал Ақымет Байтұрсынұлы сынды ұлт ұстазының ескерткіштері де қазақ елінің тарихи-мәдени кеңістігінде әлдеқайда кең әрі лайықты деңгейде көрініс табуға тиіс. Бұл – болашақ ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Әсіресе, Ақымет Байтұрсынұлының өмір жолы мен ағартушылық қызметіне тікелей қатысты тарихи орындарға ескерткіш орнату аса маңызды. Мәселен, Алматыдағы қазіргі Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – Ақаңның ұстаздық қызметімен, ағарту саласындағы еңбегімен сабақтас кеңістік. Ол осы білім ордасында қазіргі педагогика және психология факультетінің ғимаратында дәріс оқып, қазақ жастарының білім көкжиегін кеңейтуге үлес қосты. Демек, дәл осындай тарихи әрі рухани маңызы бар орында Ақымет Байтұрсынұлына қатысты ескерткіштің болуы – заңды.

Оның үстіне, мұндай бастаманың негізсіз еместігін сол аумақтағы арнайы тақтайшаның орнатылуының өзі аңғартады. Яғни, бұл орынның Ақаң тұлғасымен байланысы мойындалған. Алайда соған қарамастан, түрлі деңгейдегі шешім қабылдаушылар тарапынан «Алматыда Ақыметке арналған ескерткіштер жеткілікті», «бір тұлғаға үшінші ескерткіш артық» деген сыңайдағы уәждерін естідік. Ұлт ұстазының ел тарихындағы орнына сандық өлшеммен қарау қаншалықты орынды? Мәселе ескерткіштің саны емес, оның тарихи орны мен тәрбиелік маңызында емес пе? Егер белгілі бір кеңістік Ақымет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне тікелей қатысты болса, онда сол жерде ескерткіш орнату тарихи сабақтастықтың нақты белгісі болар еді. Ұлт ұстазына қатысты мұндай мәселеде тар ауқымды есептен гөрі, ұлттық сана мен тарихи тағзым биігінен қарау әлдеқайда маңызды.

Мұндай мәселеге әлемдік тарихи қалалардың тәжірибесі тұрғысынан қарап көрелік. Мәселен, Санкт-Петербург секілді терең тарихымен ерекшеленетін қалаларда ұлтқа, мемлекетке қызмет еткен тұлғалардың ізі тек мұражайлар мен архивтерде ғана сақталмайды. Қаланың әр көшесінде, әр алаңында, белгілі бір ғимараттың маңында «мұнда пәлен тұлға тұрған», «осы жерде еңбек еткен», «осында маңызды тарихи оқиға өткен» деген мазмұндағы ескерткіш тақталар, белгілер мен монументтер орнатылған. Саяхатшыларға соның бәрін кереметтей ғып баяндап тұрғанда тұлғаға табынушылар әлгі жансыз заттарға құрметпен қарап, ерекше көңіл күйге түседі. Бұл – тарихи жадты күнделікті өмір кеңістігіне енгізудің, халыққа өз тарихын ұмыттырмаудың тиімді жолы. Яғни, тарихи тұлғаның ел өміріндегі орны қаншалықты маңызды болса, оның ізі қалған мекендердің де соншалықты дәріптелуі заңды құбылыс.

Онсыз да ұстаған заттары мен қолжазбалары жойылып, тұлданған Ақаңның табаны тиген табалдырықтың алдындағы орындықта отырған ескерткішін неге қойдырмаған, кім қойдырмаған? Ондай ескерткіш Алматыда Шәмшіге қойылған, керемет! Қырғызстан Ғылым Академиясының алдында Шыңғысқа (Айтматов) қойылған. Жарайсың, қырғыз елі! Ондай ескерткіш Алматыдағы көк базардың төменгі жағындағы жүргіншілер жолында А.С.Пушкинге қойылған. Қазақ үшін Пушкин кім? Ақаң кім? Пушкинге бір көшенің бойында екі ескерткіш орнатылған. Бірі – Ғылым Академиясының ғимараты жанында...

Егер Ақымет Байтұрсынұлы белгілі бір оқу орнында дәріс берсе, нақты бір ғимаратта қызмет етсе немесе ұлттық ағартушылыққа қатысты тарихи еңбек атқарса, сол орындардың барлығы ұлттық тарихтың бөлшегі ретінде қарастырылуы тиіс. Сондықтан ондай орындарда ескерткіш, мемориалдық тақта немесе тарихи белгі орнату – өркениетті елдерге тән тарихи сана мәдениеті. Ұлт ұстазының ізі қалған кеңістіктерді осылайша нақтылап, қоғамдық жадқа енгізу арқылы біз тұтас ұлттың рухани тарихын ұлықтаймыз.

Қорыта айтқанда, Ақымет Байтұрсынұлына ескерткіш орнату мәселесі – тас мүсін көбейту немесе қала кеңістігін толықтыру емес. Бұл – ұлттың өз тарихи санасына, рухани тамырына және болашағына деген көзқарасының өлшемі. Ақаң өзіне мәңгілік ескерткішті әлдеқашан жасап кеткен – ол қазақтың тілі, әліпбиі, ғылымы, ұлттық ойы, азаттық жолындағы рухы. Ақымет Байтұрсынұлының есімі халық жадында онсыз да өшпейді.

Ақаңды ұлықтау руханияттың, білімнің, ғылымның жолындағы ұстаған жолымыздың дұрыс-бұрыстығын бағамдап отыру үшін алдымен бізге керек. Ақаңның әр қырын терең зерттеуіміз керек. Бұған әр қайсымыз шамамыз келгенше үлес қосуымыз керек. Ақаңдай алыпқа Астана мен Алматы қалаларында Абайдың, Қаныштың, Кенесарының тіпті Петербордағы I Петрге, Моңғолиядағы Шыңғыс ханға қойылғандай алып ескерткіш керек. Орта білім жүйесіне Ақаң тану курстарын жаппай енгізу керек. Ақаңның ұстанымдарын жалпы Алаш жолын тұрақты түрде қарастырып, тұжырымдарын бүгінгі өмірге енгізетін үлкен ғылыми зерттеу институты (ҒЗИ) ашылуы керек.

Ақаңнан бұрын да Ақаңмен қатар да, кейін де, тәуелсіздік кездің өзінде де бірнеше әліппе шығыпты. Біреуі де Ақаңның әліппесіне татымайды. Ақаңның әліппесі қолдануға бүгін де жарамды. Озық құрал, теңдессіз әліппе тұрғанда қайта-қайта жүрмейтін белесебет жасап ақымақ болып жүріппіз. Ақаңның әліппесін қолданысқа қайта әкелуіміз керек.

Қайталап айтамын, ескерткіш Ақаң үшін емес, біз үшін қажет. Олар – біздің кімге тағзым ететінімізді, қандай құндылықтарды қадірлейтінімізді, ұлт ретінде кімнің алдында қарыздар екенімізді ұмыттырмайтын рухани бағдар. Бізге Ақымет Байтұрсынұлының тас мүсінінен бұрын, оның идеясы, қайраты, ұлт үшін жанкешті қызметі үлгі үшін қажет. Бірақ сол ұлы мұратты келер ұрпақтың санасына сіңіру үшін оның ізі қалған жерлерін сөйлету, тарихи кеңістікті танымға айналдыру маңызды.

Сондықтан мәселе «Ақаңға тағы бір ескерткіш керек пе?» деп оны қойдырмаған шенеунік ойының тар құрсауында емес, «Ақымет Байтұрсынұлын қаншалықты терең тануымыз керек, оның мұрасын қаншалықты биік деңгейде ұстана аламыз?» деген деңгейде шешілуі керек. Себебі Ақымет Байтұрсынұлы тас мүсінге мұқтаж емес. Керісінше, Ақаңдай ұлт ұстазын ұмытпауға, оның рухымен рухтануға, елдік санамызды бекемдеуге мұқтаж – біз.

Динара Мейрамбекқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 901
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2333
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 606
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 586