Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
Билік 3457 2 пікір 21 Мамыр, 2024 сағат 18:05

Қытай тұжырымдамасы: «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығы»

Сурет: aikyn.kz

Қазақ-қытай қатынастары мен ынтымақтастығы контекстіндегі адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығы.

«Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығы» тұжырымдамасын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин елдер арасындағы бейбітшілікке, дамуға және ынтымақтастыққа бағытталған жаһандық бастама ретінде ұсынды. Бұл жерде Қытайдың көрші елдермен қарым-қатынастағы «ізгі ниет, шынайылық, өзара тиімділік және инклюзивтілік» дипломатиялық тұжырымдамасын атап өткен жөн. Бұл Қытайдың өзара сыйластық, ашықтық және ынтымақтастық негізінде көршілес мемлекеттермен оң, өзара тиімді және ұзақ мерзімді қатынастарды дамытуға деген ұмтылысын білдіреді. Қазақ-қытай қатынастары контекстінде бұл тұжырымдама екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті және олардың өңірлік тұрақтылық пен өркендеуді нығайту жөніндегі бірлескен күш-жігерін көрсетеді. «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығы» тұжырымдамасы барлық елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, бірлескен өркендеуге, мәдени алмасуға және ғылыми және технологиялық мүмкіндіктерді бірлесіп дамытуға бағытталған экономикалық ынтымақтастық сияқты бірнеше негізгі элементтерді қамтиды. Қазақстан бұл тұжырымдамада ШЫҰ аясындағы көпжақты күш-жігер арқылы өңірлік қауіпсіздікті нығайту мүмкіндігін, «Белдеу және жол» бастамасына қатысу арқылы экономикалық дамуды және өзара түсіністік пен құрметке ықпал ететін білім беру бағдарламалары мен мәдени жобалар арқылы мәдени алмасуды көздейді.

Айта кету керек, Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығының ұзақ тарихы бар. Соның айқын дәлелі - қазіргі Қазақстан аумағы арқылы өтетін сауда маршруттары арқылы Шығыс және Батыс өркениеттерін байланыстыратын Ұлы Жібек жолы дәуірі болды. Бұл жол ғасырлар бойғы ынтымақтастықтың негізін қалап берді десе болады. 1991 жылы КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін екі ел арасындағы қатынастар жаңа кезеңге өтті. Тәуелсіз Қазақстан өзінің сыртқы саяси қатынастарын белсенді түрде құра бастады, ал Қытай оның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Дипломатиялық қатынастар ресми түрде 1992 жылдың қаңтарында құрылды, бұл екіжақты ынтымақтастықтың жаңа дәуірін бастады. Одан кейін 2002 жылы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою маңызды кезең болды. Бұл келісім саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ қауіпсіздік пен мәдени алмасу саласындағы бірлескен бастамаларға негіз болды. Қазақстанның жаңа сауда бағыттарын құруға және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған «Белдеу және жол» бастамасына қатысуы тарихи қадам болды. Мысалы, «Белдеу және жол» бастамасы аясында Қытай мен Қазақстан өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласында бірлескен жұмыс жүргізіп, жалпы құны 21,2 млрд доллардан асатын 52 жобаны іске асырды. Бұл жобалар екі елдің экономикасының дамуына ықпал етіп қана қоймай, олардың өзара серіктестігін нығайта түсті. Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға сапары барысында қол қойылған 2023 жылғы 10 қарашада күшіне енген Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық режимді жою туралы келісім екі ел арасындағы туризмді, экономиканы және білім беруді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Осылайша, «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығы» тұжырымдамасы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыру аймақтағы орнықты даму мен қауіпсіздік үшін жаңа перспективалар ашады. Осы тұжырымдаманы қолдау және оған қатысу Қазақстанға жаһандық процестерге тиімді кірігуге және өзінің ұлттық мүдделерін ілгерілетуге мүмкіндік береді. Ынтымақтастықты одан әрі тереңдету екі елдің ғана емес, бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен өркендеуіне ықпал етіп, халықаралық әріптестік пен бейбітшілікті нығайтатынына сенім мол.

Қазбек Майгелдинов,

«Қытайды зерттеушілер қауымдастығы» ҚҚ-ның төрағасы, саясаттанушы

Abai.kz

2 пікір