Сейсенбі, 7 Қазан 2025
Білгенге маржан 198 0 пікір 7 Қазан, 2025 сағат 13:08

«Шипагерлік баянның» күмәнді тұстары...

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Сырлы сандық немесе «Шипагерлік баянның» күмәнді тұстары

Әз Жәнібек ханның тапсыруы бойынша жазылып, артқы ұрпаққа асыл мұра болып қалған аса ірі ғылымнамалық еңбек – «Шипагерлік баян» құпиясы көп сырлы сандыққа ұқсайды. Оны оқи отырып еріксізден ой шүңетіне батасыз. Ұшы-қиыры жоқ қалың орманға кіріп қалғандай күй кешесіз. Ол қамтыған мол мазмұн кімді болса да таңғалдырмай, мойындатпай қоймайды. Мұнан 550 жыл бұрын ұлтымыздың осындай білгір, осындай жазғыш ұл туғанына мақтанбай тұра алмайсың. Осыншама ұзақ ғасырларды көктей өтіп бүгінгі күнге жеткеніне тәубе дейсің.

550 жыл. Бұл аз уақыт па? Содан бері талай тау мүжіліп, талай жартасты жауын шайып, жел қағып, далалар жыртылып өңінен айырылды. Халқымыз «Балапан басына, тұрымтай тұсына» күндерінен қаншасын бастан кешірді. Бірақ, ақыры қайырлы болды. Үштен екісін заманалар желі қағып, жауыны шайса да, қалғаны мақтанарлық ұрпағының қолына жетті.

1994 жылы ұлы бабамыз Өтекеңнің ұлы шығармасы жарық дүниеге шықты. «Байырғы мәдениет көгінен жарқ еткен бір шұғыла» (ғалым Әзімқан Тышанұлының мақаласы) болып көрінді ол. Жарықтық ұлдары мен қыздары «Шұғыла көрдік» деп әлемге қуана жар салды. Мұны естіген қазақ баласы бөркін аспанға атып, қуанышқа бөленді. Кітапты оқысымен жазылған мақалалар, сәл әсірелеп айтсақ, қарша борады. Қазір санап көрсек, мұндай мақаланың саны 50-ге таяған екен.

1996 жылы Қазақстанның «Жалын» баспасы көшіріп, жеке том етіп шығарды. Осыдан бастап Қазақстанның медицина ғалымдары мен қоғамдық ғалым мамандары да зерттеуге кірісті. Бұған мұрындық болған Қазақстан ғалымы, медицина ғылымының докторы, профессор Әділман Нұрмұхамбетов мырза болды. Ол кісі 2000 жылы «Көненің көзі, дананың сөзі» атты кітап жазып, басқа да қазақ ғалымдарының мақалаларымен қоса, сол жинақты ғұлама ғалым Өтекеңе арнады.

Елдің іші-сыртындағы оқымысты авторлардың барлығы бірдей: «Шипагерлік баян – ірі ғылымнамалық еңбек, оның мазмұны, тілі, жазылу стилі, ондағы тарихи деректер бүкілдей көне мұра екенін танытады. Ондағы баяндалған медициналық назариялық білімдер мен тәжірибелер бұл шығарманың теңдессіз ұлы шығарма екенін, әсіресе, көптеген тәжірибелер әлем медицинасының тұңғышы екенін көрсетеді» деп тұрақтандырды.

Құрметті ақсақалымыз Жанәбіл бұл кітапқа:

«Мәдениет тарихымыздағы қасиетті қазына, асыл кітап, сан ғасырды артқа тастап заманымызға келіп жеткен тұлғалы туынды»,- деп қуана құттықтап арнау сөз жазды. Қазақстанға еңбегі сіңген қоғам қайраткері, әйгілі әдебиет ғалымы Мырзатай Жолдасбекұлы «Сөнбейтін шырақ, қанбайтын бұлақ» атты мақала жариялап: «Шипагерлік баян – әлем тудырған ғажайыптардың қатарынан орын алатын, қазақ халқының даңқын арттыратын, теңдесі жоқ ғылымнама, қазақ даналығының өлшеусіз биігі»,- деп кітапқа аса жоғары баға берді. Кітапты көшіріп басқан «Жалын» баспасы кітапқа арнаған кіріссөзінде баспаның бұл кітапты басып-тарату қуанышы ХVIII ғасыр мұрасы саналатын «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітапты басып тарату кезіндегі қуанышынан кем түспейтінін айта келіп:

«ХV ғасыр туындысы – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың «Шипагерлік баян» атты шығармасы біздің ойымызша, ұлттық санамызға, тарихымыз бен тұрмысымызға талай-талай үлес қосуға тиіс. Халқымыздың жазуы да, әдебиеті мен мәдениеті де арыдан басталатындығын дәлелдей түсетін мұндай тарихи куәліктің табылуы біз үшін баға жетпес қуаныш»,- деп жазды.

Сонда да ел емеспіз бе, оның үстіне қазақпыз ғой, жарқ еткен жаңалықты сан-саққа жүгіртетін әдетіміз бойынша біраз адамдардың «Шипагерлік баянға» күдікпен қарағанын жасыруға болмайды. Біреулер: «Шын көне мұра болса, сонша заманнан бері жария болмай қайда жатқан?» десе, шетелдік біреулердің: «Бұл – әлдекімдердің белгілі мақсатпен құрастырған дүниесі, бұл ұлы жүзде не деген көп көне кітап?! Дулати, Жалайырилар бар еді, онан соң «Түп-тұқияннан өзіме шейін», енді «Шипагерлік баян», - деп, біразы руға, жүзге тартып қызыңқырағаны мәлім. Неге бүйтетінін өздері білетін шығар. Бірақ, иісі қазақ баласы ертеден қасиеттеп келе жатқан «ортақтардың» ішіндегі ең ұлағаттысының бірі – «Ғалымның хаты».

Осы ортақты ойлап, керуенімізді ары соза берейік. Оларға артықша жауап жазып, артық тартыс тудырудың мәні аз. Бұл баяғы «Қазақтың хандық дәуірдегі он алып жырауының неліктен алтауы кіші жүзден, төртеуі неліктен орта жүзден шығады? Абай неліктен орта жүзден шығады?...» деген сияқты ақымақшылық әңгіме. Бұған ел іші-сыртындағы бірсыпыра мамандар дұрыс жауап берді деп ойлаймын. Оған қосыңқырайтынымыз, ежелгі үйсін Жібек жолының ең бір шұрайлы, отты, суатты орталығына орналасқан, оларға шығыста қытайдың, батыста араб, парсы сықылды ерте мәдениетті елдердің әсері сіңген. Сондықтан, соларға еліктеп, не болмаса өз білім қабілетіне, ұжданына сүйеніп жазған шығар мұндай кітаптарды. Тарих осылай, даму осылай болған соң оған не шара?!

Еліміздің іші-сыртындағы бірсыпыра авторлар «Шипагерлік баянның» тілі, арғы-бергі заманаларда өткен тарихи адамдар, Өтекең бастан кешкен оқиғалардың жылдары, «тектелгі» жайындағы күмәнді тұстарды ғылыми позициямен ортаға салды. Кейбір мамандар бұл жөніндегі ойларын айтып, талдау жүргізді. Бұл мақала авторы да осы жайлы сөз қозғауды лайық табады.

«Баянның» тілі жөнінде

Тіл дегеніміз – тұтас адамзаттың неше мың жылдарға созылған сәтті-сәтсіз сапарының ең бірінші, ең ұлы жемісі. Тіл дегеніміз – бір ұлттың тек өзіне ғана тән төл қасиеті. Тарих бізге тілдің адамзат тарихында пайда болып, дамитындығын, даму барысында кейде өзара әсер етісіп, біртұтастыққа бет алса, кейде дараланып, өзіндік ерекшеліктерін толықтырып, байи түсетіндігін дәлелдеп берді. Алайда, тілдің біртұтастыққа немесе даралануға қарай дамуы қоғамның дамуынан баяу болады. Қайткенмен де, бір ұлттың тұрақтанған байырғы тілі сол ұлттың болашақ ұрпағына түсініксіз тілге айналу үшін мыңдаған жылдар кетуі мүмкін. Бір бөлім адамдардың осы тұрғыдан: «Баянның» тілі – түсініксіз тіл, айналасы 500 жылда мұншалықты тез өзгеріске ұшырауы ақылға қона қоймайды» деуі орынды көрінеді. Енді бір бөлім адамдар: «Баян» тілі – орда тілі» десті. Тіпті, «ежік, тергеу тілі» дегендер де болды. Үшінші көзқарастағылар: «Баян» тілі – қазақтың байырғы тілі, оны қазіргі ғылым саласында, әсіресе медицина сияқты пән салаларында қолдану керек» десті. Біз мұның анық-қанығына көз жеткізу үшін алдымен кейбір тарихи жазбаларды көзден кешіріп, одан соң оны «Баян» тілімен салыстырып көрейік.

1) VІ-VІІІ ғасырлардағы түркі қағаны кезінде қолданылған Орхон-Енисей жазуы – түркі тілдес халықтар ең ерте қолданған жазу. Осы жазумен жазылған «Күлтегін» құлыптасында:

«Елліг бұдұн ертім, елім емті қаны?!

Қағанлых бұдұн ертім, қағаным емті қаны?!» деген жолдар бар. Мұндағы «бұдұн» – «халық», «ертім» – «едім», «емті» – «енді» деген сөздер. Осы бойынша оқып көрсеңіз:

«Елді халық едім, елім енді қане?!

Қағанды халық едім, қағаным енді қане?!»- болып шығады да, мұны қандай қазақ та түсіне алады. Бұл жазу тасқа ойылып жазылғанына 14-15 ғасыр шамасы болды.

2) Енді ХІІІ ғасырдағы бір жазбаны оқып көрейік. Мұндағы мазмұн қазақтың «Ақсақ құлан» аңызында айтылатын Жошының өлімін әкесі Шыңғыс ханға естіртетін әңгіме. Естіртуші – қазақтың ХІІІ ғасырда өткен белгілі күйші, домбырашы, ұлы жырауы Кербұға (кей аңыздарда Кетбұға). Шыңғыс хан бірде: «Кімде-кім Жошының өлімін естіртсе, соның аузына қорғасын құямын!» - деген екен. Айтқаны келіп, күндердің бір күнінде аңға шыққан Жошы құлан қуып жүріп, жығылып қайтыс болады. Кім естіртеді? Естіртсе, Шыңғыстың не қылатыны белгілі. Бәрі қорқады. Сонда жарықтық Кербұға шығады ғой ортаға. Естіртеді, бірақ аңыздың варианттарында бұл екі түрлі айтылады. Біреулер «Ақсақ құлан» күйін шертіп естіртіпті. Кербұғаға тиісудің амалын таба алмаған Шыңғыс хан қорғасынды домбыраның тесігіне құйып, Кербұға құтылыпты» десе, енді бір аңызда жырмен естіртіпті. «Кербұға шеберлік істетіп, Жошының өлгенін Шыңғыстың өзіне айтқызыпты. Кербұғаға тиісудің амалын таба алмаған Шыңғыс бүкіл даладан ор қаздырып, құландарды қан жоса ғып қырыпты» дейді. Біздің келтіргелі отырғанымыз – Кербұға мен Шыңғыс айтатын осы жыр. Бұл жырды ХІІІ ғасырда қағаз бетіне түсірген араб тарихшысы Ибн Әл-Әсір деген кісі екен. Әрине, жазудың таңбаларында, тілінде қазіргіге ұқсамайтын біраз өзгешелік бар. Бірақ түсінікті естіледі.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Біз бұл мәтінді жазу тұрғысынан емес, тіл тұрғысынан салыстыру үшін алып отырмыз. Сондықтан қазіргі емлемізге салып, мәтінде қалай айтылса, солай келтіріп көрейік:

- Теңіз баштын былғанды, кім тұндұрар, әй, ханым,

Терек түптін жығылды, кім тұрғызар, әй, ханым?!

- Теңіз баштын былғанса, тұнұрар ұлым Жошы дүр,

Терек түптін жығылса, тұрғұзар ұлым Жошы дүр.

Күзүң иашын жүгүртер, көңлүң толды болғай ма,

Жырың көңіл өкүртер, Жошы өлді болғай ма?

- Сөйлемекке еркім иоқ, сен сөйледің, әй, ханым,

Өз иарлығың өзіңе жауап, ой ойладың, әй, ханым!

- Құлұн алған құландай, құлұномдан айырылдым.

Айрылышқан аңқаудай, ер ұлымнан айрылдым.

Араға 7 ғасыр ұзақ уақытты салса да, бұл жырды қандай қазақ болса да қапысыз түсіне алады.

ХV ғасырда Өтекеңнің өзімен бірге Жәнібек хан ордасында ақылшы әрі жырау болған Асан қайғының жырларынан да үзінді келтіруге болар еді. Бірақ, бұл жырлар ауыздан-ауызға таралып келгендіктен, кейбір өзгерістерге ұшыраған болуы мүмкін деп оған тоқталмадық. Оның орнына 1745 жылы кіші жүз ханы Нұралы ханның баласы Абылай сұлтанның Сібір губернаторы Сухаревке жазған хатынан біраз үзінді келтірейік:

«Ғиззатлу хұрматлу уә мұруатлу дәулатлұ уә шаукатлу уә барша рахмлы ұлұғ патшаһ хазретларының господин[1] Алексей Михаилю Сукров ианар алға. Мен Абылай сұлтандын көпдін көп дұғай салем. Біз мұнда есен-аман тұрамыз. Сіз анда аман-есен болыңыз. Сөзіміз өлдұр[2]  мұнда падшаһ иұртына қаршылық қылып иатқан бір пара үйсін деген халық бар. Иоғары қалмақ бірла қазақ арасында, патша иұртыға қаршылық қылып иатқандын іш пайда тапмадұқ. Мұнда қазақ иұртына аралай алмадұқ. Анда орыс иұртына аралай алмадұқ. Ескі қылған иазықларымызға иаңа тәуба қылдұқ. Патшаға баш саламыз[3] теділар...» (Б. Әбілқасымұлы. «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тілінің жазба нұсқалары». «Алматы», «Ғылым» баспасы). Мінеки, көріп өткен үш үзіндінің (үшеуі де жазба нұсқа) қай-қайсысын болса да түсінуімізге болады.

[1] Господин – құрметті, мәртебелі.

[2] өлдұр – сол, мынау.

[3] Баш саламыз – «бас иеміз, бағынамыз» деген сөз.

Бұл арада соны ескертіп қоюымыз керек. Біз бұл бірнеше үзіндіні «Баян» тілімен түсіну жағынан ғана салыстыруды мақсат еттік. Әрине, лексикалық, фонетикалық, не болмаса морфологиялық жақтан салыстырып зерттеу тіл мамандарының қасиетті міндеті деп білеміз.

Ендігі үзіндіні «Баяннан» келтірейік:

«Мен оразды, жиырлы жан екем, олайы хан қасиат жарлығы түсіргі. Жарлық бойынша атайы жазылмыш «Шипагерлік баян» қазына асмар...». Мұның аудармасы: «Мен бақытты да бағы жанған жан екенмін. Өйткені, хан жарлық түсіріп, «Шипагерлік баянын» жазып қазынаға тапсыруды бұйырды».

Егер «Баяннан» берілген үзіндіні аудармасымен қосып оқымағанда, шынында, түсіну қиын болар еді. Келтірілген басқа үзінділерді қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда бірсыпыра алшақ екені хақ. Әсіресе, арада 13-14 ғасыр өткендіктен, Орхон жазбаларының тілін түсіну едәуір қиынға түседі. Бірақ, салыстырмалы түрде айтқанда, ол бізге «Баян» тілінен гөрі ұғынуға жеңіліректеу көрінеді.

Олай болса, «Баян» тілі қазақ тілі болмағаны ма? Ұғымға неліктен ауыр келеді? Төңірегі түгел түркі тілімен оралған, өзі де түркі тілдес бола тұра, қазақ тілі неліктен осы кезде өзгеше болып қалады? Бұған бірден жауап беру асығыстық болатын шығар. Алдымен «Баян» тілінің сөздік құрамын азырақ шолып көрейік. Әрине, бұл тұтас кітап тілін өз ішіне алмайды. Үлгі алып тексеріп көру көз аямызды аз да болса кеңітуі, тіл мамандарының тексеріп-зерттеуіне аз да болса ой салып қалуы ғажап емес. Әрине, автордың Топайға тапсырған нұсқасы бізге жеткен жоқ. Қазіргі басылғаны көшірме, оның үстіне 7 рет көшірілген. Көшірілген сайын көшірушілер белгілі мөлшерде сол көшірілген дәуірдегі қазақ тіліне аз да болса бейімдеген болуы мүмкін. Бірақ, сонда да кітап тілі әуелгі нұсқасын мол сақтап қалған.

Бұған кітап соңына берілген 1300-ге таяу атау сөз дәлел болады. Бұл сөздердің 1000-ға таяуы қазақ сөзі не қазақ сөзінің түбірінен өрбіген туынды сөз, кейбірі біріккен сөз, тағы біреулері ұялас сөздердің (синонимдік қатардың) сыңарлары. Ал, араб-парсы сөзі 60-тай ғана, қазақстандық кейбір әріптестеріміз «снайпер» деген сөзді іліп алып, біраз әңгіме шығарған секілді. Осыны қосқанда шет тілі 61 болуы мүмкін.

«Куәсіз сөздің бәрі өтірік» деген сөз бар. Сондықтан, куәгерді ортаға «тартып шығарайық». Біз бұл арада түбір сөзді қозғамаймыз. Ол айтпасақ та түбір сөз. Одан басқасына аз тоқтап өтейік.

1. Қазақ тілінен түрлендіріп өрбіткен сөздер: еңгездеуліктей (еңгезердей), ұстауламақ (ұстамды), кеккер (кекшіл), суыққайт (суқайт, суыққа шыдамасыз). Тіккеуік (ине), таратым (мұшық), қартайшақ (қартаю, қартайған шақ), сызына (сыз), көркеміне (көркеюіне), нығамар (етік), қарғыс (қарғау, қарғаушы), шоқталымдық (шоғырлану), туылғышылар (туысқандар), түйіндеме (түйін, қорытынды) т.б.

2. Біріккен сөздер:

Тілсорпалау (қайнату), өнегелік көрсетім (үлгі, өнеге), құйыл-төгіл (шүмек), сөйлемек жаздырғы (сөзбен алдаусырату), жармақақсама (жарым бас шағу), тіс еттеулік (тіс етінің ісінуі), термайланғы (майлы тері), шағым шекелік (жарым шеке шағу) бетсүрткі (орамал), т.б.

3. Араб-парсы сөздері:

Шипа (шипагер, шипашақ), михраж, бәйіт, дәрет, саһап, дәулет, жұп, мақұлұқат, Лауһұл Махфұз, несіп, ләм, замын, шапағат (кер), бибаға, уәжіп, пәрман, ризық, хаділ (әділ), мөһмін, заруат, т.б.

Снайпер (атқыш, мерген) – бұл ағылшын сөзі.

4. Бірсыпыра атаулар заттардың тұлғасына, жан-жануарлардың мінезіне, қимылына қарай қойылған секілді. Мысалы:

Тышқан – сумақы (мінез, қимыл);

Сиыр – маңғаз (мінез);

Қоян – секем (мінез, қимыл);

Жылан – сумаң (мінез, қимыл);

Ит – айтақ (мінез, қимыл);

Доңыз – қорысқы (мінез, қимыл);

Мысық – түккөрмес (мінез, қимыл);

Қарбыз – семіз көк (тұлғасы);

Бүйі – барбаң (қимылы), серек (қояншық, талма), борсаң (суыр), борбаң – бақа.

5. Бір бөлім сан есімдер санның өз атымен (бір, екі, он, жиырма, жүз, т.б.) айтылса, бір бөлімдері дененің мүшелерімен (ауыз, мұрын, көз, құлақ, қол, оң қол, сол қол деген сияқты) беріледі. Кейде тіпті санның аты болып келген дене мүшелері тантал (көз), мүңк (мұрын), қосқол (құлақ) деп теріс айналдырады. Кейде санның өз есімі мен дене мүшелік есімі қатар келіп отырады.

Заттың, құбылыстың, санның атауларының бұлай құбылып отыруының белгілі себептері болу керек. Әйтпесе, қазақ тілін қолдану жүйесінің мұнша тез өзгеруі мүмкін емес. Біздің ойымызша, ғұлама ғалым атамыз бұл атауларды әдейі жасаған деп ойлаймыз.

Мұның әу баста ханға арнаған нұсқасы ханға да, қараға да түсінікті тілмен жазылғандығында сөз жоқ. Біз жоғарыда Орхон жазуындағы көне түркі тілінен, ХІІІ ғасырдағы Кербұғаның сол кезде жазбаға түскен жырынан, ХVІІІ ғасырдағы Абылай сұлтанның орыс губернаторына жазған хатынан бұрынғы-соңғы сөздердің түбірінің ғана емес, жасалу заңының да ұғынуға болмайтын дәрежеде өзгермегенін көрдік. Бұл бір. Екіншіден, әуелгі ханға беру үшін жазылған нұсқада қара үзген шипагер бабамыз халықты, ұрпақты тәрбиелеу ниетін білдіріп, ханға:

«Алдажар хан, тақсыр! Сіздің қасиатлы құзырыңызда жазылып жатқан «Шипагерлік баянын» мархабатлы көзіңізбен көріп, құлағыңызбен естіп болғасын арнаулы ордаңыздан ұғындырғы (мектеп) ашып, ордаңыздағы гүлтекше (гүл өсіретін орын) үстінде өсіп тұрған гүлтегіндегі (гүл өсіретін ыдыс) гүлдей жеткіншіктерді өнерге баулып жеткізсеңіз, қарашаңыз менің ең зор арманым орындалған саналғылық болуын қабыл алғайсыз» (310-бет), - деп өтініш еткен.  Бүйтіп халықтық ағартуды ойлаған адамның шығарманы бөгде тілде немесе құпия тілде жазуы мүмкін емес. Алайда, Жәнібек ханның тұтқиылдан ажалға тап болуы оның күткен арманын желге ұшырып жібергендей болған. Үміті үзіліп, Жетісудағы ауылына қайтып келген соң өмір бойы жинаған асыл мүлкін өз ұрпағына қалдыру қарарына келген, әрі солар ғана пайдалану үшін кітап сөздерін құпиялап, жұмбақ сырлы етіп қайта жазған. Автордың: «күзейтінін күзеп, түзейтінін түзеп» дегені тек кітапты қайта өңдеу ғана емес, сонымен бірге тілін өзгертуді де көрсетсе керек.

Бірақ, тілі қанша өзгеріске ұшырағанымен, кітаптың ғылыми жүйесі бұзылмаған. Тіпті, құпияластырған тілдің өзі де кісіге жүйеге түскендей әсер етеді.

Кейбір мақала авторлары «Баянның» тілін» еже (ежік) тілі, тергеу (ат тергеу) тілі деп те жазды. Бұл қарасқа қосыла қою қиын сияқты. Өйткені, ежік жасалуы жағынан белгілі дауыссыз дыбыстарды өзек етуге келмейді. Біз кітап тілінен мұндай құбылысты көре алмаймыз. Ал, «тергеу» (ат тергеу) сөзінің басы Майқы биден бері жолға қойылғаны кітапта ашық жазылған әрі әйелдердің алты атадан аспаған жағдайда ата-бабаның, жалпы ерлердің атын атамауы, басқа ат қойып тергеуі қатаң тәртіп етіп белгіленген. Ал, Өтей бабамыздың бұл тәртіп шеңберіне кірмейтіндігі айдан анық. Өйткені, ол кісі еркек кісі.

Бұл екі сөздің – ежік пен тергеудің тұтас бір халыққа ортақ болардай жалпылық сипаты жоқ. Жалпылық сипаты болу-болмау тілдің тіл аталуының басты шарты.

Жалпы алғанда, «Баянның» тілі жөніндегі мәселе – күрделі мәселе. Мұны түркі, оның ішінде қазақ тілінің даму заңдылығы негізінде мұқият зерттеу керек болады. Біз қай-қашанда: «Сонау үйсіннен бері түркі тілінің қалыптасқан сөйлеу дәстүрі бойынша келіп, оның үстіне төңірегін қалың түркі тілдес халық қоршап тұрған жағдайда қазақтың ХV ғасырда сөйлеу дәстүрін бірден өзгертуі мүмкін бе?» деген сауалды есімізден шығармауға тиіспіз.

Автор өміріне және кітаптың жазылуына қатысты мәселелер

Бұл тақырыпшада айтылып отырған екі мәселе – егіз мәселе. Бұл мәселені бұлайша арнайы тақырыппен беріп отырудағы себеп – екеуінің де басталу, ақырласу уақыты анық емес. Мәселен, Өтекең бабамыз Жиренше шешеннің қолқалауымен Әз Жәнібек ханның хұзырында болып, көптеген сұрауларына жауап береді. Дәл осы жыл, осы ай, осы күн Әз Жәнібек хан бүкіл қараша бұқарасының және олардың ұрпақтарының мінсіз бітісті болуы үшін үш тармақты жарлық шығарады және Өтекеңе «Қара үзген шипагер» деген даңқты атақ береді. «Шипагерлік баянды» жазуға жарлық берген күні де сол жыл, сол ай, сол күн.

Өкінерлігі, хан жарлығының соңына «айғақ дәндеу 14» яғни, «мизам айының 14-і» деп жазылыпты да, жылының орнына көп нүкте қойылыпты. Егер осы көп нүктенің орнында жыл тұрған болса, онда автордың туылған уағын да, кітаптың жазыла бастаған уағын да ашық білуге болар еді. Осы кітапқа автономиялы райондық партком үгіт бөлімінің бұрынғы орынбасар бастығы Төлеуқан жолдастың жазған шағын мақаласында ғұлама ғалым, қара үзген шипагер Өтейбойдақтың: «Жетпіс жылдық өмірімдегі төл кешірме, кешіргіліктік ая бойынша жазып отырмын» деген бір сөйлем сөзі келтірілген. Бірақ, біз бұл үзіндіні кітаптың өн бойынан ақтарып таба алмадық. Тіпті, табыла қалған күннің өзінде бұл неге дал болады? Ол үшін бұл жетпіс жылды апарып байлайтын тағы бір айқын уақыт есебі болу керек. Егер хан жарлығында жыл анық болып, бұл жетпісті соған апарып байласақ, онда авторымыздың туылған жылы оңай табылар еді. Оның үстіне, Төкеңнің жоғарыда аталған мақаласында кісіні шатастыратын «кітапты 78 жасында бастап жазған» деген тағы бір сан тұр. Өтекең 70 жастан бастап жазғанын өзі айтып отырса, Төкеңнің бұл 78 жасы қайдан келді деген ойға қаласың, шытырманға батасың.

Осы шытырманнан алып шығар жол қайсы? Мұны осы бастан анықтап алмасақ, соңына ала сөз болатын «Тектелгіде де» әуреге салады. Бұл жерде алдымен анықтап алуға тиісті бір мәселе бар. Ол – қазақ хандығының құрылуы мен Әз Жәнібектің хандық таққа отырған уақыты. Ұзақ жылдардан бергі басылымдардың көбінде-ақ қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деп жазылған. Біз сөз етіп отырған жоғарыдағы мақалда «Тарихи Рашидидің» авторы Мұхаммед Хайдар Жәнібек хандығының құрылуын хижраның 870 (жаңаша 1465-1466) жылы деп көрсеткендігін айтады. Сонда бұрын біз малданып келген 1456 мен 1466-ның арасында 10 жыл парық бар деген сөз. Бірақ, бұл арада «Тарихи Рашидидің» авторы бізге қарағанда қазақ хандығы құрылған дәуірге бір табан жақын. Сондықтан, оны сенімді деп қараймыз.

Енді шешуге тиісті мәселе – «Өтекеңнің ордаға барып, баянды жазуға тапсырма алған уақыты қай жыл? Хандық құрылған сол хижраның 870 (жаңаша 1465-1466) жылы ма, әлде одан кейін бе?» деген мәселе.

Біздің ойымызша, бұл – хандықтың құрылған жылы. Бұған дәлел: осы рет Өтекең хан ордасына барғанға дейін ханның Жиренше атын білмей, Қанай шешеннің айтуы бойынша «Қарабас» деп атауы. Егер хандық құрылып, бірнеше жыл өткен болса, Әз Жәнібек Жиренше атын білген болар еді. Бұл хандықтың енді құрылып, орда қызметкерлерін енді ұйымдастырып жатқан кезі сықылды. Ордада Қанай, Жиренше шешендер мен Жандамар, Жармана, Шәркеш уәзірлер ғана аталып, басқаның аттары аталмайтын себебі де осы болса керек.

Демек, жойқын шығарманың ұлы авторы Өтекеңе тапсырма берілген жыл да, Өтекеңнің жаза бастауы да Әз Жәнібек ханның үш мазмұнды қамтыған жарлығы да – бәрі де осы хижра 870-ші жылға (Григориан жылы бойынша жаңаша 1465-1466 жылға) тура келмек. Жәнібек хан жарлығының соңында көп нүкте қойылған жылдың орны да осы жыл болмақ. Енді ғалымның туылған жылын табу оңай. Яғни, ордаға барған жылынан 70 жасын шегеріп тастағандағы 1395 жылы оның туылған жылы болмақ. Тарихи деректерге қарағанда, Әз Жәнібек хан 1480 жылы қайтыс болған*. Шығарма авторы «Баянды» жазып бітіріп, ханға тапсыратын кезде хан өлгенін айтады. Бұл авторы шығарманы 1465 жылдан 1480 жылға дейінгі 15 жылда жазып аяқтатқанын көрсетеді. Бұл ғалымның жасы да 85-ке келген болады. Мұнан соңғы бес жыл оның шығармасын «күзеп, түзеген» кезі болмақ.

«Баянда» жылдарға қатысты бұл секілді жайлар көп орында кездеседі. Мұның кейбіреуі өз көзімен көрген оқиғаларға қатысты болса, кейбіреуі тарихи адамдарға қатысты болып келеді.

Соның бірі – Әз Жәнібек ханды өлтірген ғақбытлы (қанқұйлы) хан Темір. Өтекеңнің жазуына қарағанда, хан Темір ойда жоқта қанды қырғын жүргізіп, Әз Жәнібек ханды өлтірген («Баян» 13-бет). «Қазақ ССР тарихында» жазылуынша[1], ХІІІ ғасырдың бас шенінде басталған Шыңғыс хан жорығы 1221 жылға келгенде Қазақстан мен бүкіл Орта Азияны бағындырады. Осыдан кейін Шыңғыс төрт баласына өзіне қарасты жерді бөліп береді. 1227 жылы Шыңғыс өліп, 1235 жылы оның ұрпақтары орталық Қарақұрымда құрылтай ашып, өлген Жошының орнын басқан Батуға Жошыға тиген жерден ары батысқа және солттүстікке жалғасты шабуыл жасау ұйғарылады. Бату 1240 жылға дейін Днестр өзенінен Ертіске дейін, солтүстікте Болгар княздігінен теріскей Кавказға дейін өзіне қаратып, орысты вассалдық елге айналдырады. Сонымен ұлан-байтақ аумақта ірі бір мемлекет пайда болады. Бұл мемлекет сырттай қарағанда Моңғол империясының орталық үкіметіне бағынатындай көрінгенімен, іс жүзінде өз тізгіні өзінде болады. Бұл мемлекет шығыс деректерінде «Көк орда» орыс жылнамаларында «Алтын орда» аталады. Бұл мемлекет ХІІІ ғасырдың өзінде-ақ ішкі-сыртқы қайшылықтардың себебінен ыдырай бастайды. Алдымен Хорезм, Қырым, Болгария бөлініп шығады. Оған ілесе Қазақстан жерінде «Ақ орда» деген пайда болады. ХV ғасырдың басында «Ақ орда» Өзбек және Ноғай ордасы болып екіге бөлінеді. Ақ орданың астанасы –Сығанақ, тұңғыш ханы Сасы Бұға болады. Негізгі халқын өзбек пен қазақ құрайды. Мұнан кейін де ішкі күрес тоқтамайды. Аз жыл ішінде 8 хан өлтіріледі. 1425 жылы хандыққа Барақ шығады. 1428 жылы оны қастасқан жаулары өлтіріп, хандық таққа шайбани тұқымы Әбілқайыр хан отырады. Сонан бастап Жошы тұқымы сыртқа қағылады. Бұған ілесіп ішкі қақтығыс өрши түседі. Ақыры Әбілқайырдан жеңілген Барақтың балалары – Керей мен Жәнібек өздеріне қараған елді бастап шығысындағы Моғолстанға келеді. Әбілқайырға қарсы пайдалану мақсатымен моғол ханы Есенбұға Шу мен Талас алқабын бөліп береді. Қазақ хандығы тұңғыш рет ірге жайып, Жәнібек Барақ баласы қазақтың тұңғыш ханы болады да, 1480 жылы қайтыс болады». [1]  «Қазақ ССР тарихы». Алматы, 1957 жылғы басылым, 153-бет.

Бұл ұзақ сонар тарихты шолудағы мақсатымыз – «Жәнібек ханды қанқұйлы хан Темір өлтірді ме, әлде өз ажалынан өлді ме? Қанқұйлы хан Темір қай Темір?» дегенді анықтау.

Тарихи деректер бойынша, өзбек пен қазақты Жошының төртінші баласы Тоқай Темір әулеті билеп келген. Бұл тұқымнан шыққан ханның соңы – Барақ хан. Барақтан соң хандық Шайбани тұқымына өтіп, хандық Әбілқайырда болды. Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрып ел биелді, мұны жоғарыда айттық. Қазақ хандығы құрылмай тұрған кезде де, құрылған соң да негізгі талас Өзбек хандығының тағы үшін болғаны анық. «Қазақ ССР тарихындағы» айтылуынша, қазақ хандығы да қарап жатпаған.

«Жәнібек хан мен Керей ханның баласы Бүрке бұл жағдайдан (Әбілқайыр хандығындағы сұлтандардың 1468 жылы Әбілқайыр хан өлген соң тақ таласып қатты қырқысқан жағдайдан) пайдаланып қалмақшы болды. Олар Моғолстаннан Дешті Қыпшаққа қайтып келіп, өзге сұлтандармен одақтасып алып, өзбек хандығында билікті қолдарына алуға әрекет жасады... Хан тағы үшін болған кескілескен күрестен кейін үкімет билігін Әбілқайыр ханның талапты, жігерлі немересі Мұхаммед Шайбани (1451-1510) басып алды. 1480 жылы Жәнібек хан өлді» делінеді (153-бет). Бірақ, Жәнібектің қалай өлгені айтылмайды. Қалай дегенмен Жәнібектің өлімін олардан көру қиын және бұл кездегі өзбек хандығының ханы хан Темір емес, Мұхаммед Шайбани. Ал, мұны Әмір Темір құраған ба екен дейін десек, Әмір Темір 1404 жылы Қытайға жорыққа аттанып, 1405 жылы Отырар қаласының маңында қайтыс болған, әрі оның соншама ұлан-ғайыр кең алапты өзіне қаратқан империясы феодалдық қырқыстар мен ұрпақтарының тақ таласы үшін жүргізген күресімен ұзаққа бармай құлаған болатын  (Қазақ ССР тарихы, 139-бет). Қазақ хандығының шығысында Моғол хандығы барлығы, оның ханы Есенбұға екені жоғарыда айтылған. Деректерге қарағанда, Есенбұға қайтыс болған соң, орнына баласы Досмұхаммед мұрагерлік еткен. Ол да көп ұзамай 1468-1469 жылдары қайтыс болған. Онан соң хандық таққа отырған –Жүнісхан. Алайда, тарихта бұлар арасында қақтығыс болғаны айтылмайды. Жүнісхан Жәнібек ханнан жеті жылдан соң, яғни, 1487 жылы қайтыс болды. Бірақ, бұл аралықта Темір хан деген ешкім бұларда хан болмайды. Ал, Дулат Болатшы хандық таққа отырғызатын Тоғлұқ Темір Жәнібек ханнан көп бұрын, яғни, 1362-1363 жылы қайтыс болған. Сол күнінң тарихи жағдайынан қарағанда, басқадай Темір хан дегенді ешбір деректерден таба алмадық. Онда не себептен «Баянда» «Қуанышым өте ерте болған екен. Сол түні қанқұйлы хан Темір ойда-жоқта қанды қырғын бастады да, хан Жәнібек қанға малшынып қаза болды» дейді. Әлде бұл да біреудің ойжотамен қоса салған қоспасы ма?

Бұған ұқсап кететін екінші мәселе – «Ақ орда» мен «Құз орда» дейтін мәселе. Ақ орданың жайын жоғарыда айттық. Ақ орданың Алтын ордадан бөлініп шығуы ХІІІ ғасырға жатады дедік. Олай болса, ХV ғасырдың соңғы жартысында жазылған кітап авторының 3 ғасырға таяу бұрын өткен «Ақ орда анданы» болатыны қалай? «Құз орда» дегеніміз онан да бұрын, ІХ-Х ғасырларда болып еді, Өтекеңнің заманына қалай келіп қалды? Әлде қазақ хандығның «Құз орда» деген астанасы болды ма? Болса, неге ешбір дерек білінбейді? «Баянды» зерттеген қазақ ғалымдары айтқандай, мұны әлі де бір арши түсу керек сияқты. «Құз орда» дегеннен еске түседі: «Баянда» Өтекеңнің Әбу Насыр Әл-Фараби (870-950), Жүсіп Баласағұндармен араласшылығы, пікірталастары да бірер жерде сөз болады. Тіпті, «тектелгіде» болса, Қазғақ Күнби бұл үшеуін қатар отырғызып қойып тапсырма береді. Осыған қоса автордың «өз көзіммен көрдім» дейтін кейбір оқиғалардың жылына біраз тоқталайық. Мысалы:

  • Хижраның 1054 жылы Қаратаудағы ауылды жау шапқанда өлген адамның астына басылып қалған қаннан қан құрамын анықтаған (106-бет);
  • Хижраның 1058 жылы Жезқазғандағы өрттен күйік туралы қорытынды жасаған (233-бет);
  • Хижраның 1060 жылы суға кеткен адамды жазады (111-бет);
  • Хижраның 1062 жылы елді қалың ауру қаптағанда құрдасы Қабанбай ауырмай аман қалған (123-бет);
  • Хижраның 1162 жылы Шалкөдеде оба ауруы тарағанда Өтекең семіз көк жеп сау қалады.
  • Хижраның 1162 жылы жер сілкініп, су тартылғанда шөлдің әсерінен әйелдердің құрсақ көтермегенін байқаған (42-бет);
  • Есім хан мен сүйікті ханымы Айымбике оқиғасының да жылы тура келмейді. Өйткені, Есім хан 1598 жылдан 1628 жылға дейін хан болған. Жоғарыда көзіммен көрдім деген оқиғалар хижра 1054 жылдан 1062 жылға дейінгі аралықта болған. 1054-ші хижра жылын жаңаша жылға (Григориан жылына) салыстырғанда 1644 жылға тура келеді екен. Ал, хижраның 1062 жылы 1652 жылға тура келеді екен. Шалкөде мен Жаркентте ауру тарады деген жылы хижра 1162 жылы, жаңаша 1748 жылға тура келді екен. 1485 жылы қайтыс болған Өтекең өзінен екі-үш ғасыр кейін болған оқиғаны қалай көрмек?

Кісіні шатастыратын мұндай жайлар (жыл есебін қате көрсету) қайдан келген?!

Бұл ғұлама ғалымның қатесі деуге болмайды. Мынадай өрескел қателіктің себепкері – көшіртушілер мен көшірушілер. Мұны кітап соңында Түменбай қарияның Нұртайға қалдырған өсиетіндегі: «Бұл мұра атадан балаға, баладан балаға жалғасқан, бірі-бірінен асып, толықтап отырған» деген сөзінен байқау қиын емес. Олар мұны Өтекеңді тіпті де әруақтандыру үшін қосқан деу керек.

«Тектелгі» жайында

«Тектелгі» –  ескі сөз, қазақ сөзі. Мұны бұл күнде «шежіре» деп атап жүрміз. Шежірені қазақ сөзі деушілер де, араб сөзі деушілер де бар. Қазақ шежіресін жазба тарихпен салыстыра отырып тұңғыш арнаулы кітап жазған кісі – Қазақстан тарихшысы Қойшығара Салғараұлы. Ол өзінің «Қазақтың қилы тарихы» дейтін кітабында: «Шежіре де басқа атаулар секілді екі бағытта төркіндетіледі. Оның бірі – халықтық этимология. Бұл бойынша шежіре «шеш» және «іре» деген екі сөзден құралып, халықтың шығу тегін тарата шешіп, бөлшектей саралайтын атауды жасаған секілді. Ал, кейін ол сөз айтылу, естілу заңдылықтарына қарай «шежіреге» айналғанға ұқсайды.

Екіншісі – ғылыми тұжырым. Ол бойынша, «шежіре» сөзінің шығу төркіні арабтың «бұтақ, тармақ» деген мағына беретін «шад-жырат» дейтін сөзі көрінеді» дейді (147-бет).

Ертеректе өткен ғалымдар – Рашид-әд-дин, Әбілғазы Баһадүрхан, Жалайыри, Дулатилар араб тілінің әсерімен «тектелгінің» орнына «шежіре» деп атап кеткендіктен, бұл сөз түркі тіліндегі көптеген халыққа, сол қатарда қазақ халқына да сіңісіп қалған. Ал, шежірені шеш+іре = шежіре деу ғылыми және тілдік негізі жоқ ойжота ғана. Шежіре сөзін әу баста «тектелгі» атаса керек.

Шежіре – халықтың ата-бабалары жайында айтылып, бірден-бірге қалып келе жатқан ауызекі тарихы. Ауызекі болғандықтан да уақыт өткен сайын жаңғырып, бір бөлегі ұмытылып, ұмытылғандарының алысы – жақынға, жақыны – алысқа ауысып, бара-бара көмескіленіп, аңызға айналып өзгеріп отыратыны белгілі. Сондықтан да, халықтың пайда болу, өсіп-өрбу, даму тарихын тек шежіреге ғана таянып білуге болмайды. Мұның дұрыс жолы – сол халықтың өзінде ертеден келе жатқан жазбаларға, басқа халықтар жазбасындағы деректерге, археологиялық қазбалардағы куәліктерге салыстыру арқылы анықтау. Тарихы жете зерттелмеген қазақ үшін алғанда, тарихи оқиға, тарихи адам, тарихи орталардың халық қолымен жасалған шежірелерден аты өшпей келе жатыр. Жаңа эрадан бұрынғы 1, 2-ші ғасырларда ұлыс күнбилігін кейінгі түркештердің, онан бес-алты ғасыр кейінгі найман, керей, меркіттердің аты өшуі былай тұрсын, оның әулет-жұрағаты үзілмеген күйде бүгінге жетіп отыр. Шежіре олардың жасаған мезгілін тап басып айтып бере алмаса да, ішінара ілгері-кейін етіп ауыстырып алса да, жадында мықтап сақтап келеді. Бүгінгі тарихшылардың зерттеулерімен салыстырғанда да бұл ұлыс-тайпалар халық шежіресімен барандас келеді. Сондықтан, шежіре уақыты анық емес, ешбір тарихи жазбаның дерегіне дәл келмейді деп немқұрайды қарауға болмайды. Мәселеге бұлай қарау сыңаржақты көзқарас болады.

Алайда, шежіре ауыздан-ауызға таралып, жазудан жазуға көшірілгендіктен, түрлі өзгерістерге ұшырайтыны хақ. Сондықтан, шежіре дерегінің анығына жету үшін оларды да шежірені жазба дерекпен салыстырғандай өзара салыстырып айқындау керек болады. Көптеген шежірелер әр кезеңде, шалғай өңірлерде таралып немесе жазбаға түскен болса да, олардағы ру-тайпа немесе оларға тұлға болған негізгі адам (ата) аттары ылғи үзілмей келіп отырады. Ал, кейбіреулері біраз шежіреде жарқ етіп бір көрініп, бірде жоғалып кетеді. Енді біреулері бір шежіреде бір ғана көрініс береді де, көзден ғайып болады. Бізше, барша шежіреде (ілгері-кейін болса да) үзілмейтін ұлыс, ру-тайпа және кісі аттары – тарихта нақты болған аттар, екінші түрдегілері – ұмытылуға таяған аттар. Үшіншілері – ұмытылған, не болмаса ойдан қосылған аттар деуге тура келеді.

Сонымен бірге, әсіресе кісі (ата) аттарының көпшілік шежіреде алған орнының жоғары-төмендігіне қарап та олардың бұрын не болмаса кейін өткенін байқауға болады. Мысалы, үйсін аты барлық шежіреде ұлы жүздің басында ұйытқылық рөл атқарған орында көрінеді. Ал, Майқы би, Қараша би, Бәйдібек, Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, Ысты тайпалары онан бергі төменгі орында көрінеді. Бұл да шалғай-шалғай райондарда, бөлек-бөлек дәуірлерде жазылған шежірелерге ортақ ерекшелік. Шежіредегі осы ерекшеліктерге қарап та тарихи адамдардың қайсысының ілгері, қайсысының кейін өмір кешіргенін білуге болады деп ойлаймыз. Осы орайда тарихшылардың да тарихи деректерге аздап сыңаржақтылы қарап келе жатқанын айтып өтуді қажет деп білеміз. Мысалы, қазақтың керей тайпасын алса, керейдің тарихқа мәлім болғаны ХІІ ғасыр және ол бір кісі емес, өз алдына дербес хандығы бар іргелі ел болып көрінеді. Тарихшылар көбінесе мұндай жағдайда керейдің пайда болуын сол ХІІ ғасырдан бастап есептей салады. Тайпа мен ұлыстарды бір кісінің кіндігінен таралмаған, құранды деген күнде де ол сондай ұлыс не тайпа дәрежесін мыңдаған жылға тамыр тарттыруы мүмкін. Қазақ шежіресінің ең бір ірі қасиеті – осындай ұзақ сапарда қилы-қилы оқиғаларды бастан кешірсе де, сол өзі тамыр алған арғы тегін ұмытпай сақтап қалатыны. Мысалы, үйсін күнбилігі еліміз тарихына мұнан 2200 жыл бұрын мәлім болғаны белгілі. Бұл мәлім болған кезде үйсіндер өз алдына тәуелсіз елдік (аздаған уақыт ғұндарға бағынышты болса да) күйде еді. Олардың ұрпақтары күні бүгінге дейін сол арғы ата-бабасын ұмытқан емес. Бұдан: «Осы үйсін ұлыстық мемлекет болуға дейін мұнан неше жүз, не болмаса неше мың жылға созылған сапарды басып өткен болуы да мүмкін емес пе екен? Оның үстіне тектелгіде айтылғандай, елбасын күнби атауына қарағанда, қазақтың әу баста басын құраған адамның аты Қазғақ болуы да, оның «қазаққа» айналып кетуі де мүмкін емес пе? 2000 жылдың алдындағы үйсіндердің ханды «күнби» атауы соның сарқыны емес пе?» деген ой келеді. Егер, тарих 1000 немесе 2000 жылмен шектеліп қалмай, зерттеуін онан арылай теңдете түсер болса, бәрінің де айқындалатынына сенуге болар еді.

Қазақ тарихының ең сенімді қолғанаты – шежіренің қашаннан бері жазыла бастағанын білдіретін дәлел қазірге дейін белгісіз еді. Егер Өтей бабамыздан қалған «тектелгіні» Қазғақ Күнбидің тапсыруымен Жауқар ақсақал жазған шежіреден басталды десек, онда қазақша шежіренің басталып жазылған уағын 3000 жылдан арыға созуға болады. Ал, Жауқардан беріге жеткізуші – Өтей бабамыз. Бұл кісі жөнінде Әз Жәнібек ханға: «Алдияр, тақсыр, қол қусырып тағзым жасауым, білімді де кемеңгер атамыз жарықтық Жауқар ақсақал жазған тәпсірдің (дәстүр немесе кітаптың т.б.) жалғасқанын көріп отырғанымыз айғақты дәлел» деуі осыны дәлелдейді. Бұл Қазғақ Күнби Жауқарға жаздырған шежіренің Әз Жәнібек ханға да мәлім екенін көрсетеді. Тұңғыш құрылған қазақ хандығының «қазақ» атымен атаулына осы шежіре негіз болмады ма екен деген ой тағы келеді. Бірақ, біз көріп отырған тектелгі Өтей бабамыз Әз Жәнібек ханға айтып отырған нұсқа ма, әлде қоспа ма? «Тектелгіде» айтылған 2000 атаны былай қойып, онан кейінгі 92 ата дегені көбінесе жан-жануар, кәсіп, тірлік, өсімдік, тағы басқаға қатысты пірлердің аты болып келеді. Бұл «тектелгіде» Қазғақ  күнби өзі айтқан: «Маған қараған күллі алаш еркегі ата болады. Ол ата аталсын» деген жарлыққа дәл келмейді. Бұдан гөрі мұны, барлық нәрседе ие, кие, пір болады деген замандағы туынды болғандықтан, пірлер шұбыртқысы (тізімі) деп ұққан жөн сияқты. Сонда ғана бұл шұбыртқы өз орнын тапқан болады.

Ал, Қазғақ күнбиге дейінгі 60 ата дейтін шұбыртқының (тізімнің) 3-орнында тұрған албаннан басқа аталар есімі жазба деректі былай қойып, қазақ шежірелерінің қай-қайсысында да кезікпейді. Бұл жай осы 60 атаның өзі де әлдебір еріккеннің ермегі секілді көрінеді.

Бұл ғана емес, кейбір тарихшылардың «қазақ хандары қазақтың шежіресін жазғызып, ордада сақтады» дегеніне де сену қиын. Өйткені, күні бүгінге дейін «мынау Қасым ханның, не болмаса Абылай ханның ордасында сақталған шежіре еді» дегенді көрген емеспіз. Іс жүзінде қазақтың өз ішінен шыққан көзі ашық, білгір азаматтары ғана халық тарихы ретінде естіген, көрген, білгенін шежіре етіп жазып қалдырған. Бізге «Қазғақ күнби жазғызды» деген 2152 атадан гөрі «тектелгінің» кейінгі ұрпақтары жазды дейтін 4-бөлегі біраз нанымдылау көрінеді...

Сондықтан, біз мұнан былайғы сөзіміздің салмағын Қазғақ күнбиден Нұртай Түменбайұлына дейінгі аралыққа қоямыз. Мұның өзі де 104 ата, жылға есептегенде 3432 жыл болады. Осының өзін ақылға қонарлықтай дәлелдей алсақ та үлкен олжа болады. Бұл үшін тарихи жазба деректен сырт археологиялық қазба дерегі болу керек. Онан қала берсе мұны дәлелдейтін басқа да шежірелер болу керек. Мұнсыз сөз бос сөз болады. Оны қойып, бүгінгі тарих тарихқа мәлім болғанына 2200 жыл болған үйсінннің өзін де нақтылай алған жоқ. Бір бөлім тарихшылар ханзу тарихындағы Усүнді – «үйсін» десе, енді бір бөлім тарихшылар: «Үйсін – тайпаның аты, Усүн – мемлекетінің аты» дейді. «Күнби» дегеннің өзін біреулер «Күнби» десе, біреулер «Күнму» деп әртүрлі атап келеді. Былай қарағанда мұның өзі де жорамал секілдене береді.

Мұны қоя тұрып, «тектелгіні» өзімен және басқа шежірелермен салыстырып көрейік. Ғұлама ғалым бабамыз «Баянда» өз ата тегін: «Ата тегім – ұлы жүз зарман, зарман ішінде албан» деп жазған. Бірақ, «Тектелгінің» Қазғақ күнбиден соңғы ұрпақтары жазды деген 4-бөлегінде «ата тегім – албан» деген Өтекең шұбыртқының 72-орнында, ал, албан болса одан да төмен,  86-орнында тұр (тектелгіде Өтекеңнің орнында кіндіктес інісі Топай тұрғаны есіңізде болсын). Сонда бұл албан Өтейдің 14-ұрпағы болады. Егер Қазғақ күнбиге қараған 40 арыс елдің арасында албан мен Қазғаққа дейінгі атаның арасындағы албанмен қатысты десек, онда ол албандардың маңынан Өтейдің әкесі Тілеуқабылдың кезікпейтіні қалай? Бұлай болғанда «Тектелгінікі» дұрыс па, әлде Өтекеңнің өз жазғаны дұрыс па?» деген сұрақтар туылады.

Бұл сауалдарға «мынау дұрыс, мынау қате» деп жеңілдікпен жауап бере салу ғылымилық болмайды. Өйткені, албандардың үйсін күнбидің немересі ретінде тарихқа мәлім болған мезгілі 2200 жылдан арыға бармайды. Ал, «тектелгі» бойынша болғанда, албан Қазғақ күнбиден 2900 жыл бұрын өткен болып келеді. Біз Қазғақ күнбиден бері де 3000 жылдан артық уақыт болды деп есептейміз. Сонда албан бізден 6000 жыл бұрынғы кісі (ата) болған болады. Мұны «Қазғақ күнбиге дейінгі шежірелік жалғасуы бар нақтылы аталар» деу ақылға келмейді. Ал, мұны «тектелгінің» 4-бөлегі, яғни, кейінгі ұрпақтар жазды деген бөлегімен салыстырғанда да илану қиын. Өйткені, бұл екі атаның (Өтей мен Албанның) арасында 14 ата бар. Бұл 460 жылдан артық уақытты көрсетеді. Бұлай болғанда Өтейдің атасы Албан емес, Албанның атасы Өтей болып шығады. Бұған тек тарихи деректер мен халықтық шежірелер ғана жауап береді. Егер «тектелгіні» осылармен салыстыру арқылы мұның қайсысы дұрыс, қайсысы қате екенін дәлелдей алсақ, онда арадағы көп қоспаның сыры ашылатын болады.

Албан туралы жазба деректер тарих көшінің әр жерінен бір жарқ етіп көрініп қалатынын байқаймыз. Басында үйсін күнбидің немересі ретінде бір көрінді де, V ғасырда Юэбань (үрбі)  одағынан аты шығады. Қыпшақ хандығы кезінде (мұны біреулер ІХ ғасыр десе, біреулер ХІ ғасыр дейді) қыпшақ хандығына қарасты тайпалар қатарында оғыз қыпшақ, албан қыпшақ деп тағы көрініс береді. Қазақстан тарихшысы Байзақ Қожабекұлы Албанидың «Қазақия» атты кітабында айтылуынша, албандардың ертеректе Кавказда дербес хандық құрғаны грек, армян тарихшыларының сол ерте кездегі жазбаларынан кездеседі екен. Онан соңғысы – албандардың бір тайпа ел күйінде қазақ хандығының қол астына қарағаны (бұл «Қазақ-Совет ғылымнамасында»).

Қазақстан тарихшысы Қойшығара Салғараұлының «Қазақтың қилы тарихы» атты кітабында айтуынша, албан сөзінің төркіні көне түркінің екі сөзінен құралған: алып (тау)+ан (халық) = «тау халқы, тау елі немесе тауда жасайтын халық» деген болады екен. «Ан» сөзі «анда» сөзімен бір мағыналы сөз. Уақыт жағынан «ан» сөзі бұрынырақ болуы да мүмкін. Бұл көне түркінің «бұдұн» сөзімен де тұстас келеді. Бұл сөздің мағынасы да «ел, халық» мағынасында келеді. Осы «бұдұн» сөзі кейін қазақта «бодан» болып өзгергені белгілі.

Демек, албан дерегінің және албан атының осындай көнелігіне қарап, оны көне халық деп айтуымызға болады. Бірақ, бір бөлім тарихшылар мен шежірешілер албанды екеу етіп көрсетеді: бірі – үйсін күнбидің немересі албан. Бірін – кейін аты жаңғыртылып қайта қойылған албан деседі. Мейлі қалай болған күнде де бұлар бір-бірінің жалғасы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, албан ұрпағы болмаған бөгде бір тайпа ел өз аталарының атына опасыздық етіп, екінші бір тайпаның ұрпағы болғанды тарих білмейді. Әрине, тарихта аз ата, аз ауыл немесе бірен-саран адамдардың белгілі бір жағдаймен басқа атаға сіңіп, соның ру, ұлыс атымен аталғандары болған. Бірақ, бір тайпа не болмаса тұтас бір рулы ел олай етпеген. Ал, тарихта бірқаншалаған халық бір ханның қол астына қарап, соның елі (боданы) аталғаны белгілі. Бірақ, оған қараған әрбір ру-тайпалар өзінің ата-тегін ұмытпай, соның ұрпағымыз деп келген. Мысалы, Жошының балаларының бірі болған ноғай өз алдына хандық құрғанда, оған қараған халық ноғайлы (ноғай елі) атанған. Бірақ, үйсін өзін үйсінбіз деп, алшын өзін алшынбыз деп атаған. Тегін ұмытпау деген осы. Тіпті, кейбір тарихшылар үйсіннің өзін кейін жойылып кетті деп көрсетеді. Мысалы, «Ұйғырлардың қысқаша тарихында»:

«Кейінгі кездерде үйсіндер Іле алқабында өмір кешіріп, көбейді. Ол жерде неше жүз жыл тұрып, оңтүстік, солтүстік хандықтар дәуіріне келгенде солтүстіктегі күшейе түскен жужаңдардың қысымымен батысқа қоныс аударып, Памир районына келіп орналасты. Содан былай үйсіндер бірте-бірте басқа ұлттарға қосылып кетті» дейді (25-бет). Бұған: «Олай болғанда бүгінгі 23 тайпалы үйсін елі қайдан келген?» деп сұрау керек болады.

Албанның тарихи дерекке түскен уақытының ұзындығына, атының көнелігіне қарап көне халық дедік. Енді мұны шежірелердегі Өтей дерегімен салыстыруға болады.

  1. Шежіре – Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабына кірген «ата шежіресі» – бұл қазақ жөнінде жазылған шежірелердің біршама көнесі. ХVІІІ ғасыр туындысы есептеледі. Бұл шежіренің басы барлық көне шежірелер сияқты шежіре басын қадір, қалшалардан бастап өз ата-бабаларын негіз етіп таратады. Сондықтан, бұл шежірені тұтас қазақ шежіресі деуге болмайды. Бұл шежіре албаннан төмен қарай 33 атаны атап келіп, 34-ата деп Қарқуар деген кісіні көрсетеді де, онан Шыбыл, Сары аталатын екі баланы туғызады. Онан соң Шыбылдан – Бөтей, Өтей, Көкей деген үш баланы таратады. Бұл шежіренің бір ойландыратын жері – албаннан төменгі Шыбыл мен Сарыға дейінгі 34 ата. Егер бұл аралықта сонша көп ата өтті десек, онда бұл албан біз жоғарыда айтқан бірінші албанға тіке жалғасатын болып шығады. Бұл шежіренің басқа шежіреге ұқсамайтын жерінің бірі осы. Басқа шежірелерде албаннан Шыбыл мен Сарыны тіке таратады.
  2. Жүсіпбекқожа Шайхысыламұлының ұлы жүзді негіз еткен шежіресі. Мұнда: «Албаннан – Шыбыл, Сары. Шыбылдан – Боти, Бордақ. Ботидан – Жолболды, Молболды. Бордақтан – Құртқа, Мамай. Молболдыдан – Қоңырбөрік. Қоңырбөріктен – Өте (?), Өтеден – Қалқаман, Жарман» («Қазақ шежірелері». Іле халық баспасы, 1990 жыл, 383-бет).
  3. Ысты Мейірханның «Қазақ шежіресі». Бұл шежірені құрастырушы– Қазақстанның шежірешісі. Бұл шежірені 1996 жылы Шынжаң жастар-өрендер баспасы құрастырған «Қазақ шежіресі» атты кітапқа көшіріп бастырған. Бұл шежіре бойынша: «Албаннан – Шыбыл, Сары. Шыбылдан – Қызылбөрік, Қоңырбөрік, Құртқа, Мамай. Шыбылдан тараған Қызылбөрікті Бөде, Қоңырбөрікті Өтей» деп атайды (Аталған кітап. 52-бет).
  4. Жастар-өрендер баспасы құрастырып бастырған «Қазақ шежіресінде» Шерубай қатарлы кісілер құрастырған «Ұлы жүз шежіресі» бар. Бұл былай келеді: «Албаннан – Шыбыл, Сары. Шыбылдан – Жолболды, Молболды деген екі бала болған екен. Бала кезде киіп жүрген бөркіне қарап Молболдыны – Қоңырбөрік, Жолболдыны – Қызылбөрік деп атайды. Қоңырбөріктен – Өтей, Боти, Бойдақ. Өтейден – Қалқаман, Жарман». (Аталған кітап. 93-бет).

Аталған төрт шежірені салыстырып көрейік.

Жүсіпбекқожада: Шыбылдан – Қоңырбөрік, одан – Өте, одан – Қалқаман, Жарман.

Мейірханда: Қоңырбөрік (Өтей), одан – Қалқаман, Жарман.

Қазыбекте: Шыбылдан – Бөтей, Өтей, Көкей.

Шерубайда: Қоңырбөрік, одан – Өтей, одан – Қалқаман, Жарман.

Бұл төрт шежіренің ең көнесі Қазыбек бек Тауасарұлынікі. Бұл шежіре ХVІІІ ғасырда жазылды деп есептеледі. Бұл бізге қарағанда арғы жағына біртабан жақындау. Мұнда Өтейді Шыбылдан туғызған. Былайша айтсақ, Өтей Қоңырбөріктің орнында тұр. Бірақ, мұнда Өтейдің баласы саналатын Жарман («тектелгіде» Зарман) аталмайды. Ал, онан соңғы шежіре Жүсіпбекқожанікі. Мұнда Өтей – Өте болып келеді де, Жарман оның баласы делінеді. Мейірханда болса Шыбылдан туатын Қоңырбөріктің шын аты – Өтей. Бұл Қазыбек бектегі Шыбыл баласы Өтеймен бірдей. Шерубай шежіресі Жүсіпбекқожамен ұқсайды.

Біздің ойымызша, Өтейді Шыбылдан туады дейтін Қазыбек бек шежіресі ақылға қонымды сияқты. Мұны Мейірхан шежіресі де құптайды. Ал, барлық шежіренің ақылдасып алғандай Өтейден Жарманды туғызуы тегін болмаса керек. Осыған қарай отырып, біз Албаннан – Шыбыл, одан Өтей (бұл Қоңырбөріктің шын аты), одан – Жарман (Зарман) туылған дей аламыз. Демек, Өтей де, Зарман да (Жарман) Албаннан кейін өткен кісілер. Сондықтан да, Өтей бабамыз ата тегін Албан деп жазған. Ал, ұлы иүз зарман деп зарманды қалайша жазғанын білу қиын. Мүмкін бұрынғы аталарында Зарман, Тілеуқабыл есімді кісілер болған да шығар. Бірақ, зерттемей тұрып оған бәлендей деудің орны жоқ.

Шежірелерден өзімізге керекті Албан, Шыбыл, Өтей, Жарман (Зарман) секілді аталарымызды тауып, оларды өзді-өз орнына келтірген соң, енді екінші бір міндет бас көтереді. Ол – Өтей мен Жәнібек хан тұспа-тұс келе ме, келмей ме дегенді анықтау.

Біздің есебімізше, Нұртайдан өрлете Қоңырбөрік, яғни, Өтейге дейін 16-17 ата болу керек. Енді осыны былайша есептеп көрейік. 1465 жылы қазақ хандығы құрылып, Әз Жәнібек хан таққа отырғанда Өтекең 70 жаста еді (мұны жоғарыда айтқанбыз). Сонда Өтекең 1395 жылы туылған болады. Егер ол кісінің ұрпағы 17 ата болды десек, бұл 561 жыл. Бұл Өтейбойдақтың Әз Жәнібектің хан болған кезінде өмір сүргендігін дәлелдейді. Егер Өтекеңді «тектелгідегі» 72-ата Топайдың орнына қойып, 104-орындағы Нұртайға дейін есептесек, бұл 32 ата болып, 1056 жыл болады. Біз қазақ хандығы құрылғанына 550 жыл шамасы болды деп келеміз. Бұл бойынша болғанда, Өтей бабамыз Әз Жәнібек ханнан 506 жыл бұрын өмір сүрген болады да, шындыққа келмей қалады. Сондай болғандықтан да, біз Өтей бабаны Шыбылдың бел баласы дейміз. Бұл кісінің жасаған дәуірі Жәнібек ханмен тұстас келеді. Бұл – бірінші.

Екінші, біз әу баста сауалдарға дұрыс жауап табу үшін тарих пен шежірені біраз шиырлаған болдық. Сауал естеріңізде болар. «Албан Өтейдің ұрпағы ма, әлде Өтей Албанның ұрпағы ма?» деген мәселе еді онымыз. Енді мұны қорытындылауға болады.

Шежіре бойынша, Нұртайдан Өтекеңе дейін 17 ата. Бұл аталардың жалпы өмір кешкен мезгілі 561 жыл. Ал, Албанға дейін 19 ата. Бұл аталардың өмір кешкен мезгілі 627 жыл. Мінеки, бұл Албан Өтейден 66 жыл (ең кем болғанда) бұрын өмір кешкен деген сөз. Осыған қарап «тектелгіні» жазғандардікін қате, ал Өтекеңнің өзінің: «Ата тегім – ұлы жүз ішінде Албан, ішінде зарман» деп көрсеткен Албанның дұрыс екенін көреміз.

«Тектелгінің» екінші бір сенімсіз жері – Албанға дейінгі 86 атаның ішінде Алаш, Жете, Топай, Бақтияр, Үйсін, Майқы, Қараша, Бәйдібек, Абақ, Жарқышақ, Албан – осы 10 атаның ғана аты басқа шежірелерде аталады да, 76 атаның аты көрінбейді.

«Тектелгідегі» үшінші нанымсыз жер, онда да жойдақсыз жері –Өтекеңнің өзінен 2376 жыл бұрын өткен Қазғақ күнбидің алдында Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұндармен бірге тапсырма алатын жері (қараңыз, «Шипагерлік баян», 442-443-беттер).

Біз жоғарыда Әбу Насыр Әл-Фарабидің 870-950 жылдар аралығында өмір сүргенін, Жүсіп Баласағұнның 1069-1070 жылдар аралығында туылғанын айтқан едік. Ал, Өтекең болса, 1395 жылы туылып, 1485 жылы 90 жасында қайтыс болған дедік. Арасы алшақ-алшақ үш дәуір кісілерінің бір уақытта бас қосуы тіпті де қисынсыз.

Тағы бір ескерте кететін жайт, Өтекеңнің әкесі деп аталатын Тілеуқабыл ешбір шежіреден кездеспейді. Топай кездескенімен өте арыдан аталады. 1395 жылы туылған Өтекеңе ешбір жуыспайды. Ал, «ұлы жүз зарман» дегендегі зарманды да басқа шежіреден кездестірмедік. Бәлки, осы ат барлық қателердің қатарында қате жазылып қалған Жарман ба екен деп ойлаймыз. «Баянда» күмән тудырып келе жатқан бір мәселе – төл қолжазбаның болмауы.

Рас, ерте заманнан сақталып келе жатқан ескілікті мұралардың бізге төл қолжазба күйінде жеткендері өте аз. Әсіресе, түркі тілдес халықтарда тасқа қашалған Орхон ескерткіштері секілді ескерткіштерден басқаларының түгелге жуығы көшірме нұсқа. Кейбір нұсқалардан сақталғандарының көлемі, көшіру өрнегі, жазуы, т.б. жақтардан ұқсайтыны да, ұқсамайтындары да бар. Кейбір ғалымдар бұл көшірме нұсқаларды өзара салыстырып, шабыстырып, артық-кемін орнына салып, толық нұсқасын шығарғаны белгілі. Ғылым мұны мойындайды. Бірақ, ол сол шығарма авторына, шығармасының түпкі ойына, құрылымына, мазмұнына, тіліне, жазу стиліне, тағы басқаларға, шығарма туылған әрі «Баянға» қатысты жағырапиялық ортаға, тұрмыстық, кәсіптік күн көріске, наным-сенім, салт-санаға үйлес келуі керек. Ал, көшіру барысында көшірушілердің бірді-екілі сөз-сөйлемдерінің кіріп қалуы, ішінара сөздердің, сан-цифрлардың ауыс-күйіс болуы табиғи. Бірақ, ол шектен асып кетсе, шығарманың құнына нұқсан жеткізеді.

Ең соңғы мәселе – әйел алып, бала сүймей бойдақ өткен Өтекеңнен Қалқаман, Жарман деген екі бала болып, «Балалы деген кіндіктес туысы Топайдың аты аталмауы қалай?» деген мәселе. Бұл да «Тектелгідегі» жұмбақ сырлардың бірі.

Қазақта «отың өшсін» дейтін қарғыс бар. Бұл – артыңда ұрпақ қалмасын деген сөз. Ескі қазақ ұғымы бойынша әкенің отын жағатын – ұл. Осындай ұрпақ қалмаудан оты өшуге айналған адамдардың жанашыр туыстары егер ұлы екеу болса, бірін сол ұрпақсыз адамның баласы атап, соның атын да, отын да өшірмейтін болған. Тіпті, кейбіреуі жалғыз ұлын да сол ұрпақсыздың баласы атандырған. Кейде ұрпақты ата-ана дүние салып, балалары әкесінің бірге туған аға не інісінің қолында қалса, соның баласы атанып кететін де жайлар болған. Топайдың шежіреде аталмауы осындай жайлардың біріне байланысты ма екен деген ой келеді.

Қорытынды

Сөзіміздің басында «Шипагерлік баянды» бір түрлі сырлы сандыққа ұқсатқанымыз естеріңізде шығар. Басқалардай тым жетік маман болмасам да, мен де өз халімше бұл сандықты ашып, ішінде біраз саяхаттағандай болдым. Өз басым медицина ғылымынан сауатсыз болсам да, айтылған қағидалар мен тәжірибе қорытындыларына иланғандай болдым. Сондай-ақ, мұндағы ірі тапқырлықтардың әлем медицинасының тұңғыш табысы екендігіне көз жеткізгендей болдым. Сонымен бірге, шынымды айтсам, бұл сала жөнінде менің қорытынды шығаруға хақым жоқ екенін де ескертем. Ол қалың медицина мамандарының қасиетті борышы деп білем. Бірақ, шетел медицинасының маман, ғалымдары бұл кітап жөнінде ынта-пейіл салып зерттеу жүргізіп жатқанда, біздің бұл саладағы мамандарымыздың (бірен-саранын есепке алмағанда) тыныш жатуы ұят-ақ. Біле білсек, мұндай әлемдік өреде тұрарлық Өтейбойдақтай ұстазға, «Шипагерлік баяндай» теңдессіз ғылымнамаға алдымен солар қуанып, солар тіл қатуы керек еді.

«Шипагерлік баян» – қазақ медицинасында бұрынғы-соңғы заманда кездеспеген аса үлкен құбылыс. Ол – ғылыми, әдеби және тарихи құны биік, барлық заманға бап келетін классикалық туынды және келіп жалғыз туынды. Қазақ медицинасының ұлы ұстазы болуға лайық Өтей атамыз қазақтың өзіне дейінгі медициналық білімдері мен тәжірибелерін жинақтап, бірсыпырасын өз басынан өткізіп, кейде уланып өле жаздап жүріп назариялық жүйеге түсіріп жазылған кемелді ғылымнама.

Тілі жөнінде айтылды. Былай қарағанда, атаулардың бәрі қазақ сөзі секілденгенімен, құпиялық үшін сол сөздерді түрлі әдіс-амалмен найсатып, атаулар жасап, оны ұрпақтарына мұраға қалдырғаны айтылды және осы атаулардың қалай болса солай емес, орнықты ғылыми жүйеге түскенін де байқадық. Ішінде арылап айтсақ, түркі тілінің, берілеп айтсақ, қазақ тілінің сөз төркініне көп ұқсай бермейтін атаулардың барлығы да айтылды. Тіл мамандарының бұл жайлы әлі де тереңдей зерттеуі қажет-ақ. Ал, мұндай атауларды қазіргі ғылым саласында қолдануды да ойластыруға міндеттіміз. Химиялық реакция, атом бомбысы, атом өрісі, радиоактивтік құбылыс деген сөздерді шеттікі деместен сіңіріп алған қазақ едік. Зат есім, сын есім, есімдік, етістік деген сияқты бұрын болмаған атауларды жасап алған қазақ едік. Енді бабамыз жасап кеткен атауларды қайта тірілтіп, медицина, биология, анатомия, химия сықылды жаратылыс ғылымына қолдануға неге болмасын.

Әрине, сыр сандығын аралай келе аздаған қоспалардың барлығын да байқағандаймыз. Бұл көшірушілер мен көшіртушілердің ғұлама бабаны тіпті де әруақтандырмақ болып жеңіл қарауынан болды ғой деп ойлаймыз. Белгілі тарихи тұлғаларға, хижра жылдарына, ата шежіреге қатысты кейбір түйінді буындардағы ағаттық осындай жағдайға келіп шыққаны анық.

Мұндай жайларда «Осы күйі жіберу керек пе, әлде түзету керек пе?» деген мәселе туылады. Мұны кітап шығудан бұрын ойласу керек еді. Бірақ, шығармаға адал болу принципі мықты ұсталып, жалғанын тастап, шынын алу, қауызын тастап дәнін алу бос ұсталғандықтан, кітапта жоғарғыдай мәселелер келіп шықты. Енді не істеу керек? Менің жеке ойымша, бұл кітапты қайта басу керек. Бұл үшін қазіргі тілін атау-терминдерін сақтау және оған лайық түсінік беру негізінде қазіргі қазақ тіліне аудару керек. Бұл – бір.

Екіншіден, жөнекей қосылған жолбике қоспаларды түсінік жасау арқылы кітаптан шығарып тастау керек. Осылайша аршу жүргізіп, кітаптың әуелгі нұсқасын қалпына келтіру керек. Міне, шығармаға жауапты болу деген осы болмақ. Содан кейін шет тілге аударар болсақ, дүниені дүр сілкіндіретіндей құбылыс болатыны даусыз.

Пайдаланған материалдар:

  1. «Шипагерлік баян», Шинжияң ғылым-техника баспасы, 1994 жыл.
  2. «Қазақ ССР тарихы». Қазақ мемлекеттік баспасы, 1957 жыл.
  3. «Қазақ шежірелері». Іле халық баспасы, 1990 жыл.
  4. «Қазақ шежіресі», Шинжияң жастар-өрендер баспасы, 1996 жыл.
  5. «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», Шинжияң халық баспасы, 1990 жыл.
  6. «Көненің көзі, дананың сөзі». Қазақ медицина баспасы, 2000 жыл.
  7. «Түп-тұқияннан өзіме шейін». Қазақстан, «Жалын» баспасы, 1993 жыл.
  8. «Қазақия». Қазақстан, «Ата тек» баспасы, 1998 жыл.
  9. «Қазақтың қилы тағдыры». Қазақстан, «Жалын» баспасы, 1992 жыл.
  10. «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің жазба нұсқалары», «Ғылым» баспасы, 1988 жыл.
  11. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шинжияң халық баспасы, 1990 жыл.

Тәліпбай Қабаев (1935-2017),

Әдебиет зерттеушісі, баспагер

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 705
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9519