Абай намаздың мәні туралы не деді?
Абай өзінің отыз сегізінші сөзінде ғибадат түрлерін атап, олардың ішкі мәнін түсіндіріп, ғибадатты қалай дұрыс жасау керегін түсіндіреді.
Көпшілік мұсылман намаз кезіндегі рәсімдердің мәнін түсінбей жасайды. Мұндай әрекет рухани амалды дүниелікке айналдырып, ғибадаттың нәтижесін төмендетеді. Ғибадат иманды бекіту үшін жасалғанда адам Аллаға жақындай түседі, ал керісінше болғанда, алыстап, дүние ықпалына түсуі мүмкін. Сондықтан, хакім Абай намаздың не екенін түсіндіріп, оны дұрыс жасаудың амалдарын береді.
Ей, ишараттан хабарсыздар, қара! Бұл ғибадаттан бір үлкені -- намаз, ол намаздан әуелі таһарат (тазалық) алмақ, онан соң намазға шұруғ (кірісу) қылмақ, ол таһараттың алды истинжа (жуыну) еді.
Осылай, сөзін намазға құлқынсыздарға «Ей, ишараттан хабарсыздар, қара!» деп бастап, намаздың ғибадаттың бір үлкені екенін білдіріп, оған мұқият қарауға үндегендей болады. Ғибадат тазалықтан басталады. Рухани жолда ішкі және сыртқы тазалықтың маңызы өте зор. Тазалық болмаған жерде надандық басып, рухани қасиет болмайды. Абай әрі қарай бұл тазалыққа қалай жету керек екенін жазады.
Мұны бір берік ойлап тұр. Аяғы екі аяққа мәсіхпенен (мәсінің үстінен сулы қолмен сүрту) бітуші еді, бұлар һәммасы, болмаса көбі ишарат (белгі) еді.
Истинжада к...іңізді жуасыз, сіздің к...іңіздің ешкімге керегі жоқ еді. Онымен сезімді тазалыққа иіргендігіңді кәміл ыхласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының (тазалығын) соңында халық көрер, сыртымды да пәк етемін һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды да пәк етемін, бұл пәктіктің үстінде Аллаға дұға айтамын деп әзірленесіз.
Енді намаздың аты - салауат, дұға мағынасында деген.
Аяқта, мойында болған мәсхлар - ол жумақ емес, өздері де жуулы деп көрсеткен ишараты.
Дене тазалығы ой тазалығынан басталады. Әуелі ниетті түзеп, ойды тазарту керек. Ол үшін сабырлықпен ойды Аллаға бағыттап, Оның шапағатын тілеу керек. Сол кезде ниет Алланың Нұрымен байланысып, жүрек, ой өріс тазарып, рухтана бастайды. Сонан кейін, тазарған оймен тәнді тазартады. Тәнді тазарту мәсіхпен ишарат (дене қимылымен жасалатын түрлі белгілер) жасалады. Ишарат дегеніміз -- ойды дене қимылымен жеткізетін әрекеттер. Ишарат тәнмен жасалмаған әрекетті оймен жасауды, не болмаса, оның нәтижесін білдіреді. Яғни, ой арқылы нәзік деңгейде жасалады. Жуыну барысындағы ишараттар тәнді нәзік деңгейде тазартып, адам намазға кірісуге дайын болады. Осылай сыртқы тазалыққа жетіп, намазға, яғни ғибадатқа, кірісуге болады. Жасалған амалдың барлығы рухтанып, ғибадат рухани әрекетке айналады. Бүкіл әрекетті ишарат арқылы Аллаға бағыштап, осындай жолмен тіпті бүкіл өмірді ғибадатқа айналдыруға болады. Ал намаз осындай жоғары деңгейге жетуге арналғандықтан, ол ғибадаттың бір үлкені болып табылады.
Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз - егер Алла тағаланы жоғарыда деп, мәкән исфат (Жоғарыда Алланың мекенін бар деп қабылдау) етпесең де, бегірек созу әдепсіз болып, күнә дариясына ғарық (бату) болдым, яғни дүние әуесіне ғарық қылмай қолымнан тарт, яғни құтыларлық жәрдемдерінің ишараты.
Онан соң қиямда (намаз оқығанда түрегеп тұру) тұрып қол бағламақ - құл қожа алдында тұрмақ - бұқара патша алдында тұрғаннан артық Алланың қадірлігіне (құдыреттілігіне) өзінің ғажиздығына (әлсіздігін) ыкрарының (мойындауының) беріктігін көрсеткен ишараты.
Қыбылаға қарамақ - әрине, Құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, зиратын (қажылыққа бару) парыз еткен орынға жүзін қаратып, сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар ма екен деген ишараты.
Абай осылай намаз оқудың өзі әуелі ниетті түзету арқылы оймен жасалатын ишарат түрлері екенін көрсетеді. Құлақ қағу нені білдіреді? Мұның маңызы өте үлкен. Жер бетіндегі адам пенде. Ол өзінің пендешілігімен жоғары әлемдегі Алланы ұмытып, дүние тіршілігімен жүргенін мойындап, енді Алладан қолынан тартып дүниенің әуесінен құтылуға жәрдем өтінеді. Түрегеп тұрып қол қусырып, бұқараның патшаның алдында тұрғанынан артық Алланың құдыреттілігінің алдында өзінің әлсіздігін мойындау ишаратын көрсетеді. Бұл сәтте ой Алланың мекені жайында, оның қасиеттері тәрізді басқа да шариғат құндылықтарына шоғырлануы керек. Сонда ғана көңілді Аллаға толық бағыттап, жанды рухани болмыспен байланыстыруға мүмкіндік туады. Осылай намаз уақытында тән мен ой, және жан ғибадат жасауға толық шоғырланады.
Онан соң қира әт (оқу), яғни сураһи фатиха (құранның бірінші сүресі) оқисың, мұнда бірақ сөз ұзарады. Ол фатиха сүресінің мағыналарында көп сыр бар.
Руқүғ (намаз оқығанда тізеге қол қойып еңкею) бас ұрмақ - алдында құда хазірге ұқсас, ол да ишарат.
Сәжделер (маңдайын жерге тигізу) - әуелі жерден жаралғанына ықырары, екіншісі - және жерге қайтпағына ықырары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне ықырарының ишараты.
Қағадат ул-ахир (намаз бітерде соңғы отыру) - дұғаның ақырында Аллаға тахият (құттықтау), одан тәшәһһуд (соңғы сөзді айту), одан салауат, пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәссәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз, яғни Алла тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз. Ол дұға қазинасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік тілеп һәм рахмет тілеп бітіресіз.
Жә, бұл сөзден не ғибрәтлендік?
Осылай намаз уақытында ислам қағидалары ойға алынып, тәнмен ишарат жасалып, Алланың алдында құлшылық жасалады. Ол үшін бас иіп, толық бағынышты ишаратын жасаумен тақуалықты көрсету керек. Басты жерге тигізіп, жерден жаралғанын, өлген соң жерге қайтпағын және басты көтеріп, қайтадан тіріліп, сұрау бермегін мойындайтын ишараттар жасау керек. Намаздың соңында жасалған ғибадатты Алланың қабылдауын, бізді Өзінің Шапағат Нұры аясында ұстап, жасаған ғибадатымыздың шапағатын басқа жан иелеріне, және пайғамбарларға бағыштап, күллі мұсылмандардың бірлігін, саулығын тілеп, Алладан рахмет тілейміз. Абайдың бұл ғибратты сөздері бүкіл ислам дінінің маңызын, және оның нәтижелі болу шарттарын көрсетеді. Сондықтан, мәселенің үлкен маңызын көрсеткендей «Жә, бұл сөзден не ғибрәтлендік?» деп аяқтайды.
Хакім Абайдың бұл тағылымынан оның бүкіл ислам қауымына, тіпті, бүкіл адамзатқа рухани ұстаз бола білгенін көреміз.
Досым Омаров,
абайтанушы, теолог
Abai.kz