Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Ақмылтық 2155 18 пікір 29 Мамыр, 2024 сағат 20:15

Қоғамның әлеуметтік болмысы: Қайда кетіп барамыз?

Сурет Ақиқат журналынан алынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстаған сәттен‑ақ Қазақстанды әлеуметтік мемлекетке айналдыру жоспарын ұсынған еді. «Әлеуметтік бағдарлы мемлекет» ұғымының мазмұны «азаматтық қоғам» түсінігімен етене байланысты ‑ әлеуметтік мемлекетте   халық пен мемлекет ұғымы тығыз бірлікте қарастылады. Сондықтан да, президент халықтың азаматтық белсенділігін арттыру мақсатында «Еститін үкімет» атты мемлекеттік басқару принципін және «Митингілер өткізу туралы» Заңға түзету енгізіп, бұрынғы «әкімшіліктен рұқсат алу» тәртібін «әкімшілікті ескерту арқылы» деп өзгертті. Ұзақ жылдар «әкімшілік авторитаризм» бұғауында болған халық мұны «демократиялық жылымық» деп қабылдады. Әлеуметтік мемлекеттің негізі осындай демократиялық қадамдардан басталатыны анық.

1. Қазақ әлеуметіне тарихи шолу

Ғасырлар бойы үздіксіз шабуылдарға ұшырап, небір қиыншылықтарды бастан өткерген қазақ халқының мемлекеттік құрылымы әуел бастан дала демократиясына сүйеніп құрылғаны тарихтан белгілі. Мәселен, өзін «Қазақ хандығы» деп атаған мемлекеттің «хандық» (қағанат) формасы өзінің сыртқы сипаты бойынша авторитарлық десе болады. Бірақ, оның құрылуы бастауында көшпенділердің дала демократиясына сай мемлекет құру принциптері жатқан болатын. Алғашқы ханымыз Керей сұлтан өзіне балама үміткер ретінде Жәнібек сұлтанды қосты. Сөйтіп, алғашқы «хан сайлауында» қазақ халқының төл дәстүріне сәйкес, әр рулардан құралған қазақ билері Жәнібек сұлтанға аға боп келетін  Керей сұлтанды 1458 жылдың көктемінде ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Одан кейін, ағадан ініге мұра боп, келесі хан сайлауда Жәнібек сұлтан таққа отырды. Одан кейін де «аға баласы» мен «іні баласы» алма кезек хандықты иеленіп отырды. Бұл – дала демократиясының шынайы бейнесі болды. Яғни, бұл ‑ үнемі де жауынгершілік жағдайға тап болатын көшпенді халықтың өзінің мемлекеттік тұтастығын сақтауының бірден‑бір тура жолы еді.  Тек осылай ғана көшпенділер халықтың тұтастығын бөле‑жаратын «билік басындағы таластан» қорғады, ол ел мен жерді сыртқы жаулардан қорғаудың кепілі болды. Қазақ даласында ұзақ жылдар сақталған бұл далалық демократия, түптің түбінде, «ұлттың салт‑дәстүрімен біте қайнасқан ұлттық болмыстың айшықты көрінісі деуге тұрарлық феномен» ретінде тарихтан орын алды деуге болады.

Мәселен, сол кездері шығарылған алғашқы дала заңдарының өзі де әлеуметтік сипатта еді. Оның басты белгісі ретінде Әділеттілік, Шындық, Құрмет тұрды. Өйткені, әр рудан құрылған хандықтың тұтастығы еларлық қатынаста әділеттілік пен шындық, өзара құрмет тұрмаса – хандықтың өзінің де құрылуы, әрмен қарай кеңінен қанат жаюы екіталай екенін сол заманғы ел билеушілері мен билері жақсы түсінді.  Соның арқасында Қазақ хандығы аз уақытта күшейіп, өзінің құрамындағы рулардың байырғы жерлерін өздеріне қарата бастады. Ел басқарудың осындай демократиялық принциптері өзін ақтады: көптеген рулар өз еріктерімен Қазақ хандығына қосылды. Тіптен, әуелі өзінен жер бөліп, Хандық құруға ниет еткен Моғол хандығына кірген ірі тайпалардың өздері де кейіннен өз еркімен Қазақ хандығының құрамына енді. Сол сияқты басқа да ірі тайпалар Қазақ хандығының аумағын кеңейтті. Тарихта Қазақ елі құрамындағы ру‑тайпалар арасындағы қақтығыстар не соғыстар туралы еш дерек жоқ. Осы фактіден біз әуелгі демократиялық бағыт «Қазақ Елі» деп аталған жаңа әлеуметтік бірліктің негізін салғаны байқаймыз. Әрине, мұндай дала демократиясы көшпенді өмір табиғатынынан, қалыптасқан салтынан туындайды. Алайда, хандыққа біріккен ру‑тайпалар арасындағы «әлеуметтілік біртектілік» аса маңызды роль атқарғанын жоққа шығаруға болмайды. Олар ‑ «Тіл бірлігі», «Салт‑дәстүр бірлігі», «Шаруашылық жүргізу тәсілінің бірлігі», «Дала заңдарының бірлігі», «Моральдік‑этикалық қатынас бірлігі», «Көк Тәңірі Жаратушыға деген наным‑сенім  бірлігі» болды. Осылардың бәрінің ортақ сипаты Қазақ Хандығын құруға идеологиялық іргетас болды. Ел пайда болды, үлкен территорияда Отан пайда болды. (Отан сөзі – матриархат заманынан келе жатқан От Ана түсінігінің ауызекі айтылуы ма деп болжаймын. – Ә.Б.).

Міне, қазіргі демократиялық жолға қайта бет бұрған қоғамымыздың «әлеуметтік алғы тарихын» осылай сипаттадық. Әрине, ол жол оңай болмады ‑ оның соқпақты, бұлтарысты тұстары да көп болды. Бірақ, соған қарамастан, біз қазіргі кезде де сол замандардан қалыптасқан әлеуметтік даму принциптерінен айныған емеспіз – тұтас елдік түсінік әлі де сол қалыпта сақталып келеді.

2. Зиялы қауым әлеуметтік мәселені талқылайды

Осы мәселе туралы жуырда ғана, өзінің сәуір айындағы номерінде «Ақиқат» журналы ауқымды келелі кеңес өткізген болатын. Енді сол кеңесте айтылған ойларды алға тарта отырып, ойымызды одан әрі өрбітеміз.

Мұнда, журналдың бас редакторы Дәуіржан Төлебаев:

«Әлеуметтік мемлекет» деген ұғымның өзі көп дүниені білдіреді. Оның ең басты тұжырымы – мемлекет азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы болып саналады», - деп ой тарқатар түйінін айтты

Әбдірашит Бәкірұлы, «Abai.kz. сайтының сарапшысы:

- Иә, қазіргі Қазақстан шын мәнінде әлеуметтік және зайырлы мемлекет. Дегенмен, қазіргі Қазақстан әлеуметтік құрылымы жағынан өте күрделі елдер қатарына жатады. Оған 70 жылға созылған кеңестік саясаттың көп ықпалы болды. Мысалы, жүздеген жылдар бойы бірқалыпты әлеуметтік біртектілікті Кеңес Одағы жүргізген ұжымдастыру шаралары, соның әсерінен халықтың ашаршылыққа тап болуы, репрессиялар, одан кейінгі қазақтың ер-азаматтарының елу пайызы қайтпай қалған дүниежүзілік соғыс  – осының бәрі әлеуметтік жағдайға әсер етті. Мысалы, тың игеру жылдары елге жан-жақтан әртүрлі дін, діл, тіл, менталитет өкілдері ағылды. Нәтижесінде Қазақстан «көптүрлі әлеуметтік ортаға» (ұлттар лабораториясына) айналды. Бұл әлеуметтік жағдайды ширықтырды. Оның зардабын азайту үшін орталық қазақ халқы жетпіс жыл бойы ауылдық резервацияда ұстады. Халықты урбанизациялану процесіне дер кезінде ілесітірмеді. Қазақ халқының өз мәдени платформасында урбанизациялану үрдісіне тосқауыл қойылды. Бірақ, одан сырт қалған қазақ халқы өзінің ұлттық ділін, дәстүрін, болмысын, біртектілігін сақтап қала алды. Ауылдан шыққан жастар қалада оқып, төл мәдениетін, әдебиетін, ғылымын дамытты. «Резервацияға» қарамастан ауыл қазақтарының рухани-мәдени қажеттілігі өтелді. Жазушылардың кітаптары жүз мыңдаған тиражбен басылып, бүкіл республикаға тарады. Осылайша халық менталитеттің, тілдің, мәдениеттің біртектілігін сақтай білді. Оның жарқын көрінісі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде орын алды...

Бүгінгі жағдайға біз осындай күймен жеткен едік. Өкінішке орай, бүгінгі әлеуметтік шиеленістердің көбі тәуелсіздік алғаннан кейін белең алады. Себебі, қазақтың мәдениеті мен ділін генерациялап тұрған ауыл қирады. Одан кейінгі «хаостық миграция» ауыл қазақтарын қалаға айдады. Алайда, қалалар оларды қарсы алмады ‑ қаланы да жұмыссыздық жайлай бастады. Осы кезден бастап бүгінге дейін жалғасқан «әлеуметтік проблемалар» шоғыры пайда болды. Бұл дағдарыс ұлттық болмысқа кері әсер етіп, ұрпақтар арасындағы тәрбие сабақтастығы жойылды ‑ бір ұрпақ тәрбиесіз‑қараусыз қалды. Ол ұрпақ ұлттық болмыстан алшақтау квази-мәдениетке ие болып өсті. Әртүрлі мәдениеттерді сіңірді, бірақ, нақты, айшықты ұлттық болмысы қалыптаспады. Ол бүгінгі ұрпақ өкілдері ортасында қайшылықты жағдайды туғызып отыр...

Әрине, ұлттық тәрбиенің әлсіреуі қазақ халқының ұлттық болмысына үлкен соққы болып тиді. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық әлсіреп, қоғам мүшелерінің бір-бірін түсінбейтіндей жағдайлары орын ала бастады. Әртүрлі дербес әлеуметтік құбылыстар пайда болды. Мысалы, соның бірі тоқсаныншы жылдары пайда болған «рэкет» болды. (Қазір ол түрлене келе «билік рэкетіне» айналды. Билікке қолы жеткендер елдегі коррупцияны пайдалана отырып, мемлекеттік ресурсты өз мақсаттарына жұмсауды дағдыға айналдырды. Қіазақстанда өзіне ғана тән олигаполиялық әлеуметтік топ өмірге келді. Олардың басты ерекшелігі мынада: ол топ тек қана баюды мақсат тұтады. Ол осы саланың шебері. Олар өте құйтырқы амалдармен  Заңдарды өздеріне бағындырды. Халықты қыспақта ұстады, экономикалық тетіктерді бөліске салды, өзара сыбайласты. Нәтижесінде билік пен бизнес бірікті де, бизнес мемлекетке емес, «шенеунік‑бизнесмендерге» қызмет етуші құралға айналды. Ол, өз атымен айтсақ, халықтың қазынасын, мемлекеттің байлығын жәй ғана «тонаушылықтан» (рэкетшілік) аса алмады. Соның арқасында мемлекет өзінің потенциалды даму мүмкіндігінен ондаған жылдарға кейін кетіп, бұқаралық деңгейдегі әлеуметтік қайшылықтар артты. Қазір ол шырқау шегіне жетті. Соңғы кездердегі болған табиғи апаттар оның шынайы бейнесін ашты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, әлеуметтанушы Динара Нұранқызы:

- Әлеуметттану ғылымында Маслоудың «қажеттіліктер пирамидасы» деген пирамида бар. Бұл пирамида бойынша, ең алдымен, бәріміз бірінші орында жеке қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеміз. Одан кейін қарнымызды тойдыруға тырысамыз. Осылар өтелген соң ғана біз рухани баюға ұмтыламыз. Сол сияқты әлеуметтік мемлекетті де Тәуелсіздік алған соң бірден құру мүмкін емес еді. Мұндайда әлеуметтік жағдайды оңалту кейінге шегерілді. Өйткені елдің күн тәртібінде дағдарыстан шығу, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту сияқты мәселелер алдыңғы шепте еді. Сол себепті біз әлеуметтік мемлекет ретінде толық қалыптастық деп айта алмаймыз. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз не? Ол халықтың рухани бай болуы, денсаулығын сақтауы, білім мен тұрмыс-тіршілікке көңіл бөлуі. Демек, мемлекет білім беру саласын, денсаулық сақтауды және қоғамның осал топтарын дамытуға кірісуі қажет. Яғни, көп балалы аналарға, жетімдерге, мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету, зорлық-зомбылықтың алдын алу керек. Міне, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – осы тараптағы әлеуметтік саясат жүргізу болып табылады («Ақиқат» журналы, 30‑сәуір. 2024 ж.).

Философия, саясаттану және дінтану институты саяси зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері, PhD Мейрамгүл Мейрамгүл Исаева:

‑ Ата Заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп Қазақстанның мемлекеттік сипаты нақты жазылған. Әлеуметтік мемлекет ‑ мемлекеттегі азаматтардың құқықтарының қорғалуын, сақталуын және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін мемлекет.  Осы бағытта елімізде әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар қабылданып, іске асырылып жатыр. Жалпы орта білімнің тегін берілуі, тегін медициналық көмек, әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қамқорлық түрлері, халықтың баспаналы болуына арналған бағдарламалар болуы – осының барлығы да әлеуметтік мемлекет аясында орындалып жатқан бағдарламалар. Сондықтан еліміз Орталық Азияның өзге мемлекеттерімен салыстырғанда әлеуметтік бағдарламалар бойынша біршама алда келе жатқанын айтуымыз керек. Оған біздің еліміздің мүмкіндігі, табиғи ресурстардың молдығы, сырттан келетін инвестициялар – әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудың қайнар көзі деп ойлаймын («Ақиқат» журналы, 30‑сәуір. 2024 ж.).

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, әлеуметтанушы, Phd Суат Бейлур:

‑ Төрт жылдан бері Қазақстан елінде тұрып жатқан түрік әлеуметтанушысы ретінде екі өзекті мәселені атап өткім келеді: бірінші – Қазақстан мен Түркия мемлекеттеріндегі қоғамның әлеуметтік жағдайы, екінші – тіл мәселесі. Соңғы отыз жылда Қазақстан басқа мемлекеттерге қарағанда көп мәдениеттілікті қалыптастырып келеді. Көбінесе мемлекетте 130-дан астам ұлт бар деп айтылады. Алайда олар этностар мен әртүрлі мәдени бірлестіктер. Міне, осыған ерекше назар аудару қажет. Қазақстанның көп ұлтты саясаты өте жақсы дамыған, бірақ, осы тұста тіл мәселесіне жіті мән беру керек.

Қазақ және орыс тілдерінің арақатынасында негізгі тіл ретінде, әрине, қазақ тілін алға шығаруға ұмтылыс бар. Алайда бұған қазір ағылшын тілі қосылды. Бұдан үш тілдің арасында басымдық қайсысына берілетіні шешілмей тұрып, үштілділік саясатын жалғастыру қаншалықты дұрыс деген мәселе туындайды. Өйткені, зерттеумен немесе халықаралық байланыстармен айналысатын адам ағылшын тілін өздігінен үйреніп алады және ғылым тілі ретінде дамытады. Ал орта мектептерде балаға ана тілін меңгерместен бұрын, ағылшын тілін үйретуге тырысу – қате әрекет. Яғни, ана тілінде толық білім алып, өз ойын ашық жеткізе алмай тұрып, өзге тілді оқыту – дұрыс нәтижеге жеткізбейді. Бала ана тілінің құнарын бойына толық сіңірмесе, тілді жетік меңгермесе, тіпті шетелде бірнеше жыл қатарынан өмір сүретін болса да, басқа тілді толық меңгере алмайды. Себебі ана тілінің функцияларын тұтас білмейді, сондықтан басқа тілдерді үйрену механизмі дұрыс қалыптаспайды. Әрине, ағылшын немесе басқа тілдерде сөйлеуі мүмкін, десе де робот сияқты тілдесетін болады. Өз тілінің қасиетін жете түсінбегендіктен өзге тілдің де ерекшелігін ұғынбай, ойын ашық жеткізе алмайды.

Сонымен бірге, отбасы мүшелерінің арақатынасы мәселесіне байланысты олқылықтар бар. Мәселен, ата-анасыз өсіп келе жатқан жетім балалар саны өте көп. Бұл, әрине, әлеуметтік тұрғыдан өте қауіпті. Мемлекет түрлі қоғамдық ұйымдар арқылы жетімдерді қамқорлыққа алуы мүмкін, алайда ол ата-ана беретін тәрбие мен мейірімнің, жақсылықтың орнын толтыра алмайды. Мемлекет әке-шешесіз өскен балаларға жатақхана жайын реттеу, қаржылай көмек көрсету, білім беру, оқуға жіберу арқылы жақсы жағдай жасайды. Алайда отбасы арқылы берілетін мейірім мен жылуды жеткізе алмайды. Отбасының махаббатынсыз, мейірімінсіз өскен бала болашақта жақсы мұғалім, дәрігер немесе инженер болуы мүмкін, алайда рухсыз болады. Рухсыздық пен мейірімсіздік қоғам үшін қауіпті.

Осы жерде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда «өкіл әке», «өкіл шеше» сынды ұғымдар бар екенін еске салғым келеді. Қазақстанда бұл дәстүр тарихи жақсы қалыптасқан. Мәселен, қазір мемлекет әрбір жетім баланы қолдау үшін белгілі бір деңгейде ақша бөледі. Мұндай қаражатты ата-анасыз қалған балалардың туысқандарына беру арқылы баланың отбасымен бірге өсуін қамтамасыз етуге болады. Осылайша қазақ халқының отбасы мектебінде қалыптасқан мұндай мәселелерді қайта жаңғыртуға болады.

Ал, тілге қайта оралсақ, Түркияда заманауи және жекеменшік мектептерде 5 сыныпқа дейін тек түрік тілін оқытады. Өзге шет тілдерін содан кейін ғана үйренеді. Ал, жетім балаларды асырап алушыларға мемлекеттік қолдау көрсетілген («Ақиқат» журналы, 30 сәуір. 2024 ж.).

Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қоғамдық-гумитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Мақпал Дабылтаева:

- Әлеуметтік мемлекетті құру жолында әділдік, әділеттілік және сенім мәселесі бірінші орында болады. Әділдік, әділеттілік және сенім ол отбасынан басталып, барлық әлеуметтік институттардың құрылымдық жүйесінде, өзінің деңгейінде жүзеге асырылатын болса ‑ әлеуметтік мемлекеттің сапасы артады. Ол үшін бірінші кезекте отбасы деңгейінде  азаматтардың (индивидтердің) бойында құндылық бағдарларын қалыптастыруда ұлттық ерекшелікке негізделген құндылықтар жүйесін берік қалыптастыру қажет деп ойлаймын.

Қоғам, ол – тірі организм. Қандай да бір қоғамдық жүйе дүниеге келеді, өмір сүреді, шарықтайды және құлдырайды. Біз өзіміздің еліміздің тарихи, саяси, экономикалық дамуы барысында бірнеше саладағы қарым-қатынасты басымыздан өткізіп жатырмыз. Ал енді ортақ болмыс­ты әр уақытта қоғамның (азаматтарының) сана және сауаттылық деңгейі қалыптастырады. Бұл орайда, бүгінгі қоғамның әлеуметтік болмысы заманауи тенденцияларға еліктейтін, жаһандық үрдістерді басты назарда ұстайтын, нарық типіндегі адамдардан құралады. («Ақиқат» журналы, 30‑сәуір. 2024 ж.).

Сонымен, ғалымдар қоғамдағы қазіргі мынадай әлеуметтік қайшылықтарды атап өтті:

1. Қазіргі кезде жоғары тап пен төменгі таптағы адамдардың арасындағы алшақтық өте үлкен. Ол жылдан жылға арта түсуде;

2. Әлеуметтік тұрғыда тұрмысы нашар отбасыларда отбасылық ажырасулар көбейіп барады. Болашақта ол еліміздің демографиялық жағдайына елеулі әсерін тигізе бастайтын болады;

3. Шамадан тыс баю, еңбектенбей тапқан ақшаның есебін білмеу – оны ысырап етудің өзге жолын табуда. Ол мемлекеттің мүддесіне қызмет етіп жатқан жоқ;

4. Жоғарыда да, төменде де нашақорлық пен маскүнемдік, жезөкшелік қаупі жоғары боп тұр. Яғни, «біреу тойып секіреді, біреуі тоңып секіреді» дегендей..;

5. Тіл қайшылығы ерекше квазимәдени тілдік‑әлеуметтік топтың пайда болуына алып келуде. Бұл қайшылық тек қана мемлекеттің күш‑жігерімен, оның төтенше араласуымен шешілетін жағдайға жетті;

6. Ұлтаралық қатынастағы бұрынғы декорациялық шешімдер мен жалаң ұрандар жағдайды одан әрі күрделілендірді. Енді осыған байланысты қоғам ұлтаралық қатынаста Жаңа Деклорация қабылдау алдында тұр;

7. Конституцияға сай Ұлттық идеология мәселесі жуық арада шешімін таппаса, ол жаңа әлеуметтік қайшылықтарды туындатуы мүмкін;

8. Ұлттық тәрбиені қолға алып, оны унитарлы мемлекетке сай бірізділікке салу;

9. Әр саладағы қызмет етуші топтар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты нарық заңымен сәйкестендіру және ғылым мен білімді нарық заңымен ұштастыру;

10. Еңбек нарығын жедел қалыптастыру: өндірістерде көптеп жұмыс орындарын ашу;

11. Мәдениет саласында қоғаммен жұмыс істеу тәсілдерін және Ұлттық дүниетанымды дәріптеудің жаңа технологиялық тетіктерін жетілдіру;

12. Мемлекеттік тіл туралы дербес заңды қабылдау;

13. Діннің мемлекет ісіне араласуына тосқауыл қою, қоғамда діни көзқарас бойынша толеранттықты дамыту, оны заңмен заңдастыру;.

14. Қорғауға зәру әлеуметтік топтар: балалар мен зейнеткерлерді арнайы қоғамдық қомқорлыққа алу.

Міне, әлеуметтік мәселелер, осылайша қоғамның бар мәселелерімен бірлікте, онымен бірге шешілетіні айқын болды. Әрине, оны кезең‑кезеңмен ғана шешу мүмкін. Бұл жерде қай бағыттың басым екендігін дөп басып, дұрыс анықтау маңызды. Ол әр деңгейдегі мемлекеттік басқару институттарының біліктілігінен, әділетті болуынан, ел мүддесін жоғары қоюынан, жалпы, биліктің адамгершілік сипатынан  анық көрінетін болады.

Қазақ «Көш жүре түзеледі» деп айтқан...

Ол нені білдіреді?

Бірінші, көш үнемі қозғалыста болуы керек.

Екінші, көшбасшысына сенімді болуы керек.

Үшінші, алдағы көш соңына із сала алуы керек.

Сонда көш түзеледі...

Біз – бұрынғы көшпенділер осындай халықпыз...

Әбдірашит Бәкірұлы

(Автор «Ақиқат» журналының бас редакторының орынбасары, «Келелі кеңес» айдарының жүргізушісі Дина Тазабекқызы Имамбаеваға осы мақаланы дайындауға қосқан үлесі үшін алғысын білдіреді)

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1248
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2958
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3378