Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3169 0 пікір 21 Желтоқсан, 2013 сағат 09:47

Айдос Сарым: «Біздің ақпарат­тық нарық Ресейге тәуелді»

Ғалымдардың сөзіне сенсек, әлемде 6 мыңнан астам тіл бар. Африкадағы, Оңтүстік Америка мемлекеттеріндегі ұсақ тайпалардың тілін санамағанның өзінде 3 мыңға жуық тіл қалады десек, әлемде сонша халық бар деген сөз. Егер барлық халықтар тәуелсіздік алатын болса, дүниежүзінде үш мыңнан астам тәуелсіз мемлекет болар еді. Алайда, ғаламторда жарияланған осы сынды деректерге құлақ түрсек, 1900 жылдың басында жер бетінде тәуелсіз 52 мемлекет қана болса, қазір бұл көрсеткіш екі жүзге ғана жеткен. Дәл осындай көзқараспен қарайтын болсақ, «Тәуелсіздіктің қадіріне жете алып жүрміз бе?» деген сауал туындайды. Жалпы, тәуелсіздік идеологиясы қалай жүргізілуі тиіс? Осы тақылеттес сауалдар төңірегінде саясаттанушы Айдос САРЫММЕН өткен әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ғалымдардың сөзіне сенсек, әлемде 6 мыңнан астам тіл бар. Африкадағы, Оңтүстік Америка мемлекеттеріндегі ұсақ тайпалардың тілін санамағанның өзінде 3 мыңға жуық тіл қалады десек, әлемде сонша халық бар деген сөз. Егер барлық халықтар тәуелсіздік алатын болса, дүниежүзінде үш мыңнан астам тәуелсіз мемлекет болар еді. Алайда, ғаламторда жарияланған осы сынды деректерге құлақ түрсек, 1900 жылдың басында жер бетінде тәуелсіз 52 мемлекет қана болса, қазір бұл көрсеткіш екі жүзге ғана жеткен. Дәл осындай көзқараспен қарайтын болсақ, «Тәуелсіздіктің қадіріне жете алып жүрміз бе?» деген сауал туындайды. Жалпы, тәуелсіздік идеологиясы қалай жүргізілуі тиіс? Осы тақылеттес сауалдар төңірегінде саясаттанушы Айдос САРЫММЕН өткен әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.


– Бүгінде «Тәуелсіздіктің сыйы» туралы әңгіме қозғала қалса «ол маған не берді немесе саған не бер­ді?» деген сауал тұрғысынан ойланамыз. Ал оның шын бағасын біз қаншалықты түсініп жүр­міз? Жалпы, тәуелсіздіктің қадіріне жете алып жүр­міз бе?
– Баяғыда Эрнест Ренан деген Батыстың ірі ойшы­лы «Ұлт дегеніміз – күнделікті плебисцит» деген ек­ен. Бұл не деген сөз? Ұлт, мемлекет, оның азаматтары өзінің осы мәртебелі атаққа дайын, лайық екендерін күнделікті дәлелдеп отыруы тиіс. Сұра­ғыңыздан туындап отырғандай, әлемдегі мыңдаған этностардан жарып озып, ұлт, мемлекет деген аса абыройлы мәртебеге ие болу, ұлт құрау – үлкен ба­қыт, бақыттан бұрын жүгі ауыр, екінің бірінің қолынан ке­ле бермейтін жауапкершілік дер едім. Рас, бірнеше буын ата-бабаларымыз осы арман еткен тәуелсіздік үшін жанын аямай күресті, осы жолда шейіт те болды. Алдымыздағы аға буын 1990 жылы алдымен Еге­мен­дік туралы декларацияны қабылдау арқылы, ал 1991 жылы Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы заңды қабылдау арқылы, тәуелсіз мемлекетке сай институттарды қалыптастыру арқылы бүгінгі азат дәуле­ті­міз­дің алғышартын жасап, заңи-құқықтың қалыбын құйды. Ал Тәуелсіздіктің мазмұны қандай? Әрі қарай не болмақ? Не істемек керек? Осы сұрақтардың тө­ңі­ре­гінде үнемі ойланып жүру, жауап іздеу әрбір көзі қа­рақты, көкірегі ашық, жүрегі «қазақ» деп соққан адам­ның, азаматтың тікелей ұрпақтық борышы, мін­деті дер едім. Әсіресе, ұлт қаймағы болып санала­тын зиялы қауымның міндеті – қоғам мен биліктің ал­дына түсіп, күйбең тіршілікпен күнелтіп жүргендер кө­ре бермейтін, байқай бермейтін болашақтағы қауіп-қатерлерді аңғару, сол туралы ой қозғау, талқы ұйымдастыру. Зиялы қауымның парызы 2030 жылғы қазақтың ғана емес, 2130 жылғы қазақтың да тірлігі туралы ойлану, соны уайымдау. Бұл дәл бүгін қияндық көріп, әділетсіздікке тап болып жатқан бұқараның жайын ұмыту деген сөз емес. Бірақ ардақты Ахаңдар айтпақшы, «жұрт бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген зиялылық қағидасын еш естен шығаруға болмас. Осы тұрғыдан алатын болсақ, бүгінгі күнгі зиялы қауым тек кешегімен, тек бүгінімен ғана жүрген сияқты болып көрінеді. Тіпті, кейбір аға буын, жас буын арасынан «біттік, күніміз қараң» деген күңкілді соңғы кездері жиі еститін болып жүрмін. Өкінішті-ақ! Есе­сіне еліміздің, ұлт-мемлекетіміздің ертеңі, болашағы туралы терең ойлар, бағдар болар межелер, тұжырымдамалар жоқтың қасы. Үлкен іс, үлкен шаруа қашан да үлкен идеядан, арман-қиялдан бас­тау алмайтын ба еді? Неге біздің қазақ әдебиетінде фантастика, қиял-ғажайып жанры мүлдем жоқ? Осы туралы ойланайықшы? Тіпті, санадағы коммунистік утопияны қирату үшін де мықты-мықты антиутопиялық туындылар қажет емес пе? Театрымыз, киномыз неге ақсайды дейміз, ал олар ең алдымен, әдебиетке тәуелді емес пе? Киноның да, театрдың да өзегі, отыны жақсы әдебиет емес пе? Газетіңіз әдебиет сүй­ер қауымның, зиялы қауымның газеті, үнжарғысы бол­ғандықтан дәл осы сұрақтарды ортаға салғым келіп отыр. Егер намысқа тырысып алдағы он­жыл­дықта мықты әдебиет жасамасақ, бәсекеге қабілетті әдеби корпусты қалыптастырмасақ, келесі буын қазақ та үйінде, мектебінде қазақша сөйлеп, шыға сала орысша, ағылшынша, қытайша сайрап кете береді. Егер осылай кете берсе алдағы онжылдықтағы қазақтар ана тілін от жағу үшін, орыс тілін – ақша та­бу үшін, ал ағылшын тілін – армандау, іздену үшін пай­далана беретін болады. Бәрі емес, ұлттың кр­е­ативті топтарын айтып отырмын. Біздің мақсат – қазақ баласы тіршілігін де, жұмысын да, ин­тел­лек­туал­дық ізденістерін де өз тілінде, бабалары мұрат етіп кеткен тілінде жүргізсе екен деген амбициялы мақ­сат. Бұл үшін де әдебиет керек ең алдымен. Зиялы, интеллектуалды ұрпақ аяғы аспаннан салбырап түспейді. Ол ұрпақ үйіндегі әке-шешесі жинаған, оқып беретін, кітапханалардағы сөрелерде, кітап дүкендерінің сөрелерінде тұрған, бүгінгі «айпад», «ноутбуктардың» жадында сақталып тұрған пайдалы, тұщымды, өнегелі, арманшыл, патриоттық әдеби кітаптарды оқудан басталады. Егер осы ұрпақты қа­лып­тастырамыз десек, бүгінгінің басты міндет­тері­нің бірі – кітап оқу, кітап іздеу мәдениетін қалып­тас­тыру керек. Кезінде «кітапсүйер қауымдары» қай­та жаңғыруы керек шығар қайтадан. Бар әде­биет­тің жаңа медиа форматына көшіру қажеттігін де ұмытпайық. Жаңа ұрпақ кезінде біздер оқыған том-том суреті, безендіруі жоқ «Рүстем-дастандарды» оқып жатпайды. Сондықтан әдеби қауым, зиялы қауым Тәуелсіздікке сай, тәуелсіз болмысты қалып­тас­тыратын, құлдық санадан арылтатын, отарсыздану үрдісін жандандыратын әдебиетті жасақтау тұрғысында еңбек етсе, сол кезде азаттығымыз бен тәу еткен тәуелсіздігіміздің, мәңгі мемлекеттігіміздің қадіріне жетті деп айтуға болатын шығар.
– Бізде мемлекет тарапынан жеке адамдарға берілетін құқықтармен қатар, халықтың да ел ал­дын­дағы белгілі бір міндеттері, борышы бар екені жеткілікті түрде айтылып, насихатталып және ол жастардың санасына жетіп жүр деп айта аласыз ба? Тәуелсіздік идеологиясы сіздіңше қалай жүр­гі­зілуі тиіс?
– Тәуелсіздік дегеніміз – қыстық соғым емес. Тәу­ел­сіздік – ең алдымен, азаматтың тәуелсіз ойлай бі­луіне қатысты шаруа. Жаңағыда айтқандай: жауапкершіліктің шаруасы. Біреудің сіресіп тойған құлы болғанша, аштан қатқан артық. Азат азамат болу ең үлкен бақыт. Тек көзі ашық, жүрегі ояу азат аза­маттар ғана өз-өзіне, мемлекетіне, қоғамына де­ген жауапкершілікті ала алады, әрекет ете алады. Осы­ған қаншама мыңдаған, миллиондаған бабамыз жете алмады. Елдің болашағын Ресейдің, Қытайдың, Американың болашағына байланысты ету, соларға таңып қою, арасынан жақсысын таңдау да – құлдың таңдауы. Біз құл емеспіз! Ешқашан ешкімге құл болмаймыз! Енді ешқашан ешкімге отар болмаймыз! Азат елдің азат азаматтарына сай тірлік жасаймыз! Осындай сияқты қарапайым қағидаларды жастардың миына ата-анасы да, аға-әпкесі де, балабақшасы да, мектебі де тонналап құя беруі тиіс. Жақсы сөз – жарым ырыс. Түбі осыдан бірдеңе шығады. Ал зиялы қауым, интеллектуал топтар осы қалыптың қандай мазмұнмен, қандай ауамен толтыру қажет­тігін үнемі қорытып, ортаға салып, іске асыра білуі ке­рек. Бүгінгі күні 1986 жылдарда басталған үрей мен қорқынышқа негізделген саясат пен мәдениеттің аяқ­талар кезі. Ендігі уақытта ұлттық мемлекет құру­дың екінші кезеңі басталмақ. Осыған қатысты ойлана түскеніміз дұрыс.
– Қазақ халқының тәуелсіздік алуы туралы ай­тылып жүрген түрлі пікірлерге құлақ ассақ, бірі «оңай­лықпен келген жоқ» десе, енді бірі аяқас­ты­нан болғанға телиді. Бәзбіреулер біз тәуелсіздік алуға дайын емес едік дейді. Осындай стереотиптер мен жалпы, тәуелсіздікке деген селқостықтан арылудың жолы бар ма?
– Бүгін біздің қоғамда неше түрлі алыпқашпа әң­гі­ме бар. Менің ойымша, бүгінгі тәуелсіздігіміз сан ғасырлар бойы бабаларымыздың азаттық үшін, мемлекеттікті құру үшін жүргізген күресі, күйзелісі, жантәсілімі, нартәуекелінің тікелей нәтижесі. Бірі болмаса, екіншісі болмас еді. Жалпы, кез келген адам – құмсағат сияқты болып көрінеді. Егер көзіміз, көкірегіміз ашық болса, тарихи жадымыз толық бол­са, кешегінің, өткен күннің құмы бойымыздан сыр­ғып өтіп, болашаққа барып құйылып, ұлт уақытын белгілеп, анықтап отыратын. Ньютон айтпақшы, біз­дің ірі, биік болып көрінуіміз ұлылардың иығында отыр­ғандығымыздың ғана нәтижесі. Бүгін біздер ірі-ірі тарихи концепцияларды жасақтап, онда ұлт пен мемлекеттің тарихын мықтап жазып шығуымыз ауа­дай қажет. Бұл да тәуелсіз ойлау, мемлекет болу, құлдық, отарлық санадан арылудың алғышарты. Және де мынаны ескеруіміз керек сияқты: тарихты жазған кезде біздер ел-жер тарихы мен мемлекет тарихын шатастыра береміз. Әдістемелік тұрғыдан бұл қате. Тіпті, Кеңес дәуірін де біздер өз мемлекет­тігі­міздің тарихына ендіруіміз керек. Бұл асқан ше­берлікті талап ететін аса нәзік рухани жұмыс. Осыны негізге алсақ, онда Алаш автономиясын (Түр­кіс­тан мұхтариятымен біріктіріп) – бірінші Республика, Қазақ КСР-і – екінші Республика, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміз – үшінші Республика болып танылуы тиіс шығар. Мемлекет тарихы – саяси тарих, басқару жүйесі мен тәсілдеріне қатысты ілім. Бұл үш респуб­лика осыған дейінгі мемлекеттік құрылымдар мен дәулеттердің жалғастырушысы, ізбасары, мұрагері деп танылуы тиіс. Егер алдағы бір-екі жылда біздер осыған ұқсас қыруар интеллектуалды жұмыстарды атқарып тастамасақ, онда қарапайым жұртшылық мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді сан-саққа жүгірте береді, жүгірте береді. Бұл да үлкен ұлттық ымыра­ның, ішкі жалпыұлттық конвенциялардың алғышарты және негізі дер едім.
– Бізде әлі күнге дейін өткенді, кешегі отарлық дәуірді, империялық өктемдікті аңсайтын адамдар бар, өз елімізде өгейдің күйін кешіп жүрміз дей­тін­дер де жетерлік. Осындай қарама-қайшы, әралуан тұжырымдамалар мен пікірлердің болуы, ұлтымыздың ұйықтап жүрмегенінің белгісі, бола­шақ үшін күресіп жатқанымыздың айғағы десек те, тәуелсіздік бізге шын мәнінде қалай келген еді?
– Бүгінгі күн көрсетіп отырғандай-ақ адамдарды олардың тарихи, саяси, геосаяси, Ресейге, Украинаға қатысты көзқарастарына қарап, «отаншылдар» және «отаршылдар» деп екіге бөліп қарауға болады. Әлі де болса біздің қоғамда «қазақ Ресейсіз күн кеше алмайды», «қазақтың күні тек Ресеймен» дейтіндердің саны жеткілікті. Бұған себеп – тек «тарихи арна», өткен тарихи жол ғана емес, кеңестік заманда ғұмыр кешу емес. Бұның басты себептерінің бірі – бізде тәуелсіз ақпараттық кеңістіктің жоқтығында. Біздің ақпарат­тық нарық Ресейге тәуелді, көзі ашық деген азамат­тарымыздың өзі «кәлимасын» Ресей телеарналары мен сайттарынан бастайды. Интеллек­туалдық Қағбасы – Мәскеу, Кремль. Қоғамымыз осының себе­бі­нен екіге жарылып отыр. Теле­арна­ларымыздың қазақ редакциясы бір бөлек ақпарат, орыс редакциялары екінші бөлек ақпарат, екі бөлек идеоло­гия­лық саясат жүргізіп жатыр. Екі ақпараттық кемені ұстаған қоғам не болатын еді? Түбі қақ жарылып, мемлекеттігімізді осының кесірінен құрдымға кетіріп ал­маймыз ба? Бір қуантатын жағдай бар: ерте ме, кеш пе, Қазақия толықтай қазақтың ұлттық мем­ле­ке­тіне айналады. Оған кепіл – демографиялық жағ­дай. Жаңа ұрпақ, тәуелсіздік ұрпағы бой көтеріп ке­леді. Өкініштісі – біздер солақай идеологиялық сая­сатымызбен солардың санасын улап, жігерін құм қылып жатырмыз. Бағдар берудің орнына, рухани азық берудің орнына миларын атала қылып, екі­жүз­ділікке баулып жатырмыз. Осыдан кейін уақапшылар, діни және саяси экстремистер қайдан шығып жатыр деп ауадан жауап іздеуімізге не себеп? Ойланатын жайттар жетіп жатыр. Бір анығы – тәуелсіз ақпарат­тық нарық қалыптастырмай, оны тек қазақ тіліне тәуел­ді етпей, көптеген қолға алған жобаларымыз баян­сыз болып қала береді. Бастасақ осыдан бастайық.
– Өзге халықтардың, мысалы, шешен, татар, башқұрт, т.б. бодандықтың құрсауында отырса да, ұрпақты патриот етіп тәрбиелеуде үлгі болатын тұстары баршылық. Олар өз тілін, ділін, дінін берік ұстанады. Егер осы елдер бізбен қатар тәуелсіздік алса, қазір олардың деңгейі бізбен шамалас болар ма еді, әлде әлдеқайда дамып, жағдайын жасап алар ма еді, кім білсін?! Десек те, салыстырып айтуға болар ма еді?
– Бүгінгі Ресейде тұрып жатқан түркі-мұсылман халықтары арасында менің көптеген тамыр-танысым бар. Олардың барлығы дерлік біздің тәуелсіз мемлекет екендігімізге қызғанышпен қарайды. «Сендер сондай бақыттысыңдар! Тәуелсіз елсіңдер!» деп тамсанып жатқан кезде, шынымды айтайын, мен кейде жерге кіріп кете жаздаймын. Ұяламын әлгі­лер­ден. Іштегі әңгіменің барлығын оларға жайып сал­майсың ғой. Біздер өз азаттығымыздың қадірін білмей жүрміз. Азаттығымызға сай азаматтығымыз жоқ. Азамат деп айтатындай тірлігіміз аз. Бұның бар­лығы, сайып келгенде, жауапкершілік мәселесі. Ел­дегі саяси тенденциялар елдің, жай адамдардың өз болашағына, мемлекетіне деген жауапкершілігін азайтып жатыр. Жауапкершілікті өз мойнына тек еркін, азат ойлайтын адамдар ғана ала алады. Азамат болу үшін, ең алдымен, азат ойлана білу қажет. Азамат болу құлдық, отарлық санадан арылуды талап етеді. Құл азамат бола алмайды. Ресейдегі түркілер сияқты бодандықты Құдай-тағала қайтадан басымызға бермесін. Бірақ сол бауырларымызға қарап біздер де босаңсымауымыз қажет. Керісінше, өзімізді-өзіміз қажап, әрекетке шақырып, шаруа жасап, тірлік жасауымыз абзал. Біздер, шындап келсек, жаңағы бауырларымыз үшін де жауаптымыз. Біздің қазақ – ұжымдық Ертөстік: бауырларымыз қапаста жатса, біздер де толық азат бола алмаймыз. Біздер оларға рухани дем беріп, жандарына медеу болып, рухани күрестерін, азат рухын сақтауына барынша еңбек етсек қана борышымызды атқарған болып саналамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ.

"Қазақ әдебиеті" газеті

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: УАҚЫТ ПЕН БАҚЫТ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407