Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 5785 7 пікір 4 Маусым, 2024 сағат 14:06

Қазақтың маңдайына бітіп ең сен!

Сурет: 7-su.kz сайтынан алынды

Ілияс Жансүгіровке – 130 жыл!

«Бұл өмірде адам - қам-қарекет және қимыл-әрекетпен ғана адам, кім қимылсыз қалса, оның алды таскерең».

Ілияс Жансүгіров

Өмірбаянында Ілияс Жансүгіров: «Менің жылым «жылқы» дейді. Онысы 1894 жыл. Жазғы салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күніңді, сағатыңды қайдан табарсың? Анамды аз білем. Төрт жасымда жетім қалдым», - деп жазады. Ілияс туған ай-күнін анық білмеген. Барлық толтырған анкеталары мен жазған өмірбаянында өзінің туған айы мен күнін көрсетпеген. Ілияс Жансүгіров «Өмірбаянында» өскен жерім: «№ 4 ауылдық/кеңес, Ақсу болысы, Талдықорған уезі, Жетісу губерниясы», - дейді. Бұл кеңес өкіметі орнағаннан кейін жазылғаны. Негізінде Ілияс Жансүгіров Лепсі уезі, Сарытау болысы, № 7 ауылда туған. Ілияс Жансүгіров:

Мен өзім тауда туып, тасында өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім.
Асқарлы Аршалыға қозы жайып,
Бұлттың аспандағы қасында өстім.
Жөңкенің жоғарғы ала басында өстім,
Ақ ғауһар Ақтастының тасында өстім.
Аспанда ақиығы шаңқылдаған,
Құздардың құламалы астында өстім, - деп жеткізеді. Жасынан Алатау, Гималай, Кавказ, Жөңке, Алтай, Алай, Хантәңірі, Көкше, Айыртау тауларын жырлағаны да содан. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген естелігінде, Ақсу ауданы оқу бөлімін басқарған, Ілиястың тәлімін алған Бердіқожа Жантасов:

Сен туғанда жасарды кәрі жасым,
Өсті өркенім, теңіздей ықыласым.
Ай ма екен, жұлдыз бе екен, әлде күн бе?
Құз қабақ, жота мұрын Ілиясым! – деп әкесі Жансүгір өлеңдетіп, еркелетіп әлдилеген деп жазады. «Біздің Ілияс» деген мақаласында Шөкенов Қуандық:

Сенің атың білемін Ілиястай,
Саған келін әперсем сірә жастай.
Үйлендіріп, еншіңді бөліп берсем,
Кетермісің атаңа қарайласпай?
Әлде сері боларсың жорға мінген,
Әлде өлеңші боларсың ән күйлеген.
Бақыт, дәулет, абырой әлі алдыңда,
Сонда мені есіңе ал – әлдилеген, - деп Берсүгір атасы мен Тоқтық әжесі бесікте тербеткенін жазады. Ілиясқа:

- Жазғы салым күннің бірін таңда! - деп Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин ұсыныс жасайды. Ілияс: - Туған күнді тойлап, уақыт өткізіп жүреміз бе? – деп көнбейді. Екі құрдасы болмаған соң, Ілияс: - Мереке күні бәрібір жұмыс істемейміз, мейрамдаймыз ғой. Ендеше, менің туған күнім сол – 1 мамыр болсын! - дейді. Осыдан Ілияс Жансүгіровтің туған күні 1 мамыр болып жүр.

Ілиястың есімін «Қызырілияс» деп қойып, кіндік әкесі атанған қобызшы Байсақұлы Молықбай (1857-1930 ж.ж.) Ілиястың әкесі Жансүгірмен түйдей жасты. Қоныстары іргелес. Заманы бір, тұрмыстары теңдес. Ілияс Жансүгіров ұстазы, ағартушы, мемлекет қайраткері Біләл Сүлеевтің ұсынысымен құжаттарға есімін «Ілияс» деп қысқартып жаздыртады.

«Сұңғыла, сұлу жан» мақаласында Сейдеш Мұқаметшин: «Ілиястың 70 жылдық мерейтойына келген Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинге Ақсу өзені маңын аралатып жүріп, Ғали Орманов Ілияс Жансүгірұлы туралы әңгіме айтады. Ғали Орманов: «Анау тұрған шоқыны «Үкілі төбе» дейді. Оның түбіндегі шұратты «Шилікемер» деп атаған. Акынның өмір бойы әндетіп жүретін «Шилі өзек, көк қамыс, бізді ойлай жүр көп таныс» деген әні осы тұста туған. Қайнар елінің Хангелді деген табынан шыққан асқан бір сұлу қызға ағамыз өлердей ғашық болады. Қыздың сотқар ағалары Ілиясты ауылына жолатпай, ақырында қарындастарын басқа біреуге ұзатып тынады», - деп жазады.

Ілиястың анасының шыққан ататегін Ілияспен аталас Әбішұлы Серпербай: «Аталық – Иманғали – Бақтойыс - Елтынды – Байназар, Қожас – Еске, Жортшы, Қоқанжырық, Орыс, Тоғыс, Жылқыайдар – Қамбар би – Тәттіболат – Ошан - Есболай – Тынбай – Жылқыайдар - Әйтек – Саң – Пұшық – Игібай – Тұрсынғазы деп таратып, Тұрсынғазы – ақын болған. Өлең айтып немесе айтысқанында тақиясы құйқасымен бірге басында ары-бері жүгіріп отырған. Ілиясқа өлең осы нағашы атасынан қонған», - деп жетелі жеткізеді. Аталас Серпербайдың әкесі Әбішті «із кесуші, жортуылшы, ет жасағыш» деп сипаттап, «Әбіш аға» деп Ілияс сыйласқанын Шөкенов Қуандық жазады.

Жазба ақындық Ілиясқа Абай Құнанбаев үлгі-өнегесімен ел ішінде қанғырған «Қазақ» газеті мен Абай Құнанбаевтың 1909 жылы шыққан кітабы арқылы ойы оянып дариды. Өмірбаянында Ілияс: «Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсің, келмесін өмірді өлең қыла бастадым. Абай торында қалдым. Бірталай ұсақ өлеңдер жаздым. Оның атын «Балдырған» қойдым», - деп жазады. Бұл 1914-1916 жылдар болатын. Ілияс: «1916 жылдан 1917 жылға дейін еш нәрсе жаза алған жоқпын», - деген дерек береді.

Мырзабайұлы Қуантай, Әбішұлы Серпербай Ілиястың шыққан ататегін: «Аталық (Келдәулет) – Иманғали – Бақтойыс - Елтынды – Байназар, Қожас – Еске, Жортшы, Қоқанжырық, Орыс, Тоғыс, Жылқыайдар – Қамбар би – Тасболат – Қоңырбай - Қайнар -Темей - Тоқпан – Төлебай (батыр) – Қалдыаман - Жарылғап - Өтес – Бақырай, Шілікбай, Сейілбай, Сайлыбай – Берсүгір - Жансүгір. Жансүгір үш әйел алған. Бірінші әйелінен – Бимамағзам (қазір Бимағзум деп жазылып жүр), екінші әйелі Көкіштен – Рахима, Рахиля, Қызырілияс (Ілияс), үшінші әйелі Бибіден – Қани, Қызырбек туған», - дейді. Тегі Ілияс: «Әкем тоғыз ата», - деп жазып қалдырған. Оны әзірге ешкім тарата алмады. Қопалы уезі бойынша 1904-1906 жылғы болыстық сайлау мен қазыларды тағайындап бекітуде Сарытау болысына қарасты № 7 ауылының қазысы Тәшен би Мыңжасаров, ал кандидаты Жансүгір Берсүгіров болып тағайындалған екен. Құжатта: «Распоряжения областного начальства. Приказы военного губернатора Семиреченской области от 5 августа, № 319», - делінген.  «Дін - тәрбие діңгегі» атты кітапта, Шартарап*С баспасы, Алматы 1999 жыл, 120 бетте, авторы Әзімхан Садуақасұлы: «Жансүгірдің әкесі Берсүгір – қажы болған», - деп жазады. Қызырбектің қызы Нұрпан: «Арғы атамыз Берсүгір. Жансүгір атамның қыздары: Рахима, Рахиля, Қани», - дейді.  Жансүгір ұлы Қызырбекке 1928 жылы текті жер, елі Өтебай, Үпі қажының ағасы Байғалидың Нағипа деген он алты жастағы қызын әпереді. Ілияс Жансүгіров «Сапарда» деген өлеңін Нүсіпұлы Үпі қажыға арнайды. Ілиястың қарындасы Қани да жадынан өлең шығарып, әжептәуір дауысы бар әнші болыпты. Үлгілі бөлімшесінде тұрған Нұрмұханмет Рақимов: «Бала кезімде Ілияспен асық ойнап өскен едім», - дейді.

Ілияс Жансүгіров: «Шу дегенде Әліпбиді әкем өзі оқытты. Иманшарт, Әптиектің ежік сүресін үйретіп жүріп, Құранға түсірді. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде, білтелі шамның жарығында, бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді», - дейді. Ілияс әкесінің кітаптарын жете танып, оқи алмайды. Ұғымсыз болады. Әкесі «Ақтұмсық қарға жер ошақтың басына қонып ұшты» деген сөйлемді жаздыртады. Бұл сөйлемде Ілияс бес қате жібереді. Әкесі баласы шала да болса, жазу жазып ұшталғанына қуанады. Бұл 1906 жылдың 25 қазан күні еді. Ол оқытудағы мақсат – бұ дүние үшін қолында қой-серкештің қаты болса, о дүние үшін аузында иманы болып, бес мезгіл намазы болса сол еді. Орыс оқуының не екенін, неге керектігін түсінетін жандар маңайында болмайды. Маман-Тұрысбектер сауда-саттық капиталы арқылы қазақ арасына өзгеріс кіргізеді. Имам ұстайды. Мешіт салдыртады. Медресе ашады. Балалар оқытады. Ұрпақтары жаңа мектеп салып, төңірекке оқу-білім таратуға ошақ болады. Нұрсейіт Жақыпов пен Айсеркенов Бұғытай қолжазба дәптерінде: «Қарағаш мектебін салдырған ісмер Әбдрахман. Салуға Сарқаннан 30 шамалы орыс пен 30 шамалы қазақ қатысқан. Мектеп жобасын сызған Барлыбек Сыртанов пен Байдраһман Зиһандаров. Мешіт салуға 16 мың қаржы жұмсалса, мектепке одан екі есе қаржы шықты. Мұғалімдер: Байдраһман Зиһандаров, Жақи Айманов, Ахметкерей Ғабитов, Нажар Абдосов, Нұрмұхамет Ислямов, Құнанбай Басшабаев (орыс тілі) Уфадан оқып, кейін мұғалім болғандар: Біләл Сүлеев, Мейірман Ермектасов, Аубакир Мамбетбаев, Бейсембай Кедесов, Берікбол Қилыбаев, Мұстақым Малдыбаев, әнші Майра. Атаманның ұлы Николай Назаров Сарқаннан, 1911/15 жылдары орысшаға оқытқан. Мұхаметқали мен Фатима Есенгелдиналар. Фатима қолөнеріне 40/50 қызды баулыды. 1918 жылы Қарағашта өлтірілгендер: Бейсембай Кедесов, Омар Кереев, Әріпжан Бегімбаев. 1937 жылы мектеп Ақсуға көшірілді. 1918/1920 жылы оқу болған жоқ. Оқу тек 1921 жылы басталды. 1925/1928 жылдарда коммуна болды. 1928/1936 жылдарда ШКМ, 1935 жылы тоғыз айда орта мектеп болды», - деп деректейді. Сол мектептен Матай елінен шыққан бірқатар оқығандар Мейірман Ермектасов, Әубәкір Мәмбетбаев, Бейсембек Кедесов, Нұрқасым Жетекбаев, Құсмолда Қысықкөзов, Нұрсейіт Жақыпов, Қанапия Махметов, Нұрғалым Сейтбатталов, Әлсейіт Бағрамовтар. Ілияс Жансүгіров «Мамания» мектебінде оқымаған. Өмірбаянында Ілияс Жансүгіров: «Мен ол мектепте оқи алғаным жоқ», - деп анық жазады.

Ілияс 1909 жылы бір байға жалданып, тоқтыларын бағады. Сол жылы елде астық ырғын шығады. Оған да жалданады.

Оқығаны туралы Ілияс Жансүгіров: «Бұқара шәріптен оқып шыққан Хасен деген шала қазақ молда «Сүттіген (Күйгентам)» деген жерде Тұрысбек ауылында имам екен. Мені әкем осы Хасен молдаға 1910 жылы оқуға әкеп берді. Оның оқытқаны Құран мен Шәротсала бес уақыт намаз кітабы. Мұнда бір ай жарым оқыдым. Тұрған жерім келіспей, ауырып, ауылға қайттым», - дейді. Негізінде Ілиястың ол оқуды тастауға себебі басқаша. Хасен молданың  араб тіліне тілі келмеген шәкірттерінің тілін орамалымен ұстап, созатын әдеті болады. Бір күні Тұтқышбай деген баланың тілін созып, оның тілі ісіп кетіп, азап шегеді. Хасен молданың бұл қылығына шәкірттері наразыланып, үлкен табақ қағазға Тұтқышбайдың тілін созып тұрған Хасен молданың суретін салып, астына екі шумақ:

Молдекем Тұтқышбайды мазалап тұр,
Тілін созып, жылатып, жазалап тұр.
Дін үйретіп балаға зорлықпенен,
Таратып жұмақ жолын тазалап тұр.
Тұтқышбай молдекеме бағынып тұр,
Оқудан көңілі қалып, ошағын сағынып тұр.
Молдакең жас баланы аяр емес,
Қызарып, екі көзі қағынып тұр, - деген өлең жазып, мешіт қабырғасына іліп қояды. Хасен молда мұны жасағанның ізіне түсіп, Ілияс екенін біледі. Оқудан шығаруға әрекет жасайды. Уәлиұлы Хасен Тұрысбектің Тройцкіден қалап әкелген молдасы. Зираты Талдықорғандағы Шайқорғанда. Жаманбайұлы Тұтқышбай: «Мұндай оқиға орын алғаны рас. Содан Хасен молда дәрісінен Ілияс екеуміз шығып кеттік», - деп растайды. Қабырға газетін Ілияс Жансүгіров ең алғаш 1910 жылы Күйгентамдағы (Сүттіген) Тұрысбек қажының мешітінде Хасен молдаға арнап шығарған. Бұл Ілиястың журналистикаға деген алғашқы ықылым қадамы десек те болар. Ілиястың бала кезінен айтатын «Желдіқарағай» деген өзінің шығарған өлеңі болады. Ол өлеңді айтқызуға көпшілік құмартыпты. «Жайлауым Желдіқарағай, жайлауда елім жарасқан», - деген ғана жолдары сақталған.

Жаманбайұлы Тұтқышбай (1888-1977ж.ж.) - түрсіз қара мысық, қарадай есепке жүйрік адам екен. Кеңестіктер «кедей» деп қолдап, жазуды шала білсе де райсоюздың басшылық қызметіне тағайындап, десін көтерсе, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, қызыл белсенді атанады. Кеңес өкіметінің өкілі Беков Омарбек: «Кедей Жаманбаев Тұтқышбай кеңес өкіметін қолдап, енді ғана біз өзімізді тәуелсіз сезіне аламыз деп айтты», - дейді. Сол кездегі газеттерге Тұтқышбайдың суреті мен сөзі жиі басылып, шығып тұрыпты. Ел ішінде:

Жаманбайұлы Тұтқышбай,
Ел жемесе іш құсты-ай.
Елге шыққан уәкіл,
Жай шаруадан өзі бай, - деген өлең де таралыпты.

Майра Уәлиқызын «Мамания» жаңа үлгі мектебінен, яғни Қарағаштан 1910 жылы еліне шығарып салуға жұрт болып дайындалып атсалысады. Ілиясты Майраның қоштасуына Күйгентамнан (Сүттіген) Хасен молда бас болып, өнерлі Ноғас Адамжан, соқыр Шөмшетайұлы Бекетбай ақын дайындап апарады. Олар Ілиясқа бағыт-бағдар беріп, нұсқаушылық етеді. Көп алдында шығып сөйлемеген Ілиястың қобалжып, қысылмауын қалайды. Көбіне Ілиясқа Адамжан:  - Қорықпа! Батыл бол! - деп дем береді. Ілияс Майраға арнау өлеңін зор шабытпен орындайды. Одан Майраға Ілияс өлеңмен жауап қайтарады. Ілияс Майраға өлеңмен жауап айтады деп жиындағы жұрт ойламаған. Жұрт: - Қанбадық? Қайта айтсын! – деп даурығады. Өнерлі, өлеңші Ноғас Адамжан Ілиястың Майраға айтқан жауабына қолма-қол әуез шығарып, өзі ортаға шығып орындайды. Бір емес, үш мәрте қайталайды. Жиын думанға, ән базары жәрмеңкеге  ұласады. Ілиясқа Уәлиқызы Майра: - Ақындық өнеріңе қатты сүйсіндім. Қарағым, алдыңнан жарылқасын, мұратыңа жет! – деген мейірім тілегі мен алғысын білдіреді. Алғаш жұрт аузына Ілияс осындай ақындығымен ілігеді. Осы оқиғаны ел ішіне үлгі етіп таратқан Қазақстан мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім Мәкей Еркінбеков (1895-1952 ж.ж.) екенін біле жүрген абзал. Маманов Сейітбаттал қажының ұрпағы Сасан Нұрғалымов: «Әнші Майраны Қарағаштан шығарып салу, «Қоштасу» думаны 1910 жылы үш күнге ұласты. Ілиястың Майраға айтқан өлеңіне елі Ноғас, Адамжан әнші қолма-қол әуез шығарып, сол жерде үш рет орындады. Майра оған сәлем жасап, басын иді. Әнші Майра Ілиястың маңдайынан сүйіп, жақсы тілегін айтты», - деп деректейді. Елі Ноғас, Адамжанның қызы Ырыстай Адамжанова – өнерлі, әнші, актриса, Ақсу театрының іргесін қалағандардың бірі. Жардамбек Тостағанбетовтың шәкірті, еңбегі ерен артист Сағымбек Рақышевтың зайыбы.

Ілияс Жансүгіров екінші рет оқуды 1912 жылы ноғай мұғалімінен «Қыли» жәдит мектебінде оқиды. Өмірбаянында Ілияс Жансүгіров: «1912 жылы күзде «Қыли» мектебіндегі ноғай мұғалімге оқуға кірдім. Оның сабағы: құран, оқу, жазу, есеп еді. Оқуға оқытатыны «Рәһбір бибан ғиқайе» деген татарша кітап. «Қыли» жәдит мектебінде төрт жарым ай оқыдым да, оқи алмай кеттім», - деп жазады. Елі Қаптағай-Бөрте, Жанкөт бидің ұлдары - Қыли, Қырбас. Қарақұрым мал, бармақтай бақ, жайқалған бала-шаға Қыли, Қырбасқа бітеді. Біткен байлықтың арқасында Сүттігеннен «Қыли» жаңа үлгі мектебін ашады. Ілияс сонда төрт жарым ай оқиды. Жойыр кеңес өкіметі зобалаңы 1928 жылы малдарын конпескелеп, одан 1930 жылы «Бөрібай» көтерілісіне байланысты атқанын атып, қалғанын айдап, соттап құртып, әпербақандыққа шалған. Барлыбек Сыртанов округіне қарасты Қопа елді мекенінен 10-12 шақырымдай жердегі Қыли, Қырбас басына үрім-бұтақтары қойған қара таста: «Найман руынан шыққан аталарымыз Қыли мен Қырбас Жанкөт би ұлдарының рухына», - деп жазылған.

Ілияс Уфадағы «Ғалия» медресесіне оқуға барғысы келіп, ойын әкесіне айтады. Әкесі: «Көз алдымнан еш қайда жібермеймін. Тағы оқығың келсе, Ақсу бекетіндегі Сарымолдадан оқы. Әйтпесе, осы оқуың жетеді», - деп алған бетінен тиып тастайды. Әкесі Ілиястың білімін тексеріп көреді. Ілияс Иманшартағы әріптердің оқылғанда қалай оқылатынын, қандай әріп екенін, астыңғы-үстіңгі нүктелерінің қай әріпте нешеден екенін, нүкте қай әріпте болатынын іркілмей айтып шығады. Бірақ, шалаң жерлері де болады. Әкесі баламның «білім-оқуға талабы таяз екен» деп түйіп, аяғын шырмайды. Бас құсыру (үйлендіру) үлкен мақсат болады. Үй шаруасына салады. Егін, пішен, арық-тоған, жазғы тіршілік, аз малды қыстан алып шығу мойнына жүктеледі. Оқу талабы біржола сөнеді. Есіне де келмейді. Келгенмен көзсіз көбелектей барар жері, басар тауы болмайды. Сөзге үйірсек, құймақұлақ болады. Әңгіме, жұмбақ, қара өлең, айтыс, ұнаған сөздерін жаттап ап, тындаған нәрселерін қағып алады. «Қыз жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Сал-сал», «Зарқұм» қиссалары, «Біржан мен Сара» айтысы қызықтырады. «Балталы, Бағаналы ел аман бол, Бақалы, балдырғанды көл аман бол», - деп басталатын екі қыздың туған жермен қоштасу жырын демін ішіне тарта, кең тыныспен үзілтіп айтады. Аймаққа өлеңші атанады. Топ жарып, әріптес алып айтысады. Тойларда көпті аузына қаратады. Сөйтіп құтырған күндер өтіп жатады. Ілияс:

Ежелден ескеруші ем елдің сөзін,
Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.
Бар ма деп ашпаған сыр, айтпаған жыр,
Құлақты қырға түріп жүрген кезім, - дейді. «Өмір өткелдері» кітабы, 2011 жыл, Талдықорған, Жақанбай Әбішұлы «Ілияс туралы естігендерім» атты танымында: «Ауыл арасындағы кеткен кемшіліктерді, көзге қораш көрінетін жағдайларды Ілияс өлең шығарып жазып міней білген. Ілиястың «Мысықбай бухгалтер» деген сықақ өлеңін әжем жатқа айтатын еді», - деп жазады.

Келін түсірген тойда, 1912 жылы күзде, Ілияс Боранбектің қызы Әлишамен айтысады. Үй толған кісі. Қайсысы жеңер екен деп барлығы ыңталы. Әлиша өлеңші көрінеді. Айтыс аяқтала берген тұста Әлиша:  Қыз әулие болғаны есіңде ме?

Ақ-қара бас қой айтып, табынып кел, - дейді. Әлишаның әкесінің қойлары өңшен ақ-қара бас екен. Әлишаны қолдаушылардың шоқтығы көтеріледі. Ілиясты қолдаушылар үрпиісіп қалады. Сонда Ілияс: «Нарға мін де кете бер әулиеңе», - деп жауап қатады. Әлиша жауап бермей, отырып қалады. Әлишаның шешесі келіп, Ілиясты арқасынан қағып, «сен жеңдің, жол сенікі» депті.

Қаптағай елінің құнарлысы Ардабек Балқаш көліне тақау жайлап отырады. Қуантайдың атақты ақын қызымен Ілияс тойда айтысады. Бірақ, арты төбелеске ұласып, Ілияс қолдаушыларымен бірге тойдан қуылады. Егес қызға Ілиястың: «Аузыңа жын ұрғандай сөз сөйлейсің, болған ба шешең сырлас періменен», «Бірге түнеп шығып па ең шайтанменен?», «Бар дейді Бейсембайда Шұлғаубайгер», бес байтал сендей-сендей беріп алған», - деп айтуынан ушығады. Ілиястың бұл айтысын куәгер Жанәбілов Жақанбай көпке таратады.

Ілияс Найманбайұлы Әсет ақынды 1913 жылы Романовтардың 300 жылдығына баруға Тұрысбек ауылы Күйгентамға (Сүттіген) келгенінде көреді. Әсетті арғы беттен Барлыбек Сыртанов алдыртады. Әсет ақынға орыс үлгісінде киім тіктіртіп даярлайды. Сонда Барлыбек Сыртанов Әсет ақынға Пушкиннің «Татьянасын» аудартады. Әсеттің ол аудармасын халық ақыны Куат Терібаев, Сәкен Шәріпов, Жардембек Тостағанбетов жатқа айтыпты. «Онегиннің жауабы» демей, «Татьянаның хатына жауап» деп аталыпты. Ілияс Әсеттің әндерін жиі орындапты.  Ақын Әсеттің:

Әсеттей сал ән салсаң әсемдетіп,
Делебені қоздырып, әсерлетіп.
Дауысым дауыл, сөз жаңбыр, әнім ескек,
Басылайын ойнақтап, аз желдетіп, - деген зарын еске тұтқанды Ілияс қалаған деп жазады Бісмілда Балаубеков «Ән сапары» кітабында. Ілиястың орындауындағы «Сұрша қыз» әніндегі:

Аралап талай жерді зарығармын,
Аман бол елім, жұртым, сағынармын.
Туған жер кімге болса ыстық екен,
Егіліп көзімде жас ағылармын, – деген бір ауыз шумағы ұмытылыпты.

Ілиястың әкесі қыз айттырған жері баталы малын асырып ала береді. Үй іші шаруа жүзінде кедейлікте қалады. Айттырған жер қызын бермей, созалаңға салады. Жұт басталады. Іс қияс өзгереді. Әкесінің Ілиясқа қыз айттырып әпермегі қырсықты күйге ұшыратады. Әке мен бала арасында алакөздік туады. Ілияс екі араға тентірейді. Бірде үйіне, бірде қайын жұртына – екі ортаның кезбені болады. Қайын жұрты күшік күйеу қылмақшы болады. Оған Ілияс көнбейді. Өмірінде қиындық туындайды. Тіршілік әр нәрсеге ұмсындырады. Ұрындырады. Ілияс күн көру үшін кейбіреудің баласын киіз үйде көше-қона жүріп оқытады. Бұл Ілияс өмірінің 1913-1918 жылдары еді. Жетісуда 1917-1918 жылы соқпалы «жылан» жұты өтеді. Ол шаруаны шайқап кетеді. Ақыры әкесі айттырған Жәмиләмен Ілияс сан қилы әурешілікті басынан өткізіп қосылады. Ілияс Жансүгіров: «Көзсіз көбелектей адасқан кезім осы жылдар болатын», - деп деректейді. Ілиясты әкесі Жансүгір: «Арман, тілекті еңбекпен үйдір, берекені төндір. Қара қазан, қара баланың тілеуі еңбекпен қолға түседі», - деп жігерлейді. Қазіргі Ақсу ауданы, Ойтоған округіндегі Ойтоған, Белтоған, Тесіктоған халық бірлігімен қолмен қазылып, жасалған тоғандар. Оған Ілиястың әкесі Жансүгір де қашқан суды лезде топырақты үйе жүріп байлап, тоған салғандардың бірі болған.

Ілияс Жансүгіровтің «Сарыарқа» газетіне 15 тамыздағы 1917 жылы, № 9 нөміріне «Тілек» деген алғаш өлеңі басылып шығады. Ал, 22 тамыздағы № 10 нөміріне екі өлеңі тағы басылады. Бұл Ілиястың шығармашылығының алғашқы басылып шығуы. Ілияс сатираға арналған “Садақ” (1917 ж.), “Шаншар” (1925 ж.), “Жаршы” (1929 ж.), “Балға” (1932 ж.) атты журналдар ұйымдастырған.

Кешікпей 1918 жылы ақ пен қызыл соғысы басталады. Ел таланады. Үркеді. Ақтың шығыны елді тақырға отырғызады. Ел 1919 жылы тіптен қатты жүдейді. Жоқшылық қысып, жаншылады. Жазғытұрым 1919 жылы Мәрзия Ильдарова Ілиясты Ойтоғандағы «Қайнар» мешітінен көреді. Мешіт жанында тоқал үйлер болады. Ол жерге Мәрзияны Байғабыл деген жолсерік апарады. Совдепте хатшы болған Меделхан Абылайханов Ақсуда уездной бастық болады. Ақтар жағына өтеді. Оған Мәрзия жақпай, содан арылып, қауіпсіз жерге Ойтоғанға кетеді. Мәрзия Барлыбек Сыртановтың баласы бірнеше сандық толып жатқан орысша кітапты осы «Қайнар» мешітіне әкелгенін Байғабылдан естіп біледі. Ілияс Барлыбек Сыртановтың ұлы Кәкені (Әбдүлқадыр) 1913 жылдан білген. Жансүгірдің Ілиясы мешітке күн ара келіп, құнара кітаптарды оқып, ақтарады екен. Мәрзия Ілиясты «Сарыарқаға» шыққан өлеңінен есімін біліпті. Мәрзия інісі Ғанаятты ертіп мешітке барады. Мешіт жарық, іші суық. Сұр шекпенмен тысталған күпі жамылған, ақ елтірі тымақты біреу кітап қарап отырады. Мәрзия: - Сәлеметсіз бе! Сіз Ілияс боласыз ба? – дейді. Ол кітаптан көзін алмай: - Сіз кім боласыз? Қайдан келдіңіз? – дейді. Мәрзия: - Мен - Раушанмын! Арнайы Ақсудан келіп едім, - дейді. Шын есімін жасырып. Ілияс: - Келсеңіз, кітаптарды мешітте ғана оқисыз, - дейді. Мәрзия Ильдарова: «Жар қабақ, қыр мұрын Ілияс мені суық қарсы алды», - деп естелігінде жазады. «Қайнар» мешітіндегі кітаптардың қазақшалағандағы атаулары: «Үлкен Энциклопедияның» - 20 томы, «Орыс тілі әдебиетінің тарихы» – 3 том, «Дүние жүзі тарихы» - 4 том, «Өнер тарихы» – 6 том, «Европада саналы даму тарихы», «Христиандықтың мәні», «Христиандықтың алғашқы ғасырлардағы тарихы», «Ресей мемлекетінің тарихы» - 12 том, «Сот, медицинаның оқулығы», «Түркістан әдебиетінің» жинағы, Абель Авелахтың «Тіл ғылымы» кітабы, Веселовскийдің «Шығыс тарихы туралы» лекцияларының – 4 томы, «Парсы тарихы», «Араб әдебиетінің» очерктері, «Араб хрестоматиясы» – 3 том, «Жалпы әлемдік теория» – 2 том, «Араб тілінің граматикасы», «Ормандардың христоматиясы», «Түрік қолжазба мақалалардың» жинағы, «Мұсылман шариғатының» басты негіздері, «Шаруалар табысының көзі», «Ақша ғылымының» негізі, «Ерте заман мекемелері тарихы» жөніндегі лекциялар жинағы, «Ақмола облысындағы Қазақтар шаруашылығы», «Жетісу облысындағы жергілікті тұрғындар мен орыстардың ескі славяндық шаруашылығы мен жерді пайдалану» жөніндегі тексеру материалдары – 3 том, П.Странскийдің «Жұмысшы табының өзіндік ұйымы» кітабы, Карл Гильдің «Социализм, коммунизм және анархизм» кітабы, Л.Толтойдың «Семья», «Бақыт неде?», Салтыков-Щедриннің – 12 томы, И.Гончаров, А.Чехов, Тургенев, Лесков, Григорович, Жуковский, Шиллер-Михайлов, Достоевский, Белинский, А.Пушкин, Лермонтов т.б. жазушылардың толық жинақтары, Немирович-Данченконың шығармалары, Генрих Гейненің – 6 томы, Вальтер Скоттың – 14 томы, Дон-Кихот, Фердоусидің «Сохрабтың тарихы», Джордан, Жюль Верн, Купер, Доде кітаптары. Бұл аталған кітаптардың Смағұл қажы мешінде болғандығын Ж.Бекасылов, Шатақбаев Әбіш, Жілікбаев Нұрмолда, Мәрзия Ильдарова растап, естелік деректер жазып қалдырғандығын «Жан қайығын жарға ұрдым» кітапшасына құрастырушы Мұратбек Иманғазинов енгізген.

Ілияс бұл кітаптарды қарап ақтарғанымен толық оқуға тісі батпаған. Оқығанымен жөн-мәнін түсінбеген. Өйткені, орыс тілін жетік білмеген. Мәрзия Ильдарова Фатима Ғабитовамен бірге туысқан болады. Алматыда 1923 жылы Ілияс Мәрзия Ильдаровамен қызметтес болады. Қазинпроста мұғалімдерге арналған орыс тілінен үйірме ашылып, Мухин деген дәріс беріп, Мәрзия оған тілмәштік қызмет етеді. Біләл Ақшалов, Ғали Демешев, Қажым Басимов, Ілияс Жансүгіров өтініштерімен Мәрзия Ильдарова оларға орыс тілін қосымша, күніне бір-екі сағат үйретеді. Ілияс Жансүгіров онда «Тілші» газетінде істеп, Қазинпроста әдеби үйірмені басқарып және қазақ тілінен сонда сабақ береді. Мәрзия Ильдарова: «Ілияс ғажайып ұғымды, қабілетті еді», - дейді.

1920 жылы атаман Анненков Қытайға қашады. «Кедей тойы» деген өлеңінде Ілияс: «Айдаһар қоршап, патшаға отар болған Жетісу», - дейді. Ақсуда кеңес өкіметі орнайды. Елді ашаршылық жайлайды. Ілияс Жансүгіров 1920-1921 жылдардағы ашаршылықты өз көзімен көріп, басынан өткерген жанның бірі болған. Сол жылдардағы ашаршылық туралы Ілияс Жансүгіров «Жұт» деген поэма жазады. Поэманың толық нұсқасын біреулер архивтен қолды қылыпты. Ашаршылық нәубәтін Ілияс Жансүгіров:

Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,
Тұқымын сағат сайын кеміп жатыр.
Баласын өзі үйтіп, сирағын жеп,
Көр азабын тірідей көріп жатыр», - деп шындықтың бет пердесін аша бейнелейді.

Ілияс оқуға талпынады. Алматыдағы қысқа мезгілді оқытушылар дайындайтын қазақ-қырғыз курсына барып оқуға кіреді. Ол курсқа Ғали Орманов, Рақым Омаров, Шаймұхамбет Өмірбеков (Құдаш Мұқашевтің әкесі) бірге барып оқиды. Ілияс: «Көзінің оты бар, адам болатын. Дарыны бар, болашақ ақын болады», - деп Ғали Ормановпен танысқаны сол кез. Ғали Орманов: «Халау-лім, қалды-ау кейін ауылым» өлеңін Ілияс  толғай шырқайтын», - дейді. Ғали Орманов «Кемпірбай мен Шөже» айтысын, екі ақынның өз әуезімен алмақ-салмақ бездіртіп, бажайына келтіре ғажап орындапты. Сол кезде Түркістан оқу комиссариаты тарапынан ел әдебиетін жинауға айрықша комиссия құрылады. Осы комиссияға Ілияс Жансүгіров өзінің жазған «Балдырған» атты қолжазба дәптерін ұсынады. Комиссия қабыл көріп, олар Ілиясты әдебиет жинауға қызметке алады. Ілияс Жансүгіровтің араб әріпімен жазған «Балдырған» қолжазбасын Біләл Сүлеев 1920 жылы оқулық кітап қылып шығартады. Ілияс жаздай комиссиямен жұмыс істеп, күзде Ташкентке барады. Ташкентте қазақ институты жанынан ұйымдастырылған 2 жылдық оқытушылар дайындайтын курсқа оқуға түседі. Ташкентте Қасымалы Баялинов алты ай Ілияспен бірге оқып, бірге тұрады. Ілияс Ташкентте 2 жылдық оқытушылар дайындайтын курста оқып жүріп драм кружок ашып, жастарды тартады. Екі апталық студенттер журналын шығарады. Бұл мәселелер институттың халық ағарту бөлімінің жиналысында 1921 жылы 9 қаңтарда қаралып бекиді. Ташкентте театрда Жанақ ақын болып рөлде ойнайды. Сонда аз күннен соң «Ақ жол» газетіне корректор болып орналасады. Ғани Мұратбаевтың ұйымдастыруымен «Жас Алаш» газеті 1921 жылы 22 наурызда шығады. Ілиястың «Жас замандастарға» деген бас мақаласы және «Жалпы жас» деген өлеңі «Жас Алаш» газетінің бетіне басылады. Жаз шығысымен оқуын оқымай кетеді. Бірақ, Ташкенттегі институт жанындағы екі жылдық оқытушылар курсында бәр-жоғы алты ай оқып, «мұғалім» болып шықты деген қағаз алады. Өз елі, ауылына қайтып, шөп дайындайтын агитатор қызметін істейді. Бұл 1921 жылдың жазы болатын. Байлардан кедейлерге сауын үлестіру жұмысына да араласады. «Посевком» басшысы қызметін де атқарады. Анда-санда «Кедей еркі» деген газетке тілшілік жасап, хабарлар жіберіп тұрады. Бірер өлеңі басылып шығады. Сол 1921 жылы күзде «Белтоған (қазір Тесіктоған)» мектебіне басқарушы мұғалім болып орналасады. Тасыбек Мұздыбаев, Болатхан Тәшенов, Ақан Төлебаев, Б.Ерғозов, Б.Қосарбаев, Қ.Кебеков, Д.Күнболатов, Нұрмолда Жілікбаев, Тыныбай Темірбеков Ілиястың «Белтоған» мектебінде білім алған шәкірттері. Олар: «Ілиястан жасы үлкен-кіші елу бір оқушы дәріс алды», - дейді.  Ілиястан білім алған зерек шәкірті Нұрмолда Жілікбаев Ақсу ауданының басқару аппаратында 1929-1930 жылдары, одан мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтың бірінші көмекшісі болып қызмет жасаған. Тыныбай Темірбеков № 3 колхозды ұйымдастырып, еңбегі 1939-1947 жылдарда кеңінен Республикаға танылады. Жүйрік ат Түймебасты алғаш жылқышы Сырғабайұлы Сапыжанның таңдауымен атақ-даңқын елге шығарады. Түймебас 1958 жылы Алматыда өткен Республикалық ұлттық ойындарындағы 16 шақырымдық ат бәйгесінде жеңімпаз болады.

Ілияс Алматыға кеткісі келіп, кете алмай зардап шегеді. Өзінен екі жас үлкен, әкесі айттырып әперген Жәмилә әйелінен айырылысады. Ілияс Талдықорғанда 1921-1922 жылдар аралығында Көк базардың жанындағы Мейірман Ермектасовтың үйінде тұрады. «Жемір болыс» деген пъеса жазып, Талдықорған жұртшылығына көрсетіледі. Әйтек Зұрман, Тәуке Есбер, Жалайыр-Балғалы Қожахан образдарын, мінез-құлықтарын бұлжытпай Ілияс пъеса арқылы бейнелейді. Рөлдерді ойнауға Кәке Сыртанов, Керімқұл Есболатов, Әлибек Қалымбетовтер тартылады. «Жемір болыста» әйелдің рөлін, елі Тасыбай, Берентайқызы Аманша ойнайды. Ілияс екеуі жақсы білісіп, 1921 жылы қыста Аманшаға (1903-1927 ж.ж.) үйленеді. Шын аты – Аман. Еркелетіп «Аманша» деп атаған. Аманшамен жеті жыл бірге өмір сүреді. Аманша бала көтермей жүріп, 1927 жылы құрсағындағы баласымен қайтыс болады. Аманшаның зираты Еркіннен шыға берістегі дөңде жатыр. Ілияс Мәскеуден келісімен Аманшаның қабырының басына барады. Бақуалықпен оған арнап шығарған «жүректе қатты сақтармын, алысқан қолдың жылысын» деп, қабыр басында «Моласында..» деген өлеңін оқиды.

Ілияс 1921 жылы қыста Алматыға кетеді. Таныстары «Қосшы» комитетінің култьпросветіне инструктор қылып қызметке кіргізеді. Одан 1923 жылдың басынан «Тілші» газетіне тілші болып орналасады. Темірбек Қожакеев: «1923 жылы Ташкенттен шығатын «Ақжол» газетіне Хакім Жамбайұлы деген «Не ойлағаны бар?» деп шағымданған хаты түседі. Шағым иесі Талдықорған уезінде Найман, Жалайыр болып партияға бөліну жігі өріс алды. Бұл туралы «Тілшіге» талай жаздық. Сонда отырған Найман өкілі Ілияс еш баспайды. Оның не ойлағаны бар? «Партиягершілік елдегі шолақ етектердің бақ таласынан пайда болған» деп хабарлап, «Ақжол» бұл арызды «Тілшіге» қайырған. Бұған Ілияс газет бетіне «Ойлағаны мынау» (27.11.1923 ж.) деп жазып, «Талдықорғандағы текешіктер таластарының жайын жақсы білмегендіктен газетке баспадық» деп жауап қайырған», - дейді. Ілияс «Ақ жол» газетіне Ілияс 1921 жылдан «Елден» деген айдарына хабарлар жіберіп тұрады. «Ақ жол» газеті. № 20, жексенбі, 30 январь, 1921 жыл. Елден. Қапал. І.Жансүгіров. Кеңес өкіметі орнағалы біраз жыл болды. Ағарту істері нашар. Ілгерілемейді. 1920 жылы майда Алматыда қысқа уақыттық оқытушылар курсы ашылды. Қопалдан келген 18 курсант бар. Лепсіден ешкім жоқ. Биыл Жетісуды аралап комиссия шықты. Мақсат үйездерде мектептерді көбейту. Комиссия аянышты халді көріп қайтты.

Әлеуметтік қызметке Ілияс 1921 жылдан батыл араласады. 1922 жылдың қараша айынан Ілияс Жансүгіровте Жетісу облыстық мәдениет саласының инструкторы деген куәлігі болады. 1922 жылы бірге оқыған Шәке Құйқабаевтың жирен қасқа атын Ілияс мінуге алып, оған арнап «Жирен қасқа» деген өлең шығарады. Сонда Ілияс қазақы, қыр киімді. Басында үш қырлы тымақ. Үстінде сырты ақ тысты тон. Аяғында жұлықтаған сәнді киіз етік. Қолында мойны қысқа ақ домбырасы бар. Әнді иінімен әсем салып айтыпты. Ілиястың құрдасы Ибат Байқадамқызы Ілиястың салған әндерін 90 жасқа келгенге дейін айтып жүріпті. Ибат Байқадамқызы: «Ілияс Абайдың «Сегіз аяқ», Әсеттің «Хисмет». «Біржан мен Сара» айтысын домбырамен сүйемелдеп отырып орындайтын», - дейді.

Біләл Сүлеевтің баласы Жәнібек өмірге келгеніне 1923 жылы ақпан айының аяқ шенінде Жамбыл Жабаев шілдехана тойына келеді. Ілиястың әйелі Аманша ас қамына көмектесіп, Ілияс Жамбылдың айтыстарын есіне түсіртіп, жазып алады. Кейінде Жамбыл халық ақыны атанып, өкіметтен ең алғашқы марапатын алғанында, жиынды ауданның партия комитетінің хатшысы Г.И.Колмогоров ашып, Ілияс Жансүгіров Жамбылдың поэзиядағы табыстарынан баяндама жасайды. Ілияс Жансүгіров: «Жамбыл жырлары Бұғымүйіз, Бесмойнақ  жайлауларының гүліндей алуан түрлі. Қош іис күншілік жерден аңқып тұрады. Ақын жырларын тыңдаған сайын көк жайлауға шыққандай әсер аласың», - деп бағалайды.

Ілияс Қазинпроста қызмет істеп жүргенінде ауыл жаққа келіп, оқуға ынтасы бар балаларды өзімен Алматыға оқуға әкетеді. Солардың бірі Бек Ақашов: «Қарағаш ауылына Ілияс келді. Денелі, қараторы жігіт. Қияқтай мұрты өзіне жарасады. Киген киімі ауылға ықшамды. Бес-алты баланың әке-шешесін шақыртып, олармен сөйлесіп, рұқсатын алып, оқуға баратындарды ат-арбаға отырғызды. Оқисыңдар деді Ілияс. Ілияс одан бұрын жеті-сегіз баланы өз ауылы Ойтоғаннан Алматыға апарып, ағарту курстарында оқытқан», - дейді. Ілияс: «Жаңа өмірге жету үшін оқу керек, білім, мәдениет, еңбек қажет», - деп үгіттепті. Естелігінде Болат Тәшенов (Қайнар Тәшен бидің ұрпағы): «Шіркін, Ілиястың мінезі жайдары. Алды-артын кең ойлайтын. Қолынан келген жақсылығын ешкімнен аямайтын», - деп деректейді.

Ілияс Жансүгіров Алматыдағы педагогикалық институтты құруға үлкен үлес қосқаннның бірі болған. Ілияс Жансүгіровке берілген куәлікте: «Ілияс Жансүгіров Алматы Кырғыз (Қазақ) педагогикалық ағарту институтының директоры. Мөр. Қазан айы, 1924 жыл, ақпан айы 1925 жыл», - деп көрсетілген.

Ілияс Жансүгіров Мұзбұлақ, Күреңбел, Салқынбел жайлауында Мәкей Еркінбеков екеуі сан мәрте ит жүгіртіп, құс салып, ат мініп, аң аулаған. Ілияс саят жасағанды ұнатқан. Сай, құзды аралап қызықтаған. Табиғатты сүйген. Жыр құлагері Ілияс Алатаудың аңдарын, өсімдігін, жәндігін, хайуандарын, ағаштарын жақсы білген. Білгірлігінде шек болмаған. Өзінің өлең, жырларына арқау еткен. Көзімен көргеніне дереу өлең шығарып, қойын дәптеріне жазып қойған. Ілияс Жансүгіров: «Табиғат - анаң. Оны сүю керек. Сонда оны жазбасқа амалың қалмайды», - депті. Ілияс 1925 жылы жайлауға барғанында, қазіргі Есеболатов ауылынан, Тұрғанбай деген кісі жолсерік болып барады. Қарасырық, Сайынбөлек, Салқынбел, Бүркіттіні аралайды.

Мұғалімдік, оқу инструкторы, ауылдық, губерниялық Жетісу облысының атқару комитетінің мүшесі, съезд, конференцияларға өкілдік, «Қосшы» ұйымының білім жағынан нұсқаушысы, ағарту бастығы, институт басқарушы, газет тілшісі, газет басқармасында хатшы, әдеби қызметкер, газет шығарушы жұмыстарындағы білімінің аздығы Ілиясты оқуға ұмсындырады. Өзі де оқығанды аңсайды. Ілияс Жансүгіров 1924 жылдан РКП (б) партия қатарына кандидат болып тіркелген, партиялық билетінің № 1020. Ал, 1927 жылы партия мүшесі болады. Өз өтініші бойынша 1925 жылы күзде Ілияс Жансүгіровті Жетісу облысының партия ұйымы Москваға Мемлекеттік Журналистер институтына (ГИЖ) оқуға жібереді.  «Әккигай» әуенімен Бекетбай ақын:

Хас зерек, талабы зор Ілиясты,
Қыран боп жайсаңдардың ізін басшы.
Қызыр баба сақтасын көз бен тілден,
Ізденіп, қатарыңнан озып, асшы.
Я, Аллам! - қолдасыншы дара жасты,
Жиырма төртке жасы жаңа басты.
Ұштамаса білімді жарамасты,
Тілеуін қабыл етіп, жолын ашшы, - деп Ілиясқа Москваға оқуға жүрерінде айтқанын Мұхаметше Балаубеков атадан жазып алған едім. Мұхаметше Балаубеков: «Қырағы Қызырілиястың тарихты, өлеңді, ән әуезін шебер білуіне, әңгімені мәнді суреттеуіне, домбыра тартуды жақсы игеруіне Шөмшетайұлы Бекетбай ақынның әсері мол болған», - дейді. «Жетісу» тарихи кітабында Бекетбай ақын жайында Ілияс Жансүгіров: «Дағдылы даңғыл, Матайдың соқыр ақыны, ескі сөзді көп білетін сұңғұла. Ол кешегі Абылайды айтады. Жетісудағы қалмақты Шоңай батырға көшіртеді. Кенесарының Жетісуға келіп, қазақтың орыс пен қытайдың қайсысына қарарын білмей екі жаққа жарылғанын жыр қылады. Орысқа төре тұқымы сұлтандар мұрындық болып, елді қаратқанын тап басып айтады» - деп жазады. Ілияс Жансүгіров өмірінің 1923-1925 жылдары ғажайып өсу, өркендеу жылдары болып табылады. «Сана» журналының 1923 жылдың қаңтар айынан 1924 жылдың қарашасына дейін небәрі 3 нөмірі жарық көреді. Екі айда бір Ташкент қаласынан шығып тұрған. Бас редакторы Халел Досмұхамедов. Тәрбие, білім, әдеби мақалалар жинағы, шәкірттерге түсінікті сөз беру болған. Журналды шығаруға Ілияс Жансүгіров, Мұхаметжан Тынышбаев қатысады. Білім беруді жүйелеп тәртіпке келтірмекші болады.

Москвада МЖИ-де Ілияс Жансүгіров үш жыл оқып, дипломмен оралады. Ілияс Жансүгіровтің 1925 жылы Мәскеудегі МЖИ-ға оқуға түскендегі Ресей мемлекеттік архивінен «құпия» деген грифпен жеке іс құжат қағаздары табылып, оны Бақыт Алтынбеков 300 дана кітап етіп, 2014 жылы шығарған. Алған білім-оқуын Ілияс Жансүгіров: «Барлық тізе бүгіп оқығанымды санағанда 38 ай оқыған болдым», - деп жазады. Қазақстанның орталық газеті «Еңбекші қазақ», Қызылорда қаласы, 7 сәуір, 1928 жыл, хат № 53–те МЖИ-ді бітіретін Ілияс Жансүгіровті тұрақты қызметке алуға жолдама жіберіп, оқуын бітірген Ілияс Жансүгіров Қызылордаға қызметке газетке алады.

Ілияс Жансүгіров МЖИ-де оқып жүргенінде 1927 жылы Ленинградтағы Мұхтар Әуезовпен хат алысып танысып, ақыры екеуі жақын табысады. Екеуі бірге сол жылы жазда Жетісуға келіп, Амантекше жайлауына барады. Қобызшы Байсақұлы Молықбайға жолығады. Ілияс «Күй» поэмасын жазса, Мұхтар Әуезов қобызшы Молықбайдың үш күйіне очерк арнап жазады. Ілиястың «Күй» поэмасын орысшаға аударған Дмитрий Снегин: «Ілияс бойшаң, сымбатты – тіп-тік, ұзын, салмақты еді», - дейді.

«Еңбекші қазақ» газетіне 1928 жылы Ілияс Жансүгіров фельетондары қаптап, бірінен соң бірі шығады. Оған қоса «Дала» поэмасы, прозада «Жолдастар» романы, драматургияда «Кек» пъесасы жазылады. Ол кезде қазақша «Оқшау сөз» деп жүрген әдеби жанрды қалағандардың бірі Біләл Сүлеев: «Мен «Оқшау сөз» жазатын жолымды Ілиясқа бердім», - деп фельетон жазу шеберлігін доғарады. «Әйел теңдігі» журналына 1928 жылы Ілияс Жансүгіровтің «Мақпал» деген ұзақ поэмасынан үзінді басылып шығады. Ілияс Жансүгіров татардың «Шора» журналына да материалдар жіберіп тұрады. Ілиястың 1928 жылы шыққан «Сағанай» деген жинағы болған. Ілияс  Жансүгіров Затаевичтің «500 ән-күй» кітабына Шашубай, Қатқан (Бекетбай) соқыр, Ақтентек (Біржан сал) әндерін және Ковалевке халық әндерін жазуға көмек қылады. Ілияс домбырада тартқан «Қорамсақ», «Қорамжан», «Қалмақ қызы» деген күйлері болады. Ілияс Жансүгіров «Ақсу бойында» деп аталатын туынды естелігінде Қайнар Айтжанның Ақсу өзені бойында 1916 жылы баласына ас бергенін көзімен көргенін жазады. Сол Ақсу өзенінің бойында, Айтжан баласына ас берген жерде, Ілияс Жансүгіровке ең алғаш рет, 1964 жылы емес, 1965 жылы 70 жылдығы тойланды. «Қызылтаң» ауылында Ілиясқа мұражай ашылып, Нұрғали Омарқұлов, Түлкібек Құрақбаев мұражайға арналған материалдар әзірлеп, мерей тойға белсенді үлес жасады. Ілияс Жансүгіровтің 70 жылдық мерейтойына Алматыдан Фатима Ғабитова, Ғали Орманов, Сәбит Мұқанов, қос Ғабең, тағы басқа қазақтың көрнекті ақын, жазушылары қатысты. Ілияс Жансүгіровтің аталас туысы Бимамағзамұлы Кәппай ақсақал 1965 жылға дейін Ілиясты «тірі» деп үмітін үзбей жүрді.

Алматыдан 1928 жылы Ілияс ауылына бара жатып, жолай «Қаракемер» ауылындағы Қабдолланың үйіне түседі. Үстінде ішік, басында түлкі тымақ , аяғында ақ пима. Ауыл шағын. Ілияс келді дегенді естігендер үйге түгел жиналады. Ілияс өлең, қиссалар айтады. Ілиястан екі жас кіші өнерлі Тойымбала да келеді. Жиналғандар екеуін айтыстырмақшы болады.  Тойымбала Ілиястың аталас екенін біліп, салт сақтап, «айтыспаймын» деп бас тартады. Ілияс та қарындасыммен сөз қағыстырмаймын дейді. Жиналғандар мақұл көріп, сонымен екеу ара айтыс болмайды. Ілияс Жансүгіров Қабдолданың ұлы Жұманға «Қопалда пед училище бар, оқы» деп, түсуіне көмек етеді. Қабдолданың ұлы Жұман Ілияс Жансүгіровтің «Ағынды менің Ақсуым», «Домбыра», «Шаттық жыры» өлеңдеріне әуез жазып, ән қылып, жастарға үйретіпті.

Жасы 84–ті жасаған Айтолқын Ысқақова: «Жайпақ (Қызылтаң) деген жерде Жарас деген кісінің үйіндегі тойда Ілияспен айтыстым. «Қыз бен жігіт» айтысы болды. Қайық деген атам мен күйеуімнен рұқсат сұрап барып айтыстым. Талай жігітпен айтысып, жеңіп жүрген басым, осы айтыста мүдіре бердім. Ілияс қазір көпке танымал әнге айналған «Шилі өзек көп қамыс» әуезімен айтты. Мені жиі демеп отырды. Соңында бір ауыз шумақпен жеңілгенімді мойындадым», - деп деректейді. Қайраны, айтыс мәтіні сақталмаған.

1929 жылы Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газетінде бөлім басқарады. «Ілиясты көреміз» деген көпшілік күнделікті редакция маңайында оны арнайы күтіп жүріпті. Сол жылы газетке «Гималай» поэмасы шығады. Тайыр Жароков бірінші болып қыранша саңқылдаған үнімен Ілиясқа «Гималайды» газеттен оқып беріп, еңкейіп барып Ілияс ағасының қолын алады. – Рахмет , - деп Ілияс мейірлене Тайыр мен қасына еріп барған жастарға алғыс айтады.

Уездік болыстықтар таратылып, аудандық комитеттер орнап жатқан 1929 жылы Ілияс Жансүгіров аудандастыру жұмысымен Шұбар ауылына барады. Бір ай жарым болады. Аудандық пионерлер бюросының вожатыйы Матай Байысов (Кеңестер Одағының батыры), аудандық жастар комитетінің хатшысы Бірлібай Кәрібозов, кедейден шыққан Нұрмолда Алдабергенов (екі мәрте социалистік еңбек ері) Ілиястың жұмысына оңды көмектесіп, алып-барып кел дегендей шабармандық жасайды. Ілиястың көңілі жастарға ерекше түседі. Ілияс «Сұрпақпай сұғанақ» деген фельетонын бір актілі пъесаға айналдырып, Шұбар көркемөнерпаздары Ілиястың жетекшілігімен оны сахналайды. Белгілі журналист Ораз Исмаилов: «Шұбардағы халық театрының іргетасын қалаған - Ілияс Жансүгіров», - деп жазғаны осындай ұлағаттан туады.

Қапал ауданына қарасты «Аққой» совхозының Алмалы деген жерінде отыратын қойшы Тампақов Ысқақ: «Сенің Бақтыбай ақын атаңның айтыстары, жазып, жаттап ал», - деді Ілияс. Ілияс Тайкөт ақынды көп айтатын. «Тірі жүргенде төбемізге көтеріп, төрімізге отырғызатын едік-ау» дейтін. Ілиястан Бақтыбайдың Тайкөт, Тезек төре, Қыпшақбай, Мәйкемен айтыстарын жазып алдым. Бірақ, 1958 жылы үйіміз өртеніп, барлық жазғандарым отқа кетті» - дейді. Түсінеріміз, Бақтыбай, Тайкөт ақын мұраларын алғаш жинаған Ілияс Жансүгіров деуге негіз бар.

Ілияс Жансүгіров үшінші әйелі, есімі - Фатима (ел Бәтима деген) Төребаевадан, Саят және Сайра деген екі перзент сүйеді. Көңілдері жараспаған соң, 1931 жылы ресми түрде ажырасады. Қанабек Байсейітов 1931 жылы Ілияс, Бейімбетті бір ай Қаратал өңірінде дем алдыртады. Қанабек Байсейітовтің 1923 жылы милиция болғаны жайында айтқан әңгімесінен Ілияс Жансүгіров «Қожабек нәшәндік» деген әңгіме жазады.

Ілияс Фатима Ғабитоваға 1932 жылы үйленеді. Ілияс Фатима Зайноллақызымен отасқанында орда бұзар отыздың биігінде, тұп-тура 38 жаста екен. Ілияс пен Фатиманың алты баласына әрі күтуші, әрі ана болған шешесі Ғайнижамалдың туған сіңлісі Хұппижамал: «Ілияс тамақты өте талғап ішетін. Түнде жазатын. Түн ортасы ауғанда оған бір ыстық тамақ беру керек болатын (көбінесе ыстық какао ішетін). Сол ыстық тамақты бергенше мен де ұйықтамайтынмын. Түнде 3–4 сағаттан артық ұйықтамаған Ілияс балалар оянғанда бірге оянып: «Балаларым!» деп дауыстап, өз жанына шақыратын. «Аға-ағалап» бірінің артынан бірі томпаңдап жүгіретін. Азат, Үміт, Ильфа жығыла-сүріне жететін оған», – деп жазады сүттей ұйыған бақытты отбасының берекелі тірлігі жайлы. Ілияс ұсталғанда туған ұлының есімі – Болат.

Ілияс Жансүгіровтің тұңғыш спектаклі «Кек» 1932 жылы Алматыда алғаш қойылады. Семейде 1934 жылы қазақ сазды-драмалық театр құрылғанында, 6 шілде күні  Ілияс Жансүгіровтің «Кек» спектаклімен ашылады. Семейдегі Халық ағарту интитутында оқып жүрген Шәкен Аймановты Ілияс Жансүгіров Алматыға қазақ драма театрына шақыртып алдыртады.

Ілияс Жансүгіров Максим Горькиймен жолығуды аңсап жүреді. Орайы ұлттар әдебиет күндері Москвада 1933 жылы қыста өткенде келеді. Горький біраз жазушыларды саяжайына қонаққа шақырады. Ішінде Ілияс та болады. Отырыс маңызды, жарасты өтеді. Максим Горький Ілиясты алға бекем талпынып, энциклопедиялық өшпес шығармалар жазуға үмтылдырады. Заман аяқасты өзгеріп, 1930 жылдары Абайды феодал, Ілиястың  шығармаларын «ауылшылдық», «ескішілдік» деп тауып,  «жолбикелер» қатарына қосқандар да табылады. Абиыр болғанда ол пиғылды өкімет 1932 жылы басады.

Тұңғыш 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан Абай шығармаларының толық жинағы жеке кітап болып шығады. Жинақ шығуына Ілияс Жансүгіров бәр пәрменімен атсалысады. Бұл қазақ даласын елең еткізген үлкен оқиға еді. Себебі, қазақ жерінде басылған Абай шығармаларының алғашқы жинағы. Осы жинаққа дейінгі Абай шығармаларының үш басылымы (1909 жылы-Санкт-Петербург, 1922 жылы –Ташкент және Қазан) қазақ жерінен тыс баспаханаларда жарық көрген болатын. Ілияс Жансүгіровтің топтама өлеңдерінен құралған кітабы 1933 жылы басылып шығады. Ілияс Жансүгіров: «Тамырлай келіп тепшілемесе, өлеңде маңыз да, дәм де болмайды», - деген халық сөзін әмісе жадында ұстап қолданыпты. Бейімбет Майлин: “Ілияс ызалана да жазады, күлдіре де жазады, күйіндіре жазады”, - деп айқындаса, Ғали Орманов: «Ілияс күнделіктерін қойын дәптеріне, жазудан бір күн тынған емес», - дейді. “Өзіме” деген өлеңінде Ілияс Жансүгіров:  Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап,

Тапсырдым бар ойымды саған арнап.
Көңілім, арам ойлап алаңдама,
Алмаққа біреуді алдап, біреуді арбап, – дегені өзіне берген сертіндей естіледі. Ілияс Жансүгіровтің бүркеншік аттары: “Матай”, “Ағын”, “Шолжық”, ”Таңқыбай, “Сақа”, “Құйқалық”, «Сона», “Балгер”, “Жа-жа”, “Қаптағай”, “Салпаңқұлақ”, “Сапалақ”, “Құлақ”, “Жетім бала”, “Қара бұқара”, “Тоқай темір”, “Қайнар”, “Құрметшіл”, «Қосшы», «Бадырақ», «Қайнар», «Тана баласы», «Қ.Қ. (Қайнар Қызырілияс)», «Аталық», «Ташкентский» –  әзірге табылғаны 26.

Сайлубай Қайнарбаев 1934 жылы Алматыдағы Пролетар көшесі, № 6 үйде 200 адамдық жиында Ілиясты көреді. Жазушылар Одағының төрағасы Ілияс Жансүгіров кездесу өткізеді. Курс директоры Ғазиз Шадияров Ілиясты ертіп аудиторияға кіреді. Ілияс европа үлгісімен тігілген әдемі костюм киген. Денесі қапсағайлау. Мойнында қызыл түсті жібек галстук. Басында велюр қалпақ. Аяғында жылтыр былғары ботинка. Көзіне қалындау шынысы бар, әсем көзәйнек салған. Жазық маңдай, қыр мұрын, иекті. Жарқын жүзді, қараторы кісі. Аз сөйлеп, дәмді айтады. Сөзі мағыналы, тұжырымды. Пікір айтқанды ұнатады. Тілі жеңіл,құлаққа жылы, жағымды, майда тиетін мәнерлі болыпты.

1934 жылдың маусым айының 12-18 күндерінде Қазақстан кеңес жазушыларының алғашқы съезді өтеді. Съезді Сәкен Сейфуллин ашады. Ілияс Жансүгіров «Қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күйі, келешектегі міндеттері» деген баяндама жасайды. Қосымша баяндамаларды Ілияс Қабылов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Орынбек Беков жасайды. Сол 1934 жылдың 17 тамызынан 1 қыркүйегіне дейін Москвада бүкілодақтық кеңес жазушыларының съезді өтеді. Съезді А.Жданов ашады. Съезге одақтан 52 ұлттан 591 делегат қатысады. Қазақ кеңес жазушыларынан Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов, Ғаббас Тоғжанов, Асқар Тоқмағамбетовтер съезге барады. Максим Горький баяндама жасайды. Ілияс Жансүгіров Горький, Маяковский, Серафимович, Фадеев, Шолоховпен танысып біліседі.  Съездің үшінші мәжілісі 23 тамыз күні съезд төрағасы Александр Фадеев Ілияс Жансүгіровке сөз береді. Ілияс Жансүгіров өте ақылды, саяси жағынан мағыналы, мәдениетті, барынша сұңғыла баяндама жасайды. Ұлттар әдебиетін «интернациональдық достық» деп бағалап аяқтайды. Ілияс Жансүгіров 1934 жылы съезде СССР Жазушылар Одағының мүшесі болып қабылданады. Мүшелік билетінің нөмірі – 33.  СССР Жазушылар Одағының басқарма мүшесі болып та сайланады. Ілияс жас талаптар Дүйсенбек Еркінбеков, Әли Есмәмбетов, Саттар Ерубаев, Самат Нұржанов, Қалижан Бекқожиндерге  өлеңдерін газет-журналға басуға көмек қылады. Қажым Жұмалиев: «Алғашқы кесек шығармам «Ерғожа мен Егізбай» Ілиястың ұсынуымен жарық көрді», - дейді. Ілияс Жансүгіровтің 1935 жылы “Сықақ” деген жинағы, очерк, әңгіме, фельетондарынан құралған “Жол аузына” деген кітапшасы, “Құқ” деген сатиралық жинағы шығады. Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитова 1935 жылы «Сүйінбай ақын» деген кітап шығарады. Кітапта Сүйінбай ақынның өмірбаяны, ол 1827 жылы туып, 1895 жылы қайтыс болғаны, шығармашылығы туралы шынайы беріледі. Көреалмағандар кітапты «ұлтшылдық» деп айып тағып, қазақты қырғызға айдап салған деген пұшаймандық та жасайды.

1936 жылы маусым айында Ілияс Жансүгіров «Просвещенец» демалыс үйінің қасындағы «Теріс бұтақ» жайлауында киіз үй тігіп дем алады. Тас түйін мүсін. Малдас құрып отырғанда кәдімгі қанатын қомдаған бүркітке ұқсапты. 1936 жылдың жаз айында Қазақ коммунистік журналистер институтында Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын оқиды. Институт ректоры Үмітбай Балқашев, партия ұйымының хатшысы Рашит Оспаров, оқу ісінің меңгерушісі Федор Жеребатьев екі иығына екі адам мінгендей, палуан денелі Ілиясты қошаметпен ертіп әкеп, президиумға отырғызады. Басында «Құлагер» поэмасы 2550 жолдан, 16 тақырыпшадан тұрыпты.

Москвадан 1936 жылы Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасы Всеволод Рождественскийдің тәржімесімен орысша басылып шығады. Всеволод Рождественский Ілиясқа хат жазып құттықтайды. Ілияс «Күйші» поэмасын әндетіп, мәнерін бірнеше өзгертіп оқып, Ахмет Жұбановқа сынатады. Ол «өте жақсы» деген баға береді. 1936 жылы Сәкен Сейфуллиннің 40 жылдық тойына Ілияс Жансұгіров «Тұлпар» деген өлеңін арнайды. Ілияс Жансүгіров «Евгений Онегинді» аударғанында: «Мен Пушкинді енді танып келемін»,- депті. А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 150 жылдығына орай Ілияс Жансүгіров 1937 жылы «Евгений Онегин» поэмасы бойынша қазақша спектакль дайындап, көпшілікке ұсынады. Татьянаны Шолпан Шенемесова, Евгенийді Қайрат Маймұрынов сомдапты.

Фатима Ғабитованың жазбалары бойынша Ілиясты 1937 жылдың 13 тамызында Алматының  іргесіндегі  Дегерес  жайлауында демалып, үйлеріне қайтқан күні ұстаған. Бұл кезде Фатиманың аяғы кенжесі Болатқа жүкті болған. Ілияс Әбділда Тәжібаевты жастай бағалап өсірген. Лениншіл жас газетінен Жазушылар одағының секретарлығына дейін көтерткен. Москваға пленумға апарған. Ілиястан кейін Әбділда Тәжібаев 1939 жылы ІІ съезде Қазақстан Жазушылар одағын басқарады.

Қауіп-кәтер Ілияс Жансүгіровке төнгені Әлібек Қоңыратбаевты НКВД тексерген анкетадан да байқалады. Онда:  «1933 жылы Ілияс Жансүгіровпен антикеңестік-ұлтшылдық, террористік-диверсиялық, шпиондық-көтерілісшіл ұйымға тартылып, контрреволюциялық жұмыстарға белсене араласқан. Жүргенов пен Жансүгіровтің тапсырмасы бойынша террористік топқа Тәжібаевты және Жанғалинді тартқан», - делінеді. Алматыда 1937 жылы 16 мамырда өткен жиналыста Ілияс Жансүгіровті «бұрынғы кезде екі баласы мен әйелін қоя берген. Балаларыңа заңмен тиісті ақшасын төлеп тұру міндетін де білмеген» деп те кінәлаған. Ілияс Жансүгіров «Кировке» арнаған өлеңінде саяси қате жіберіп, жауырды жаба тоқыды деп те тұқыртқан. Ілияс Жансүгіров «Мерген мен бөкен» деген әңгімесінде қазақ еңбекшілеріне кеңес өкіметін жамандап, құбыжық етіп көрсетіп, «еңбекшілерді – бөкен, кеңес өкіметін – мерген»  деп суреттеген деген де кінә таққан.

1937 жылы тамыз айының 13-нен 14 төртіне қараған түні Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын қолды қылып құртады. Ілфа Жансүгірова естелігінде: «Абдолла Қарсақбаев әкемнің "Құлагер" поэмасын қайталап оқып, кино түсірсем деп құлшынып жүретін. Ол "Құлагерге" құлай берілді. Жатса, тұрса Құлагер жайында фильм түсіруді ойлайтын. Бір жолы қалалық атқару комитетінің саяжайында демалыста болатынбыз. Абдолла мен Санжар (Ілфаның күйеуі) бильярд ойнап жатқан. Бір уақытта жанындағы нөкерлерімен сол кездегі бір министр келіп қалды. Әлгі министр Абдолланы кемсітетін әлдебір сөз айтып, екеуі қатты тілге келіп қалды. Абдолла тік мінезді, турашыл адам еді. Осыдан кейін Абдоллаға "Құлагерді" түсіру бұйырмады. Бұл фильмді Түрікменстаннан келген Болат Мансұров деген жігіт түсірді. Шындығын айтсақ, фильм нашар түсірілді. Көңілден шыққан жоқ. Абдолла басқаша түсірер еді», - деп жазады.

Күнделік дәптерінде Фатима Ғабитова: «Ілиясты 1938 жылы, 13 августа НКВД алып кетті. Ілияс алынған соң бір-екі күн өтісімен М.Қ. Ілиясты қаралаған мақаласы газет бетінде жарияланды. Ілияс алынысымен ол менің пәтеріме көшіп келді. Үш бөлмеде ол. Бір бөлмесінде төрт бала, ауру анаммен мен қалдым. М: «Күнде басқа жаққа көшіңдер. Квартира ордері менде», - деп нығырлайды. Одан Гүлжамалдың (Бейімбет Майлиннің әйелі) ауыз үйіне көшіріп тастады. Болатқа көшеде босанып қалдым. Он күн перзентханада жатып оралсам, есігімнің алды ақ жоңқа қағазға толы. Мен больницада жатқанымда террасада қалған Ілиястың бірнеше қолжазбалары толы жәшікті М.Қ. есіктің алдына төктіріпті. Сонда талай мақалалары мен «Құрманғазы» поэмасы рәсуа болды», - деп жазады.  Бұдан ары ақын шығармаларын НКВД жендеттері тінтіп, жинап, арбаға салып әкетіп бара жатқанында Сапарғали Бегалиннің «Құлагер» поэмасын алып қалғанын, кейін оны Фатима Ғабитоваға тапсырғанын келтіреді. Жазушы Ғаббас Қабышевтың бұл туралы Сапарғалидың ұлы Қасымның айтуында жазған «Көкірегі көне кітап Қасым ата!» деген туындысы мен Марат Мырзабай, Абай Ескедіровтің «Жалғадық әке арманың...» кітабында берілген. Естелігінде Фатима Ғабитова: «Ер Самалдықты» Ілияс Жансүгіров зерттеген. Материалы қолды болған. КГБ алған немесе Мұхамеджан Қаратаевтың архивінде болуы мүмкін», - дейді.

1938 жылы қуғын-сүргін құрбаны болып нақақтан атылған Ілияс Жансүгіровтің жерленген жері Алматының шығыс жағында орналасқан Талғардың «Жаңалық» ауылы. Екі мың бес жүз мәйіт жерленген біршама үлкен қорым. 1938 жылдан 1959 жылдарға дейін Ілиястың есімі аталмады. Тіпті 1964 жылға дейін жалтару жалғасты. 1965 жылы Ілияс Жансүгіровтің 70 жылдығына орай, Ақсу ауданының орталығы «Жансүгіров» деп аталған Қаз ССР жоғарғы кеңесі президиумының жарлығын Бижамал Рамазанова халыққа оқып берді. Ілияс Жансүгіровтің 70 жылдық тойы мен салтанатты жиынды Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тұрсын Махметов ашты. Ақын Ғали Орманов «Арнау» өлеңін оқыды. Ілияс Жансүгіовтің өлеңдерінің лирикасынан кандидаттық диссертация қорғаған Тұрсынхан Әбдірахманова, Қалижан Бекқожин, Құдаш Мұқашев, Құсайын Шөкенов құттықтау сөздері мен өлеңдерін халыққа паш етті. Ақындар айтысын қарт ақын Жардембек Тостағанбетов ашты. Кәдір Ибраимов, Түлкібек Құрақбаев, Ж.Ақсубаев, Ж.Ішпекбаев ақындық айтыс өнерімен сынасып, айтыс жүлдегерлері болды. Тойға келген ақын, жазушылар өз автографтарымен кітаптарын сыйлап жатты. Мен Ғали Ормановтың «нұр болсын Жемісбекке, әлі талай көріспекке» деген қолтаңбасымен, өлеңдер кітабын алдым. Тойда ұлттық ойындардың барлық түрі өткізілді. Ілияс Жансүгіровтің 70 жылдық тойынан бастап оның өмірін, қызметін, шығармашылығын зерттеу жұмыстары алға өріс алды. Ілияс Жансүгіровтің:

«АҺ» ұрып, елім дейсің, жұртым дейсің,
Қалғанын елдің артта өлім дейсің.
Басына қайғы келіп, сасса жұртың,
Неліктен маңайында көрінбейсің?
Қабағын қанып бір күн ашса қарның,
Бас салып, сол ұлтыңды өзің жейсің.
Әр істі аузың айтып, қыбын қылмай,
Қай түрмен елді бастап едім дейсің?
Өзіңнің қайда жүрсең қарныңды ойлап,
Ұялмай жұрттың қамын жедім дейсің! – деген өлеңінің маңызы әлі жоғалған жоқ.

Жемісбек Толымбеков, өлкетанушы.

Талдықорған қаласы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5236