Алакөлге экономикалық аймақ мәртебесін беру керек!
Алакөлдің суы ем, ауасы жұпар, түнгі көрінісі ертегі. Бірақ жағалаудағы баға, сервис пен тазалық туристің денсаулығын сауықтырмай-ақ, жүйкесін жұқартып қайтарады.
Жағалауға аяқ басқан сәттен бастап демалыс емес, қаржылық квест басталады. Бір бөтелке суың курорттық тарифпен, бір табақ асың халықаралық форумның банкет бағасымен есептеледі. Бірақ алдыңа келген тағамға қарасаң, ауыл арасындағы жол бойындағы асхананың өзі ұялатындай. Ас мәзірі мейрамхананікі, бағасы Дубайдыкі, дәмі студенттік жатақхананікі.
Даяшыны шақыру үшін қол көтеру аздық етеді. Ысқыруға болмайды, айқайлау мәдениетсіздік. Ең тиімді тәсіл – оның көзіне ұзақ қарап, тағдырлас екеніңді білдіру. Сәті түссе, жарты сағаттан кейін қасыңа келеді. Сәті түспесе, сол күні аш қалуың мүмкін.
Ақши ауылындағы кей демалыс орнына кіргенде өзіңді төлем терминалының алдында тұрғандай сезінесің. Сенің шаршағаның, балаңның аш екені, бөлмеде су бар-жоғы ешкімді қызықтырмайды. Бастысы алдын ала төлем жасау маңызды. Содан кейін ескі ашылады. Қосымша төсекке ақша төленді ме, мангалға жақындағаның үшін экологиялық алым төлегендей күй кешесің.
Кәсіпкерлердің жиі қайталайтын уәжі бар. «Маусым екі-ақ ай. Жыл бойы осы кезде табыс табамыз» дейді. Бірдеңені түсіндіру мүмкін емес.
Олардың екі айлық маусымын турист үш күнде қаржыландыруға міндетті секілді. Жұрт жыл бойы жалақы алып, соның үш айлығын Ақшиде үш күнде қалдыру үшін жұмыс істемегені анық қой. Бірақ оны түсіндіріп айту мүмкін емес.
Алакөлдегі кәсіпкерлерге турист бір рет келсе болды. Келесі жылы келе ме, жоқ па оған бас ауыртып жатпайды. Кәсіпкердің міндеті клиентті қайтару емес, қалтасын барынша қағып қалу. Болды.
Айтқандай Алакөлде сервис деген ұғымды да әркім өзінше түсінеді. Бір жерде кондиционер бар, бірақ пульті әкімшілікте сақталады. Екінші жерде душ бар, бірақ суы кестемен беріледі. Үшінші жерде дәретхана бар, алайда оған кіру үшін адамның табиғи қажеттілігінен бұрын батылдығы болуы керек.
Тазалыққа келгенде жағалауда ерекше демократия орнаған. Қоқыс жәшігіне де, құмға да, судың жиегіне де қоқыс тастауға болады. Ешкім ешкімді алаламайды. Пластик бөтелке мен жүгері собығы Алакөл жағасының табиғи ландшафттың ажырамас бөлігіне айналғаны ақашан?
Осындай сәтте демалыс орындары мен бос жатқан аумақтарды түгел түрік кәсіпкерлеріне жалға бере салғың келеді. Түріктер туристі қалай күту керегін, тамақты қалай ұсынуды, адамның көңілін қалай табуды жақсы біледі.
Түркі ағайындар қонақ келгенде «ақшасы бар адам келді» деп емес, «қайта келетін клиент келді» деп қарайды. Бізде кей жерде туристің қайта келу ықтималдығы кәсіпкерді аса алаңдатпайды. Өйткені келесі жылы басқа турист табылады. Қазақстан халқы әзірге таусылған жоқ.
Алакөлдегі басты мәселе бағаның қымбаттығында ғана емес. Қымбат дүниеге сапалы қызмет көрсетілсе, адам тым болмаса не үшін ақша төлегенін түсініп, күйінбейді. Ал мейрамхана бағасын төлеп, дәмхананың төменгі сөресінде ұмыт қалған асын жеу расында өкінішті.
Туризмді дамытамыз десек, Алакөл жағалауына арнайы экономикалық аймақ мәртебесін беру мәселесін қарастырған жөн. Кәсіпкерлерге инфрақұрылым тартуға, сапалы нысан салуға және қызметкерлерді оқытуға салықтық жеңілдік ұсынылуы керек. Бірақ жеңілдік алған кәсіпкерге міндет те жүктелуге тиіс.
Тазалық сақталсын. Дәретхана талапқа сай болсын. Баға ашық көрсетілсін. Қызмет сапасы тексерілсін. Туристің шағымы «ұнамаса келмеңіз» деген жауаппен жабылмауы керек.
Сонымен бірге бәсекелестікті қорғау органдары жағалаудағы баға саясатын тұрақты бақылауға алуы қажет. Нарықтық экономика деген бағаны ойына келгенше көтеру емес. Әсіресе бір аумақтағы барлық демалыс орны бір мезетте қымбаттап, бір стақан шай ұлттық валюта тұрақтылығына қауіп төндіре бастаса, сұрақ туындауы заңды.
Жыл сайын Алакөлге барып, жыл сайын ашуланып пост жазудан халық та шаршады. Көл өзгермейді. Су әлі тұзды. Күн әлі әдемі батады. Өзгермей келе жатқан жалғыз нәрсе туристің шағымы мен кәсіпкердің «маусым қысқа» деген жауабы.
Нұрлан Жұмақанов
Abai.kz