Жексенбі, 9 Тамыз 2026
Әдебиет 1717 0 пікір 4 Тамыз, 2026 сағат 15:16

Қоңыр мұңнан ұлттық рухқа дейін...

Сурет: aqshamnews.kz сайтынан алынды.

Қасымхан Бегманов поэзиясының концептуалдық әлемі

Қ. Бегмановтың «Құланиек, құба таң» атты жыр кітабы ұлттық жады, тарихи сана, туған жер мен адам болмысы мәселелерін терең толғайтын көркем жинақ. Мұнда лирикалық кейіпкердің рухани ізденісі, ел тағдырына алаңдауынан  халықтың мұң-мұратын жеткізетін азаматтық үн айқын көрінеді.

 «Біздің ауыл» өлеңі – ақын шығармашылығындағы ауыл тақырыбы мен ұлттық құндылықтарды тоғыстырған, тарихи жады мен кеңістік категорияларын тең ұстаған көркем туынды.

Өлеңде ауыл жай ғана географиялық мекен емес, тарихи және ұлттық жадының рухани кеңістігі ретінде алынған. Ақын ауылды «Ана өзекке жоғалады сай барып» деп суреттей отырып, оны табиғатпен және тарихпен біртұтас ағза ретінде бейнелейді.

«Йасауидің көк күмбезі көрінген» деген жолдарда ауылдың рухани шекарасын Түркістанмен, түркі әлемінің рухани орталығымен байланыстырып, оған киелі сакральды географиялық кеңістік мәртебесін береді.

Авторлық танымда Түркістан қаласы мен Қожа Ахмет Йасауи кесенесі – бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Сондықтан мұндай бейне ауылдың рухани шекарасын кеңейтіп, оны Ұлы Дала тарихымен тікелей байланыстырады. Түркістан – «сакралды жер» және «виртуалды образ» ретінде екшеленіп, ұлттық рухтың тірегі ретінде сипатталады. Өлеңдегі ауыл кеңістігі Йасауи күмбезі арқылы биіктеп, «ата-баба кезеңі» мен тарихи жадының символына айналады.

Ауыл мен Түркістанның арасындағы көрінбейтін рухани көпір ақын үшін «қасиетті асыл сезімнің» бастауы. Йасауи күмбезі осы ауыл үшін ұлттық кодтың сақтаушысы әрі тарихи сабақтастық қызметін атқарады.

Ақын поэзиясының басты ерекшелігі – тарихи шындықты сезіммен астастырып, географиялық атауларға, рухани мән беруі кеңістіктің киелілігімен байланыстырады.

Ауыл ақын санасында жай ғана туған жер емес, Түркістанмен тамырлас, «Алтын аймақ» қасиетті қоныс болып дәріптеледі. Бабайқорған мен Майдамтал секілді атаулар – ақын үшін «ата-баба кезеңін» сақтап тұрған топонимдік символдардың  тарихи детальдары.

Қ.Бегманов поэзиясына тән «сағыныш сарыны» мұнда тарихи қасіретпен астарласады.  «Байлығы үшін кісенделіп, айдалып, мырзалары итжеккенге құрыған» деген жолдарда ХХ ғасырдағы қазақ зиялылары мен ауқаттыларының (байлар мен мырзалардың) басынан өткен тауқыметі, репрессия құрбандары - «итжеккен» (айдау) мотиві арқылы берілген.

«Итжеккеннен келген хаттар сақталды» деген деталь – ауылдың тек қасірет мекені емес, сол қасіретті ұмытпай сақтаған тарихи мұрағаты мен Жәдігер – жады тірегі екенінің дәлелі.

Ақын ауыл адамдарының ішкі мәдениетін, ұлттық мінез-құлқын ерекше дәріптейді. Мұндағы  «Бір-біріне ғайбат сөздер айтпаған» деген жол арқылы автор ауылды рухани тазалықтың, береке мен бірліктің символы ретінде көрсетеді. Ал «Қасиетті асыл сезім бауыр бұл» деген тіркес ұлттық құндылықтардың негізі – туыстық пен шынайы сыйластықта жатқанын меңзейді.

Шығарма түйінінде «Алтын аймақ» концепциясы ауылдың ақын санасындағы «Алтын бесік» және «Қазына» ұғымдарымен үндес.

«Қасіретті ауыл» мен «Алтын аймақ» арасындағы әдеби контраст қолданысы ауыл тағдырының қатпарлылығын ашады. Ауыл – бір жағынан мұңлы ән мен жырдың мекені, екінші жағынан ұрпақтар сабақтастығы үзілмейтін мәңгілік қоныс. Осы өлеңде ауыл – қазақ халқының ХХ ғасырдағы тарихи трагедиясының куәгері және ұлттық кодтың сақтаушысы ретіндегі философиялық-этикалық нысандардың бірі.

Ақын «Қайран ауыл, көшіп апты-ау түп-түгел» деп суреттегенде, тірілер ауылының өлілер мекеніне (қорымға) айналу процесін, яғни кеңістіктің метаморфозасын көрсетеді.

Бабайқорған баурайындағы зират – ақын үшін ұлттық жады мен бабалар аманатының шоғырланған нүктесі. Мұндағы «парыз» ұғымы – ұлттық характердегі перзенттік қарыз бен рухани сабақтастықтың этикалық идеалы.

Ақын мұңы мен кеңістікті байланыстырып тұрған негізгі көркемдік детальдар – «қара жол» мен «төмпешік».

Қара жол – тірілер мен өлілер әлемін байланыстыратын медитативтік көпір. Ақын поэзиясындағы жол мотиві – тағдыр, сағыныш және өткенге оралудың символы. Жолға «көзін тіккен бел» образы арқылы автор табиғатты антропоморфизациялап (кейіптеу), оған адами мұң мен күту сезімін дарытады.

Зираттағы «төмпешік» – ақынның ішкі қасіретінің визуалды проекциясы. Ол жай ғана топырақ үйіндісі емес, жүрекке «салмақ» салатын, «шырт ұйқыдан оятатын» психологиялық штрих қызметін атқарады. Өлеңнің соңғы шумақтарындағы ана моласына келу сәті – виртуалды образ бен шынайы сағыныш сезімнің тоғысуы.

«Күндіз естен шықпайтын, түнде түстен» деген жолдар көркем уақыттың шекарасын жойып, ақынның ішкі Түс пен Өң әлеміндегі сағыныш сарынын шегіне жеткізеді. Аға, іні, ана бейнелері арқылы ауыл кеңістігі туыстық қатынастардың үзілмейтін тіні ретінде беріліп, ұлттық құндылықтардың (бауырмалдық, құрмет) бесігі ретінде дәріптеледі.

Осы үзіндідегі ауыл – тірілердің ғана емес, рухтардың да мекені ретіндегі философиялық-эллегиялық кеңістік. Қара жол мен төмпешік символдары арқылы ақын туған жердің қасіреті мен қасиетін бір арнаға тоғыстырып, ұлттық кодтың сақталуын «парыз» контексінде ашады.

Қ.Бегмановтың бұл өлең жолдары ақын шығармашылығындағы ана бейнесі, тағдыр және жалғыздық мотивтерін көркемдік жинақтаудың биік деңгейінде көрсетеді.

Ақын өзінің ішкі жан дүниесін табиғат құбылыстарымен параллельді түрде бейнелейді. Автор «шулап жатқан орманды» өзінің жастық шағына, толысқан кезіне баласа, анасын сол орманды жел мен дауылдан қорғайтын «пана қорғанға» теңейді. Ол қазақ поэзиясына тән антропоморфизм тәсілі, мұнда ана бейнесі тек адам емес, бүкіл тіршіліктің тірегі ретіндегі киелі нысан деңгейіне көтерілген.

«Тағдыр деп мұңын шақты жаңбыр оған» деген жолдарда жаңбыр ақынның ішкі көз жасының визуалды проекциясы қызметін атқарады. Лирикалық кейіпкердің табиғатпен медитативтік байланысын көрсететін психологиялық штрих. «Қараша үй ашылмаған түңдігім-ай» деген деталь – шаңырақтың құлазығанын, иесіз қалғанын білдіретін этнографиялық символ. Ашылмаған түндік – өмірдің тоқтағанын, жарықтың (рухтың) сөнгенін меңзейтін көркемдік деталь.

«Ұрлаған жылды жыл-ай, күнді күн-ай» деген қолданыс уақыттың адам еркінен тыс жүріп, бағалы қазынаны (ананы) алып кеткенін бейнелейтін философиялық концепт.

«Ананың аманатын естімеген» деген жолдар арқылы ақын ұлттық кодтың бұзылуын, яғни ана сөзін, бабалар өсиетін ұмытқан ұрпақтың трагедиясын («сормаңдайлар») алға тартады. Осылайша, мұның бәрі ақынның қоғамдық-моральдық ұстанымын білдіретін дидактикалық сарын ретінде кейіптейді.

Әкейдің Құран оқуы мен «күйбең қаққан» жайы – ауыл кеңістігіндегі діни-рухани дәстүрдің сақталуын, өлім алдындағы тағзым мен этикалық идеалды көрсетеді.

Бұдан бөлек, үзіндіде қаламгер «орман», «түндік», «жаңбыр» сияқты символдық детальдар арқылы адам тағдырының қасіретін кеңістік категориясымен тұтастыра алған. Ақынның «сормаңдай» болуы – оның сыртқы бақыты мен ішкі «қан жылаған» жүрегі арасындағы әдеби контрасттың нәтижесі. Тек жеке мұң емес, ұлттық тамырдан ажырап бара жатқан ортаға айтылған философиялық толғау.

«Бабайқорған мүлгиді ақсұр бейіт» деген жолдар арқылы ақын тірілер әлемі мен рухтар мекенінің арасындағы кеңістік метаморфозасын көрсетеді. Мұндағы «көктас» пен «бейіт» – тарихи жадының шоғырланған нүктесі.

Ана бейнесінің «көктасқа ойып жазылуы» – перзенттік парыз бен ұлттық характердегі анаға деген құрметтің этикалық идеалын айшықтайды.

Автор қазақ халқының өткендегі айбынды бейнесі мен бүгінгі рухани хал-күйін әдеби контраст тәсілі арқылы ашады. «Алпамыстай айбатты ек, Қобландыдай қайратты ек» деген жолдарда халықтың архетиптік тұлғалары мен батырлық рухы дәріптеледі.

«Тілсіз, ділсіз көп мәңгүрт» образы арқылы автор ұлттық бірегейліктен айырылу трагедиясын, мәңгүрттенуін сынайды. Мұның бәрі ақын поэзиясындағы әлеуметтік-философиялық сарынның көрінісі.

Өлеңдегі әрбір деталь ұлттық руханияттың символы ретінде қызмет етеді.

«Қараша үйдің түндігі мен үздігі», «қара шаңырақ», «киелі табалдырық» жай ғана заттар емес, бұлар ұлттық кодтың тасымалдаушылары.

Шенеуніктердің «салт-дәстүрді балабақшада ұмытуы» мен «баспалдақты сұрыптан өтуі» – дәстүрлі құндылықтардың заманауи мансапқорлыққа айырбасталуын рухани жұтаңдықты білдіретін психологиялық штрихтар.

Катонқарағай мен Алтай кеңістігі ақын үшін «құлазыған күзгі күндей» көңіл-күйдің сағыныш сарынының философиялық-эллегиялық фоны.

«Мәңгүрттік» мотиві мен «қара шаңырақ» символы арқылы ақын ұлттық кодтың жоғалу қаупін ғылыми-философиялық тереңдікпен бейнелейді. Жетімдерін жылатпаған ел едік.

Ұлтқа қарсы мұңсызды ұнатпаған ел едік,

Көңіл түссе көл едік,

Хас дұшпанға шөл едік.

Көкбөрідей көп едік,

Елдің қамын жеп едік.

Өткен шақты қимай айтылып тұрған өлең жолдары ұлттық рухтың асқақтығы мен бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік трагедияны шендестіре отырып суреттеген терең философиялық туынды.

Ақын қазақ халқының болмысын тарихи биіктік тұрғысынан сипаттайды.

Өлеңнің бүкіл көркемдік құрылымы әдеби контраст тәсіліне негізделген. Лирикалық кейіпкер «ел едік» деген өткен шақтағы айбынды ұлттық болмысты «неге жеттік біз бүгін» деген бүгінгі рухани ахуалмен қарама-қарсы қояды. Өткен кезең көкбөрідей көп, айбатты, қайратты әрі мейірімді халықтың тұтас бейнесі арқылы көрінсе, қазіргі уақыт «қарашаға бергісіз құлазыған күзгі күндей» рухани жүдеулікке ұшыраған қоғамның символдық келбеті ретінде беріледі. Осылайша өткен мен бүгінді қарама-қарсы суреттеу арқылы шығармада ұлттық рухтың әлсіреуіне деген алаңдаушылық пен тарихи сабақтастықтың үзілу қаупі терең философиялық мазмұнда ашылады.

Өлеңдегі «қараша үй», «түндік», «үздік», «қарашаңырақ» және «киелі табалдырық» сияқты атаулар – жай ғана тұрмыстық детальдар емес, олар ұлттық жады мен руханияттың тасымалдаушысы болып табылатын этнографиялық символдар. Осының бәрі, Символдардың ұмытылуы ақын санасында ұлттың құлауымен тең.

Жазушы Оралхан Бөкейдің «сағынып, Алтайға оралғандай» болуы – өлеңдегі виртуалды образ. Автор өмірден өткен тұлғаның рухын Алтай кеңістігіне қайтару арқылы рухани сабақтастықты сақтап қалуға тырысады.

Мұндағы Алтай мен Катон – ұлттық рухтың сақталған соңғы бекіністері ретінде сипатталады.

«Ескі үй» өлеңінде сағыныш сарыны мен философиялық лирика өзара астасып, «ескі үй» жай ғана географиялық мекен емес, лирикалық кейіпкердің рухани тамыры мен балалық шағының символына айналған.

«Бұл үйді ит ғана күзеткен» деген жолдар үйдің бос қалуын, яғни өткен уақыттың қатыгездігін және жақындардың (ағаның, ананың) жоқтығын білдіретін психологиялық штрих.

«Мені де жолдар ғой түзеткен» деген тармақта жол мотиві өмірлік тәжірибенің, рухани кемелденудің және тағдырдың адамды шыңдайтын түзетуші күшінің символы ретінде көрінеді. Мұндағы жол лирикалық кейіпкерді жастық шақтағы өмірді толық тани қоймаған кезеңнен даналық пен рухани толысуға жетелейтін медитативтік әрі философиялық кеңістік қызметін атқарады.

Өлеңдегі метафоралық бейнелеулер лирикалық кейіпкердің өмір жолын философиялық тұрғыдан танытуға қызмет етеді. «Ол кезде жас едік, өрт едік» деген тармақта жастық шақтың асаулығы мен жалынды болмысын бейнелейтін экспрессивті метафора қолданылып, кейіпкердің өткен өміріне сын көзбен қарап, сол кезеңдегі рухани тәжірибесінің кемшін болғанын (ұқпаған болармын) мойындауы көрінеді. Ал «Алысқа кеткенмен, көктеммен... тағы да келем» жолдарындағы көктем образы жаңару, қайта оралу және үміт идеяларын жинақтайтын символ ретінде көрініп, рухани жаңғыру мен өміршеңдіктің көркемдік белгісіне айналады.

«Сатпайтын серігім – өлең ғой» деген жолдар ақынның поэзияға деген адалдығын, шығармашылық мұратынан айнымайтын рухани ұстанымын айқындайды. Осылайша өлең образы лирикалық кейіпкердің өмірлік серігі, сенімді рухани тірегі және әдеби культ дәрежесіне көтерілген көркемдік концепт ретінде көрінеді.

Өлеңдегі «Апа» бейнесі – ақынның ішкі әлеміндегі ең жоғары этикалық идеал. Ол тек ана емес, сонымен бірге ақынның ұяты, ары және оны әрқашан кешіріп, күтіп алатын киелі күш ретінде сипатталады.

Бұл шығармада автор  «үй», «жол» және «өлең» категорияларын біріктіре отырып, адамның өз болмысына оралу процесін эллегиялық сарында бейнелеген. Өлеңнің теориялық негізі – уақыттың қайтпас ағыны мен рухани құндылықтардың мәңгілігі арасындағы антитезаға құрылған.

Поэтикалық жүйеде үй архетипі кейде мәңгілік мекен ұғымымен сабақтасып, кеңістік метаморфозасына ұшырайды. «Бабайқорған баурайында қорым бар... қайран ауыл, көшіп апты-ау түп-түгел» тәрізді жолдарда тіршілік мекені мен мәңгілік тыныштық кеңістігінің арақатынасы философиялық тұрғыдан бейнеленеді. Бұл жерде үй мен қорым арасындағы шекара жойылып, туған жер кеңістігі адамның бүкіл ғұмыр жолын қамтитын сакральды мекенге айналады. Осы арқылы «бесіктен бейітке дейінгі» өмірлік цикл идеясы көркемдік тұрғыдан жүзеге асады.

Аталған поэзиядағы «үй» архетипі жеке адамның мекені ғана емес, рухани тамырдың, ұлттық жадтың, ата-баба аманатының және адам болмысының тұтастығын сақтайтын философиялық әрі мәдени кеңістік ретінде танылады. «Ескі үй» – жеке тағдыр мен сағыныштың символы, «қараша үй» – ұлттық код пен тарихи жадтың белгісі, ал «қоңыр үй» – қазақы дүниетанымның этикалық-эстетикалық үлгісі ретінде танылады.

Қ. Бегмановтың «Қоңыр» өлеңі – ұлттық дүниетанымды, ақынның психологиялық әлемін, этномәдени жадын және философиялық ойлау жүйесін тоғыстырған терең мазмұнды көркем туынды. Өлеңнің поэтикалық құрылымында «қоңыр» ұғымы жай ғана түстік атау қызметін атқармайды, керісінше қазақ халқының рухани мәдениетін, дүниетанымын, ұлттық болмысын және өмірлік философиясын жинақтайтын мәдени концепт, түрлік-түстік концепт, психологиялық концепт әрі көркемдік символ дәрежесіне көтеріледі. Өлеңнің концептуалдық жүйесі когнитивтік поэтика, этнолингвистика, мәдени семантика және концептілік талдау тұрғысынан қарастыруға лайық күрделі көркемдік құрылым деуге болады.

Өлеңдегі «қоңыр» концептісі ең алдымен ұлттық дүниетаным мен этномәдени кеңістіктің көркемдік көрсеткіші ретінде танылады. Ақын өзінің бүкіл өмірлік болмысын осы ұғым арқылы сипаттап, лирикалық кейіпкердің тұлғалық қалыптасуын туған ортасымен, ұлттық тәрбиемен және қазақы өмір салтымен тығыз байланыстырады:

«Қоңыр ұл ем, қоңыр үйде ержеткен,

Қоңыр ырғақ жүрегімді тербеткен».

Тармақтардағы «қоңыр ұл», «қоңыр үй», «қоңыр ырғақ» тіркестері жай ғана эпитеттік қолданыстар емес, қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін, қарапайым өмір салтын, табиғатпен үйлесімді тіршілігін және ұлттық тәрбиесін білдіретін этномәдени символдарға жатады. Мұндағы «қоңыр үй» – отбасының жылуы мен ұлттық тәрбиенің бесігі болса, «қоңыр ұл» – қарапайымдылықты, кішіпейілдікті, байыптылықты және қазақы мінезді бойына сіңірген тұлғаның көркем бейнесі. Ал «қоңыр ырғақ» – халық әндері мен күйлерінің, дәстүрлі өнердің және ұлттық рухтың поэтикалық көрінісі ретінде танылып, ақынның дүниетанымының қалыптасуына негіз болған рухани ортаны бейнелейді. «Қоңыр» сөзі ұлттық болмыстың, этникалық сананың және мәдени сәйкестіктің маңызды концептісіне айналады:

«Қыратында гүл теретін қоңыр қыз,

Қалды артымда қоңыр ауыл, қоңыр күз».

Осы жолдарда «қоңыр қыз», «қоңыр ауыл», «қоңыр күз» образдары бір-бірімен өзара мағыналық байланыс құрып, тұтас психологиялық кеңістік жасайды. «Қоңыр қыз» – жастық шақтың, алғашқы махаббаттың және мөлдір сезімдердің символы болса, «қоңыр ауыл» – туған жерге, балалық шаққа және ұлттық тамырға деген сағынышты білдіреді. Ал «қоңыр күз» – уақыттың өткіншілігін, өмірдің есейген кезеңін, көңілдегі мұң мен сағынышты танытатын метафоралық образ.

Өлеңде экзистенциалдық-философиялық сарын да айқын байқалады. Ақын адамның өмір жолын, рухани ізденістерін және тағдыр алдындағы толғанысын «қоңыр» концептісі арқылы бейнелейді:

«Қоңыр жолдар алып кетті жыраққа,

Жауап бермей мұңлы қоңыр сұраққа».

Тармақтардағы «қоңыр жол» – адамның өмірлік сапарының, тағдыр жолының және рухани ізденісінің символы. Ал «мұңлы қоңыр сұрақ» – өмірдің мәні, адамның болмысы, уақыт пен тағдыр туралы жауапсыз қалған экзистенциалдық сауалдардың көркем көрінісі. Мұндағы «қоңыр» эпитеті философиялық ойдың эмоционалдық реңкін күшейтіп, ақынның ішкі рухани күйзелісін, өмірдің мәнін іздеуден туған толғанысын білдіреді. Сонымен бірге шығармадағы «аққан қоңыр бұлақ», «қоңыр кеш» сияқты образдар адамның жалғыздығын, уақыттың тоқтаусыз ағысын және өмірдің өткіншілігін бейнелейтін символдық мәнге ие. Бұл бейнелердің барлығы лирикалық кейіпкердің ішкі әлеміндегі мұң мен толғанысты тереңдетіп, шығарманың философиялық мазмұнын байыта түседі.

Өлеңнің маңызды ерекшеліктерінің бірі – «қоңыр» концептісінің мәдени-семантикалық өрісінің кеңдігі. Ақын мәтін бойында қоңыр өлең, қоңыр ән, қоңыр бала, қоңыр дала, қоңыр тау, қоңыр қала, қоңыр күбі, қоңыр күпі, қоңыр кемпір, қоңыр шал, қоңыр қой, қоңыр мола сияқты көптеген сөз тіркестерін қолдана отырып, біртұтас ұлттық семантикалық кеңістік қалыптастырады. Бұл концептілердің барлығы қазақ халқының көшпелі өмір салтымен, тұрмыс-тіршілігімен, табиғатпен етене жақындығымен және ұлттық мәдениетімен сабақтасып жатыр. Әсіресе тұрмыстық заттардың (күбі, күпі), табиғат нысандарының (дала, тау) және адам бейнелерінің (кемпір, шал, бала) «қоңыр» ұғымымен қатар берілуі ұлттық дүниетанымның тұтастығын танытады. Осы арқылы ақын «қоңыр» сөзінің лексикалық мағынасын кеңейтіп, оны ұлттық мәдениеттің әмбебап көркемдік коды дәрежесіне көтереді.

Бұл мәдени-танымдық жүйе ақынның анаға, ата-баба рухына және тарихи жадына қатысты өлең жолдарында ерекше тереңдікке ие болады:

«Қайран шешем жатқан қоңыр молаға,

Қарай жүрсін айтшы, қоңыр балаға»

Бұл үзіндідегі «қоңыр мола» образы тек жерлеу орнын ғана білдірмейді. Ол – ұрпақтар сабақтастығының, ата-баба рухына тағзым етудің, ұлттық тарихи жадтың және рухани тамырдың символы. Ал «қоңыр бала» – сол рухани мұраны жалғастырушы кейінгі буынның көркем бейнесі.

Өлеңнің концептуалдық құрылымында «мұң» концептісі де ерекше орын алады. Қазақ дүниетанымында қоңыр үн, қоңыр күй, қоңыр дауыс ұғымдары терең сезімді, сабырлы күйзелісті, ішкі толғанысты білдіретіні белгілі.

Осы ұлттық таным ақын поэзиясында жаңа көркемдік сипатқа ие болады.

Автордың «Жырға қосты қоңыр мұңдар сүйеп кеп» деген жолдары «қоңыр» ұғымының жай ғана түстік белгі емес, психологиялық категорияға айналғанын көрсетеді.

Қазақ дүниетанымында «қоңыр» ұғымы тек сабырлылық пен қарапайымдылықтың белгісі емес, сонымен бірге терең рухани мазмұнға ие эмоционалдық категория ретінде танылады. Ұлттық мәдени санадағы «қоңыр үн», «қоңыр күй», «қоңыр дауыс» ұғымдары сыртқы байсалдылықтың астарындағы терең сезімді, ішкі толғанысты және сабырлы мұңды білдіреді.

Осы ерекшелік шығармашылық жүйеде де көрініс тауып, «қоңыр» түс визуалды сипаттан гөрі психологиялық және философиялық мәнге ие болады.

Ақынның поэтикалық әлемінде «мұң» мен «қоңыр» концептілері психологиялық параллелизм тәсілі арқылы сабақтасып, адамның ішкі жан күйін табиғат құбылыстарымен үндестіреді. Сыртқы әлем мен лирикалық тұлғаның рухани ахуалы арасындағы бұл байланыс шығарманың эмоционалдық тереңдігін арттырады. Мәселен, «қоңыр күз» бейнесі тек табиғи мезгіл көрінісі емес, уақыттың өткіншілігін, өмірдің өзгермелі сипатын, сағыныш пен мұңға толы көңіл күйді білдіретін символдық образ ретінде танылады. Ал «мұңлы қоңыр сұрақ» тіркесі «қоңыр жолдармен» жүріп өткен лирикалық тұлғаның тағдыр, өмір мәні, адам болмысы туралы жауап іздеген экзистенциалдық толғанысын танытады.

«Жанымды баурап менің тұратын мұң... Қаршадайдан жыр жазған қазағым деп» деген жолдарда мұңның негізгі бастауы жеке бастың өмірлік қиындықтарында емес, туған халықтың тағдыры мен ұлттық руханият алдындағы жауапкершілікте жатыр. Лирикалық тұлғаның «мұңлы ақындық тағдыры» оның ұлттық болмысымен, өскен ортасымен және рухани тамырларымен тығыз байланысты.Сонымен бірге мұң концептісі жеке бастың күйзелісі аясынан шығып, халықтың тарихи жадымен, ұлттық тағдырмен және қоғамдық болмыспен сабақтасқан күрделі философиялық категория деңгейіне көтеріледі. Осы байланысты тарихи-мәдени жад тұрғысынан қарастыруға болады.

Қаратау мен Хантағы өңірлерінің тарихын суреттеу барысында ел басынан өткен ауыр кезеңдер, жаугершілік замандар, Кенесары дәуірінің тарихи оқиғалары және халықтың мұңлы көштері еске алынады. Мұндай бейнелердегі мұң – жеке сезім емес, этникалық жадтың көркем көрінісі.

«Абадан» образы арқылы ұлттық рухтың, ерлік дәстүрдің және көне мәдени құндылықтардың әлсіреуіне деген өкініш байқалады. Бұл бейне туған жерден айырылу, ата-баба аманатына адал болу, тарихи сабақтастықты сақтау сияқты ұлттық мәселелерді жинақтайды.

Қазіргі қоғамдық мәселелер шығармашылық жүйедегі мұң концептісінің әлеуметтік мазмұнын тереңдете түседі. Мұнда мұң әлеуметтік әділетсіздікке, халықтың тұрмыс жағдайына және билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасқа қатысты азаматтық алаңдаушылық түрінде көрінеді.

«Қоңыр» түс қазақ дүниетанымында қарапайымдылықты, табиғилықты, сабырлылықты білдіретін этномәдени символ ретінде танылады. Осы тұрғыдан алғанда, «момын» бейнесі әлсіздікті емес, ұлттық мінездегі тектілік пен байсалдылықты білдіреді. «Қоңыр кием, сүйеген момыным-ай» деген жолдар арқылы лирикалық субъект өзінің рухани тірегі мен халықтық болмысының өзара байланысын көрсетеді.

Өлеңдегі: «Момынымның қолында мылтық емес, айыр тұр»

деген тармақ әлеуметтік-философиялық мазмұны терең көркемдік деталь ретінде танылады. Мұндағы «айыр» – еңбек адамының, бейбіт тіршіліктің және адал еңбектің символы. Оның «мылтыққа» қарама-қарсы қойылуы антитезалық құрылым жасап, халық табиғатының зорлыққа емес, еңбекке негізделгенін көрсетеді.

Бұл өлеңнің әлеуметтік қарсылық контексінде берілуі халық сабырының шексіз емес екенін аңғартады. «Айыр» образы осы тұрғыда қарапайым заттық деталь шеңберінен шығып, әлеуметтік наразылықтың, халықтық рухтың және азаматтық ұстанымның көпқабатты символына айналады. Осы арқылы автор қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік мәселесін көтеріп, қарапайым халықтың үнін естудің маңызын көркемдік тұрғыдан жеткізеді.

Қ.Бегманов поэзиясындағы «Мұң» концептісі Қаңтар оқиғасы тұсында өзінің шарықтау шегіне жетіп, жеке ақындық толғаныстан жалпыұлттық трагедиялық деңгейге көтеріледі. Ақынның «Қазақстан ағыл-тегіл жылап тұр, Ей, дүние, мұң-зарына құлақ түр» деген жолдары – халықтың жан айқайын әлемдік кеңістікке жария еткен экзистенциалдық манифест іспетті.

Үзіндіде ақын ұлттық қасіреттің ауқымын күшейту мақсатында гипербола, кейіптеу және апострофа сияқты көркемдік тәсілдерді өзара сабақтастыра қолданады. Ақын Қазақстанды жансыз географиялық кеңістік ретінде емес, сезінетін, күйзелетін, қайғыратын тірі организм бейнесінде суреттейді. Осы тұрғыдан алғанда, «ағыл-тегіл жылау» бейнесі – жеке адамның қайғысын емес, тұтас ұлттың шегіне жеткен рухани күйзелісін, қоғамдық қасіретін жинақтайтын гиперболалық метафора. Бұл көркемдік тәсіл трагедияның эмоционалдық қуатын арттырып, халық басына түскен ауыртпалықтың ауқымын әсерлі жеткізеді. Сонымен қатар ақынның «Ей, дүние» деп басталатын үндеуі апострофа тәсілінің көрінісі. Лирикалық кейіпкердің бүкіл адамзатқа, әлемдік қауымдастыққа қарата тіл қатуы ұлттық трагедияның шекарасын кеңейтіп, оны жалпыадамзаттық гуманистік мәселе деңгейіне көтереді. Осы арқылы ақын өзін халықтың мұң-мұқтажын, жанайқайын жеткізуші азаматтық үн иесі әрі рухани медиатор ретінде танытады.

Ақынның «Аппақ қары қып-қызыл боп қан болған» деген жолдарында «ақ» түс тазалықтың, бейкүнәліктің, бейбіт өмірдің символы болса, «қып-қызыл қан» зорлық-зомбылықтың, қасіреттің және ұлттық трагедияның белгісі ретінде көрінеді. Автор өз поэзиясындағы «қоңыр» және «ақ» түстермен таңбаланған рухани әлемнің қанды шындықпен бетпе-бет келгенін әсерлі бейнелейді. Ақын шығармаларында Қаңтар оқиғасы өткен дәуірлердегі ел басына түскен нәубеттермен, жоңғар шапқыншылығы, азаттық күресі және Кенесары дәуіріндегі тарихи сын-қатерлермен мағыналық тұрғыдан үндеседі. Мұндай тарихи параллелизм қазіргі қоғамдық қасіретті ұлт тарихындағы үзілмеген трагедиялық желінің жалғасы ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Қ.Бегмановтың Қаңтар оқиғасына арналған өлеңдеріндегі негізгі идеялық мұрат – халықтың мұңын көркемдік тұрғыдан бейнелеу арқылы қоғамдық санаға, билікке және жалпы қоғамға маңызды рухани-азаматтық үндеу жасау.  Шығармада ұлттық бірегейлікті сақтау идеясы ерекше орын алады. Ақын қайғы мен қасірет жағдайында да халықты рухани әлсіреуге немесе бодандық психологияға бой алдырмауға үндейді. Керісінше, ұлттық бірлікті, елдік сананы және тарихи жауапкершілікті сақтай отырып, ел тағдыры үшін жұмыла әрекет ету қажеттігін алға тартады. Сондықтан ақын поэзиясындағы «мұң» әлсіздіктің немесе дәрменсіздіктің белгісі емес, ұлттық рухты оятатын, қоғамдық жаңаруға жетелейтін және тарихи сананы жаңғыртатын рухани күш ретінде көрінеді. Бұл шығармаларда ақындық миссия мәселесі де айқын аңғарылады. Автор өз болмысын халық тағдырынан бөліп қарастырмай, қандай қоғамдық сын-қатер туындаса да елмен бірге болуды ақындық әрі азаматтық парыз деп таниды.

Конец формыҚаңтардағы Алматы көшелеріндегі «аппақ қардың қып-қызыл қанға айналуы» – поэзиядағы «қоңыр мұңның» жалпыұлттық трагедияға ұласқан сәтін танытатын көркем бейне. Мұндағы мұң – мемлекеттің тұтастығы мен халықтың амандығына алаңдаған жүректің үні.

Ақын поэзиясындағы түстер қақтығысы мен метафоралық қолданыстар Қаңтар оқиғасының трагедиялық сипатын ашуда негізгі көркемдік құрал қызметін атқарады. Бұрынғы «қоңыр» (сабырлы, дәстүрлі) әлем мен Қаңтардың «қызыл» (қасіретті) шындығы арасындағы қарама-қайшылық түстер контрастары және «аппақ қар мен қып-қызыл қан» метафорасы арқылы терең ашылады. Қаңтар оқиғасын суреттегенде дәстүрлі қазақ танымындағы тазалық пен пәктіктің символы – «аппақ қар» образы қолданылады. Бұл ақ түс шығармашылық тұлғаның «жаңа жауған ақ қардай кіршіксіз» сәбилік, періштелік болмысымен де үндеседі. Алайда осы пәктік белгісінің «қып-қызыл қанға» айналуы ұлттық қасіреттің шегіне жеткенін білдіретін өткір метафораға айналады. «Ақ» пен «қызыл» түстерінің қарама-қарсылығы қоғамдағы бейбіт тіршіліктің кенеттен күйреп, «аппақ» үміттердің қанды шындықпен бетпе-бет келгенін аңғартады.

«Басына қандай қиын іс түссе де,
Халықпен бірге болған ұлы ақындар».

Бұл жолдарда халық тағдырынан шет қалмау, елдің мұңын жырлау – шығармашылық тұлғаның басты парызы екені айқындалады.

Ақын жадында әлеуметтік әділетсіздікке, халық пен билік арасындағы алшақтыққа қатысты азаматтық көзқарас тереңдей түседі. Бұған «Ей, жас әкім, қарайла, мынау елге қайыр қыл,
Момынымның қолында мылтық емес, айыр тұр»
деген жолдар дәлелдейді. Ақынның азаматтық ұстанымы «Жасырмаймын шенеунік, ұнамайды кейде ісің» деген тармақта да анық көрінеді. «Елім дейтін... шексіз сүйер ұлың бар, Ел қорғауға сапқа келіп тұрыңдар» деген жолдарда айқын көрініс табады.

Поэтикалық жүйеде жол экзистенциалдық таңдау мен рухани ізденістің символы ретінде көрінеді. Лирикалық кейіпкер өз өміріне қайта үңіліп, жүріп өткен жолын саралайды, дұрыс бағытты іздейді. «Іздегенді байқамастан өттім бе? Қасқа жол деп, басқа жолмен кеттім бе?» деген риторикалық сұрақтар адамның өз өміріне есеп беруін, таңдауы үшін жауапкершілік сезінуін білдіретін экзистенциалдық рефлексия. Мұндағы «қасқа жол» – дұрыс бағыттың, тарихи дәстүрдің, әділет пен рухани темірқазықтың символы болса, «басқа жол» – адасу, күмән және өмірлік қателіктің метафорасы. Осы арқылы жол ұғымы адамның моральдық таңдауының көркем өлшеміне айналады.

Автор жол адамның мінезін қалыптастыратын, оны рухани тұрғыдан кемелдендіретін күш ретінде бейнелейді. «Мені де жолдар ғой түзеткен» деген тармақтарда жол өмір мектебі, тәжірибе кеңістігі ретінде сипатталып, тұлғаның рухани өсуінің негізгі факторы қызметін атқарады. Жол мотиві адамның өзін-өзі тану үдерісімен тығыз сабақтас.

Поэтикалық мәтіндердегі жол семантикасы ұлттық тарихпен және тарихи жадпен терең байланыста беріледі. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» сияқты интермәтіндік образдар қазақ мемлекеттілігінің құқықтық және рухани негіздерін білдіретін мәдени код ретінде көрінеді.

Жол мотивінің ұлттық болмыспен байланысы ұлттық генетикалық жады концепциясы арқылы тереңдей түседі. «Сан ғасыр халқымның жолдары, санамда, қанымда, жүректе» деген тармақтардағы сана – қан – жүрек үштағаны ұлттық болмыстың интеллектуалдық, биологиялық және рухани қабаттарын біріктіретін поэтикалық модельдің бірі. Мұнда жол ұғымы халықтың тарихи тәжірибесі мен рухани мұрасын адамның табиғатына сіңген мәдени код ретінде танытады. Осылайша жол жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың тарихи жадын сақтайтын архетиптік бейнеге айналады.

Поэтикалық кеңістікте жол ұғымы аксиологиялық, яғни құндылықтық оппозиция арқылы да ашылады. «Ауыр жол» мен «жеңіл жол» қарама-қарсылығы арқылы адам өмірінің моральдық өлшемдері айқындалады. «Ауыр жол» – еңбекке, намысқа, ар-ожданға және рухани кемелденуге бастайтын бағыт. «Ауыр жолды таңдағам, жеңіл жолда бақыт жоқ» деген тұжырым шығармашылық тұлғаның азаматтық кредосын білдіреді. Ал «жеңіл жол» – жалған құндылықтардың, рухани әлсіздіктің және уақытша рахаттың символы. Сондықтан адамның өмір жолы сыртқы жетістіктермен емес, ішкі моральдық ұстанымымен бағаланады.

«Жолдар» өлеңінде бұл мотив кейіптеу тәсілі арқылы антропоморфтық сипат алады: «Жолдар қашады, қаладан шыға сап». Мұнда жол тірі организм секілді қозғалып, адам тағдырының белсенді қатысушысына айналады. Сан тармаққа бөлінген жолдар лабиринт архетипімен үндесіп, өмірдегі сан алуан таңдау мүмкіндіктерін білдіреді. Әрбір жол – жеке тағдырдың символы. Лирикалық кейіпкердің өз жолын іздеуі адамның өмір бойғы рухани сапарын, экзистенциалдық ізденісін бейнелейді. Лабиринт архетипі әрбір таңдаудың жауапкершілік жүктейтінін көрсетеді: бір жол жарыққа бастаса, екіншісі рухани адасуға немесе өмірлік тығырыққа алып келуі мүмкін.

«Қара жол» символы поэзиялық жүйеде ерекше семантикалық салмаққа ие. Ол халықтың ортақ тағдырының, тарихи жадының және адам өмірінің үнсіз куәгерінің бейнесі ретінде көрінеді. «Қара жолдан сұрарсың, ары-бері жүз өткен» деген тармақтарда жол адамзат тарихын, ұлттың жүріп өткен ізін сақтайтын мәңгілік кеңістік ретінде сипатталады. Бұл образ қазақ дүниетанымындағы «ата жол», «өмір жолы», «ақ жол» сияқты дәстүрлі концептілермен сабақтасып, ұлттық мәдени кодтың көркем репрезентациясына айналады.

Саясатта қитұрқы жол, айла көп,

Жүзімді кеп желпіп өтті майда леп.

Он алтымда елден кетіп іздегем,

Қасым ханның қасқа жолы қайда деп.

Елден кетіп, босқа сапар шектім бе?

Көкірегімде қалмапты ескі, кек мүлде.

«Саясатта қитұрқы жол, айла көп» деген тармақта ақын саясат әлемінің күрделі табиғатын метафоралық бейнелеу және бағалауыштық лексика арқылы ашады. Мұндағы «қитұрқы жол» тіркесі – саясаттағы жасырын әрекеттерді, әділетсіз амалдарды білдіретін концептуалдық метафора. Ал «айла көп» деген қолданыс билік қатынастарындағы есепке құрылған әрекеттерді танытатын семантикалық бағалауыш компонент ретінде көрінеді.

Бұл тармақ арқылы лирикалық кейіпкер саясат кеңістігіндегі моральдық қайшылықтарды ашып, қоғамдық құбылысқа аксиологиялық тұрғыдан баға береді.

«Жалған» ұғымы дәстүрлі қазақ дүниетанымындағы өткінші, уақытша өмір мағынасында жұмсалады. Осы фәни дүниеде адамның шынайы тірегі сыртқы байлық пен қоғамдық мәртебе емес, оның рухани беріктігі, адамдық қасиеті мен ішкі сенімі екені айқындалады. Бұл ой Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген философиялық ұстанымымен сабақтас. Тұлғаның өмір жолындағы ең басты жауапкершілігі – өз ісі мен таңдауы үшін өзі есеп беруінде.

Осы тұрғыдан алғанда, жалғыздық адамды әлсіздікке емес, керісінше, ішкі рухани қуатын тануға жетелейтін кемелдену жолы ретінде көрінеді. Ол тұлғаны өз күшіне сенуге, еңбек пен білімге сүйенуге, сондай-ақ Жаратушыға деген иманын нығайтуға бағыттайды. Демек, жалғыздық – дәрменсіздік емес, адамның өзін-өзі тәрбиелеп, рухани биіктеуге ұмтылатын ішкі ізденіс кеңістігі.

Лирикалық кейіпкердің «дауыл жынданып соққанда» сыртқы қорғаныштан емес, өзінің ішкі түйсігі мен санасынан күш іздеуі де осы идеямен байланысты. Мұнда адамның өмірлік қиындықтарға қарсы тұрар негізгі қаруы – материалдық мүмкіндік емес, рухани тұрақтылық пен ішкі сенім екені көрсетіледі.

Концепт шығармаларда жеке тұлғаның ғана емес, қоғамның рухани ахуалымен де сабақтастырылады. «Миллиондардың ортасында жалғыздықтан жабықтым» деген жолдар көпшілік арасындағы рухани оқшаулануды бейнелейді. Адам айналасында қанша адам болғанымен, егер ортада шынайы құндылықтар мен рухани үндестік болмаса, ол өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Осы арқылы әлеуметтік және экзистенциалдық жалғыздық ұғымдары тоғысады.

«Шулы шаһар», «өсек», «сауда-саттық», «сатылғандар мен сатқандар», «қақпан құрғандар» секілді бейнелер қоғамдағы моральдық дағдарыстың көркем белгілері ретінде танылады. Лирикалық кейіпкер осындай ортада өзінің адалдығын, ар-ожданын және рухани тазалығын сақтауға ұмтылғандықтан, көпшіліктен алшақтайды. Оның жалғыздығы – қоғамнан қашу емес, рухани құндылықтарды жоғалтпау жолындағы саналы таңдау.

Сонымен бірге бұл жалғыздық тұлғалық қайсарлықтың көрінісі. Лирикалық кейіпкер өзін «жасық жан» ретінде емес, рухани биіктікке ұмтылған, «жұмақтай бір белестің төбесіне» көтерілген тұлға ретінде танытады. Оның даралығы көпшілікке ерумен емес, өзінің ар-ожданға негізделген жолын таңдауымен анықталады.

Осы идея «амал дәптері», «періштелер», «ақ таң», «жұмақтай бір белес» сияқты символдық бейнелер арқылы тереңдей түседі. Бұл образдар адамның рухани жауапкершілігін, өмірлік таңдауын және ішкі кемелдену жолын айқындайтын біртұтас философиялық жүйе құрайды.

«Амал дәптері» символы адамның рухани тазалығы мен өмірлік есебінің өлшемі ретінде беріледі. «Мансабың саған көмектеспейді, амал дәптерің былғанса» деген жолдарда дүниелік атақ, мансап, байлық секілді уақытша құндылықтар мен мәңгілік рухани ақиқаттың ара-жігі ажыратылады. Бұл ұғым адамның өмір бойы жасаған әрекеттерінің, ізгі ниеті мен адамдық қасиеттерінің символдық көрінісі. Ешқандай лауазым мен материалдық жетістік таза емес амалдың орнын толтыра алмайды деген ой айтылады.

«Таразыланар істеген ісің, есеп бересің түбінде» деген идея өмірдің түпкі мәні адамның сыртқы жетістігімен емес, рухани сапасымен өлшенетінін көрсетеді. Осы тұста жалғыздық адамның Жаратушы алдындағы жеке жауапкершілігі ретінде түсіндіріледі. Адам бұл дүниеден өткенде өзімен бірге атақ пен байлықты емес, жасаған амалын, білімін және адамдық болмысын алып кетеді.

Бұл ой сопылық дүниетаныммен де үндеседі. «Жаман істің барлығынан сопыдайын тыйылдық» деген жолдар рухани тазаруға, нәпсіні жеңуге және ішкі кемелдікке ұмтылысты білдіреді. Мұндағы жалғыздық – күйзеліс емес, адамның өзін тануына және Жаратушыға жақындауына бастайтын рухани жол.

Ал «ақ таң» символы осы рухани ізденістің нәтижесінде пайда болатын жаңарудың белгісі ретінде көрінеді. «Алаулаған ақ сәулелі ақ таңдар» тіркесі үміттің, әділеттің және тазалықтың символын білдіреді. Бұл бейне қоғамдағы қарама-қайшылықтарға, рухани жұтаңдыққа қарсы қойылып, жақсылық пен шындықтың жеңісіне деген сенімді танытады. Ақ таң – адамның ішкі қараңғылықтан шығып, рухани жаңғыруға бет бұратын кезеңі.

«Жұмақтай бір белес» символы тұлғаның рухани кемелдік деңгейін бейнелейді. «Шыққам төбесіне жұмақтай бір белестің» деген жолдардағы белес – жай ғана кеңістік емес, өмір тәжірибесі мен рухани ізденіс нәтижесінде жеткен биіктіктің метафорасы. Бұл бейне лирикалық кейіпкердің қиындықтарды жеңіп, өз ұстанымын сақтағанын көрсетеді. «Орта жолдан шегінетін мен жасық жан емеспін» деген жолдар оның қайсар мінезі мен азаматтық болмысын айқындайды. Ақын шығармаларындағы жалғыздық концептісі адамның жеке мұңымен шектелмейді. Ол тұлғаның рухани ізденісін, қоғамдық ортадағы моральдық ұстанымын, Жаратушы алдындағы жауапкершілігін және өзін-өзі жетілдіру жолын бейнелейтін философиялық категория.

Қазіргі қазақ поэзиясында ұлттық дүниетаным мен философиялық ойлау жүйесін сабақтастыра жырлап жүрген көрнекті қаламгерлердің бірі – Қ.Бегманов. Оның шығармашылығына тән басты ерекшеліктердің бірі –қарапайым тұрмыстық құбылыстар мен заттарды терең көркемдік мағынаға ие етіп, оларды ұлттық жадпен, тарихи санамен және адам болмысының философиялық мәселелерімен байланыстыра бейнелеуі.

Поэзиясында «жол», «дала», «қара шаңырақ», «жел» секілді ұлттық мәдени кодқа айналған ұғымдармен қатар, күнделікті өмірде қарапайым көрінетін заттардың өзі күрделі символдық мазмұнға ие болады. Осындай көркемдік ізденістің айқын үлгісі – «Шүберек» өлеңі.

Шығармада «шүберек» ұғымы өзінің бастапқы тұрмыстық мағынасынан кеңейіп, адам өмірінің тұтас философиялық моделін білдіретін көркем концепт деңгейіне көтеріледі. Өлеңдегі осы образ адамның дүниеге келуі, өмір сүруі, әлеуметтік болмысы, рухани тазалығы және өмірден өтуі сияқты іргелі мәселелерді бір арнаға тоғыстыратын әмбебап символ қызметін атқарады.

«Адам көркі – шүберек, шүберекке орандым» деген тармақ шығарманың идеялық өзегін құрайды. Мұндағы «шүберек» адамның сыртқы киімін ғана емес, оның өмірлік қалпын, тағдырын және адамдық болмысын білдіретін символдық мәнге ие. Қазақ дүниетанымында киім адамның әлеуметтік жағдайын ғана емес, тәрбиесін, мәдениетін және рухани деңгейін танытатын белгі ретінде қабылданады. Сондықтан бұл образ адамның сыртқы бейнесінен гөрі, оның ішкі болмысын танытатын көркем нышан ретінде көрінеді.

Өлең барысында «шүберек» ұғымы бірнеше мағыналық қабаттан өтіп, біртіндеп кеңейеді. Алғашында қарапайым тұрмыстық зат ретінде танылған бұл бейне шығарма желісінде адамның бүкіл өмір жолын қамтитын философиялық символға айналады. Оның мағыналық эволюциясы: иткөйлек → киім → тұрмыстық зат → кебін тізбегі арқылы көрінеді. Осы символдық қозғалыс бір ғана заттық образ арқылы адамның дүниеге келуінен бастап, өмір сүру кезеңін және мәңгілік сапарға аттануын бейнелейтін тұтас өмір циклін жасайды.

Өлеңнің басты ерекшеліктерінің бірі – «шүберек» образының архетиптік сипат алуында. Бұл бейне адамның өмір бастауынан соңғы сапарына дейінгі кезеңдерді байланыстыратын әмбебап символдық мәнге ие.

«Шүберектен алғашқы иткөйлегім тігілген» деген жол арқылы адамның дүниеге келген сәті ұлттық этнографиялық ұғыммен сабақтастырылады. Қазақ дәстүріндегі иткөйлек – нәрестенің өмірге келгенін білдіретін қасиетті нышандардың бірі. Ал шығарма соңындағы «Кетеді адам үш-төрт кез аппақ түсті кебінмен» деген тармақ шүберек бейнесін өмірдің соңғы кезеңімен байланыстырады.

Өлеңнің негізгі философиялық өзегі – адамның фәни дүниедегі өткінші ғұмыры мен өмірдің шектеулілігі.

«Үш-төрт кездей шүберек әкетерің өмірден» деген жол арқылы адам дүниеден өткенде материалдық байлық пен атақ-мансап емес, санаулы ғана кебінмен аттанатыны көрсетіледі.

Сөйтіп, ой шығармадағы экзистенциалдық мазмұнды тереңдетеді. Биліктің уақытша, байлықтың тұрақсыз, атақ-даңқтың өткінші екенін көрсету арқылы адамның шынайы құндылығы материалдық игіліктермен емес, оның рухани болмысымен өлшенетіні айқындалады. Өмір соңында адаммен бірге қалатын ең басты мұра – адамгершілік, ар-ұждан және рухани тазалық.

«Қардай аппақ арым бар» деген жол осы идеяның қорытындысы іспетті. Мұнда «ақ» түс тазалықтың, адалдықтың және рухани кемелдіктің символына айналады. «Аппақ кебін» мен «қардай аппақ ар» ұғымдарының үндестігі шығарманың моральдық-философиялық мазмұнын күшейтеді.

Шығармада бірқатар көркемдік тәсілдер қолданылған. Концептуалдық символизм арқылы «шүберек» қарапайым заттық мағынасынан шығып, адам өмірінің философиялық моделін білдіретін көркем концептке айналады. «Адам көркі – шүберек» тармағы лейтмотив қызметін атқарып, мәтіннің идеялық тұтастығын қамтамасыз етеді.

Антитеза тәсілі арқылы материалдық және рухани құндылықтар қарама-қарсы қойылады. Ал қайық, кебін, ақ мата бейнелері метафоралық жүйе құрап, өмір, өлім және рухани тазалық мәселелерін тереңдете түседі. «Шүберек», «үш-төрт кез» тіркестерінің қайталануы шығарманың эмоционалдық әсерін күшейтсе, риторикалық сұрақтар лирикалық кейіпкердің ішкі толғанысын ашады.

Өлеңнің композициялық құрылымы «шүберек» образының мағыналық даму жолына негізделген. Бірінші кезеңде ол күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым зат ретінде танылады. Екінші кезеңде оның семантикалық аясы кеңейіп, адам тағдырымен байланысты философиялық символ деңгейіне көтеріледі. Үшінші кезеңде шүберек кебін бейнесіне айналып, өмір мен өлім туралы терең философиялық қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Осы даму барысында қарапайым тұрмыстық деталь ұлттық дүниетаныммен сабақтасқан жалпыадамзаттық символ дәрежесіне көтеріледі.

Шығармадағы шүберек – өмірдің өткіншілігінің ғана емес, ұлттық жадтың, адамдық тазалықтың және рухани құндылықтардың символы. Негізгі идея – адамның шынайы мұрасы байлық пен атақ емес, оның ары, адамгершілігі және ел алдындағы адалдығы.

Қ.Бегмановтың «Тұяқ серпу» толғауы – қазақ халқының тарихи жадындағы қасіретті кезеңдерді көркем бейнелейтін тарихи-философиялық лирика үлгісі. Шығармада Созақ көтерілісі оқиғасы нақты тарихи дерек ретінде ғана емес, ұлттық сананың жарақаты, халық тағдырының трагедиялық тәжірибесі ретінде суреттеледі. Автор тарихи оқиғаны жеке бір кезеңнің шеңберінде қалдырмай, оны ұлттық жадының көркем реконструкциясы деңгейіне көтереді.

Толғаудың негізгі идеялық өзегін қасірет, тарихи әділет, ұлттық намыс және халық тағдыры концептілері құрайды. Шығармадағы лирикалық субъект өткен тарихқа үңілу арқылы ұлттың рухани жарасын тануға ұмтылады. Бұл тұрғыдан алғанда, туынды мемориалдық поэтикаға негізделген, яғни ұмыт қалған тарихи оқиғаларды еске алу, құрбан болғандарды рухани тұрғыдан ақтау мақсатын көздейді.

Толғаудың алғашқы жолдарындағы:

«Қасіретті қара пышақ қайралды,

Қара бұлт Қаратауды айналды,

Қара қойдың аяқтары байланды» деген тармақтарда қара түс символикасы ерекше көркемдік қызмет атқарады.

Қазақ дүниетанымында қара түс тек қайғының белгісі емес, сонымен қатар ауыр тарихи кезеңді, сынақты, қасіретті уақытты білдіретін мәдени код. Мұнда «қара пышақ», «қара бұлт», «қара қой» образдары арқылы трагедиялық ахуал алдын ала дайындалады.

Осылайша, үзіндіде аллегориялық бейнелеу мен символдық деталь қатар қолданылады. «Қара қой» – нақты мал бейнесінен гөрі момын халықтың жинақталған символы. Қой образы қазақ танымында жуастық пен көнбістіктің белгісі болса, оның «аяғының байлануы» халықтың еркіндігінің шектелуін, зорлыққа ұшырауын білдіреді. «Тұяқ серпу» метафорасы – ұлттық қарсылықтың символы ретінде шығарма атауының негізгі концептуалдық өзегін құрайды. Мұндағы «тұяқ» образы сырттай әлсіз, қорғансыз болып көрінетін тіршілік иесінің соңғы мүмкіндігін, шегіне жеткен қарсылығын білдіретін символдық мәнге ие. Автор осы метафора арқылы момын халықтың табиғи сабырлылығы мен төзімінің шегі бар екенін, тарихи әділетсіздік пен зорлыққа тап болған жағдайда оның да қарсылық көрсетуге мәжбүр болатынын бейнелейді. Осы тұрғыдан алғанда, «тұяқ серпу» – жеке әрекет емес, ұлттық намыс пен халықтық рухтың оянуын танытатын көркемдік концепт ретінде көрінеді.

Сонымен қатар «Момыным-ай, ең соңғы рет тұяғын
Серпіп қалды... кетті үзіліп жіптері»
деген жолдарда халықтың трагедиялық тағдыры бейнеленеді. Мұндағы «үзіліп кеткен жіп» – адамның өмірімен қатар, тарихи сабақтастықтың, қалыпты тіршіліктің бұзылғанын білдіретін символдық образ.

Бұл жерде антитезалық құрылым байқалады: бір жағында – «момын халық», екінші жағында – «қарулы күш». Автор осы қарама-қарсылық арқылы билік зорлығы мен халықтың дәрменсіз жағдайын ашады.

Толғаудағы негізгі көркемдік тәсілдердің бірі – тарихи параллелизм. Автор Созақ көтерілісін жеке оқиға ретінде емес, қазақ халқының ғасырлар бойғы күрес тарихының жалғасы ретінде қарастырады.

Ал «Қара жіптің үзілген сол ұшынан
Басталады сайын қазақ даласы»
деген жолдарда тарихи сабақтастық идеясы беріледі. «Қара жіп» – халық басынан өткен қасіреттерді байланыстыратын символ. Ол бір жағынан үзілісті білдірсе, екінші жағынан жаңа тарихи кезеңнің басталуын меңзейді.

Толғаудағы Қаратау, Созақ, Баба-Ата, Суындық секілді мекен атаулары жай ғана географиялық нысандар емес, көркем жағдаяттың қызметін атқарады. М.Бахтиннің жағдаят теориясы тұрғысынан қарағанда, кеңістік пен уақыт шығармада ажырамас бірлікте беріледі.

Созақ кеңістігі – тарихи қасіреттің куәгері болған сакралды мекен. Ақын бұл жерлерді тірі тарихи жад иесі ретінде бейнелейді: «Қан төкті қызылың да, ақтарың да».

Мұнда жер бейнесі антропоморфтық сипат алады. Яғни табиғат пен кеңістік адам тағдырымен сабақтасып, ұлттық трагедияның куәсіне айналады.

Толғауда «мола» концептісі ерекше философиялық мағынаға ие. Мола – тек өлілер мекені емес, тарихи үнсіздіктің, ұмыт қалған тағдырлардың символы.

«Үнсіздік айқайлайды, шақырады, Елеусіздеу молалар жатыр әні» деген жолдарда оксюморондық тәсіл байқалады. «Үнсіздіктің айқайлауы» арқылы автор тарихи шындықтың сырттай тыныш болғанымен, ішкі мазмұны жағынан өте ауыр екенін көрсетеді. Мола бейнесі және өлім жағдаятын толғауда терең философиялық-символдық мәнге ие. Мұндағы «мола» ұғымы тарихи үнсіздіктің, ұмыт қалған тағдырлардың және халық жадында сақталған қасіретті оқиғалардың көркем белгісі ретінде танылады. «Үнсіздік айқайлайды, шақырады, / Елеусіздеу молалар жатыр әні» деген жолдарда оксюморондық тәсіл қолданылып, сыртқы тыныштық пен ішкі қасіреттің қарама-қайшылығы ашылады. «Үнсіздіктің айқайлауы» арқылы автор тарихи шындықтың ұзақ уақыт бойы көмескіленгенімен, оның рухани салмағы мен халық санасындағы жаңғырығы жойылмағанын көрсетеді.

Молалар арқылы ақын өткен дәуірдегі құрбандар тағдырын еске түсіріп, олардың үнсіз қалған мұңын бүгінгі ұрпақ санасына жеткізеді. Начало формыКонец формы

Толғаудағы нақты ру-тайпа аттары (Божбан, Маңғытай, Саңғылы, Тама, т.б.) жай ғана тізім емес. Бұл – сол кездегі жойылып бара жатқан қазақтың дәстүрлі әлеуметтік құрылымының «тірі картасы». Автор осы есімдер арқылы трагедияның тек жеке адам емес, тұтас бір қауымдастық деңгейінде болғанын көрсетедітерең философиялық-символдық мәнге ие. Мұндағы «мола» ұғымы тек қана өлілер мекені ретінде емес, тарихи үнсіздіктің, ұмыт қалған тағдырлардың және халық жадында сақталған қасіретті оқиғалардың көркем белгісі ретінде танылады.

Шығармада ақын бейнесі тек бақылаушы емес, тарихи шындықты жеткізуші тұлға ретінде көрінеді. Оның: «Толғамау бұл тарихты күнә маған,
Жырламау бұл тарихты күнә саған».

Ақын тарихты жырлау арқылы этикалық міндетін орындайды. Өткенді ұмытпау – ұлттық сананы сақтаудың шарты ретінде танылады.

Толғаудағы «қара түс», «тұяқ серпу», «мола», «Қаратау», «Созақ» секілді образдар символдық жүйе құрап, халық тағдырының трагедиялық картинасын жасайды.

Алаш боп желбіреді сары ала ту» деген жол – көтерілістің тек аштыққа қарсы емес, ұлттық азаттық идеясымен (Алаш Орда мұрасымен) байланысты болғанын айқындайтын саяси месседж. Толғаудағы «Алаш» идеясы мен «сары ала ту» символикасы – бұл көтерілістің саяси және рухани деңгейін көрсететін ең маңызды детальдар. Алаш идеясы мен сары ала ту символикасы өзара тығыз сабақтасып, көтерілістің биік рухын айқындайды. Автор «Алаш боп желбіреді...» дегенде, Созақ көтерілісін тек аштыққа наразылық емес, ұлттық бостандық жолындағы күрес ретінде бейнелеп, 1917 жылғы Алаш Орда идеяларының халық жадында өшпегенін көрсетеді.

Ал бұл күрестің айбары болған «сары ала ту» – хандық дәуірден келе жатқан мемлекеттілік пен ата-баба аруағының нышаны. Ежелгі түркі танымындағы қасиетті сары түсті тудың желбіреуі халықтың ұлттық намысы мен кегінің оянып, еркіндік рухының репрессиядан жоғары тұрғанын паш етеді. Мұндай образдар момын халықтың «тұяқ серпуін» жай ғана өлім алдындағы қимыл емес, ұлттық деңгейдегі саяси қарсылыққа көтереді.

Қазақ поэзиясында өз орнын ойып тұрып алған,  патриот, ұлттық рухтың нығая беруін көксеген, сол жолда аянбай тер төккен, салт-дәстүрді ардақ тұтып, өсер ұрпаққа аманаттауда азаматтық позициясы мықты, ел мен жер танудан жалықпай ізденетін Қасымхан ақын биыл Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа үміткер болып, бақ сынауда.

Қасымхан Бегманов еліміздің ең беделді сыйлығына шынымен лайық ақын!

Гаухар Балтабаева

Филология ғылымдарының докторы,

Abai.kz

0 пікір