Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5427 0 пікір 24 Желтоқсан, 2013 сағат 09:24

ҚАЗАҚ КИНОСЫНДАҒЫ БӨРІНІҢ БЕЙНЕСІ

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында түсірілген қазақ көркемсуретті фильмдерінде қоршаған ортаға, қоғамға деген сыни көзқарас, өткен күнді қайта електен өткізу басым болса, 2000-2012 жылдарғы фильмдерінің көркемдік құрылымында ата-бабалар уақытының белгісі ретінде мифологиялық символдар, кейіпкерлер, сюжеттер жиі көрініс таба бастады. Бұл үйлесімсіздіктен құтылып, қайнар көзге үңілу, тарихқа қайта оралу халықтық сана-сезіммен қауышудың қызметін атқарды. Осы тұста қазақ фильмдерінің көркемдік құрылымында бөрінің бейнесі жиі көрініс беруі тегін емес. Әпсана жанрында түсірілген «Аңшы» фильмі (2004) солардың бірі. Ондағы бөрі-кейіпкердің көркемдік бейнесіне анықтама беру үшін ең алдымен, негізгі режиссерлік ой мен философиялық концепциясының ерекшелігіне назар аудару қажеттілігі туындайды. 

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында түсірілген қазақ көркемсуретті фильмдерінде қоршаған ортаға, қоғамға деген сыни көзқарас, өткен күнді қайта електен өткізу басым болса, 2000-2012 жылдарғы фильмдерінің көркемдік құрылымында ата-бабалар уақытының белгісі ретінде мифологиялық символдар, кейіпкерлер, сюжеттер жиі көрініс таба бастады. Бұл үйлесімсіздіктен құтылып, қайнар көзге үңілу, тарихқа қайта оралу халықтық сана-сезіммен қауышудың қызметін атқарды. Осы тұста қазақ фильмдерінің көркемдік құрылымында бөрінің бейнесі жиі көрініс беруі тегін емес. Әпсана жанрында түсірілген «Аңшы» фильмі (2004) солардың бірі. Ондағы бөрі-кейіпкердің көркемдік бейнесіне анықтама беру үшін ең алдымен, негізгі режиссерлік ой мен философиялық концепциясының ерекшелігіне назар аудару қажеттілігі туындайды. 

Фильм туралы кинотанушы Г.Әбікеева «Нациостроительство в Казахстане и в других странах Центральной Азии» атты кітабында: «Шын мәнінде фильм бала-бөлтірікті адам-әкенің тәрбиелегені туралы баяндайды. Және бұған Еркін – күшіктеу кезінде өлген қаншық-қасқырдың баласы болуы мүмкін деген болжам мен Алтайдан келген бестырнақты қасқырдың үнемі аңшы мен бала жүрген жерде пайда болатынын қоссақ, онда қасқырдың ізіне түсіп жүрген аңшы емес, қасқыр-әке баласын өзімен бірге алып кету үшін жүр деген түйін жасауға болады. Олай болса, фильмнің тарихы алғашқы түркі, алғашқы адамның қалыптасуы туралы болып мүлдем өзгереді», – деп жазды. Дегенмен, кинотанушының бұл пікірімен келісуге де, келіспеуге де болады. Әрине, шығарманың фабуласынан, сюжеттік және бейнелік қатарынан жоғарыда келтірілген көзқарасты оқуға болады. Біздіңше, бұл шығарма алғашқы түркілердің тарихы деген концепциядан алыстау сияқты. Фильмнің сюжеттік құрылымында бөрінің жиі кездесуі және ең бастысы, баланың бөрінің жанына барып жайғасуы сияқты т.б. көріністер алғашқы түркілердің тарихынан емеуірін білдіреді. Бірақ бұл «емеуірін» режиссерлік ойдың кинематографиялық сыртқы сұлбасы ғана. Фильмдегі режиссерлік ойдың құпиясын ашу үшін, алдымен автордың киношығармашылық өмірбаянына үңілудің қажеттілігі туындайды. 
Алғашқы толықметражды «Қиян» фильмінде (1989) өмірді өз «күйінде» көрсетсе, одан кейінгі «Сергелдеңді» (1993) режиссердің ішкі монологы ретінде қабылдауға болады. Ал, «Ақсуатта» (1997) тағы да шынайы өмірге бет бұрса, одан кейінгі «Аңшыда» режиссер өзінің ішкі «өміріне» қайта оралады. Бірақ екі фильмдегі «ішкі монолог» екі түрлі сипатта баяндалады. «Сергелдеңдегі» ішкі үйлесімсіздік, шарасыздық «Аңшыда» мүлдем кездеспейді. «Сергелдеңнің» оқиғалары қалада (шындығында, қала екендігіне тек емеуірін жасалады), тар-қапас бөлмелерде, ал «Аңшының» оқиғалары негізінен табиғаттың аясында өтеді. «Сергелдеңде» «тұншығу», ауыр демалу бар, ал «Аңшыда» керісінше, кең тыныс алу сезіледі.
Фильм бірден кең далада қалықтай ұшқан құс көрінісімен басталады. Бұл еркіндік туралы тақырыптың алғашқы белгісі. Әрі қарай фильмнің өне бойында осы тақырыптың сарыны үнемі кездесіп отырады. Алайда, еркіндік тақырыбы психологиялық, әлеуметтік, моральдық тұрғыдан дәріптеуге, жалаң пафосқа ұрынбайды. С. Апрымовтың өзі «Киноман» журналына (2005, № 5) берген сұхбатында былай дейді: «Мен қаланың өмірінен әбден жалығып, тынысым тарыла бастады. Сол кезде мына дүниеде тек аңшының ғана өмірі баянды әрі мазмұнды деген ой келді. Өйткені, ол – абсолютті еркіндік, социумнан тыс және табиғатпен өзара қарым-қатынасың таза әрі адал өмір». Режиссер осы ойын екі уақыттың, яғни мифологиялық және бүгінгі уақыт белгілерінің кейде қатар, кейде қабыса, өзара еркін орын алмастырып отыруы арқылы поэтикалық деңгейге дейін көтереді.
Жоғарыда айтылған режис­сер­лік концепция арқылы фильмдегі орталық кейіпкер­лер­дің бірі – бөрінің бейнесін анықтауға болады. Тауда Алтай жақтан келген бестыр­нақ­ты бөрінің пайда болуы, маңайдағы малшылардың мазасын алып жүр­гені туралы аңшы оқ-дәрі, өзге ке­рек-жа­рақ­тарды сатып алып тұр­ған жерінде естиді. Әң­гімесін бі­тір­ген соң, сатушы еж­ел­гі бір әуен­ді ды­быс­тай­­ды. Екі түрлі кеңі­с­­­тік пен уақыт белгі­сінің ара-жігі білінбей бір эпизодта көрінеді. Яғни бөрі әрі мифтік, әрі шынайы мазмұнға ие болады. Сондық­тан «Аңшы» фильмін таза мифтік немесе реа­лис­­тік шығарма ретін­де қабылдаудың қажеті жоқ. Мұнда екеуі де астарласып, қабысып жатады.
Бөрінің мифтік бей­не­сіне қатысты емеуі­рінді екі тұста көре­міз: бірі – аңшы мен баланың жүрген же­рінде үнемі пайда болатын таудың ба­сын­­да­ғы қасқыр; екін­­шісі – баланың оның жанына барып ұйықтауы. Бірін­ші­сін­де каме­ра­ның көзі оған жекпе-жекке шы­ғатын жырт­қыштан гө­рі, тұман­ның арасынан пайда болған әлдебір си­қырлы әлем­ге қара­ған­дай көз тігеді. Кейін­гі­сінде камера шегіне отырып, біртіндеп алыстай береді. Бұл қозғалыс баланың қасқырдың бауырында жатқан бөлтірігіне ұқсайтын сезім тудырады. Бірақ ол заманауи өмірдің тыныс-тіршілігімен қа­бы­сып кетеді. Жоғарыдағы көріністе тоте­мис­тік мағынаға ие болған бөрі, фильмнің жалпы поэтикасымен, табиғат және еркіндік сияқты негізгі тақырыбымен қа­бысып, біте қайнасып кетеді.
Осы тұста «Егер, бөрінің бейнесі тоте­мис­тік мазмұнға ие болса, онда неліктен аңшы онымен жекпе-жекке шығуға ұм­тылады және жеңіліске ұшырайды, қаза табады» деген тағы бір сұрақ туындайды.
Режиссердің бұған дейінгі фильм­де­рінің барлығында да кейіпкерлер мін­детті түрде жеңіліске ұшырап отырды. «Қиянда» моральдық деградация жайлаған ауылдан белгісіз жаққа кетіп тынады, «Сер­гелдеңде» ішкі деградацияның құр­ба­нына айналады, «Ақсуатта» «шалдан» жеңіліске ұшырайды, бірақ ауылдан кет­пейді. Алайда, соңы ашық, яғни мойы­нсұнуы, әлде жеңіске ие болуы беймәлім күйде қалады. «Үш ағайынды» фильмі де жеңіліспен аяқталады. Бірақ бұл фильм­дер­дегі кейіп­керлердің ешқайсысы күрес­керлік мінез танытпайды, тек «Ақсуатта» ғана қарсы­лықтың алғашқы нышаны білінеді. Ал, «Аңшы» фильмінде тұңғыш рет аңшының негізінде фольклорлық кейіп­кердің дең­гейіне көтерілген толыққанды болмысы бар, мінезді, айбарлы, рухы мық­ты кү­рес­кер-кейіпкердің бейнесі ал­дың­ғы қатарға шығады. Аңыз-ертегілердің батырлары сияқты азулы бөрімен жекпе-жекке шығады. Біржағынан алып қара­саңыз, аңшы бөріге, бөрі аңшыға айналады. Екеуінің болмысы біте қайнасып ке­теді. Екеуі де азат, екеуі де табиғаттың төл баласы, екеуінің де рухы асқақ. Шынайы-мифтік кейіптегі аңшы шынайы-мифтік бөрімен теке-тіреске түседі. Миф­тік кейіптегі аңшы мифтік кейіптегі бөріні жең­ер еді, бірақ фильмде жеңіліске ұшы­райды. Осы тұста аяқталуы тиіс мифтік са­рын қайтадан бой көтереді. Өйткені, аң­шының қандай жағдайда қаза тапқаны тағы да белгісіз. Тек, емеуірін, топшылау бар.
«Аңшыдағы» жеңілістің алдыңғы фи­льмдердегі жеңілістен айырмашылығы – оның ісін жалғастыратын, Алтайлық бес­тырнақты бөрімен тең жекпе-жекке шыға алатын, рухы мықты ізбасары бар. Олай болса, аңшының рухы жеңілген жоқ. Ол Еркіннің бейнесінде өзінің жалғасын табады.
Фильмдегі аңшы мен бөрінің мифтік-шынайы бейнесімен тығыз байланысып тұрған тағы бір кейіпкер бар. Ол – жас баланың бейнесі. Кинотанушы Г. Әбікеева «Бала тек суыққанды ғана емес, оның сүйкімсіздеу бет-пішіні қасқырдың бөл­тірі­гіне ұқсайды... Фильмнің соңына қарайғы бір эпизодта әлдекім (аңшы болуы мүмкін) балаға: «Сенің тұлабойың сұп-суық, өйт­кені бала кезіңде тәні «жылы» әйелдің кеу­де­сін­де жатпағансың. Бар да, өзіңнің ор­ның­ды тап» дейді. Сол кезде бала үйден шы­ғады да, төбедегі тастардың арасына барып, қасқырдың жанына жайғасады. Сондықтан баланың бөлтірік болуы мүм­кін деген болжам бар...» («Нациостроительство в Казахстане и в других странах Центральной Азии» кітабы) – дей отырып, фильмнің алғашқы түркілердің тарихы туралы пікірін растай түседі. Егер, фильм кинотанушы айтқандай, тек түркілердің алғашқы шығу тарихы туралы ғана болса, онда баланың шығармадағы рөлі де тек осы мазмұнның аясында ғана қалары даусыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, аңшы мен бөрінің мифтік-шынайы бейнесін баладан да көруге болады. Еркін түрмеге түскенге дейін суық, қатал, тұйық, адамдардан саяқ жүреді. Өзінің қатарластары да оны өгейсиді, тобына қоспайды. Оған да айналасы жат, бөтен, бір сөзбен айтқанда, жалғыз. Осы тұста 1990-жылдар­дағы қазақ киносындағы бала-кейіпкердің жинақталған мифологиялық бейнесін көруге болады. Егер, солай деп қа­былдайтын болсақ, онда мифтік-шынайы бала кейіпкер на­ғыз ер-жігітке тән барлық қасиетке тұңғыш рет мифтік-шынайы кейіптегі аңшы кейіп­керден сабақ алады. Сонан кейінгі қас­қыр­дың жанына ба­рып жай­ғасуы, яғни өзінің алғашқы тарихына орал­уы – ата-ба­ба­сының өж­ет, асқақ, еркін ру­­хымен табысуы ретінде оқылады. Олай болса, бұл – 1990-жылдардағы қазақ киносының жинақталған ми­фоло­гиялық бала-кей­іп­кердің рухтың еркіндігімен қауышқан поэтикалық бейнесі. Фильм­нің поэтикалық сарыны туралы белгілі кинотанушы
Б.Р. Нөгербек: «Киноман» журналының 2005 жылғы №5 санында «Аңшы» фильмін бір кездері ата-әжелеріміздің Отанын қорғаған батырлар туралы айтқан аңыз-ертегілерін тыңда­ғандай, жүрекпен қабылдауымыз керек. Бұл шығармадан шынайы өмірдің іздерін табуға талпыныс жасаудың қажеті жоқ. Өйткені, ол көрерменнің экрандағы поэ­тикалық шындыққа деген сенімін жоғал­тады» деп жазды.
Сонымен, бала мен бөрінің, тау-тас пен даланың, аспанда қалықтай ұшқан құстың бейнесі жинақтала келе, аңшы рухының еркіндігін, мүмкін арманын мең­зейді. Олай болса, «Аңшы» – жас баланы асырап алған бөрі туралы ежелгі түрік­тер­ден қалған аңыздан гөрі, рухтың еркіндігі мен асқақтығын баяндайтын фильм. Ал, киношығармадағы бөрінің бейнесі сол еркіндіктің символы қызметін атқарады.
Соңғы жылдары қазақ көркемсуретті киносында пайда болған бөрінің бейнесі кинорежиссер, кинодраматург Ермек Тұр­сыновтың шығармашылығымен тығыз байланысты. Егер, «Аңшыдағы» бөрі бүгінгі күнмен астарласып, қабысып жатса,
Е.Тұр­сыновтың 2009 жылы түсірген ал­ғаш­қы «Келін» фильмінде Келін мен Енесі өмір сүріп жатқан үйдің айналасында үнемі пайда болатын қасқырдың бейнесі арқылы ежелгі түріктерден келе жатқан аңыздың сарыны аңғарылады. Фильмнің соңында кейіпкерлер сол қасқырдың сүтімен дүниеге келген нәрестені асырайды. Яғни «Аңшы» фильміне қарағанда, «Келінде» ежелгі түріктердің Көк бөріден тарағаны туралы аңызы басымырақ көрініс табады.
«Келін» фильміндегі оқиғалардың өте­тін орны мен уақыты белгісіз. Сондай-ақ, көркемдік құрылымындағы уақыттың «Аң­шы» фильміндегідей «бір-біріне ауысуы» немесе «секірісі» сезілмейді. Олай болса, қас­қырдың бейнесі де бірыңғай кеңістік пен уақыт ағымында көрініс табады.
Е.Тұрсыновтың Э.Хемингуэйдің «Теңіз бен шал» повесінің желісі бойынша 2012 жылы түсірген «Шал» фильмінде де қасқыр тақырыбы жалғасын табады. «Келін» филь­мінің оқиғасы ежелгі дәуірде өтсе, «Шалдың» оқиғалар тізбегі бүгінгі күнмен тығыз байланыста өтеді.
Табиғаттың ата заңынан мақұрым қалған қаланың үш «атқамінері» өлтіріп кеткен бөлтіріктері үшін қасқыр-қаншық адам атаулыдан өшін ала бастайды. Осы тұста Шал мен олардың арасында теке-тірес басталады. Шал қайткен күнде алдындағы отар қойы мен өзінің өмірін аман сақтап қалуы тиіс. Өйткені, ол әкесіз қалған немересінің аяққа тұрып, азамат болуына жауапты.
Осы тұста режиссер «кешіру-кешірмеу» құқығын Шалдың қарсыласына береді. Өйткені, адамдар оның ұясының шырқын бұзып, тас-талқан етті. Сондықтан оның қай үкімі болса да заңды. Шал мен қасқыр-қаншықтың арасында әрқайсысының өз ұрпағы үшін басталған теке-тірес бітіммен аяқталады. Олардың арасында алдында ғана басталған аласапыран ендігі жерде үйлесімділікпен ұласады.
Сонымен, бүгінгі қазақ киносындағы қасқырдың, бөрінің бейнесі біржақты қарастырылмайды. Кейде ол аңыздың сарынын еске түсірсе, кейде бүгінгі күн­мен астарласып, қабысып жатады. «Аңшы» фильмінде бөрінің бейнесі рух еркіндігінің символы қызметін атқарса, «Келінде» күллі түркі халқының түп негізі ретінде қарастырылады. Ал, «Шал» фильміндегі қасқырдың көркемдік бейнесі бүгінгі адамдардың адами қасиеті мен ниетін, ру­хани діңгегін, өмір, ұрпақ туралы пәлсә­палық толғаныстарын айқындау үшін қызмет етеді.

Назира Рахманқызы,  
кинотанушы, өнертану кандидаты,
Қазақ Ұлттық Өнер университетінің оқытушысы.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377