Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 2308 45 пікір 14 Маусым, 2024 сағат 17:56

Оза шапқан оңшылдар оңдыра ма?

Сурет мақала авторының жеке мұрағатынан алынды

Немесе Еуропарламент сайлауында «қайта өрлеп» жатқан ультраоңшылдардың уы мен уыты туралы

Сонымен, кеше өткен Еуропарламент сайлауында осы материкте үрдіске айналып бара жатқан оңшыл идеология бұрынғыдан гөрі көп дауыс жинап, моральдық жеңіске жетті.

Қазіргі заман оңшылдарының өзара өзгешеліктері мен айырмашылықтары баршылық: әр елдің салты басқа, иті - қара қасқа. Десек те, осы бағыттағы саяси күштерді біріктіріп отырған бірнеше қағидат бар.

Алдымен, олардың бәрі иммиграцияға қарсы. Әлемнің түкпір-түкпірінде бұрқ етіп жатқан соғыстар мен қақтығыстар, сөзсіз, сол аймақта эмиграциялық көңіл-күйлердің күшеюіне әкеп соқты, және де ол бас сауғалаған жұрт басқа емес, дәл осы Еуропа жаққа жөңкіле көшіп, жақсы өмір іздеуде.

Екіншіден, оңшылдардың дүниетанымына еуроскептицизм тән, яғни олар Еуродақтың одан сайын бірігіп, ынтымақтаса түсуін қаламайды. Ұлттық деңгейден жоғары құрылымдарды олар өз елдерінің тәуелсіздігін шектейтін қауіп-қатер деп қабылдайды.

Үшіншіден, және де бұл саяси ұстанымның біршама болашағы бар де санаймын, оңшылдар өз риторикасында «қарапайым халықтың мұң-мұқтажын қорғап», либералды құндылықтар ұстанған негізгі партиялармен бағдарламалық бәсекелес. Айтпақшы, осы себептер бізге танымал Макрон, Шольцтар басқарған партиялар мен олардың жекебас жағдайы қиындай түсері хақ. Өркениетті елдерде «отырсаң, оңшыл, тұрсаң, солшыл» деген біздегідей партиялық идеологияға деген тұрпайы көзқарас жоқ: бізде партялар не биліктік не оппозициялық боп бөлінеді, олардың идеологиясына ешкім де қарап жатқан жоқ. Я болмаса, біздегі саяси партиялар қалтасы қалың не жоғары қызметте болған жеке тұлғаның маңайына жиналған, соны пір тұтқан тар топшылдықтығ жетегінде кетеді.

Иә, Еуропарламенттің денін құрайтын, сол арқылы бұл құрылымның басты саяси шешімдеріне тікелей ықпал жасайтын дәстүрлі партиялар тағынан тая қойған жоқ. Бірақ, олардың жайлы жағдайын қиындататын оңшыл тенденция мықтап орнығып жатқаны да рас. Сайлау нәтижесінің статистикасы да соны растайды.

Әрине, әртүрлі елдерден жиналған оңшылдар Еуропарламенттің ішінде тізе қосып, біріксе, Еуропаның ішкі және сыртқы саясатын анықтауға ықпал жасап, оны түбегейлі өзгерте алатын алып күшке айналуы мүмкін еді. Мәселен, бүгінде Еуропалық оңшыл центристік халықтық партиясы Еуропарламентте ықпалды күштің бірі.

Алайда ондай келісімдер болатыны үлкен күмәнім бар. О жақтағы оңшылдар құдды бір Қазақстанның оппозициясы секілді: тұнып тұрған амбиция мен өз әріптестерін менсінбеу. Оған қоса, радикалды, ультралық сипаты бар идеологиялар саяқ жүргенді ұнатады, ұжымдық тірлік оларға жат келеді.

«Жә, мұның бәрі бізден жырақтағы әлем материгіндегі сайлау, біззе не қатысы бар?» деген сауал да жоқ емес.

Меніңше, бұл өзгерістер бізге де әсер етпек.

Оның себептерін айтайын.

Біріншіден, Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Ресей мен Қытайға объективті түрде тәуелді болса да (алпауыт көршілермен тіл табысып, дау-дамайсыз. ұрыс-керіссіз өмір сүру – кез келген мемлекеттің тағдырлық міндеті, әйтпесе, іс насырға шабуы мүмкін!), ұжымдық Еуропамен тәуір қарым-қатынассыз дами алмайды. Оның экономикалық һәм геосаяси, гуманитарлық шарттары бар. Енді бұл байланыстарға «оңшыл түзету» болуы мүмкін.

Екіншіден, бүгінде дүниежүзілік қауымдастықты қақ жарып отырған - Украина мен Ресей арасындағы соғысқа деген көзқарас. Осы сайлауда саяси реванш ала жаздаған еуропа оңшылдарының бұл күйіп тұрған мәселеге қатысты ұстанымы белгілі және ол қазіргі жалпыеуропалық пікірге сай емес: олар көбіне-көп проресейлік позиция ұстанып отыр. Бұл дегеніңіз – енді Еуропарламент мінбесінде Мәскеуді қорғаштап, соның сойылын соғатын күштер сөз алып, агрессорды айыптайтын, оған қарсы санкциялар мен тыйымдар жариялайтын шешімдерге түзету енгізе алады деген сөз.

Оңшылардың еуроскептицизмін ескерсек, ендігі жерде Қазақстанның Еуропамен байланысының эпиорталығы Брюссельден гөрі еуропалық мемлекетердің өз астаналарына ауысуы мүмкін.

Үшіншіден, оңшылдардың Еуропадағы «қайта өрлеуі», қарап отырсақ, Мәскеудің де қолтығын су бүркіп, соны серпін беріп жатқандай. Путиннен бастап, министр, губернаторлары, пропагандорына дейін жер астынан жеті қоян тапқандай, бір-бірінен сүйінші сұрап жатыр. Мұндай эйфория Ресейдің неоимпериялық саясатының одан сайын өрши түсуіне ықпалын тигізбей қоймайтыны да түсінікті. Өркениетті әлемнен аластатылған Кремль қожайыны ендігі жерде оңшылдардың жетекшілерін Мәскеуге шақыра бастаса, қайран қалмауымыз керек. Мұның бәрі Кремльдің постсоветтік кеңістіктегі стратегиясы мен тактикасына жаңаша сипат беруі лазым.

Соңғы мәселе саясаттан гөрі күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге қатысты болса керек. Оңшылдар жалау еткен ксенофобия, өзге ұлттарды жек көру сияқты антигуманистік идеология Еуропа елдерінде оқып, жұмыс істеп жатқан қазақ жастарының өміріне әсер етуі әбден ықтимал.

Осы мәселе өзімді өте-мөте толғандырады, ол жақта жүрген балаларымыз пәле-жәледен аулақ болсыншы!

Әміржан Қосан

Abai.kz

45 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053