Жұма, 22 Қараша 2024
Дін мен тін 2158 6 пікір 1 Шілде, 2024 сағат 16:00

Тәңірлік таным – экологиялық философия негізі

Коллаж: Abai.kz

Тәңірлік экология – ғаламдық мәселелер философиясы

(диалогия)

Пікірлесушілер: философ, Әл Фараби ат. ҚазМУ оқытушысы Берік Аташ, философ Әбдірашит Бәкірұлы. 


Б.А. Қазіргі таңда ұлттық бірегейленудің бір формасы ретінде – тәңірлік дүниетанымды сақтау мәселесі қолға алынып келеді. Бірақ бүгінгі күнге дейін бұқаралық сана тұрмақ, еліміздегі кейбір зиялы қауым өкілдері де тәңіршілдіктің не екендігі туралы таяз түсінікте қалып отыр. Бұл, әрине, дүмше молдалық пен радикалды ислам өкілдерінің тәңір ілімі туралы қоғам санасына сіңірген неше түрлі даттау манипуляцияларының нәтижесі деуге болады..  Олар Тәңірлікті – оғаш, сырттан таңылған, көне дәуірде ұмыт  қалған, ескірген, мүлде қажетсіз дүниетаным ретінде бағамдайды.

Шындығында, олардың өздері «жартылай тәңіршілдер», жартылай емес, сана қатпары мен архетиптері тәңіршілдікке тумысынан негізделген  тұлғалар десек болады. Олар табиғи тұрғыда тәңірлік  санадан қашып құтыла алмайтындықтарын өздері де  сезбейді. Бүгінгі таңда да халқымыздың, оның ішінде, қазақ халқының шамамен 90 пайызы тәңіршілдік ұстанымдарын бейсаналы түрде мойындайды және сақтайды, салт‑дәстүрінде ұс анады. Бірақ әрқилы деңгейде: ішінара, жартылай, толық түйсінбейді. Өйткені, тәңіршілдік – схоластикалық, манифесттелген, үздіксіз  идеологиясыз өмір сүре алмайтын, бір әрпі де өзгермейтіндей болып бекітілген т.б. басқа кітаби діндер сияқты ережелердің жиынтығы емес, ауызша мәдениеттің туындысы ретінде сан мыңдаған жылдар бойы түркі халықтарының санасында, кейіннен, бейсанасында сақталып-сабақтасып келе жатқан ескірмейтін іргесі мықты платформа және  қазіргі заманғы әлемдік өркениет ұстанымдарына да сай келіп жататын өмірмәнділік эпопея. Ұстанып жүрген салт-дәстүр, шежіре, өнеріміз т.б. бастап, туымыз бен елтаңбамызға дейінгінің барлығы тәңірлік рәміздер мен өмір шындықтары. Қазіргі шынайы өміріміздің келбеті тәңіршілдікпен көмкерілген, қаласақ та, қаламасақ та біз соның ішінде өмір сүріп жатырмыз.

Ә.Б. Иә, қазір «тәңіршілік» атпен таныла бастаған ежелгі көшпенділердің дүниетанымының іргетасын Тәңірге деген наным‑сенім құрайды. Біз қазір ежелгі сақтардың (скифтер) қазіргі «қазақ» атымен танылған ұлттың протобабалары екенін мойындаймыз. Бар қазақ көне сақтардың ерлігін мақтан етеді, сол арқылы өздерінің тарихы тым тереңде жатқанын әлемге паш еткісі келеді. Бірақ, қазақтар оны тек ата‑баба шежіресі тұрғысынан өрбітеді.  Ал, дүниетанымдық деңгейде қазақтар ол тарихты мойындағысы келмейді. Парадоксті жағдай. Себебі, қай дәуірде болмасын, адамзат қауымы белгілі бір дүниетанымдық және соған сай мәдени платформаны құрады. Мәселен, Сақтардың көршісі Ежелгі Гректер мәдениетте сол заманның классикалық үлгісін туындатты. Онымен Грек халқы әлі де мақтанады. Ал, шынауайтында Ежелгі Грек мифологиясы мен философиясының, көп құдайлы діни санасының туындауына Көне Сақтардың тікелей әсер еткенін байқау зерттеген адамға қиын емес. Оның негізі біртұтас табиғатты танудан басталады. Оның бастауы – Көк Тәңірі. Оның жердегі жалғасы – Ұмай Ана. Яғни, бүкіл табиғат атаулы екі бастау: аталық және аналық бастаудан тұрады. Одан әрі әр түрлі жануарлар әлемінің Киелері тұрады. Ол бізде Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шопан ата, Сексек ата және т.т. жалғасады... Ал, Ежелгі Гректерде ол Зевс пен Гера және әртүрлі кіші дәрежедегі құдайлардан тұрады.

Міне, осындай ұқсастық біздің, яғни, протоқазақтардың «дүниетанымдық тарихы», яғни «наным‑сенім тарихы» өте көнеден басталатынын байқаймыз. Ол туралы әйгілі Ә.Марғұланның, белгілі философ М.Орынбековтың зерттеулерінде нақты әрі терең талданады. Ол бізге Көк Тәңірі атымен белгілі. Ол негізінен пантеистік наным‑сенім түрі. Ол бойынша біртұтас табиғат ‑ Тәңір жаратылысы. Сондықтан Тәңір алдында барлық тіршілік атаулының мәртебесі (статусы)  тең. Қазір біз қазақ халқының экологиялық санасының негізі қайдан десек, оны осыдан табамыз.

Бірақ, біздің даламызға әрісі ‑ 1000 жыл, берісі – 250 жыл бұрын енген ислам діні тәңірлік дүниетанымды халық санасынан ығыстыра бастады. Бұл дін мемлекет құруда конституциялық қызмет атқарды. Оның кітабы Құран. Ислам Құран және оған толықтырулар болып келетін «шариғат заңдары» арқылы монархиялық билікті қамтамасыз етуші идеологиялық платформа болды. Онда экологиялық сана мемлекет мүддесіне толық бағынышты. Мысалы, дінде тұтас табиғат «адамдардың қажеттілігін өтеу үшін, азық үшін жаратылды» делінеді. Тіптен, жұлдыздардың өзі адамдардың тамашалауы үшін ілінген...

Сөйтіп, бұл діни идеология Қазақ елін ортарлаушы Ресей монархиясының саясатына сай келді. Ресей идеологтары Қазақ тарихын аяусыз өшірді, бұрмалады. Дін оны қолдады. Сөйтіп, бүгінгі қазақтар өздерін шежірелік тұрғыда «ержүрек сақтардан тараймыз» дейді. Ал, наным‑сенім, яғни, дін тұрғысынан өздерінің ежелгі дүниетаным формасы – Тәңір ілімін «ескінің қалдығы» деп,  оны ұмытуға тырысады. Негізі, мәселеге догма емес, ғылыми тұрғыдан келсек – бұл сұрақ өзінің эволюциялық дамуы тұрғысынан зерттелуі керек. Сонда ғана біз көне заманға да, қазіргі заманға да объективті баға беруге қол жеткіземіз. Сонда ғана өз дүниетанымдық тарихымыздан жерімейміз, қайта, керісінше, оны құрметтейміз.

Б.А. Иә, осыны классификацияласақ мынадай тұжырымға келеді екенбіз:

‑  заманауи мал шаруашылығы (Ботай мәдениетімен дәйектеле алады), тауар алмасуымыз (Жібек жолынан көрініс табады) – тәңірлік экономика;

  • дінаралық конфессионалдылық пен зайырлылық деп жүргеніміз (Шыңғыс ханның тәңірлікті арнайы, зорлықпен таратпауы мысалынан байқалады) – тәңірлік діни саясат;
  • әлем мойындап келе жатқан ұлттық тағамдарымыз (қымыз, шұбат т.б.) – тәңірлік тамақтану рационы (таңғы ас тәңірден);
  • шежіре мен жеті ата (қан араластырмай тектілікті сақтау) – тәңірлік генетика;
  • заманауи отбасылық тұрақтылық, бір әйел алу (бөрі мен аққудың  «адалдық махаббатынан» көшірілген үрдіс) – тәңірлік  гендеризм;
  • әскери іс пен отаншылдыққа баулу («Тәңрінің ұлдары» идеологиясынан байқалады) – тәңірлік әскери қауіпсіздік;
  • құқықтық заңдар мен ережелер (ар, ұят, намыс, ата-баба аруағын құрметтеу) –  тәңірлік құқықтық сана;
  • қайырымдылық қорлары (асар, үме т.б.) – тәңірлік гуманизм;
  • көпшілігі мойындайтын халық емшілігі – бақсылық терапия мен медицина;
  • ғылымдағы архепиптер, генетика деп жүргендер (ата-баба аруағын батыс басқаша түсінеді) – тәңірлік ілімдер (ғылымдар);
  • рулық санамыз (тасқа жазу дәстүріндегі ру таңбалау мәдениетімен дәйектеле алады) – тәңірлік әлеуметтану;
  • ірі бизнесмен болу (алтын киімді адам, 10 мыңдаған жылқы иесі болу) – тәңірлік магнаттар т.б. әлдеқандай бір адасулар, көне, ескірген қалдықтар емес, біз салыстырып көрсетіп отырған бүгінгі өмір шындығы. Бірақ бұлар жаңалық емес, өздігінен-ақ баршаға белгілі дүниелер.

Соның бірі – тәңірлік экология. Тәңірлік экология: экологиялық сана, экологиялық мәдениет, экологиялық ережелер, экологиялық тұрмыс салтынан тұрады. Ғалымдарымыз атап өтіп жүргендей, экология тәңірлік дүниетанымның негізі екендігін де қуаттаймыз. Түркі халықтары көне замандардан бері «табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің коэволюциялық тәжірибесін» мәңгілікке арнап кеткен, микроэкологиядан бастап, макроэволюцияға дейінгінің барлығын қамтыған.

Жансыз және жанды тіршілікке құрметпен қарау: «суға түкірме», «құмырсқаның илеуін бұзба», «көкті жұлма», «малды теппе», «аңдарды жөн-жосықсыз өлтірме, киесі ұрады» т.б. тиымдар дискурстар алаңы ретінде емес, сан мыңдаған жылдар бойы өмір тәжірибесімен бекітілген  талқылауға жатпайтын бұйрықтар, әрине, олар кейде сакральді мәнге ие болған. Өйткені, негізгі экологиялық тезис:  «табиғат – адам билеп-төстейтін полигон алаңы емес, әрбір элементі өзіндік бір киелілікке ие болатын абсолютті сұлулық» болып бекітілген сыңайлы. Мәселен, әлем сұлулығын бейнелейтін табиғат лирикасы – жай ғана бір «ақындық шабыттан туған өлеңдер жиынтығы»  емес, табиғаттты құрметтеуге үндейтін көне тәңірлік идеологияның жетілген кейінгі көріністері.

Көшіп жүрудің өзі – жер ландшафтысының мүмкіндіктерін түбегейлі сарқып, оны тоздырмай, қайта түлеуіне мүмкіндіктер беруден туындаған, қазіргі экологиялық тілмен айтқанда, «қайта қалпына келетін ресурстардың – қайта қалпына келуіне мүмкіндік беру» технологиясы – «қыс қыстау, жаз жайлау коэволюционизмі», табиғи жер байлығын үнемді пайдалану қағидасы, мәселен, Абайдың: «ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» өлеңін еске түсіруімізге болады. Бұл үнемдеу экологиясы – бүгінгі күні де кейде ескерілмей қалып отыр.     

Аң аулаудың өзіндік ережелері болған: төлдеу кезінде ұрғашыларына тиіспеу, шектен тыс артығымен, мол олжаға кенелуді мақсат етпеу, олжасын бөліске салу, аңдардың киесіне ұшырап қалмау (бүгінгі таңдағы киікке деген аяусыз шабуылдар тәңірлік экологияны түйсінбегендік сана) т.б. Тек үй жануары төрт түлік қана емес, даланың қолға үйретілмеген аңдарының жас ерекшеліктерін сай, әсіресе, төлдерінің де атауларының болуы олармен де «іштесуден», ішкі дүниесіне бойлай енуден туындағандығының бір көрінісі іспеттес болып тұрады: қонжық, апанақ – аюдың төлі, теңбілшеабдан – арыстанның күшігі, сарымақ, шөнжік – жолбарыстың күшігі; алан – барыстың күшігі; Бөлтірік – қасқырдың қарақұлақтанған күшігі; Жаутаңмыртоттүлкішек – түлкінің күшігі т.б.

Бүгінгі күнгі еліміздегі маңызды экологиялық ахуалдың бірі – тұщы су қорының азаюы мен өзен, көл суларының ластануы да тәңірлік экологияның үнемі назарында болған: «Судың да сұрауы бар», «Суға дәрет сындырма», «Су ішкен құдығыңа түкірме» (тура да, ауыспалы да мағынасында түсінуге болады), «Шелектегі суға аузыңды салма» т.б. деген «бұйрық-тәртіп сөздер» кейде сакральданып та беріледі: «Түнде суға барма», «Қайнаған қара суда қасиет бар», «Судың иесі бар» т.б.  Шыңғысханның жарлығындағы өзенге кір жууға болмайтындығы да көне дәуірлердегі тәңірліктегі «су экологиясының айрықша мән беруге тұралық дүние» екендігін тереңнен ұғынудан туындаған.  

Тәңірлік дүниетанымда «жер» ерекше мәнге ие болған: «Жер қадірі», «Туған жер», «Туған Жер топырағы» «Жер – Ана» т.б. Бұлар – қастерлілік пен құндылық мағына беретін терең мәнді жер экологиясының алғышарттары болған түсініктер. «Жерді теппе», «Жерді қазба», «Топырақты үйме» (жөн-жосықсыз) т.б. тиымдар да экологиялық – этикалық—этикеттік қағидалар, сонымен қатар, жер асты – жер бетінің тазалығын сақтайтын полигондық алаңдар ретінде де түсінілген, бұл зиянды қалдықтарды көметін бүгінгі күнгі экологияға дейін сақталып қалған. Біздіңіше, түркі мәдениетін мысырлық-шумерлік дәстүрлермен байланыстырсақ, өлікті жерлеу де көне тәңірлік дүниетанымнан келіп жеткен қалған салттар болуы ықтимал (әрине, ол жете зерттеуді қажет етеді). Тырнақ пен шашты жерге көму – көпқызметті: адамның рухы, денесінің бір бөлігі ретінде аяққа тапталмауы тиістігінің – сакральді ырымы, шашылып даланы бүлдірмеудің тазалығы т.б.

Тәңірлік экологияны батыстық, еуропоцентристік тұрғыдан қарастырылатындай тым қарабайыр, тек құр рационалдылыққа негізделген деп түсінбеу керек, ол –  мәні терең және нәзік тұстары көп өмірлік философия.   Мәселен, кәрі терек (көбіне жапандағы жалғыз ағаш эстетикасы) – қастерлі мәнге ие, оған байланған шүберектер тек қана діни ритуалдар емес, қартайған теректі де сақтау, оны кесіп қолданбау керек, жөн-жосықсыз, мәселен,  отынға тұтастай пайдалануға болмайды деген мәтін астарындағы жасырын ойлармен көмкерілген нәзік тұстар, өйткені, кәрі ағаштардың өзі әбден қурап, өзінің өлімі арқылы ғана қайтыс болуы тиіс, тіпті оған да тиісуге болмайды, өйткені, кезінде, көпшілікке өзінің пайдасын (көлеңкесі пана, ат байлар қазық болған) тигізген деген нәзік философия жатқан болуы ықтимал. Ал шынайы өмірдегі мақсатты ағаш кесу мәселесінде: «Бір тал ексең, он тал ек» деп экологиялық балансты 10 есе асыра орындаумен бұйырылған жауап мәтелі бар.

Әрине, бүгінгі біз шет ел асқан білімді, жоғары философиялық деңгейде ойлайтын тұлға болсақ та, көнеден сабақтасқан тәңірлік дүниетанымды дәл сол дәуірдің халқындай толыққанды, терең, абсолюті түрде,  өз мәнінде түйсіне алмаймыз, тек архетиптеріміздің берген ақпараттары арқылы түйсінеміз, рационалды түрде жобалаймыз, дегенмен,  шынайы тәңірлік ілімге жуықтаймыз. Мәселен, «Тәңір асыраған тоқтыны бөрі жемейді», «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңрісі бар» деген Тәңірді кірістіре айтататын экологиялық тезистер көптеген адамдар үшін тереңірек түйсінуге қиындықтар туғызады. Яғни, тәңірлік экология тек Қазақстан  үшін емес, әлемдік деңгейдегі ғаламдық мәселелердің толғаулары қайта оралатын құнды дүние.

Қорыта айтқанда, Жаңа Қазақстанның негізгі ұстанымдарының біріне айналып бара жатқан Тәңірлік ілім – әлдекімдер ойлағандай, тек қана ұмыт болған тәңіршілдікті жаңғырту мақсатында емес, өзіміз өмір сүріп отырған шынайы болмысымыз – тәңірлік климатты сақтап қалып, оны бұзбай, әрі қарай кейінгі ұрпақтарға өсиет ретінде қалдыру.

Тәңірлік дәстүрлерді болашақта исламға, христиан, будда діндеріне ұқсатып, тек қана діни идеология түрінде қолдану емес, амалсыздан, ерікті-еріксіз түрде өмір сүрудің нақты құралдары (инструменттері) ретінде де кеңінен пайдаланатын боламыз. Әрине, бұл тұста, Тәңірлік ілім, тек қана экологиямен шұғылданған екен деген түсінік туындамау керек, ол – тұтас өмірлік институт және ілім (ғылым) екендігіне де баса  назар аударуымыз керек. Мәселен, ілім (ғылым) екендігін «ол кезде ғылым болған жоқ, оны ата-бабамыз қайдан білген» деген ғалымдардың, көпшіліктің де естіліп қалатын салт-дәстүрлерге деген таңқалыстарынан-ақ байқауға болады.

Тәңіршілдікті «сөз», атаулардың қолданылуы аясында қарапайымдандырып, басқа сөздерге ұқсатып түсіндіріп өтуді жөн көрдік. Мәселен, Кеңес үкіметі тұсындағы: «саудагер, «алыпсатар», «капиталист» т.б. сөздер  соншалықты жағымсыз мағынада қолданылып, қазіргі заманда «бизнесмен», «кәсіпкер» т.б. қаншалықты жағымды мағынаға ауысып кеткендігін еске түсірейік. Сол сияқты қазіргі таңда да, кейбір адасушылық көзқарастарда «тәңіршілдік» жағымсыз мағынада қолданылса, уақыты келгенде, бұл сөз  құрметтелетін, мақтанышпен айтылатын «текті қазақ», «арлы қазақ» деген титулға ие болады.

Ә.Б.  Қазіргі қоғамдар өте қарқынды даму динамикасына қол жеткізуде. Ал оның нақ жүрегінде экология мәселесі тұрғаны анық. Олай болса, экологиялық тұрғыдан әбден зардап шеккен, «Арал трагедиясы», «Семей ядролық сынақ алаңы», құрғақшылықтың жиі қайталануы, әртүрлі мал ауруларының пайда болуы, киік пен итбалыққың жаппай қырылуы және тағы көзге көрінбейтін табиғи экологиялық мәселелер қазір үлкен сұрақтар тудыруда. Мұның бәріне жауап беру үшін ғылымға жүгінеміз. Ал, оның зерттеу методологиясына көне де болса өзіміздің Тәңірлік экологиялық санамыз, табиғатты бөле‑жармайтын Тәңірлік наным‑сеніміміз сай келеді екен. Ендеше, «тәңірлікті» қытайлардың жобасы деп жүрген діни догма өкілдері қатты қателеседі. Бүгінгі діншілдер «адам  жанын аулаймыз» де жүріп, «Адам өміріне төнер қауіп қайдан?» деген сұрақты назардан тыс қалдыруда...

Мәселе осында, қоғам мемлекетінен ажыраса – бодан болады, қоғам өз болмысынан ажыраса – құл болады. Ал, өмір сүру аясы табиғаттан ажыраса – жоқ болады.

Осыған қарсы тұрар жалғыз күш – қазақ халқының ежелден қалыптасқан төл тәңірлік дүниетанымы.  Соған оралып, соған сай болашақ мемлекеттілігіміздің негізін қалау – бүгінгі ұрпақ алдындағы парыз әрі міндет болса керек.

 

Сөз соңында, Құрман есімді Фейсбуук оқыманының пікірін келтіре кетуді жөн көрдік:

Құрман

80-жылдары мен түкпір ауылға барғам, үлкен әжем ол кезде 85-те болды, Арал маңындағы бір орыс жоқ ауылда тұрды. Түйе, жылқы, қой ешкі ұстаған, пішен шауып, балық аулап, жазда киіз үй құрып, қаймағы бұзылмаған, түсінігі, өмір салты таза қазақы ауыл. Сол ауылға бармасам, мүмкін қазір мен де қазақтар тәңіршіл болмаған деп отыратын ба едім. Ауылда мен үлкен кісілердің ай туғанда сәлем беріп иілгенін көрдім, құдайдан гөрі әруаққа көп сиынатын. Отқа май салып, тие берсін айтатын. Үлкен әжем бейіт аралап, қайтыс болған таныс, туыстарына тие берсін айтып келмесе, көңілі көншімейтін.

Ал қазір «қазақтар тәңіріге сенбеген, ол қытайдың насихаты» деп жүр. Мың жерден жоққа шығарса да, салт жоралғылардан Тәңіріге сенімі көрініп тұр ғой, неге көздері соқыр? Шоқан Уәлихановтың Тәңіріге сенімі туралы мақаласы бар. Қазақ романдарынан құдайды «шұнақ», «соқыр», «керең» деп қарғап жататындарын оқығам. Қазақ әйелдері ғана құдайды қарғап-сілейді деген бір атақты зерттеушінің жазғаны бар.

Бұрынғы қазақтар құдайды мазалай бергенді жөн көрмеген. Алғаш молда кеп, қайта қайта азан шақыра берген соң бәле шақырып жүр, деп молданы таяқтап, ауыл сыртына қуып жібергенін оқыдым. Қазақтардың аса құдайшыл болмағанына, молда имамдарды мазақ еткеніне мақал‑мәтел, бұрынғыдан қалған әңгімелер куә. Сырым Датұлы қолын жеңінен шығармай, бетін сілки салғанына қарап, алақаныңа аспаннан құдайдың нұры құйылады, бет сипау керек дейді, сонда Сырым, жеті қат аспаннан түскен нұр менің жеңімнен өте алмай ма, деп жауап береді.

Жауға шапқанда Әбілмәнсұр атасының әруағын шақырып, Абылай деп шапты, кейін өзін Абылай деп атап кетті, Жанқожа батыр Әруақ, Бақтыбай, деп шапты. Оның бәрі жазылған.Алаш қайраткерлерінің Дарвин теориясын аударып, эволюцияны түсіндіріп берген мақалалары бар. Сұлтанмахмұт , Мағжан өлеңдерін оқысаң, дінге қарсы болғанын көресің.

Бұл ол заманда діншілдер болмады, деген сөз емес, фанаттары болды, қымтап оранып жүргендер болды. Бірақ көпшілік Тәңіршілдікке негізделген жоралғысын жасап жүре берді, діншіл болмады. Қазір бабамыз мұсылман болған, орыстың атеистігі құртты, деп жүргендер не тарихты білмейді, не ауыз әдебиетін білмейді, өздері насихаттың құрбаны боп жүр.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333