Өртелген яхта: Бизнесмен Данияр Әбілғазин не дейді?
Қазақстандық бизнесмен Данияр Әбілғазин Грекияда "Персефони 1" яхтасын жалға алғанын растады. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
Бұл яхтаның экипажы 21 маусымда грекиялық Гидра аралындағы өртке байланысты ұсталған еді.
Ақпаратқа қарағанда, яхтадан атылған отшашу өртке себеп болған. Бизнесменнің мәлімдемесін Forbes Kazakhstan журналы жариялады.
Онда Әбілғазин Грекия аралындағы өртке байланысты "өкінішін білдірген".
Ол Грекия аралында қонақтарына круиз ұйымдастыру үшін яхтаны 15-22 маусымда жалға алғанын айтқан.
"22 маусымда Грекиядан қайтар кезінде сол елдің билік өкілдері бізбен сөйлесті, бірақ маған я менің қонақтарыма ешқандай айып тақпады. Сондықтан біз жоспарымызбен сапарымызды жалғастырдық", - деп жазды Әбілғазин.
Бизнесмен: "Елге оралған соң басылымдарда бізді қаралаған ақпараттар мен үшін күтпеген жағдай болды. Мен мұның бәрін жоққа шығарамын, ешқандай да заң бұзбадым", - деді.
Әділғазин яхтада "өрт қауіпсіздігін толық сақтағандарын" айтады. Ол егер қажет болса Грекия билігімен өртті тергеуге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Abai.kz