Заманбек Нұрқаділов. Жұлдыз сұлу болар ма, бояу жақсам сан қабат?
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Заманбек Нұрқаділов өлең жазып, Шығыс поэзиясының жұлдыздарынан: Хафиз Ширази, Омар ибн Әби Рәбия, Әбу-әл-Атахия, Әбу-әт-Таийб-әл-Мүтәнәбби, Әбу-әл-Ала әл-Маари, Рудаки, Омар Хайам, Жәләләддин Руми, Саади және Үнді поэзиясының классиктері: Бхаратрихари, Назрул Ислам, сонымен бірге орыс жырының дүлдүлдері: А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Гумилев, И.Северянин, А.Фет өлеңдерін қазақ тіліне аударған еді. Біз төменде Заманбек Қалабайұлының Хафизден тәржімалаған ғазалдарын «Жұма-Таймс» газетінің мұрағатынан алып беріп отырмыз.
Аударманы Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына ұсынған ақын Жұмаш Көкбөрі мырза.
ХАФИЗ. МАХАББАТТЫ ЖЫРЛАЙЫҚ!
(ғазалдар)
***
"Көңіл көтер жарқыным, көзе толып тұрғандай!"
Махаббаттың салмағын сезіндің бе, біл, қандай?
Жел таба ма шашыңның иісі сіңген тұрақты,
Бұрымыңнан сезінем жанға жайлы шуақты.
Құлағымда тыным жоқ, күндіз-түні шулап тұр,
Ауыздығы сыңғырлап, атың неге тулап тұр?
Жайнамазың алдыңда, шарабыңды тез құйшы,
Бір бұйрықтың барлығын емеурінмен сездірші?
Шөл пендесі — кезбесің, махаббатты білмейсің,
Толқын, түнек дегенді найзағай боп тілгейсің!

Құмарлықпен өткіздің, деп пе едің өмір мәңгілік,
Естігенің базарда: "Ұяты жоқ әңгүдік!"
Уа, Хафиз!
Сен Құдайдың шын сүйген құлы болсаң қаңғырмай
"Сүйші, сүйші, сүйем!" деп өмір кешкін қайғырмай…
***
Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды,
Бірін-бірі қызғанған жұрт мінезі қинайды.
Сопылық пен еркіндік — қосса бірге балқымас,
Намаз келсе шарапсыз — сырнай сазы шалқымас!
Керегі жоқ құрыстың, жебеушісі бұл істің
Көзе қайда күмістен? Жөні бар ма тұрыстың?
Кездескен сәт қайда еді, қайда кетті қуаныш,
Ойнақы көз, сөз қайда, болған маған жұбаныш?!
Барлық жауың ғажайып, нұр бейнеңе табынған,
Саған қақпан құра ма, кілең қулар қағынған?
Тозаңын да есіктің шалдырмаймын көзіме,
Көріп ізін қолыңның, жол табам ба өзіңе?
Тыным кетті ұйқы жоқ, бітті Хафиз, алжасты,
Жұбанышпен күн өтер, санамапты ол жасты…
***
Жан айғайым жетпейді тастай қатқан Сұлтанға,
Ұлық болсаң — мен тең бе, күнге кепкен ұлтанға?
Сенің жүзің — айға тең, уәзірлерің таң қалған,
Сенің асқақ бойыңнан қорықпай қалай, жан қалған?
Өсек қуған сұмдардан қорғау тапсам жарай ма?
Шырқау көктің жұлдызы сәл мүсіркеп қарай ма?
Жетіп келер ым қақсаң: "басымды алар жендет бар,
Көп асыра сілтейтін енді кімнен медет бар?"
Бүгін түнде үмітпен желден күтем хабарын,
Сен ымдасаң — ат дайын, желден жылдам барамын!
Құдай үшін Хафизге сыйла жүзім шарабын,
Өзіңе арнап жыр жазып, от боп күйіп жанамын!
***
Түрік қызы!
Қалыңнан сүю үшін ән-бесік,
Самархан мен Бұқарға Бағдатты да ал қосып!
Ей, саһқиым, шарап құй! Міне, Жұмақ даласы,
Мосалладай бақ қайда, Рокнабадтың жағасы…
Қылық, кірпік дірілі "ләззатқұмар шебері",
Жібітер ме бұл жүзім кеуіп, солған денені?
Сұлулыққа керегі — шетсіз, шексіз махаббат,
Жұлдыз сұлу болар ма, бояу жақсам сан қабат?
Жүсіптей сен көркемсің, көрген көзім тоя ма,
Ұят, ардан аттамай бұл құмарлық қоя ма?
Мейлі мені қорғай бер, жаным сүймес мақтауды,
Бал шырындай ерніңнен армансыз-ақ татқам-ды!
Бір ауыз сөз айтайын, кәрі ақынды тыңдашы:
"Жассың, түзел" — дегенде кенеттен морт сынбашы?
Ән шырқайық шараппен! Тәуекел түбі — желқайық,
Құпиясы тереңде, жетпей қапы қалмайық!
Уа, Хафиз!
Сенің нәзік жырларың — бейне гауһар тізілген,
Жыр моншағы жұлдыздай тамшыдай боп үзілген!
***
Жүрек тулап сыздайды, сен, қатігез болмашы,
Құпияңа қанықпын, мені үнсіз қолдашы?
Кемедеміз қираған, сан күдік бар санада,
"Суға кетпей тұрғанда жетейікші жағаға?!"
Ең болмаса бір мезет неге жауап қатпадың,
Менмендікпен соншама жігерімді таптадың?
Келте ғұмыр Тәңірден бұйырғанын татасың,
Сиқыры мен сыры мол құпияға батасың.
Екі ауыз сөз қысқасы — екі ғұмыр құпия:
Досқа — құрмет, ал жауға — болғаның жөн мұқият!
Рәушан гүлге бір бұлбұл сайрап әнін шырқатты:
"Шарап әкел тезірек! Досым кел!" деп үн қатты.
Туған жердің бәрі лас, қаңғыбас ән айтады:
"Көзем жақын жаныма, сұлу дерті қайтады!"
Шарап толы бұл көзе — Ескендірдің айнасы,
Қағып салсаң сезілер — патшалықтың пайдасы!
Қиын заман дәрісі — ішсең бойың жеңілдер:
Кедей — байға теңеліп, бағын табар өмірден.
"Сұлумын!" деп мақтан ба, тас та құмға айналған,
Мен шөлімді басамын — шарап деген қайнардан!
Түрік қызы, мұрсат бер, парсы тілін білесің,
Жеткіз тез деп хабарды, шалға бекер күлесің?!
Билеп кетер сопы да — сен дутарды ойнасаң,
Жарасады өзіңе парсы сазы, ойласам.
Даңқ көшесін таптаймын, Құдай мені бір ұрды,
Ұзартуға көмектес мынау қысқа ғұмырды?
Хафиз, жыртық шекпенің, былғаныпты шарапқа…
Былғанбайтын Әмірім, салма мені азапқа?!
***
Таңғы самал, сүйгеніме сәлем жеткіз шалғайға,
Тауды кезіп, тасты басып, қуылған жол таңдай ма?
Балдай тілмен кім сұрайды: "Тотықұсым, қайдасың?"
Сен білесің ежелден-ақ шын тәттінің пайдасын?!
Өркөкірек болса-дағы еске ала ма бұлбұлын:
"Сайрамайды таңда неге, сағынбай ма ол гүлін?"
Мендей құсты күшпен алмас, ақылдымын, милаулар,
Ұстау үшін шаттық жыр мен тәтті шарап сыйлаңдар!
Уайым торлап табынарым, тойда отырып қайғырсын,
Көк жүзінде нұрын төгіп, саған теңдес ай тұрсын.
Түсінбеймін, не себептен, менен қашты еліктер,
Мүмкін сұлу үркек болар, дәл жанына келіп көр?
Сұлусың сен!
Кем-кетікті жан білмейді, мен білем,
Шарапқа ұқсас бал жұтамын сұлулардың ернінен!
Уа, Хафиз!
Балдай жырдың сән, сазына Пайғамбар да тәуелді,
Билеп жүріп қайталасын Зухра айтқан әуенді.
Қазақ тіліне аударған
Заманбек НҰРҚАДІЛОВ
Abai.kz