Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 2660 3 пікір 4 Шілде, 2024 сағат 19:08

ШЫҰ: Қазақстан Орталық Азияда тұрақтылық болғанын қалайды!

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды

Сонымен жыр болған ШЫҰ саммиті де өтті. Астаналықтар түрлі кортеждің суретін жариялап, отшашудың видеосын салып жатыр. Ал біз онлайн қарап отырмыз. Маңызды мәселелер талқыланды, ұсыныстар айтылды. Соның ішінде геосаяси мәселелер көп қозғалды. Соған жіті тоқталу маңызды деп ойлаймын.

Қазір әлемдегі геосаяси ахуал күрделі күйде. «Геосаяси ахуалға байланысты» деген сөзді де жиі еститініміз сондықтан. Қақтығыстар артты, әлем елдері мұздай қаруланып жатыр, милитаризм күшейді. Қарабақта Әзербайжан мен Армения арасында соңғы төрт жылда екі соғыс, ондаған қақтығыс болды. Украина жерін тартып алып, иемденуді қалайтын Ресейдің әрекеті анау. Газадағы қантөгіске тоғыз айдан асып, географиялық аумағы кеңейіп, оған Ливандағы топтар киліге бастады. Қызыл теңіздегі хуситтер мүлде бөлек тақырып. Сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп жатқан Сирия тағы бар. Африкада күнде төңкеріс, күнде ондаған мың адам босып жатыр. Жалпы әлемде 180-нен астам қақтығыс болып жатыр.

Бүгінгі ШЫҰ саммитінде осындай геосаяси жанжалдарды шешуге қатысты ұсыныстар айтылды. ШЫҰ-ға кіретін елдердің әлемдік саясатта салмағы басым, әсіресе Үндістан мен Қытайдың. Сол себепті қандай да бір аймақтық қақтығыстарды реттеуге қабілетті деуге болады. Бұрын бұл ұйымға 5 ел мүше еді, қазір 10 елге жетті. Салмағы арта түсті. Қақтығыс демекші бүгін Қытай мен Үндістан шекара дауын ШЫҰ аясында қарусыз шешуге келісті деген ақпарат шықты. Қазақстан БАҚ-тарынан байқамадым, әлем жаңалықтары жазып жатыр.

Астанада өткен саммиттің бір мақсаты да сол әлемдегі тұрақтылықты күшейту ғой. Оған ұйымдағы елдердің ішінде ең мүдделісі Қазақстан десек те болады. Себебі әлемдегі геосаяси қақтығыстар күшейсе, алып державалар арасындағы мүйіздесуде құрбан болып кету қаупі бар. Сол себепті осындай ұйымдардың аясында біз «әлемдегі бейбітшілік, қақтығыстарды азайту, халықаралық құқық және әлемдік тұрақтылықты күшейту» деген сөздерді, ұсыныстарды айта береміз, айта береміз. Бүгін Тоқаев баяндамасында осы мәселелерді тағы да айтты. Әлемдегі халықаралық институттар дағдарысын айтып, реформалау қажеттілігін көтерді және ШЫҰ-ның рөліне тоқталды. Сөз арасында ШЫҰ Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты, бейбітшілікті қамтамасыз ете алатын ұйымға айналуы тиістігі айтылды.

«Үш зұлым күшпен» күрес деген айтылды. Осыған дейін де айтылған және алда айтыла беретін тақырып. Терроризм, экстремизм және сепаратизммен күрес мәселесі ғой. Жалпы сарапшылар Қазақстан қоғамы үшін діни экстремизм және сепаратизм қауіпті дегенді жиі айтумен келеді. Соңғы уақытта осы үшеуімен күрес жайлы біздің тараптан халықаралық ұйымдарда, биік мінберлерде жиі айтылып жүр. Сепаратизм бабымен солтүстікке қарап ұлып, сотталып жатқандар бар ғой. Діни экстремизм бойынша ұсталып жатқандар да бар. Сондықтан да президент айтып отырған қауіпті ешкім жоқ дей алмас.

Қазақстан Орталық Азияда тұрақтылық болғанын қалайды. Орталық Азия елдерінің барлығы да соны қалайды. Әлемдегі ахуалдың күрделене түсуі біз сияқты елдерге оңайға соқпайды. Ол экономика, қауіпсіздік деген қиын тақырыптарға әсер етеді. Ал әлемнің түкпір-түкпірінде тұтанып жатқан қақтығыс оттарының күндердің бір күнінде сіз бен біз өмір сүретін Орталық Азия атты аймақты да шарпып кетуі ғажап емес. Тоқсаныншы жылдары Тәжікстанды бір мәрте өртеп кеткені бар. Ондайдың алдын алудың бір жолы, осындай ұйымдар арқылы күрделі тақырыптарды реттеуге тырысу, үніңді, көзқарасыңды білдіру. Кез келген ұйым ең алдымен ұсыныс айтып, позиция білдіру, ыңағайы келсе сол ұйымның ықпалын пайдалану алаңы. Қазақстан ШЫҰ аясында сол позициясын білдірді. Ал позиция қашанда белгілі - бейбітшілік, тыныш даму, қақтығыстарды халықаралық құқықтық талапқа сай реттеу. Басқаша позиция болуы мүмкін де емес!

Асхат Қасенғали

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295