Дәурен Қуат. Байқоңырда байлап ұстаймыз ба?..
Қоғам белсендісі Мақсат Нұрыпбаев «қолға түсті». Не үшін дейсіз бе? Астанадағы Министрліктер үйінің «Қазғарыш» Ұлттық агенттігі орналасқан 12 кіреберістің алдында Талғат Мұсабаевтың сөзі жазылған плакатты ұстап тұрғаны үшін. «Қазғарышымыздың» «бөркі қазандай» төрағасы әнебір күндері Ресейдің «Известия» дейтін газетіне сұхбат беріп бұрынғы «үлкен ағаның» аяғына жығылғандай сөз айтып, «Байқоңырдан кете көрме» деп байбалам салып қайтқан. Сондағы айтқаны мынау: «Қазір біз Ресеймен бірлесіп зымырандар ұшыратын боламыз. Бұдан әрі де осылай жалғасқанын қалар едік. Мен де, Қазақстанда тұратын бірде бір дұрыс пікірлі адам да Ресейдің Байқоңырдан кеткенін қаламайды».
Қоғам белсендісі Мақсат Нұрыпбаев «қолға түсті». Не үшін дейсіз бе? Астанадағы Министрліктер үйінің «Қазғарыш» Ұлттық агенттігі орналасқан 12 кіреберістің алдында Талғат Мұсабаевтың сөзі жазылған плакатты ұстап тұрғаны үшін. «Қазғарышымыздың» «бөркі қазандай» төрағасы әнебір күндері Ресейдің «Известия» дейтін газетіне сұхбат беріп бұрынғы «үлкен ағаның» аяғына жығылғандай сөз айтып, «Байқоңырдан кете көрме» деп байбалам салып қайтқан. Сондағы айтқаны мынау: «Қазір біз Ресеймен бірлесіп зымырандар ұшыратын боламыз. Бұдан әрі де осылай жалғасқанын қалар едік. Мен де, Қазақстанда тұратын бірде бір дұрыс пікірлі адам да Ресейдің Байқоңырдан кеткенін қаламайды».
Біз білетін Мақсат мырза дұрыс пікірлі азамат. Көкірегі даңғыл, қазақты, қазақты аз көрсеңіз адамзатты сүйеді. Сондай гумманист. Бірақ оның, оның ғана емес, онымен пікірлес, ниеттестің бәрі Ресейдің Байқоңырдан кеткенін қалайды. Орыстың өзі де соны ойлап жүр. Кетемін дейді. Жұмыр жерден ғарыштағы ғаламаттарды игерудің игілікті ісін 1966 жылдары-ақ бастап кеткен Плесецк атты айлағы бар. Сондағы тірлігімді қыздырамын дейді. Қала берді келесі жылы жұмысын бастағалы тұрған Қиыр Шығысында (Амур облысы) «Востогы» бар. Дұрыс Ресейдікі: «өз үйі – өлең төсегі», қазаққа жылына 115 млн долларды «жамбасақы» үшін төлеп текке шығындала ма (жалпы Роскосмос Байқоңырдағы мамандар мен инфрақұрылымдарды ұстап тұруға 275 млн доллар жұмсайды)? Сондықтан кетпекке, көшпекке ниеті ауған орысты Байқоңырда байлап ұстаймыз ба? Ол және мүмкін бе? Мүмкін, бірақ ондай жағдайда Ресей тарапы жалдық ақының көлемін шектеуді талап етуі ықтимал. Тағы да басқа талаптарды тықпалай түсуі кәдік. Ал, біздің кісілер қашанда – ләппай. Басқа лажы жоқ. Өйткені қазақстандық шенді-шекпенділер үшін әлем дегеніміз – Ресей. Ресей мамандары, Ресей саясаткерлерінен басқаны олар білмейді. Әйтпесе ғарыш державаларының бірімен осы уақытқа дейін тіл табысуға болатын еді ғой. Әлде оның біз ұға бермейтін қырлары, біз жүре алмайтын қылша шатқалы көп пе? Тоқсаныншы жылдары екі ел арасында Байқоңырдың жалдық мәселесі барыс-келістің арқауына айналғанда, Ресейдің баспасөзі күліп еді: «Үлкен үйіндіге қазақ ақша сұрап жүр ме? Қайта олар бізге ақы-пұл беріп Байқоңырын сақатап қалсын» деп. Шамасы, орыс журналисттерінің «ойнап» айта салған сөзінен біздің ұлықтар «үлкен үйіндінің» үстінде үрпиіп отырып қалатындай үрейленетін болса керек, Байқоңырдан Ресей мамандары кетпей жатып бай-байлауда.
Жә, Ресей соншалықты космостық жалғыз держава ма? Дамып, дәуірлеп, үдеп бара ма? Жоқ. Сол жоқты басқалар емес, орыстың озық ойлы адамдары айтып еңірегенде етегі жасқа толады. Мысалы, Ресей космоновтика академиясының корреспондент мүшесі Юрий Караш: «Халықаралық ғарыш стансасы» клубына мүше елдер Марсқа, астероидтар ағынына, Айдың арғы бетіне сапарға аттануға қызу дайындық үстінде. Біз болсақ баяғы ескі-құсқымызға малданып, бұрын игеріліп қойған шаруаны шиырлаумен жүрміз» дейді («АиФ» газетінен).Оның үстіне, Ресейде ғарыш өнеркәсібінде жұмыс істейтін кәсіби мамандар жоққа тән. Ресейдің жоғары оқу орындары ғарыш саласында қызмет атқаратын арнайы мамандарды – инженерлер мен конструкторларды дайындамайды. Тек Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, ММУ-дің механика-математика факультеті, инженерлік-физика институты, ММУ-дің қолданбалы математика және кибернетика факультеті ғана инженерлер мен конструкторларды оқытып шығарады. Бірақ олардың негізігі мамандығы ғарыш қызметінің инженерлері мен конструкторлары болып табылмайды. Көрдіңіз бе, Ресейіңіз сіз бен біз ойлағандай керемет атаулының керуен басы емес, әншейін көп ішінде, әупірімдеп көштен қалмай келеді. Әйтсе де, Қазақстан билігінің Ресейді пайдаланып ғарыш державалары атанған елдердің қатарына ұмтылуын қуана құптаймыз. Әрине, бізде жербетілік мәселе жетіп-артылады: жолдар салу керек, жұртты таза ауыз сумен қамтамасыз ету керек, емханалардың, балабақшалар мен мектептердің санын көбейту керек, ойбой атамаңыз, керек көп. Бірақ осы керектерденозып кете алмасақ, онда омалып отыра береміз. Ал, ғарыштың шексіз шырқау мүмкіндігіне шыққандар сенің мұнайың мен ураныңа қарамайды, ғылым мен техниканың азды-көпті жетістігімен-ақ желкеңе мініп алады. Сол себептен де ғарышқа қарап жүрген абзал. Соны ойлағандықтан болар, Қазақстан Ресейге екі бала жіберді. Ақы-пұлын өзі төлеп тұратын болды. «Осы екеуін оқытып, дайындап берші» деді. Иә, Ресей екеуін оқытты, дайындады, қызметіне қарай қаржысын да алды. Сөйтіп күндердің бір күнінде екі бала ер жетті, жігіт болды, ғарышқа дайын деген хабар келді. Енді ұшырайық. Жоқ, «тайбурылдың» тағы бір күндік кемдігі бар екен. Е-е, ендеше күтейік. Сөйтіп жүргенде және сүйінші хабар жетті: «дайын». Ал, кеттік: «Ұшты-ұшты...» Опять болмады. Бұл жолғы болмауды қиыннан қиыстырып соғатын Мұсабаев мырза әлемдік қаржы дағдарысымен байланыстырды. «Міне, ағайын, 2009 жыл, қаржы дағдарысы әлі аяқталып бітпеді. Әлемдегі осы жағдайды ескеріп әзірлігі сақадай сай жігіттеріміздің ғарышқа сапарын әзірге тоқтата тұрамыз», - деді ол РФ ғарыш агенттігімен арадағы келісімнің барысын күлбілтелеп. Анығы «Қазкосмос» пен РФ ғарыш агенттігінің алдын-ала келісімі бойынша, Айдын Аймбетов пен Мұхтар Аймаханов 2009 жылдың қара күзінде ғарышқа ұшуы керек-ті. Ақыры «анау болды», «мынау болдымен» болашақ ғарышкерлеріміз Ресей азаматтығын қабылдап тынды. Ендеше, РФ ғарыш агенттігі әлгі екі баланың оқуына жұмсалған қаражатымызды қайтарсын... дегенді айта алмаймыз ғой біз сорлағанда. Қайтарсын қайда, қайта Ресей мамандарының шаужайына жармасып жатырмыз. «Протон» жарып, төбемізден төмен қарай гептиль құйсада бізге бәрібір.
«Протон» демекші, «ҚазСАТ-1»-ге қатысты әңгіме осындайда ойға оралады. Естеріңізде шығар, «ҚазСАТ-1» жерсерігін бізге ресейліктер жасап берді. Қазақстандық тұңғыш спутникті құрастыру Ресейдің Хруничев атындағы Мемлекеттік ғылыми-өндірістік ғарштық орталығымен келісілген. Сөйтсек, «Протон», «Рокот», «Ангара» атты ғарыш кемелерін жасайтын әлгі орталық «ҚазСАТ»-қа дейін ғарыш спутнигін шығарып көрмепті. «Күйсе қазақтың ақшасы күйеді, қалай болар екен, көрейік» деген ғой. Тырнақшаның ішіндегі нәтижесінде «ҚазСАТ» қаңғып кетті. Ғарышқа жеткен бойда «жантәсілім» етіпті жарықтық. Сондада алған беттен қайтпай «ҚазСАТ-2»-ні ұшырғанбыз. Құдайға шүкір, ол қазір ғарышта «бір кісідей-ақ» жұмыс істеп жүр. Соның арқасында алдағы таяу күндердің бірінде сандықтелеарналарға көшеміз деген уәде естіп қалдық. Алыс ауылдарға дейін интернет желісі тартылып, ауылдағы жұрт кабельді, спутникті телеарналарды тамашаламақ-мыс. Сондықтан еліміздің ғарыш державасы атануды алдына салған амбициясын қолдауға тура келеді. Алайда бұл Ресейдің аяғана жығыла бер дегенді түсіндірмесе керек. Өйткені ғарыш кеңістігін игерудің кілті Ресейдің ғана қолында тұрған жоқ. АҚШ бар, Франция бар, Жапония, Қытай бар. Үндістан мен Иран бар. Израйль бар. Корей Халықтық Демократиялық Республикасы мен Корей Республикасы бар. Еуроодақ бар. Осылардың бірімен-ақ Байқоңыр даласының шексіз мүмкіндігін кәдеге жаратуға болатын шығар. Ең бастысы аталған елдерге өзіміздің мамандарымызды, жастарды жіберіп оқытуымыз керек, жылдам оқытуымыз керек. Ресейдің ғарыштық әлеуеті ресейлік мамандардың өздері мойындағандай, 1950-ші жылдардың дәуірінде қалып қойған. Ал, Жапония болса, мысалы, 2015 жылы Айға робот-гуманоидтарды апарып тастамақ. Адамға ұқсайтын роботтар Айдың бетін «жаулап», геологиялық зерттеулермен шұғылданбақшы. Ағымдағы жылы Еуроодақ пен Жапонияның аэроғарыш зерттеу агенттігі бірлесіп Меркурийге зонд тастайды. Ал американдық «Мессенджер» (АҚШ-тың ғарышаралық стансасы)2011 жылы Меркурий орбитасына шыққан болатын. Жоғарыда аталған елдер қазір астероидтар ағынын зерттеп кетті. Ресей астероидтармен «күрес» мәселесін енді ойлап жүр. Қысқасы, қайтпек керек, «гептильңе күйіп-жансақ та кете көрме» деп Ресейге жалбарынайық па, әлде жоғарыда аталған елдермен қатынысымызды нығайтып, «ғарыш державасы» атанып, солардың қатарына барып тұрайық па? Ресей біздің держава болғанымызды қаламайтын сияқты. Оған мысал көп. Онысы және анық байқалады. Сонда да біздің Тақаң тақымдай түсуде. Шамасы осы біздің ағай орысты Байқоңырға байлап қояйын деп жүр ғой деймін.
Abai.kz