«Ай мен Айша» спектаклі: Керзаманның кесірі
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры – ғасырға тарта тарихы бар өнер ордасы, қасиетті қарашаңырақ. Айтылмыш театрдың репертуарында қоғам назарын аударған барлық тақырып қаузалды десем артық емес. Көпшілік көкейінде жүрген саяси, тарихи, діни, лирикалық, әлеуметтік мәселелер сахнада көрсетіліп, жұрттың талқысына түскені айқын. Сондай көркем шығарманың бірі – 2015 жылы тұңғыш рет сахналанған «Ай мен Айша» спектаклі.
Қойылым жазушы Ш. Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі негізінде елге мәлім драматург Еркін Жуасбек инсценировкасын әзірлеп, сахнаға лайықтады. Жоғарыдағы шығармалар – ХХ ғасырдың ең қасіретті, ауыр кезеңін арқау еткен дүниелер. Мұндағы сойқан жылдар, майдандағы бүкіл ауыртпалық, ауылдағы адамдардың ахуалы, «халық жауы» атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған отбасының жайсыз жағдайы Айша арқылы суреттеледі. Алапат соғыс, аштық, репрессия, халықтың басынан өткен қиындықтар тұсында Айша өмір үшін, өз отбасы, балаларының болашағы үшін күреседі.
Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның Халық артисі Тұңғышбай әл-Тарази, қоюшы суретшісі – М. Сапаров, киім үлгісінің суретшісі – Б. Әбдіманапова, композиторы – Ш. Базарқұлова, биін қойған – Г. Мұхамеджанова, пластикалық композицияны қойған – Г. Бахарова, режиссердің көмекшісі – Г. Сейтімбет. Қойылымның актерлер құрамы да айтарлықтай. Мәселен, Барысханды – Елжан Тұрыс, Мерей Мұхтарұлы, Нұрперзентті – Ермек Бектасов, Айдайды – Саяжан Реал Бланко, Ажарлым Бақытжанова, Тотияны – Арай Өмірова, Қамқаны – Қазақстанның Халық артисі Гүлнар Жақыпова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Айзада Сатыбалдиева, Айшаны – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дария Жүсіп, Жастар одағы сыйлығының иегері Баян Қажынәбиева, Тасбетті – «Құрмет» орденінің иегері Жандарбек Садырбаев, Қалпені – «Құрмет» орденінің иегері Үсіпхан Сейтімет, Мұртазаны – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай, Мамайды – Қазақстанның Халық артисі Тұңғышбай әл-Тарази, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айдос Бектемір сомдайды.
ХХ ғасыр – адамзат үшін қайғысы қалың ғасыр еді. Сол заманды сахнаға көшіріп, оған көркемдік тұрғыдан баға беру оңай жұмыс емес. Елге аты да, заты да мәлім кәсіби мамандар дәуір қасіретін от сөнуге айналған шаңырақ арқылы орнықты паш етеді. Расында да, бұл кезеңде талай отау күйреп, адамдар саясаттың құрбанына айналды, алып империя білгенін істеді. XX ‒ ғасыр адамзат үшін, сондай-ақ қазақ жұрты үшін зұлмат-зобалаңға толы ғасыр болды. Керзаманның кесірі кімге тимеді десеңізші?! Нақақтан-нақақ атылып, қудаланып, жазықсыз айыпталғандардың қарасы ‒ мол. Осы жүрекке жүк түсірер сәттер «Ай мен Айша» қойылымында жан-жақты ашылған деп ойлаймыз. Ал, режиссер мен драматург арасындағы шығармашылық байланыс өзінің оң нәтижесін бергені анық. Себебі, материал жинақы, соны актерлер қауымы да ойдағыдай ойнап шыққан-ды. Спектакль көрерменді бірден оқиға ортасына әкеледі. Шығарма былай басталады:
«Милиционер – Әй, Мұртаза! Түс, алға! Сен ұсталдың!
Айша – Не дейді? Не жазығы бар, Құдай-ау...
Милиционер – Жап, аузыңды, халық жауының қатыны, әйтпесе байыңмен бірге сені де қосақтап айдатам!
Қамқа – Қайда алып бара жатыр бұл, бейбақты?
Қалпе – Әулие атаға апаратын көрінеді, бұларды.
Тотия – Қарасудың бойына апарып атады дейді ғой...
Айдай – Итаппен сібірге айдайтын көрінеді...
Қалпе – А, Құдай, өзің жар бола гөр!
Мұртаза – Айша! Балаларға ие бол. Атымды өшірме!
Айша – Уа жаратқан, басқа-басқа, мына үрпек балапандай үш нәрестенің не жазығы бар еді?
Дауыс – «Сен қайдан келдің?» – дегенде бір данышпан: «Мен балалықтың елінен келдім», – деген екен. Ересектерде сол балалықтың елінен келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін. Анамның есімі Айша еді. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді. Мұртаза түсіме сирек кіреді, өйткені ол кеткенде бала едім. Елесі еміс-еміс қана. Егде тартқанда бүгін көргенің ертең естен шығады. Ал, енді бала кезде көргенім, естігенім бүгінгідей есімде». Негізінен, аталған драманың тірегі – өз отын өзі өшірмеуге күш салған Қамқа, Айша сияқты көркем бейнелер. Мысалы, сөз басында байқағаныңыздай айдалып, ұсталып бара жатқан Мұртазаның аманатына Айша қиянат жасамайды, қайта бар күш-жігерін жұмсап, балаларына қамқор болады. Айшаның ертек айтуында қалың қатпар, үлкен астар бар. Осы арқылы авторлық концепция айқын көрініс табады. Өйткені, ертек негізінде психологиялық параллелизм әдісі оңды қолданылған:
«Нұрперзент – Жише! Айтыңыз енді бір әңгіме. Тым болмаса ұйқы шақырсын.
Айша – Мен қайбір айтқыш дейсің, баяғыда естігенім ғой.
Барсхан – Басташы енді...
Айша – Баяғыда осы біздің Мыңбұлақта ит мұрны батпас қалың орман болады екен. Міне сол орманның ішінде жан-жануардың бәрі қоңсы қонып, кәдімгі пейіштей өмір сүреді екен. Ал, ең қызығы, анадай жерде үрікпей, қорықпай еліктер жайылып жүреді екен. Мойындарында күміс қоңырау сылдырлайды...
Барсхан – Кәдімгі елік пе?
Айша – Әрине. Содан жазғы шілдеде Түркістан жақтан ба, жаз жайлауға Хан ордасы көшіп келеді екен. Хан әсіресе еліктерді жақсы көреді екен. Ешкім тимесін деп жарлық та беріпті.
Пауза
Айша – Содан, хан қарауылдары көзінің қарашығындай қоритын еліктің біреуін түнде қасқыр жеп кетіпті. Хан ордасы жау шапқандай аласапыран болыпты.
Айша – Хан қаһарланып...
Әрі қарай сол ертегінің елесі басталады. Мұртаза Хан кейпіне енгендей болады...
Хан-Мұртаза – Қасқырды тірідей ұстап әкеліңдер! ...Мұның терісін тірідей сыпырыңдар!
Айша – Ол кезде неше түрлі қасапшылар бар, тірі қасқырға пышақ салып, терісін сыпырғанда, әлгі арлан бір қыңқ етпеді дейді ғой. Тек шоқ шашқан көздерінен бірер тамшы жас шықса керек.
Хан-Мұртаза – Енді аузын, аяғын шешіп қоя беріңдер!
Айша – Арлан қаны шыққан жалаңаш етіне шөп-шалам, қиыршық тас жабысып орнынан әрең тұрды дейді. Дымын шығармастан адам көзінен ұзап кетті дейді. Көзден таса болғанда ғана зарлана ұлыды дейді. Адамдар арасынан таса болғанша шыдап, көктегі айға қарап, Тәңірге ғана мұңын шағатыны содан дейді». Қойылымның басты айтар ойы – ана деген ардақты есімді ұлықтау, соның қадір-қасиетіне үңілу. Әйел, ана – өмірдегі барша қиындыққа мойымай, соған көндігіп, ақырында жеңіп шығатын ерекше табиғаты бар жаратылыс. Шығармада екі желі бар және солар бір-бірімен шиеленісіп, қабаттасып-қанаттасып қатар жүріп, өрбіп отырады. Сұрапыл соғыс, қып-қызыл қырғын кезінде жылу беретін нәрселер – махаббат, серт, адамның адамға деген сенімі, демеуі, қайсарлығы. Қойылым да сәби сияқты. Оның дүниеге келуі оңай болмасы анық. Себебі, бұл – ұжымдық жұмыс, премьера кезінде бәрі сақадай сай болу керек. Осы ретте, «Ай мен Айшаның» қоюшы-суретшісі, сценограф, ҚР Театр Қайраткерлері Одағының президиум мүшесі, ҚР Суретшілер Одағының Басқарма мүшесі Мұрат Сапаров бір сұқбатында былай деген еді: «Режиссер өз авторымен бірге өзіне мұраттас бола алатын сценографты іздейді. Қойылым – режиссер, актер және суретші ойының ортақ жемісі. Режиссер ұсынған идеяны суретші іліп әкетсе, не болмаса идеяны ойлап тапқан суретші режиссерге сахнада қалай жұмыс істеуді ұсынса, сол кезде бір бүтін болып, жақсы спектакль дүниеге келеді. Сахнаның тереңдігі – 30 метр, ені – 18 метр, биіктігі – 10 метрден жоғары. Осының бәрі – суретшінің кеңістігі. Сол кеңістікте жұмыс істеп көріңізші. Сценография – көп қырлы мамандық. Сондықтан оған ұқыппен қарау керек. Суретші пьесаны оқығаннан кейін сценография шешімін ойдан шығарады. Оны қолмен бояйды (спектакль эскиздерін), кішігірім сахна (макет) жасайды. Сосын оны әрі қарай іске асырады. Ол жай сала салатын портрет, не пейзаж емес». Шынында да, театр – синкретті өнер. Бұнда бір адам ғана емес, тұтас ұжым, команда қызмет етеді. Бір механизм кемшін болса, онда көркемдігі солғындау дүние шығары белгілі. «Ай мен Айшаның» сценографиясы, сахнаның безендірілуі – ерекше, қою, өте тартымды, қызғылықты.
Драмадағы образдарды сөз еткенде Айдайды атап өтпеске болмас. Ол соғыс тұсында ерте есейген, өмірге де, еңбекке де ерте араласқан бала. Қан майданда соғысып жүрген әкесінен хат күткен анасына сүйеу болғысы келеді. Туындыдағы ұстынды бейне, бұл – Қамқа. Аумағы аядай үйдің панасы да, тірегі де – сол Қамқа. Соғыстан оралмаған ұлы туралы толғанады, ұрпақтың жалғасқанын тілейді. Нұрперзент жетіліп, тезірек қабырғасы қатайса екен деп ойлайды, Қамқа. Себебі, жанына тірек болар адам қажет. Қамқаны ҚР Халық артисі Гүлнәр Жақыпова жақсы ойнап шықты. Ерекше айта кетерлігі – «Ай мен Айша» қойылымының режиссері Тұңғышбай әл-Тарази актер мен актриса таңдауда қателеспегендігі. Бұл – жеңіс жолында құрбан болған, шейіт кеткен ерлердің, кейінгі ұрпақ үшін тылда қызмет етіп, жан аямай еңбек еткен әйелдердің ерлігі туралы спектакль. Драматург, театр сыншысы Еркін Жуасбек «Ай мен Айшаны» және «Мылтықсыз майданды» сәтті үйлестіріп, сахнаға ойдағыдай лайықтаған деген ойдамыз. Биыл осы туынды ҚР Мемлекеттік сыйлығына түсіп жатыр екен, сәттілік тілейміз, қолдаймыз!..
Әлібек Уәлиханұлы, әдебиетші
Abai.kz