Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
Билік 767 1 пікір 22 Шілде, 2024 сағат 16:56

Зүлфия Байсақова: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу маңызды

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Елімізді отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі қатты алаңдатып отыр. Заңа күшіне енсе де, республикамыздың түкпір-түкпірінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған оқиғалар легі толастар емес.

Кейінгі кезде ушығып кеткендей көрінеді. Бұл мәселеде мемлекетіміз де қол қусырып отырған жоқ. Бүгінде еліміз бойынша жан-жақты көмек көрсету үшін 68 отбасылық қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық, әлеуметтік әрі құқықтық көмек көрсетеді, сонымен қатар отбасы институтын берік нығайтуға күш салады. Abai.kz порталының тілшісі Алматыдағы «Дағдарыс орталықтары одағының» төрағасы Зульфия Байсақовамен тілдесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қалай күресуге болатыны жайында білді.

Зульфия Мұхамедбекқызы, бізге ең алдымен тұрмыстық зорлық-зомбылық неден туындайтынына тоқталды. Ол: «Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық еліміздегі ең өзекті мәселе екенін білеміз. Саралай келе оның бірнеше себептерін айтуға болады. Ең алдымен жанжал неден туындайды? Мен бұған материалдық жағдай мен тұрақты жұмыстың болмауын алғашқы себеп дер едім. Мен отбасына қатысты айтып отырмын. Баспананың жоқтығы, ішімдік пен нашақорлықты да атар едім. Одан бөлек лудомания да негізгі себептердің бірі дер едім. Байқасаңыздар жақын туыстардың бір-біріне зорлығы, отбасылық жанжал, тіпті жақын таныс достардың да зорлығы сынды оқиғаларды естіп жүрміз. Жағдай әртүрлі әрі сан қырлы болуы мүмкін», - деді.

Дағдарыс орталығына жүгінген адамдарға ең алдымен қандай көмек көрсетіледі? Олар орталықтың қызметіне қалай жүгіне алады? Орталық басшысы бұл сұраққа да жауап берді.

«Орталық тұрмыстық-зорлық зомбылық көрген келіншектер мен балаларға кезең кезеңімен көмектеседі. Орталыққа келген адамға психологиялық көмек көрсетілгеннен кейін, оның мәселесін шешу жолдары зерделенеді. Тұрмыстық зорлыққа ұшыраған қыз-келіншектер оңалту орталығынан өздеріне қажетті барлық заттарды тегін алады. Орталықта тұру тегін әрі тегін тамақпен де уақытылы қамтылады», - деді Зүлфия Байсақова.

Дағдарыс орталығына келген жандарға психологиялық көмекпен бірге заңгерлік кеңес те беріледі екен. Көбінесе аналар жәрдемақыны алу, ажырасуға арыз беру, құжаттарын реттеу сынды қызметтерге жүгінеді.

Сонымен қатар орталықтағы қыз-келіншектер арнайы курстар оқып мамандық ала алады.

Орталық басшысының айтуынша, әйелдер көбінесе балаларымен келіп жүгінеді екен. Ал балалар зорлық құрбаны саналмайды.

«Қазір біздің дағдарыс орталығында 47 адам бар. Оның 19 балалар. ӨЗдеріңіз білесіздер соңғы кездері отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғалары жиілеп кетті. Ол жерде тек күйеуі мен әйелі зардап шегіп отырған жоқ, балаларға да әсері бар. Бізде «150» сенім телефоны бар. Бұл сенім телефоны тәулік бойы зорлық- зомбылық құрбандарына қызмет көрсетеді.
Кез келген адам хабарласып, не істеу керек? Қайда барады? Қандай шешім қабылдайды? Өзін мазалаған сұрақтарға бір мезетте жауап ала алады. Ал сенім телефонына хабарласу тегін. Еліміздің кез келген аймағынан хабарласып, тегін кеңес алуға мүмкіндік бар», - деді Зүлфия Байсақова.

Дағдарыс орталығының басшысы биыл сәуір айында қабылданған Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қабылданғанын дұрыс шешім дейді.

«Бұл заң ең алдымен отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналғаны қуантады. Бұл әрине мемлекетіміздің қауіпсіз және әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадамы. Бұл заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің барлық аспектілері және ұсыныстары ескеріліп, жан-жақты талдау жүргізілді, деректер жиналды, сарапшылармен және қоғам өкілдерімен кеңестер өткізілді. Нәтижесінде оң шешім қабылданды. Заңның дұрыс жұмыс істеуі үшін әлі де ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілу керек деп ойлаймын», - деп атап өтті Зүлфия Байсақова.

Abai.kz

1 пікір