Ерлан Күзекбай. «Кэмми» тағы да қазақты мазақ қылғаны ма?
Қазіргі заманда тәуелсіз қазақ елінде қазақ ұлты кімге болмасын әбден мазақ болып бітті. Ол туралы қайда болмасын айтылып та, жазылып жатқанын жақсы білеміз. Ондайларға қарсы айқайлап шықсаңыз, соңында өз биілігіміз қазақты өзгенің табанына жығып беріп, берісі айпұлын салып, арғысы түрмеге сүңгітетініне бойымызда үйреніп қалғандай. Жарайды, мұндай құқайларымызды айта берсек, зарлап тауыса алмаймыз.
Хош, сонымен өзіміз куә болған мына бір мазаққа көңіл аударайық. Құдайға шүкір, қазіргі заманда ақшаң болса, дүкендерде бәрі бар. Бұл күнде бәйбішелеріміз де, қыздарымыз да қамыр илеп, еттің жайма нанын, сорпаның кеспесін де дайындаудан қалып бара жатқаны шындық. Бәрі дайын, кез келген дүкенге кіріп шықсаң, қалағаныңды аласың да дорбалап таси бересің.
Қазіргі заманда тәуелсіз қазақ елінде қазақ ұлты кімге болмасын әбден мазақ болып бітті. Ол туралы қайда болмасын айтылып та, жазылып жатқанын жақсы білеміз. Ондайларға қарсы айқайлап шықсаңыз, соңында өз биілігіміз қазақты өзгенің табанына жығып беріп, берісі айпұлын салып, арғысы түрмеге сүңгітетініне бойымызда үйреніп қалғандай. Жарайды, мұндай құқайларымызды айта берсек, зарлап тауыса алмаймыз.
Хош, сонымен өзіміз куә болған мына бір мазаққа көңіл аударайық. Құдайға шүкір, қазіргі заманда ақшаң болса, дүкендерде бәрі бар. Бұл күнде бәйбішелеріміз де, қыздарымыз да қамыр илеп, еттің жайма нанын, сорпаның кеспесін де дайындаудан қалып бара жатқаны шындық. Бәрі дайын, кез келген дүкенге кіріп шықсаң, қалағаныңды аласың да дорбалап таси бересің.
Өмір бойы жайма нанды, кеспені қолымен илеп, дайындап келе жатқан біздің бәйбішеміз де бір күні осындайлардың дайын өнімдерін көріп қызығып кетсе керек, бірнешеуін ала салыпты. Дәмдеп, кеспе дайындайын деп әлгінің қорабына бір көз жүгіртпей ме. Сыртында ұлттық дәстүрдегі етек-жеңі ою-өрнектеліп әдемі көмкерілген қамзол, басына сәукелекиген қазақтың сұлу қызы, қолында ұсынған бір-екі кесек қып-қызыл шикі ет сияқты салынған, астында кеспесі бар шағын табақ. Сол жағында да әлгі табақты үлкейтіп жайып қойған шикі етімен. Өздерінше қазақылықты көрсеткенсіп, қазақтардың тәбетін тартқансып жарнамалаған түрі шығар. Мұнысы мейлі, талайдан бері солай сатылып келеді бұл өнім. Ал енді ортасындағы жазуына көзіміз түскенде әлгі кеспесі түскір тамағымызға кептеліп қалғандай болды. Бадырайтып «ЫСТАЛҒАН ШОШҚА ЕТІ ДӘМІ БАР КЕСПЕ» орысшасы «ЛАПША СО ВКУСОМ БЕКОНА» дегенін көргенде нағыз мазақ осы ма дедік. Басында кеспесі мен шошқа етін араластырған ба, қалай десек, әйтеуір ішіндегі түйір қалташасында шошқа етінің ұнтақталған сорпасы бар көрінеді.Қалташасында шошқа торайлардың жыпырлаған суреттері басылғаны бар еді, бірден қоқысқа лақтырып жіберіпті. Міне, қазақтарға арналған шошқа еті дәмі бар тамаша сорпа кеспе осы ма дерсің. Екінші сыртындағы KZ қазақшасын оқысаңыз да аузыңыздың сілекейін шұбыртады. «Көже және гарнирге арналған қақталған жас шошқа етінің дәмі бар кеспе»(Таза қазақшаласақ «Көже мен гарнирге арналған торай етінің дәмі бар кеспе» болуы мүмкін, «жас шоқа» дегенді естіп пе едіңіз) дей келіп, тағы да «табиғиға (осылай жазылған) ұқсас «Қақталған жас шошқаның еті» хош иістендіргіші (9%), кептірілген: бұрыш, сәбіз, ақжелек» деп (қатесін өздеріңіз байқай беріңіздер) түсіндіреді қазақтілділерге. Дайындау әдісін де өздерінше ұғындырып жазған болады. Бірақ алдында да, артқы жағында да «трехминутка», «варить 3 минуты» дегендерді әрі-бері қарап мемлекеттік тілдегі нұсқасын таба алмадық.
Ал орысша мәтінін қарасаңыз «свинья» дегенді таба алмайсыз. Тіпті «поросенка» деген де жоқ, қайдағы бір «бекон» дейді. Немісше, ағылшынша да «бекон» депті. Жарайды, «бекон» дегеніңнің сол шошқаның әр жақ, бер жағы екені белгілі.
Десек те, осындай мәдениетсіздікке жол беріп, ұлттық ар-намысқа тиіп отырған қандай өнім өндіруші, гәп сонда. Оның үстіне «Қазақстанда жасалған» деп тағы жарнамалап қояды. Сөйтсек, Өндіруші «КЭММИ» ЖШС-і, Қазақстан Республикасы, 140011, Павлодар қаласы, Циолковский к., 120А деп мекенжайларын жазып көрсетеді. Бәрі заңды түрде болсын-ақ делік.Осы өнім шетелден, соның ішінде Ресейден шығып жатса қолды сілки салуға болар еді. Сонда бұл «КЭММИ» кәсіпорны қай елде жұмыс істеп жатқанын, оның байырғы халқына деген құрметті ұмытса керек. Әлгі кеспесін (кепиет қылмасын) оның үстіне дөңгелетіп тек орыс тілінде ғана «Из элитных сортов пшеницы КАЗАХСТАНА 100%» деп қояды беттері бүлк етпей нанымызды жеп отырып.
Осылайша тек «халал» өнім ғана жейміз деп дабыл қағып жүргенде, кеспеміз мен жайма нанымыздың арасына шошқа етінің ұнтағын тықпалаған «КЭММИ» өндірушінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып қала берері сөзсіз. Өйткені оған сөзіміз өтпеуі де мүмкін. Себебі «КЭММИ» елді жарылқап отырғанөнім өндіруші ретінде оны билік басынан сипап, «сол қазақтарды қойшы, үре береді» деп тіпті көкке көтеріп жатыр-ау. Ал олар тұтас бір қазақ халқын, елдің негізін құрайтын мұсылман тектілердің салты мен дәстүрін, тарихи болмысын, діни сенімін адыра қылыпты бұл «КЭММИ». Сонда дейміз-ау, талайдан бері миллиондап өндіріліп шығып жатқан осы өнімді қазақтың ару қызының қолымен ұсынылған суретіне мәз болып «ысталған (біресе қақталған) шошқа етінің дәмі бар кеспесін» сораптап жатқанымызды байқамағанымыз ба. Бұл тағы да осы қазақтарды мазақ қылып көрейік деген КЭММИ-дің қылығы ма?! Неде болса осының артында қасақана жасалған пиғыл жатқан сияқты.
Ал енді осы айғай-шеріңді кімге барып айтарсың, мәселе тағы сонда. Әкімге ме, әлеуетті заң орындарына ма әлде қадағалайтын тиісті атқарушы органдарға ма? Олардан қайыр болса жақсы. «Халал» деп айғайлаған ағайындар қайда жүр екен. Қазақстан мұсылмандары басқармасы бұған не дейді? Жазуын байқамай, таза діндарларымыздың талайы бұл кеспені ұнтағын салып жіберіп, терлеп-тепшіп ішіп алса күнәсі кімге қалмақ.
Сонымен ұлттың ар-намысына тиетін осы әрекетті тиісті заң, атқарушы орындар қалай қабылдап, қандай шаралар қолданады екен. Өйткені, халықтың қолына күнде тиіп жатқан мұндай сорақы көріністер Конституцияның бірнеше баптарына (20-3, 22-1, 39-2) сәйкес ұлттық, діни қоздырушылықты үгіттеу, ар-ождан бостандығын аяққа таптау, ұлтаралық татулықты бұзу сияқты зор қателіктерге бастап отыр деп айтуға болады.
Сонымен халық болып қандай шара қолданамыз ағайын!
P.S. Осы пікір-мақаланы жазып бола берге күнделікті келген басылымдарды қарап отырсам,2014 жылғы 10 қаңтардағы «Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы айқара бетіндегі сурет көзіме оттай басылды. «Өтімді өнім» деген құлаштай мадақталған мақала басылыпты. «КЭММИ» кәсіпорны мен оның баяғыда Германияға көшіп кетіп, ол жақтан «беконын» («торайын»десек те болады) алып қайтып келген Андрей Кригер деген директорын аспанға көтере жазады. Қазіргі қазақтың жайма наны мен кеспесінің бәрі Кригерге қарап қалған тәрізді. Оны мақаладағы өз сөзінде А. Кригер де былай деп мойындапты. «...Біз етке жайма нан салып жейтін, кеспе көже жасайтын қазақтар арасында өстік қой. Жергілікті жерде («қазақтар» дегені ғой – автор) макароннан гөрі жайма нан мен кеспеге сұраныс болатынын істі бастамай жатып-ақ білдік», - деді Андрей» дейді. Ал оның істеп жатқаны мынау.
Abai.kz