"Алматы жастары" ипотекасы: құжат қабылдау басталды
Бүгін "Алматы жастары" бағдарламасына өтініштерді қабылдау басталды. Құжаттарды қабылдау 7 тамызға дейін жалғасады. Отбасы банкінің баспасөз қызметі ЭЦҚ қажет екенін, сонымен қатар www.almaty-zhastary2024.kz жаңа сайтында онлайн өтініш бере алатындығын хабарлады.
Алматы әкімдігі мен Отбасы банкінің бірлескен жобасына 18 жастан бастап 34 жасқа дейінгі алматылықтар қатыса алады.
Өтініштер Алматы қаласындағы мемлекеттік республикалық және қалалық ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтардың келесі санаттарынан қабылданады:
- дәрігерлер мен медбикелер;
- мұғалімдер мен тәрбиешілер;
- әртістер, жазушылар, суретшілер, композиторлар, мәдениет саласының қызметкерлері;
- жаттықтырушылар мен спортшылар;
- университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
- журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық);
- әлеуметтік сала қызметкерлері;
- құқық қорғау органдарының қызметкерлері (ҚР ІІМ, ТЖД, қалалық прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеу департаменті)
- қалалық коммуналдық қызмет мамандары;
- "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушылары (2019 жылғы желтоқсан).
"Алматы жастары" бағдарламасы 2017 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда қаланың жас тұрғындары арасында өте танымал. Осы уақыт аралығында 4 570 жас қоныс тойын тойлады. Статистикаға сай, білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандары аталмыш бағдарлама бойынша ең көп несие алған. Қарыз алушылардың орташа жасы - 29 жас. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 25 млрд теңге бөлінді, оның 22 млрд теңгесі қалалық бюджеттен, 3 млрд теңгесі Отбасы банкінен. Бұл қаражат 1200 алматылық тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
Abai.kz