Құлбек Ергөбек: Бейсекең – қазақ әдебиеттануының Әуезові еді
1-2-сурет: профессор Бейсенбай Кенжебаев
3-4-сурет: профессор Бейсенбай Кенжебаев және сыншы Құлбек Ергөбек
Әдебиеттану саласында оқып жатқандықтан әдебиет тарихымен толық танысу басты міндет. Қазақ әдебиеттануының ғылым болып қалыптасуының басында Бейсенбай Кенжебаев деген алып бар. Осы жылы ғұлама ғалымның туғанына 110 жыл толады екен. Бейсенбай Кенжебаевты тірі кезінде-ақ шапағаты мен ықыласына ерекше бөленген, қиын тағдырлы ғалымның соңғы жылдары қасынан табылған, сүйікті шәкірті, туған баласындай, «тонның ішкі бауындай» аралас-құралас болған, бүгінгі таңдағы әдебиеттің білгірі, сыншы, профессор Құлбек Ергөбек. Осы орайда, ағамызды сөзге тартқан едік.
- Аға, Бейсенбай Кенжебаев қандай адам еді?
1-2-сурет: профессор Бейсенбай Кенжебаев
3-4-сурет: профессор Бейсенбай Кенжебаев және сыншы Құлбек Ергөбек
Әдебиеттану саласында оқып жатқандықтан әдебиет тарихымен толық танысу басты міндет. Қазақ әдебиеттануының ғылым болып қалыптасуының басында Бейсенбай Кенжебаев деген алып бар. Осы жылы ғұлама ғалымның туғанына 110 жыл толады екен. Бейсенбай Кенжебаевты тірі кезінде-ақ шапағаты мен ықыласына ерекше бөленген, қиын тағдырлы ғалымның соңғы жылдары қасынан табылған, сүйікті шәкірті, туған баласындай, «тонның ішкі бауындай» аралас-құралас болған, бүгінгі таңдағы әдебиеттің білгірі, сыншы, профессор Құлбек Ергөбек. Осы орайда, ағамызды сөзге тартқан едік.
- Аға, Бейсенбай Кенжебаев қандай адам еді?
– Таза, адал, бірде бір кісінің адал жібін аттамаған, бірақ, қайсар адам еді. Қайсарлығы мінезінен туындап жататын, жан дүниесінің адалдығы болмысынан еді. Шәкірттерін кіндігінен жаралған баласынан кем көрмеді. Рахманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішев, Зәки Ахметов, Шериаздан Елеукенов секілді шәкірттерін туған інісіндей көрді. Тұрмыста да адал, қамқор болған. Әйелі татар ұлтынан – Камал Мұхамедярова, Орынбордағы Қыздар гимназиясын тәмамдапты. Бұл кісіні Бейсекең қызметке араластырмаған. Камал апамыз да үй шаруасынан ұзағанды жөн көрмей, отағасына қамқор болып бақты. Бұрынырақта Кремльде буфет ұстаған екен.
Бейсекең бір ұл, екі қыздың әкесі. Ұлы Шыңғыс Кенжебаев 1927 жылы Қызылордада дүниеге келген. Кәсіби суретші, энциклопедист, Суриков атындағы оқу орнын алғаш тәмамдаған қазақ. Үлкен қызы Шолпан Кенжебаева-Жұмабаева 1929 жылы Павлодарда туған. Сол жылдары Бейсекең облыстық «Кеңес туы» газетін өзі шығарып, негізін қалаған. Шолпанның жолдасы Мұхтар қырғыз азаматы, ұзақ жыл бойы Қырғызстанда әділет министрі болған. Кіші қызы Гүлнәр Кенжебава-Бектұрова 1942 жылы дүниеге келген. Бектұров Есен Әбікенұлының жұбайы.
- Бейсенбай Кенжебаевтың өмірінің соңындағы арманы не еді?
- Бейсекеңде адами, пенде ретінде өмір болмады ғой. Бар ғұмыры елінің тәуелсіздігін, бостандығын ойлаумен, сол жолда тынымсыз еңбек етумен, күреспен өтті. 1986 жылғы көтерілісті ауруханада жатқанда білді. Қатты қуанды. Тәуелсіздіктің ақ таңы ататынын сезді. Бұл – соңғы арманы еді. Сол күні-ақ КГБ-ның өкілдері ауруханаға келіп, хәл үстінде жатқан мүгедек ғалымға сұрақты жаудырып, тергеудің астына алды. Ақ төсекте ақ дамбалмен жатқан кісі таяғын алып, оларға лақтырып, аруақтанып «тыныш өлуге мұрса бермедіңдер» деп налыды.
Бейсекең өмір бойы қуғын-сүргін көріп, пендауи өмірінен гөрі халықтың, ұлттың қамын жеген жан еді. Себебі, үлкен қоғамдық өреде қалыптасқан адам ғой.Қазақтың тәуелсіз, еркін болуына сол жылдардың өзінде еңбек етті.
- Аға, қазіргі таңда Бейсенбайтану қай деңгейде? Жалпы ғалымның еңбегін насихаттау жүргізіліп жатыр ма?
- Көзі тірісінде-ақ концепциясының қалыптасуына қарсы болғандар көп еді. Дұшпандары қазақ ғалымдары болды. Концепциясы соңында қалыптасқан күнде де байырғы әдебиет, көне әдебиет тек жоғары мектепте оқытылды, орта мектептің бағдарламасына енбеді. Он бес жылдай денсаулығы сыр беріп, үнемі аурухана мен үйінің арасында жүрді. Бір қол, бір аяғы сал болып, төсек тартып қалды. Қаламы уытты еді. Көкірегінен ұлттық болмыстағы туындылар туды. Кейінірек денсаулығы нашарлағанда есімі елеусіз қалып, ұмыт болды. 1986 жылы Бейсекең екі көзқарас, екі тарап бойынша іздеу салынды, бірінші топ Бейсекеңді желтоқсан көтерілісінің себепкері ұлтшыл ретінде іздеді, екінші топ өздерінің бодан болып келе жатқандарын сезіп, бодандық қамытын шешу, тарихи жадыны көтеру, тәуелсіздікке жету идеясын айтқан адамды серік ретінде іздеді. Бұл жылдары Бейсекеңнің замандастары, тұстастары бақилық болған. Тек Жүсіпбек Арыстанов, Әбу Сәрсенбаев, ақын-шәкірті Әбділла Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаевтар ғана қалған еді.
Ақсақал 1987 жылдың 14 шілдесінде дүниеден өтті. Жақсылы-жаманды 84 жас жасады. Мен Бейсекеңнің еңбектерін қайта түлетуге, жандануына мұрындық болдым-ау деймін. Жетісіне дейін «Қазақ әдебиетіне» мақала жазып тұрдым. « Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін» деген Бейсекеңнен бұрындары алған сұхбатым жарияланды. Мақаланың жай-күйін тақырыптың өзі аңғартып тұр. Тақырыптың өзі сенсация болды. Бейсекең өліп бара жатып та ұлтшылдығын аңғартып кетті. Бірақ, екеуара сұхбат толық жарияланбады. Бас редактор Шерхан Мұртаза мен сыншы Сайлаубек Жұмабек біраз мәрте ұлтшылдыққа қатысты жерлерін қырқып, ұлтты сілкінтіп, ояту сарында айтылған сөздерді күзеп, сызып тастады. Дәл қазір Кенжебаевтың көзқарасы мен ұстанымынан айнымай, сол жолда келе жатқан ұлтшыл шәкірті – Мұхтар Мағауин. «Әдебиет белестері» деген туындысын бастырып шығарған Мұхаң болатын. Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы екі томдығын көре алмады. Ол да артынан іле-шала жарық көрді.
Мен ғалыммен 1970-1987 жылдары ұдайы қарым-қатынаста болдым. 1980-1987 жылдары жарым Баян екеуміз Бейсекеңнің үйінде тұрып, сол үйдің келіні мен ұлындай өмір сүрдік. Ұлы ғалым, ұлтшыл азамат екенін сол кезде білдім. Көзінің тірісінде -ақ оның шығармашылығын зерттеп, насихаттай бастадым. Менің университет бітірердегі дипломдық жұмысымның тақырыбы да ғалым Кенжебаевтың шығармашылығы жайында болды.
- Сөзіңіз аузыңызда, ұлы оқымысты дипломдық жұмысыңызға қалай қарады?
– Әрине, өкініш білдірді. Ол кісі менің араб тілін білетіндігіме қарап көне әдебиетке немесе ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттеуімді қалады. Бірақ, менің оған ниетім болмады, өрем жетпеді. Менің дипломдық жұмысым 3-курста жүргенде басталды. Ғылыми мақала ретінде түгел жарияланды. Жетекшілеріммен мойынсерік (соавтор) ретінде де жарық көрді. Жалпы, жұмысым түгелдей жарияланды. Баласы, шәкірті ретінде Бейсенбай Кенжебаевтың қайта түлеуіне, жаңғыруына мұрындық бола білдім. Бейсекең жайлы жазған-сызғандарымның саны жүзден астам. Бейсенбай – қазақ әдебиеттануының Әуезові. Әуезов қазақ прозасының қалыптасуында қандай рөл атқарса, Бейсекең де әдебиеттануда сондай рөл атқарды. Бүгінгі таңда Бейсенбайтану ғылымы жанданып, даму үстінде. Жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне ғалымның 7 томдық еңбегін шығаруға ұсыныс-хат жаздым. Алла жазса, бұл кітапта жуырда жарық көреді. Бейсекеңнің барлық мұралары, күнделік-жазбалары мен архивтік құжаттары барлығы менде. Мен өзімді бақытты шәкірт болдым есептеймін. Қазір Түркістан қаласында Бейсенбай Кенжебайұлының Түркітану мұражайы-үйі бар. Мұражайда ғалымның көзі тірісінде тұтынған заттары мен еңбектері, зерттеу жұмыстары тұр.
- Аға, сіз бір сөзіңізде былай депсіз: « М.Бахтин, А.Лосьев, Л.Гумилев – өмірде көрмеген қиындығы жоқ жандар. Профессор ғана болып өтті өмірден. Шәкірттерімен бақытты еді. Б.Кенжебайұлы да бар болғаны профессор болып өтті. Шәкірттерімен бақытты!» Осыған қарағанда, Бейсекең атақ-мансапты қаламаған жан сияқты ғой?
– Мемсыйлыққа ұсынылған, бірақ өтпейтінін біліп, бас тартты. Академикке 2 рет түсті, ала алмады. Оның өзіне академик атағы әдебиет үшін ғана керек болды. Жеке басы атақ-мансапқа қызықпаған кісі. Егер мансапты қаласа, Москвадағы Қазақстан Жоғары Совет Ведомствасындағы жұмысын тастап, елге келер ме еді?! 1942 жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын баспадан шығартар ма еді?! Тәуекел деп кіріскен бұл шаруалардың бәріне. Өмірде қарапайым болып, мансап-атақ қумай-ақ адал өтті.
- Аға, қазір әдебиеттану ғылымына келіп жатқан жас өрендер көп. Өз сөзіңізбен айтар болсақ, «Бейсенбайдың немере-шөбере шәкірттеріне» аға буын өкілі ретінде не айтасыз?
– «Әдебиетке келу оңай, кету қиын» деген Әуезов. Жас қаламгерлерғ ғалымдар заманның қиындығына мойымау керек. Бүгінгі таңда әдебиетке жағдай жасалмаған. Алайда, тәуекелмен еңбектенген адам әдебиеттің жемісін көреді. Қазір әлем рухани қайыршылыққа ұшырауда, әйтсе де халық қайтадан кітаппен табысып, әдебиетке оралатын болады.
Сұхбаттасқан Елдос ТОҚТАРБАЙ, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің студенті
Abai.kz