Индрайвер-таксистеріне 50 шақырымнан артық жүруге тыйым салынбақ
Көлік министрі Марат Қарабаев интернет арқылы такси қызметін көрсететін азаматтардың жұмысына біршама өзгерістер енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Abai.kz. Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
– Нақты “мынадай өзгерістерді енгіземіз, осымен бітті” деген шаруа жоқ қой. Индрайверді де, Яндекс таксидің құрылтайшыларымен кездесіп сөйлестік. Олар өз позициясын айтып отыр. Жүргізушілер басқаша пікір айтады. Мәселе ол жерде өте көп. Рөлі оң жағындағы көліктерді мүлде Индрайверге тіркелуге қақысы жоқ деген… Өйткені бізде ең көп жол оқиғалары осындай көліктермен байланысты болады. Мәселен, рөлі оң жақтағы “Альвард” көліктері сол жаққа ауыстырып, қолдан жасап алған. Оларды да тіркеуге болмайды деп отырмыз. Тағы да айтып отырғанымыз – тұрақты екі қаланың арасында қатынайтын автобустар 2020 жылдан бастап жоғалып кетті. Өйткені пандемия кезінде көп адамдар Индрайверді көбірек пайдалана бастады. Қазір екі қаланың арасында тұрақты автобустарға отырмай, Индрайверді таңдайды. Ол ыңғайлы. Өйткені үйінен алып кетеді, – дейді ол.
Министр екі шара ұсынылғалы отырғанын айтты.
– Оның бірі – орташа жылдамдық. Ол бізге не береді? Бір нүктеден екінші нүктеге барған жағдайда орташа жылдамдық бір болса, оны асырмайды. Асып кетсе, жеңіл көліктің де, автобустың да жылдамдықты асырғаны жөнінде ақпарат бізге келеді. Сондықтан, халық қайтадан автобусқа отыра ма деген ой, – дейді ол.
Сондай-ақ Марат Қарабаев басқа елдерде Индайвер секілді агрегаттардың халықтың ішінде такси қызметін көрсетуге құқығы жоғын ескертті.
– Оларда шектеу 50 шақырым болады. Одан асыруға қақысы жоқ. Мүмкін сондай істейміз бе деген ұсыныс бар. Индрайвермен табыс тауып отырған жігіттер барын білеміз. Бірақ ондай болса, басқа талаптарды қоюымыз керек. Өйткені жол апаты ең көп болып жатқан мәселелер – асыққаннан, көлік жүргізушісінің дұрыс ұйықтамай, жүре беруінен. Сондай мәселелер бар, – дейді ол.
Марат Қарабаев десе де бұл нақты қабылданған шешім емес екенін, әзірге ұсыныстар екенін айтады.
inDrive баспасөз қызметі Abai.kz ақпараттық порталына пікір білдірді:
“inDrive сервисі Қазақстан нарығында 10 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Осынша уақытта біз реттеуші органдардың талаптарын қатаң сақтап келеміз. Қазіргі күні inDrive сапарлас жолаушыларды іздеудің ең кең тараған онлайн-қосымшасы болып отыр. Мұндай сапардың басты артықшылығы — жүргізуші жолаушыны оған ыңғайлы кез келген уақытта, өзара келіскен жолақыға кез келген қалаға жеткізеді. Қалааралық сапарлардың арақашықтығына шектеу қою көптеген жүргізушілер мен жолаушыларға әсер етеді, бұл мәселені нарықтың барлық қатысушылары ҚР Көлік министрлігімен бірлесе отырып шешу керек деп есептейміз”, - деді inDrive баспасөз қызметі.
Abai.kz